Ресми ашылудан кейін белгілі өнер қайраткерлері шығармашылықпен айналысатын жастармен кездесті. Шараға академияның өнерпаз студенттерімен қатар, бүгінде қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «Эстрадалық өнер» факультетінің магистранттары Динара Сұлтан, Айқын Төлепберген, сондай-ақ осы факультеттің студенті Ернар Айдар келгендердің алдында өнер көрсетті.
Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында дәстүрлі «Ашық есік күні» аясындағы шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Азияның үздік актрисасы» Самал Еслямова құрметті қонақ ретінде қатысып, құттықтап сөз сөйледі. «Ашық есік күні» жарияланған ең жағымды жаңалық – алдағы жаңа оқу жылында «Ұлттық өнер» факультетінің ішінен «Айтыскер ақын» мамандығы ашылады. «Айтыскер ақын» мамандығы бойынша курсқа қабылдауға белгілі ақын, бүгінгі айтыс өнерінің ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман арнайы шақырылды. Академия ректоры Асхат Маемиров Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы академиялық ғылыми кеңесінің шешімімен Ерман Жүрсін Молдашұлына «Құрметті профессор» атағы берілгендігін хабарлап, куәлігін табыстады. Жүрсін Ерман өз сөзінде: «Бір кездері өзіміз тәлім алған Қазақ ұлттық өнер академиясы ғимаратына келіп, осындай құтты күні тосын сыйға ие болып тұрмын. Бұл менің ұзақ жылғы еңбегіме жасалған қошемет деп ойлаймын. Қазір ғана жаңадан ашылып жатқан «Айтыскер ақын» мамандығына оқуға түскісі келетін талапкерлерді тыңдап жатырмыз. Ел іші – алтын қазына. Әрине, талантты балалар бар. Қазылар алқасы атынан осы жастардың арасынан қазақ өнерінің туын көкке көтерер таланттардың шығатынына кәміл сенеміз. Елден келген балалар өнерін танытып жатыр. Ашық есік күнінде академия табалдырығын аттағысы келетін талапкерлердің барлығына табыс тілеймін. Біздің болашағымыз сіздердің қолдарыңызда, жеңіске жете беріңіздер!», деп ағалық ықыласын білдірді.
АЛМАТЫ