Теледидар пайда болмай тұрып ата-бабаларымыз сөздің де кілт секілді кез келген жүректің құлпын ашуға немесе кез келген ауызды жабуға болатынын парықтап қойған жоқ па еді. Өйткені тіл – біреу, құлақ – екеу.
Ал халықты дұрыс жолға жетелеуі тиіс БАҚ-тың сөзі бұзылса, емін кімнен іздемек керек?
Басқасын айтпағанда, тіпті жұрт сенген, ел аузына қарап отырған белгілі тұлғалардың ойланбай айта салған сөздері, парықсыз ойлары өмір бойы жинаған абыройын қашырып, еңбегін еш қылғанын да көз көріп жүр. Мұның барлығы елдің алдындағы жүрген танымал адамдарға сабақ болуы тиіс еді. Керісінше, сөзден кие қашып бара жатқандай көрінетіні несі?
«Көзін шел қаптады», деген осындайда айтылса керек, өкініштісі арзан абырой, баянсыз танымалдылық, пайда қуу, жалған мақтан, қолдан жасалатын рейтингілер осының бәрін жиі ұмыттыратын болды. Мұның шектен шыққан, мысалы, А. есімді қызымыздың (баршамыздың қызымыз деп қарайық) «7 арнадағы» «Өз ойым» ток-шоуына шығып, пәктігін сатамын деп жаһанға жар салуы болса, екіншісі аталған телебағдарламаның жасанды кейіпкер болуға шақырғанын айдай әлемге жайғаны болды. Әлеуметтік желілер де мұны іліп әкетіп, талқылаулар әлі толастаған жоқ. Ең сорақысы кейбір дерек көздері қытайлық сайттардың да осы оқиғаны ортаға салғанын дәйектеп отыр.
Мұндай жағдайда қоғам пікірі міндетті түрде қақ жарылады. Өмірде осы іспетті жағдайлардың бар екенін алға тартып, шындықты бүркемелемеу керек деп «шырылдайтындарға» да уәж табылады. Айды аспанға шығармақ болған ток-шоу арсыздықты жарнамалап отыр деп жазғырып жатқан жұрттың да жанайқайы орынды. Саналы, дені дұрыс адам жүз жерден еркін, жүз жерден заманауи болса да көшеге жалаңаш шықпайтыны аян...
Қарап отырсақ, келеңсіздіктер қай заманда да некен-саяқ, ілуде біреу болған. Бірақ сыбырлап айтуға да болмайтын сырды ата-бабаларымыз балалатпай, ұрпағының пиғылын таза ұстауға ұмтылған. Осы ұстаным ұлтымызды талай теперіш пен тауқыметтен алып шыққан жоқ па? Әйтпесе «пәктігімді сатамын» дейтіндей ұл-қызымыздың басына не күн туып отыр?
Хайпталам деп, айыпталып қалған «қалқа»
Ендеше, осындай жағдайда есті ой таратуға тиісті ресми БАҚ-тың жалған кейіпкер арқылы жалаңаш ойды, тұрлаусыз рейтинг үшін тырдай шешінген арсыз пиғылды дүйім жұрттың алдына шығарып отыруын құптаған адам бар ма? Ақиқат үшін айтайық, бар. Бірақ, сирек. Көпшіліктің ашу-ызасын басқа арнаға бұрмақ болып отырған бұл аз топтың көздегені басқа. Бұл жерде тәрбие, ұлт болмысы, ертеңіміз не болады деген мүдденің иісі де жоқ.
Оқырманға түсінікті болу үшін осы арада жалған кейіпкер ретінде арын саудалаған А-ға қатысты оқиғаның ұзын-ырғасын қысқаша баяндап өтелік. Бұл бағдарлама болары болып, бояуы сіңіп болғаннан кейін жайдарманшы Нұрболхан Шарапов: «...Өз ойым» мен ойлағандай емес екен. Мен жай бергi жағын ғана көрiп жүр екенмiн. Айтпағым мынау: кешегi бағдарламада кейiпкер болған қыз бағдарламаның арғы жағын айтып бердi» дей келіп қазақ қызы қалайша арын аукционға салатындай дәрежеге түскенін білу үшін оны іздестіргенін, тауып сөйлескенін жазды.
