Көреген саясаткердің кемел ойын көптен бері танып-біліп келе жатсақ та, өз қолымен құрған жасампаз мемлекетінің ертеңіне қаншалықты ет жүрегі елжіреп елеңдейтіндігін тағы бір көріп, әманда алысты аңдай білетін саяси сезімталдығы мен кемеңгерлігін айқын аңғарып отырмыз. Тұңғыш Президентіміздің осы бір баға жеткізгісіз байламын уақыт өте келе кейінгі ұрпақ лайықты мақтан ететіндігі даусыз.
Тәуелсіздікті қалыптастыру жылдары достықтың алтын аралы атанған Қазақстанды мекен еткен сандаған ұлттар мен ұлыстардың бірлігі сүттей ұйып, бір-бірімен етене табысып, тонның ішкі бауындай араласа түсті. Бізге ең басты керегі, осы бірлік болатын. Дана қазақта «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін аталы сөз бар. Ырыс та ынтымаққа үйіріледі емес пе? Сол ынтымақтың нәтижесінде біздің бойымыздағы шыдам мен төзімділіктің сан рет сынаққа салған қиын-қыстау кезеңдерден өттік. Өтіп қана қоймай, бір кезде арман болып көрінген асқаралы асуларға беттедік. Қазақстандықтардың бұл табысын әлемдік қауымдастық көріп, біліп, өздерінің әділ бағаларын беріп отыр. Біз осындай ауызбірлігі күшті, ынтымағы жарасқан елде тұратынымызды өзімізге мақтан етеміз. Біздің елдегі сайлау демократия принциптеріне сәйкес ашық та әділ өтетіндігі әмбеге аян. Бұл жолы да сан рет сынаққа түскен сара жолдан сынықсүйем таймай, таңдауымызды жасайтынымызға сенемін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та сайлаудың ашық әрі әділ өтетіндігін айтып, кепілдік беріп отыр.
Ел болашағына бейжай қарамайтын отандастарымыз өз таңдауларын жаза баспай жасай білетіндіктеріне сенемін. Сенім үдесінен табылуға әркімнің де саяси парқы, білімі мен білігі қаптал жетеді.
Сайлау дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Барлығы заңды. Солай бола тұра, ел сайлаған Президентке сенім еселей арта түспек. Ендеше, бұл жолғы сайлау жақсылықтың бұлақ бастауынан жалғасып келе жатқан ізгіліктің ізетін сәтімен сабақтайтын сәт.
Умар ШОНАЗАРОВ,
«Тәжік ұлттық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Ақмола облысы