Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:29
Оркестр – ұжым. Ал оны басқару дирижердің міндеті. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе, шығарманың нотасы қолына тигеннен бастап оны тыңдаушыға жеткізгенге дейінгі аралықта дирижер оркестр ұжымымен біте қайнасып, қажымай-талмай еңбек етеді. Осы уақыт ішінде қаншама тер төгіледі десеңізші! Демек, дирижер еңбегі ізденіспен бірге қажырлылықты да талап етеді. Осындай қажырлы еңбегімен танылған дирижерлердің бірі де бірегейі Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров. Ол бұл деңгейге қалай жетті? Әңгімені осыдан бастайық.
Сәрсенбі, 1 тамыз 2012 7:29
Оркестр – ұжым. Ал оны басқару дирижердің міндеті. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе, шығарманың нотасы қолына тигеннен бастап оны тыңдаушыға жеткізгенге дейінгі аралықта дирижер оркестр ұжымымен біте қайнасып, қажымай-талмай еңбек етеді. Осы уақыт ішінде қаншама тер төгіледі десеңізші! Демек, дирижер еңбегі ізденіспен бірге қажырлылықты да талап етеді. Осындай қажырлы еңбегімен танылған дирижерлердің бірі де бірегейі Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері Жанас Бекентұров. Ол бұл деңгейге қалай жетті? Әңгімені осыдан бастайық.
Бәрі ауылдан басталды. Еркелігі басым жеті баланың кенжесі болғанмен таңмен таласа өріске мал айдайтын. Ауылдың шаңы, өзеннің жиегі, мыңғырған мал, көк шалғынды жайлау, шексіз дала көрінісі елгезек баланың қиялына қанат байлап, оны ғажайып бір әлемге жетеледі. Ол сұлулыққа іңкәр болып өсті. Содан да шығар, ауыл балалары тракторшы боламыз деп техниканы айналшақтап жүргенде, бұл мұғалім болуды армандайды. Ақыры, Аягөздегі №2 орта мектепті тәмамдаған соң, өзі туып, өскен Ақши ауылындағы 8 жылдық мектеп интернатта тәрбиеші болып еңбек жолын бастайды. Жетпісінші жылдары Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң да атбасын ауылға бұрады, клуб меңгерушісі болып қызмет атқарады.Ата-анасы оның дүниеге кірпіш болып қалансам деген құлшынысын қолдай тұра, оқығанын, білім алғанын қалайды. Сөйтіп, Жанас Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі. Оны 1977 жылы үздік бітірген соң, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияның табалдырығынан аттайды. Мұнда есімі елге танылған домбырашы Бақыт Қарабалинадан дәріс ала жүріп, дирижерлікке де ден қояды. Ұстазы – әйгілі Шамғон Қажығалиев. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Құрманғазы атындағы оркестрдің Бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Шамғон Сағадинұлының атақ-даңқы дүркіреп тұрған кез. Алғашында жүрексінгенмен келе-келе бойын үйреткен. Ұстазы да шәкіртінің қабілетін танып, қолдай білді.Консерватория – музыкалық жоғары білім беретін оқу орны. Мұнда студенттер білім алумен бірге тәжірибеден де өтеді. Осыған байланысты Жанастың мынадай бір тосын жайды еске алғаны бар.«1981 жылы болу керек. Қазақстан Компартиясының кезекті съезі құрметіне қойылатын концертке дайындық үстіндеміз. 300-ге тарта орындаушылардан құралған бес ұжым – Құрманғазы оркестрі, Отырар сазы және консерваторияның студенттер оркестрі, сондай-ақ, музыка колледжі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Ауыл шаруашылығы университетінің біріккен оркестрі бірігіп Республика сарайының сахнасына шықпақпыз. Бағдарламада – Құрманғазының «Сарыарқасы» мен Н.Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты». Мен әлі студентпін. Ол кезде концерттен бір күн бұрын бүкіл бағдарламаны комиссия тыңдап, қабылдайтын. Күтпеген жерден Шамғон аға мені шақырып алып, ертең сен дирижерлік етесің деді. Бұл мен үшін әрі тосын, әрі үлкен жауапкершілік, сын болды. Абырой болғанда, мүдірмей, жаңылмай өткіздім. Оны көріп, тыңдаған майталман дирижер, Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірашев концерттен кейін жаныма келіп, қолымды қысып: «Дирижерлік тұлғаң дауылда тербелген қайыңдай екен, қол сілтесің мірдің оғындай екен, көзге көрікті көріндің, болайын деп тұрған бала екенсің», деп ағалық ақ батасын берді».Әрине, әйгілі дирижердің бұл бағасы Жанасты жаңа биіктерге жігерлендіргені сөзсіз. Кешікпей консерваторияны домбыра және дирижер мамандығы бойынша бітіріп шыққан ол санаулы қазақ дирижерлері қатарына қосылды.Дирижерлер демекші, қазақтың дирижерлік мектебінің қалыптасу кезеңі 1937 жылдан басталатынын айта кету артық болмас. Сол жылы академик Ахмет Жұбанов Қазақ АКСР (АССР) атқару комитеті атындағы оркестр ұйымдастырғаны белгілі. Арада он жыл өткенде, нақты айтқанда, 1944 жылы бұл оркестрге Құрманғазы есімі берілді. Құрманғазы оркестріне Ахмет Жұбановтан кейін Латиф Хамиди, Леонид Шаргородский тәрізді майталмандар дирижерлік етті. 50-ші жылдардан бастап олардың ісін Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков, Глеб Сафонцев, Мәлгәждар Әубәкіров тәрізді дирижерлер жалғастырса, қазіргі уақытта тізгін Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков, Еркін Нұрымбетов, Дүйсен Үкібай тәрізді дирижерлердің қолында. Осы арада Нұрғиса Тілендиевтің Қазақтың дирижерлік мектебі үрдісін жаңаша қалыптастыруы талайлардың жұлдызын жарқыратқанын айта кетсек, артық болмас. Солардың бірі Ирландиядағы Ұлттық симфониялық оркестрдің бас дирижері қызметін атқарып жүрген Алан Бөрібаев қазақ дирижерлік мектебінің тұғыры биік екенін әлемдік деңгейде мойындатып отыр. Сол сияқты Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиеваның өнері де жоғары бағаға лайық.