«Сондағы бар шындық видеода. Қаршадай қыздың аңғалдығын пайдаланып, Ләйлә Сұлтанқызының атын араға салып, қызыл-жасыл дүниеге қызықтырып, «осы рөлдi ойнап берсең, қызық қылып, өз-өзiңдi бұзық қылып, жұрт қарайды көздерiн сүзiп тұрып, подписчик көбейедi деп құнықтырып», басқа да уәделердi тiзiп тұрып алдап соққан ғой шiркiндi, асылында. Осы жағдайдан кейiн «Өз ойым» бағдарламасын «MARVEL» компаниясына ұқсаттым. «MARVEL» қоғамға Халк, Тор, Өрмекшi адам, Темiр адам, Супермэн сияқты кейіпкерлерді қолдан жасап берсе, «Өз Ойым» бағдарламасы да трансвестит, гей, жезөкше, арын сатқыш сынды кейіпкерлерді қолдан жасап, экраннан жариялап отыр. «Өз ойымның» кейiпкерлерi өз ойын айта алмайды екен. «Өз ойым» – сөз ойыны екен» деген оның айтуынша, қызды оқуынан шығарып жiберiптi. Бұл ретте Н.Шарапов туыстары қызға кешiрiммен қараса, ал оқу орнының басшылығы А-ның балалығын, шалалығын кешiрiп, оқуын әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе дейді.
Жалған кейіпкердің айтуынша, бағдарлама редакторлары оны Instagram желісі арқылы шақырған. Алғашқыда қыздық перде жайлы пікір білдіру үшін дегенімен, кейіннен басқаша ұсыныс тастады, дейді А. Алматыда оқып жүрген ол шын мәнінде абыройынан айырған шоу-бағдарламаға түсу үшін елордаға барады. Жер өртеп болса да танымал болуға ұмтылған қыз: «Келістім. Бірақ мынадай рөл аламын деп ойлаған жоқпын. Келесі күні хабарласып: «Сіз қыздығымды сатамын деп шығасыз», – деді. – Ондай да бар ма? – деп күлдім. – Иә, халықты шулату керек қой. Осылай айтсаңыз, ел дүрлігеді деді», дейді А. әлеуметтік желілерде жарияланған бейнебаянда.
Қысқасы, осыдан кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарландыру қалдырған көрінеді. Барынша шынайы етіп көрсету үшін жекесіне келген хаттардың да көшірмесін редакторларға жібереді. «Бағдарламаға барған кезде «осылай айтасың» деп үйретті. Соңына дейін «сатамын» деп отырасың, «сатпаймын деп шықпа» деді. Маған негізі мұның бәрін айтпасын, ешкім білмесін деген. Енді маған бірдеңе бола ма деп қорқып тұрмын. Олар заң жүзінде қудалаймыз деген. «Өз ойым» бағдарламасының өтірік екенін айтпауың керек деді. Бірақ менің сабағыма, өміріме кесірі тиіп отыр», дейді А. Осы бағдарламадан кейін қыздың оқудан шығып қалғандығы белгілі болды. Әрине, бұдан кейін жоғары педагогикалық білім алып, келешекте өзі шәкірт тәрбиелеуге тиісті студент қыздың сөзін кім сөйлеуі тиіс?..
Телебағдарламалардың да мінез-құлқы бар
Егер аталған шоу-бағдарлама қандай жолмен болса да рейтинг жасап, танымалдылығын арттыра түсемін десе, онда ол көздеген мақсатына жетті. Бірақ теледидар саласында тәжірибесі бар танымал тележүргізушілеріміздің бірі Ләйла Сұлтанқызының абыройы артты ма? Тырнақтап жүріп жинаған беделі өсті ме? Сөздің бәрі эфирдің сыртында жұмыс істейтін толайым бір командаға түгел тимей жатқаны да белгілі. Біріншіден, қос бірдей жүргізушісі бар ток-шоуда таяқтың бәрін жеп жатқан Ләйлә – тісқаққан тележүргізуші, медиа тұлға, екіншіден мұндай тақырыпқа тоқтау айтуға құзіреті жететін еді.
Осы арада Ләйладан танымалдылығы бір мысқал да кем емес әріптесі Дана Нұржігіттің Instagramда: «Нұрболхан Шараповтың парақшасынан А-ның әңгімесін тыңдадым.
«Өз ойымда» «пәктігін саудаға салған» кейіпкер. Арзан атақ іздеген қызды хабар авторлары шақырып, аузына сөз салып берсе, сонысын мойындап бағдарламаның «ішкі кухнясын» ашу керек. Өйткені, бұл бір адамның тағдыры. Мұндай технологияларды білмейді емес, білеміз. Мәселе, соған бару немесе бармауда. Арды аттамауда. Ал мына жағдайда хабар авторлары қыздың пәктігін таптап, ертеңіне тастап кететін жігітсымақтардан қай жері артық?! Бұл қыздың тағдыры ғана емес, сүйекке таңба! Ұлтқа сын», деген сөзін келтірсек те жеткілікті.
«Сонда деймін де, ақша беріп «мынаны айтасың» десе, айта беретін соншалықты іші қуыс, ойсыз жастар бар ма? Қазіргі жастар алғыр, сауатты, ақылды деп ойлаушы ем. Оның үстіне анау-мынау сөз емес, анадай «бомба» болса. Әй, ол ертең жұрт көретінін ойламай ма? Енді кеп еңіреп отыр. Анасына обал. Олай тәрбие бермеген шығар? Негізі осының бәрі қайдан шығады екен? Тәрбиеден бе, әлде тарыққаннан ба? Әлде білім-ғылымға ұмтылмай, жеңіл-желпілікке ұрынғаннан ба?», деп қарсы сұрақ қояды «Айтуға оңай», «Қарекет», «Беу» телебағдарламаларының продюсері Әлия Құдайбергенова.
Бұл сөздің де жаны бар. Өз қылығын ата-анасына хайп деп түсіндірген, халыққа алданып қалдым деп ақталып отырған қыз баланың бағдарлама барысында мүлде именбеуі, ұялмауы ойлантпай қоймайды.
Қарап отырсақ, әр телебағдарламаның болмысы, өз пиғылы бар. Ешқашан рейтингі төмен болып көрмеген «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» рейтинг үшін мұндай қадамдарға бармағаны көрерменіне аян. Әйтпесе, форматы бірдей емес пе?!
Мәселен, «КТК» телеарнасының жүргізушісі, журналист Дина Төлепбергеннің де: «Айжан Байзақова, Шырын Нарчаева сынды «Астарлы ақиқаттың» қонақтарынан кейін мені сынап, тіпті жек көріп кеткені туралы жазып жатқандар аз емес. Олардың арасында әріптестерім де бар...» деп ағынан ақтарылғаны кеше ғана.
Әріптесіміз мұны қаншама түсіндіруге талпынса да «Хайп үшін бәріне барамын десейші», «Қолдарыңызды ауыртып, несіне ақталып отырсыз», «Бір сөзбен рейтинг үшін дей салмайсыз ба? «Барынша ұят, лас тірлік болды». «Қасықтап жинаған абыройыңыз бір эфирден кейін быт-шыты шықты ғой. Намыс жетіспейді-ау, деймін», «Нәпақа үшін неге де барасыз», «Ондайларға мән бермеу керек еді» деген сарындағы пікірлерден көз сүрінеді.
Қысқасы, омырауын жалаңаштаған қыздардың «шындығы» мен насихатын ешкімнің де түсінгісі келмейтіні айдан анық болды. Сол сияқты «Қалаулым» бағдарламасында да бетке шауып, төске өрлеген «тым өткір» қыздардың, бақытын шоудан іздеген жігіттердің өз рөлдерін мінсіз атқарып жүргеніне күмән келтірмей-ақ қоялық. Болмысымызда жоқ нәрсе, эфирдегі жасандылық сезілмей қоймайды.
Мәселен, көрші Ресейде рейтингі жоғары реалити-шоулардың шын мәнінде қалай түсірілетіні әшкере болғаны қашан. Арзан бедел үшін ештеңеден тайынбайтын телебағдарламалардың беті әбден ашылды. Мәселен, «Давай поженимся», «Битва экстрасенсов», «Тачка на прокачку», «Модный приговор», «Холостяк», «Кто хочет стать миллионером» сияқты реалити-шоулардың атын айтсақ та жеткілікті. Бұл бағдарламалардың да атышулы «құрбандары» бар.
Ақиқатын айтқанда, осы материалды жазу үстінде елімізде А. сияқты қолдан жасалған кейіпкерлердің мысалын іздегенбіз. Қуанышымызға қарай, бастан кешкені мен берілген рөлді перденің ар жағында, бетперде киіп, бүркеншік атпен эфир этикасын сақтаған бірен-саран мысалы табылды. Ал жүзін жасырмай, айды аспанға шығаратын кейіпкерлердің беті аулақ.
Өйткені өресі биік көрерменге керегі басқа. Тыңдарман да оқырман да терең зерттеулерге, танымдық дүниелерге, жұртты тәнті етіп, жүректі тебіренткен адами оқиғаларға зәру екені күн өткен сайын көрініп отыр. АЛМАТЫ