• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Сәуір, 2019

Мысыр үкіметі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін 181 миллион фунт бөлді

1365 рет
көрсетілді

Бұл туралы бізге Қазақстанның Мысырдағы елшілігі баспасөз бөлімі хабарлады.

15 сәуір күні Мысыр Парламентінде ҚР Елшісі А.Исағалиевпен өткен кездесубарысында МАР Уақыптар министрі Мұхтар Джумаа Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру үшін Мысыр Үкіметі 181 миллион фунт (яғни, 10,5 миллион АҚШ доллары) бөлгенін жариялады. Бұған қоса, Уақыптар министрлігі өз қаражатынан бұл жобаны тез аяқтау мақсатында қосымша 10 миллион фунт бергенін басып айтты. Бұл жаңалық Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстары көп ұзамай аяқталады деген сенім ұялатады.

2007 жылғы 28 қазанда ҚР мен МАР үкіметтері арасында қол қойылған келісім негізінде аталған мешітті реставрациялау жобасы және оның 12,0 млн. АҚШ доллары мөлшерінде бюджеті бекітілген еді. Келісімге сәйкес, аталған соманың 4,5 млн. АҚШ долларын Қазақстан тарапы бөлді, ал қалған бөлігін Мысыр үкіметі қаржыландыруы тиіс еді. Жоба 2011 жылдың қазанында аяқталуы керек болған, алайда Мысырдағы сол кезге болған саяси және экономикалық дағдарыс себебімен тоқтап қалған еді. 

2018 жылғы қазан айында, яғни 7 жылдан соң, Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациялау жұмыстары қайта басталды. Жоба МАР Көне ескерткіштер министрлігі және бас мердігер «Араб контракторс» компаниясы іске асырады. Мешіттің шаңырақты бөлмелері, дәлізі, күмбезі, мұнаралары қайта көтеріліп, орталық алаң мен сыртқы қабырғалары жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаның техникалық бақылауын мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. 

Мысырда көлемі бойынша екінші орынды иемденген бұл мешіт қалпына келтірілгеннен кейін елдегі ең танымал тарихи және туристік орталықтардың біріне айналатынына күмән жоқ. Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Ананидың айтуынша, Сұлтан әз-Заһир Бейбарыстың мешіті Мысыр астанасы әл-Қаир қаласындағы екінші ең ірі мешіт болып саналады. Сондықтан бабамыздың мұрасы бұл ел үшін тарихи маңызды нысан, ал саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы достық қатынастардың рәмізі болып табылады. «Бейбарыстың кіндік тамған жері саналатын Қазақстан халқы мен басшылығы жобаның аяқталуына үлкен мән беріп отыр. Бұл Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сисидің 2016 жылғы ақпанда Астанаға жасаған сапары барысында екі мемлекеттің басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі», – деп мәлімдеген мысырлық министр оны орындау өздерінің басты назарында болатынын нықтады. 

Оның дерегінше, бұған дейін жобаның археологиялық және архитектуралық зерттеулері, сондай-ақ нысанның іргетасын қалау және жерасты жұмыстары аяқталған. «Енді ары қарайғы жұмыс барысында мешіттің күмбезді бөлмелерін, дәліздерін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларын жөндеу жұмыстары іске асырылады. Жобаны техникалық қадағалауды мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Бұл комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өзінің түпнұсқасына көбірек ұқсас жоғары сапалы граниттік қыштар пайдаланылатын болды», – дейді Мысырдың Көне ескерткіштер министрі. 

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың символына айналған Ұлы дала ұланы Сұлтан Бейбарыстың мешітіндегі реставрациялық жұмыстардың қайта басталғанын қуана қарсы алғандарын айтады. Ол осыған орай еліміз атынан Мысырдың президенті мен үкімет басшылығына алғыс айтыпты. «Ортақ мұрамызды сақтауға деген Мысыр басшылығының қамқорлығын біз жоғары бағалаймыз. Бұл – Мысырды мұсылман әлемінің орталығына айналдырған, ал Каирді Аббасид халифатының астанасына дейін көтерген кемеңгер тұлғамыз Бейбарыс Сұлтанның дәуірінен мирасқа қалған тарихи ескерткіш. Ол жақын арада қайта қалпына келтіріледі және Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөлінің, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройының тағы да бір рәмізіне айналарына сенімдіміз», – дейді қазақстандық дипломат. Қазақстан шетелде мәдени объектілер салуға ХХІ ғасырдың басында кіріскен болатын. 2007 жылы еліміз Сирия астанасы Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіруді, осы ежелгі Шам шаһарында даңқты бабамыз әл-Фарабидың тарихи-мәдени орталығы мен кесенесін салуды, мысырлық Каирде Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіруді қолға алып, қаржы бөлді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы шет мемлекеттің аумағында тұрғызылған тұңғыш ірі мәдени объектілеріміз болып есептеледі. Бұл ескерткіштердің барлығы тек Қазақстан, Сирия және Мысыр үшін ғана емес, сондай-ақ бірқатар Шығыс және Еуропа елдері үшін де зор тарихи-мәдени маңызға ие.

Алматы