Біз үшін Жанас Бекентұровтың осындай саңлақтардың көшін бастап келе жатқанын айту зор сүйініш. Жанастың дирижерлігі білімділікке негізделген. Алдындағы шығарманың ноталық үлгісін бойына сіңіру, әуен ырғақтарын жадына түю, соны оркестр үнімен үндестіре білу – оның негізгі мақсаты. Әдетте, оркестрлік шығарма орындалғанға дейін бірнеше қолдан өтеді. Әуелі композитор нотаға түсіреді. Өңдеуші адам оны оркестрлік партитураға салады. Оркестрлік жүйемен әрбір аспапқа арналған нота айшықталады. Содан соң ғана дирижер қолына жетеді. Шығарманың ендігі тағдыры дирижердің қолында. Жанас бұл жұмыстармен електен өткізгендей күнделікті айналысады. Дирижерлік еткенде нотаны пайдаланған дұрыс, алайда, сол шығарманың құрылыс бітімін, әуез-үнін бойға сіңіру одан да жақсы. Осындай қасиеттер Жанастың бойында бар.Тәуелсіздік жылдарында қазақ музыкасын насихаттау, дамыту ерекше қарқын алды десек, оған Жанастың қосқан үлесі сүбелі. Ол осы жылдар ішінде республика көлемінде аталынған мәдени шаралардың бірде-бірінен тыс қалған жоқ. Қарапайым тыңдаушының жанын оркестр үнімен тербетіп, Құрманғазы, Дайрабай, Тәттімбет, Дина, Түркеш, Ықылас, Сүгір, Раздық күйлерін, Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасын, Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны», Мәкәлім Қойшыбаевтың «Қазақстан», Кенжебек Күмісбековтің «Фараби сазы», «Вальс», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Махамбет», Еуропа композиторларының шығармаларын шалқытты. Осылармен қатар, оның қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытқанын айта кетуді орынды санаймын. Жанас ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түсіп жүр.2001 жылы, дейді Жанас, – Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университеттің ректоры Ерлан Арынның шақыруымен барып, оркестр ұйымдастырып, концерт беріп қайтқан болатынмын. 2011 жылы сол оркестрдің құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған концертке қатысып, университеттің «Құрметті профессоры» атағына ие болып, С.Торайғыров атындағы «Алтын медальмен» марапатталдым. Қазіргі кезде сол оркестрдің негізінде облыстық оркестр ұйымдастырылып отыр.Жанас Бекентұровтың Құрманғазы оркестрімен Швеция, Қытай, Кипр, Франция, Италия, Германия, Австрия елдеріне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне гастрольдік сапармен барғанын да айта кеткеніміз жөн. Осы аталған елдер ішінде ол Францияда, Италияда, Германияда, Австрияда Құрманғазы оркестріне дирижерлік етті.2001 жылы ол тұңғыш рет Орал қаласында өткен Шамғон Қажығалиев атындағы І-республикалық дирижерлер конкурсына қатысып, 30-ға тарта үміткердің арасынан үздік шығып, лауреат атанды. Оның кемелдігінің көрінісі ретінде бертінде ғана Шанхай бірлестігінің Астанада өткен жиынында алты ел президенттері алдында, Хан-Шатыр мәдени орталығының және Астанадағы Қазақстан орталық концерт залының ашылу салтанаттарында, сондай-ақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған концертте өнер көрсеткенін айта кетсек артық болмас.Тағы бір дерек, Елбасы Н.Назарбаев 2008 жылдың 5 желтоқсан күнгі Жарлығымен көп жылдар бойғы елеулі еңбегі үшін Жанас Бекентұровқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын берді.Осымен әріптес туралы әңгімені аяқтауға да болар еді, алайда, мына бір ерекше көрініс көңілден кетер емес. Жақында Астанада күй атасы Құрманғазыға ескерткіш қойылды. Ашылу салтанатында Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі мен Астананың халық аспаптары оркестрі Құрманғазының күйлерін орындады. Дирижерлік еткен Айтқали Жайымов пен Жанас Бекентұров болды. Күй сазына сүйсінген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:«Қадірменді қонақтар, мына күйден кейін ешнәрсе айтпауға да болар еді. Біз еліміздің тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлағаттап, Тәуелсіздік жылдары көп белгілі бабаларымызға ескерткіштер орнатып жатқан халықпыз. Осының барлығы біздің Тәуелсіздіктің арқасы. Елдің ұлы бабаларға деген тағзымы, ұрпақтың ризашылығы болып саналады», деді. Президент алдында «Сарыарқа» күйіне дирижерлік еткен Жанас Бекентұров та сол сәтте бүкіл халқымызбен бірге ерекше шаттанған сезімде тұрды.Жарқын ШӘКӘРІМ,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеуші.