Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:42
Еліміз жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Ата Заңымызды жаңа жетістіктермен жан-жақты тойлап өтті. Онда ұйымдастырылуына мұрындық болған Конституциялық Кеңестің атсалысуымен өткен «Конституция – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Ата Заңның арқасында келген толайым табыстар әлемге паш етілді. Конференцияда Конституцияның үстемдігі мен өміршеңдігі айқын дәлелденді.
Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:42
Еліміз жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Ата Заңымызды жаңа жетістіктермен жан-жақты тойлап өтті. Онда ұйымдастырылуына мұрындық болған Конституциялық Кеңестің атсалысуымен өткен «Конституция – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Ата Заңның арқасында келген толайым табыстар әлемге паш етілді. Конференцияда Конституцияның үстемдігі мен өміршеңдігі айқын дәлелденді. Ал осы орайда біздің елімізде Ата Заңның үстемдігін анықтап, тиісті дәрежеде қамтамасыз етуші мемлекеттік орган Конституциялық Кеңес болып табылады. Оның бұл қызметінің жан-жақты көрінісі жыл сайынғы Парламентке жіберілетін конституциялық заңдылықтың жай-күйі жөніндегі жолдауынан да анық байқалады. Біз мұндай жолдаудың маңызы мен мазмұны, негізгі мақсаты туралы кеңірек айтып беру үшін Д.А.Қонаев атындағы университеттің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Қопабаевқа жолыққан едік.
– Өмірәлі Қажыбайұлы, Конституциялық Кеңес туралы Конституциялық заңның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Конституциялық Кеңестің негізгі қызметі республиканың бүкіл аймағында Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл туралы таяуда Конституция күні өткен халықаралық конференцияда да нақты айтылды. Соған орай, Конституциялық Кеңес тәуелсіз мемлекеттік орган дейміз. Алайда, оның Парламентке жіберетін конституциялық заңдылықтың жай-күйі жөніндегі жолдауын есеп беруі деп түсінген дұрыс па?
– Мұндай жолдау Конституциялық Кеңестің бір жылдық жұмысы туралы есеп беруі емес, керісінше, Парламентпен және Үкіметпен бірлесе отырып заңнаманы одан әрі конституцияландыру жөніндегі өз ойын ортаға салуы болып табылады. Өйткені, Ата Заңымыздың үстемдігін және оның тікелей қолданылуын қамтамасыз ету, құқықтық жүйеде конституциялық бастауларды жүзеге асыру, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуын күшейту Конституциялық Кеңестің басты қызметі. Бұл орайда еліміздің Конституциялық Кеңесі өз құзыреті шегінде құқықтық жүйені жетілдіру, оны халықаралық стандарттарға жақындастыру бойынша тиімді шараларды жиі жүзеге асыра бастады. Қазіргі таңда оның қорытынды шешімдеріндегі заңнаманы жетілдіру жөніндегі құқықтық позициялар мен ұсыныстарды уақтылы әрі толық жүзеге асыру республикада конституциялық заңдылықты қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі болып отыр.
Осы жылдың басында Қазақстан Еуропалық комиссияға (Венеция комиссиясына) мүшелікке қабылданды. Бұл «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Осы ұйымға мүше болу арқылы демократияның жалпыға тән құндылықтарын іске асыру, конституциялық заңдылықты нығайту, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласындағы еліміздің орасан зор жетістіктеріне қол жеткізуге Конституциялық Кеңестің де қосқан және қосар үлесі мол.
– Конституциялық Кеңес аталған жолдауларында қандай бағыттарды қамтып, нендей жәйттерге тоқталады?
– Өзінің жыл сайынғы жолдауларында Конституциялық Кеңес елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйіне жалпы баға бере келе, өткен кезең аралығында қабылдаған шешімдеріндегі міндеттерінің орындалу барысына тоқталады. Аталған шешімдерінің орындалуына сараптама жасап, оларды одан әрі жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен лауазым иелеріне тапсырмалар жүктейді. Сонымен қатар, заңнаманың конституциялық жолмен дамуына баға беріп, оның олқылықтарына назар аударып, оларды жетілдіру жөнінде өзінің ойларын ортаға салады. Конституциялық Кеңестің жолдауларында қарастырылған заңнамалық олқылықтарды түзету мақсатында көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, құқықтық саясатта жаңаша бағыттар пайда болған кездер де жиі кездеседі.
– Осы айтылғандарға нақты мысал келтірсеңіз.
– Мәселен, алдыңғы жылдары жария етілген жолдауларында көрсетілген Конституциялық Кеңестің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер енгізіліп, алқабилердің қатысуы арқылы қылмыстық істерді қа- рау шеңбері кеңейді, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулыларына сотқа шағымдану мүмкіндігі берілді, әркімнің білікті заң көмегін алу, соның ішінде ақысыз заң көмегін алу жөніндегі азаматтардың конституциялық құқығын іске асыру тетіктері же- тілдірілді.
Конституциялық Кеңестің былтырғы жолдауының ұсыныстарына сай заң жобаларының қа- зақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық тең нұсқалығын қамтамасыз ету мақсатында ғылыми лингвистикалық сараптамалық жұмысты жетілдіру қолға алынды. Заңдардың және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына құқықтық, лингвистикалық, экологиялық, қаржылық, міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жасалуы да Конституциялық Кеңестің ұсыныстары екені белгілі.
– Бұл орайда қандай шаралар қолға алынды?
– Жолдауда көрсетілгендей, 2011 жылы Парламент, Үкімет және өзге де мемлекеттік органдар тарапынан Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындаудың құқықтық тетіктерін күшейту және оның қызметін жетілдіру жөніндегі бірқатар маңызды шаралар қолға алынды.
Осы мақсатта Қылмыстық кодекс Конституциялық Кеңестің қызметіне кедергі келтіретін болғандықтан қылмыстық жауаптылық белгілейтін 319-1-баппен толықтырылды. Заңның нормасын конституциялық емес деп тану туралы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының орындалу тиімділігін арттыру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеп, Парла- менттің қарауына енгізді.
– Ал Конституциялық Ке-ңес өзінің биылғы жолдауында қандай мәселелерді алға тартып отыр?
– Ол өзінің биылғы жол-дауында мемлекетіміздің қарқынды дамуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін, Қазақстан халқының 2011 жылғы 3 сәуірдегі кезектен тыс сайлауда оған аса жоғары сенім білдіріп, қайта Мемлекет басшысы етіп сайлағанын атап өтеді.
Конституциялық Кеңес алдыңғы жолдау жарияланғаннан бергі кезеңде қабылданған шешімдеріне талдау жасай келе оларда бекітілген жекелеген құқықтық позицияларға тоқталады. Мысалы, Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық № 2 сотының өтінішін қарап, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңның 44-бабының 1-тармағын Конституцияға сәйкес деп таныды. Соттың Конституциялық Кеңеске өтініш жасауына жергілікті әділет департаментінің заң бойынша азаматтың сот арқылы танылған жылжымайтын мүлікке құқығын тіркеуден бас тартуы себеп болған еді. Осы өтініш бойынша қабылдаған 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, аталған заңда орын алған олқылықтарды жою мақсатында, күшіне енген сот шешімдерін орындаудың ерекшеліктерін қарастыру туралы «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңға өзгерістер енгізу қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ Премьер-Министрдің мерзімдерді есептеу мәселелері бойынша Конституция нормаларын ресми түсіндіру, Конституциядағы бекітілген «ұстау» ұғымын айқындап беру туралы өтініштері қаралған болатын. Конституциялық Кеңес 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулыда конституциядағы «ұстау» сөзі құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе қылмыстық іс жүргізуді қамтамасыз ету мақсатымен қатар, басқа да жағдайларда адамның ұсталуы арқылы құқығының шектелуін қамтитынын айтты. Нақты ұстау уақытынан бастап үздіксіз есептелетін 72 сағаттың өтуі осы мерзімнің аяқталу сәті болып табылады деп атап көрсетті.
– Демек, енді Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысы орындалу үшін не істеген жөн?
– Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысын орындау мақсатында іс жүргізу туралы және өзге де заңдарға ұстау, сондай-ақ оның мерзімін есептеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі аян. Мәселен, Қылмыстық іс жүргізу кодексі, «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» және өзге де заңдар Конституциялық Кеңестің шешіміне байланысты түзетулер енгізуді қажет етуі мүмкін.
Жолдауда Конституциялық Кеңес, сондай-ақ, өзге де іс-шараларды уақтылы жүзеге асыру қажеттігін ұсынды. Мысалы, «жеке өмірге қол сұғылмауы» деген конституциялық ұғымның заңнамалық мағынасын ашу, сөзсіз тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына септігін тигізеді. Адамның құқықтары мен бостандықтары тек заңмен шектелуі мүмкін деген конституциялық қағиданы басшылыққа ала отырып, Үкімет қаулысымен бекітілген Жол қозғалысы ережесін қайта қарау да қоғам үшін ізгілікті іс екені белгілі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».