• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2012

Бірлікті берік мұрат тұтқан

414 рет
көрсетілді

Бірлікті берік мұрат тұтқан

Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:02

Қазақстан ғылымының көрнекті өкілі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Мұхамбетқалиұлы Сужиков 1956 жылы кешегі кеңестік кезеңнің басты оқу орны Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің философия факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін республика Ғылым академиясының философия және құқық институтында аға лаборанттан бастап директордың орынбасарлығына дейін 40 жылдай қызмет атқарды. Оның ішінде 20 жылдай осы институттың бөлім меңгерушісі болды.

 

Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:02

Қазақстан ғылымының көрнекті өкілі, философия ғылымдарының докторы, профессор Марат Мұхамбетқалиұлы Сужиков 1956 жылы кешегі кеңестік кезеңнің басты оқу орны Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің философия факультетін ойдағыдай бітіргеннен кейін республика Ғылым академиясының философия және құқық институтында аға лаборанттан бастап директордың орынбасарлығына дейін 40 жылдай қызмет атқарды. Оның ішінде 20 жылдай осы институттың бөлім меңгерушісі болды.

М.М.Сужиков кең тынысты ға­лым болатын. Оған одақтық жә­не республикалық баспалардан шық­қан көлемі 200 баспа табақ­тан асатын 20-дай жеке және ұжым­дық монография мен жүзде­ген ғылыми ең­бек­тері дәлел бола алады. Докторлық диссерта­ция­сы­ның негізінде да­йындалып, 1968 жылы жарық көр­ген «Со­циаль­но-экономичес­кие проб­ле­мы национальной консолидации» атты еңбегінен бастап, «Образование СССР и социальный прогресс казахского народа», «Вымыслы и действительность», «Напряженность или гармонизация?» (развитие межнациональных отношений в Казахстане), қазақ тіліндегі «Ұлттың биік мерейі», тағы басқа монографиялар мен кітаптарда майталман маман негізінен ұлт және ұлтаралық қатынастардың өзекті мәсе­леле­рін, оның ішінде қазақ халқының дамуының проблемаларын кешен­ді де жүйелі зерттеді. 1989 жылы өзі автор­ла­рының бірі және же­тек­шісі болып дайындалған, қол­жазба күйінде қалған, тіпті пікір­леріне дейін дайын, көлемі 40 бас­па табаққа жақын ұжымдық монография да қазақ ұлтының қа­лып­тасуы мен дамуының әлеу­меттік-филосо­фия­лық аспек­тіле­рі­не ар­нал­ған бо­ла­тын.

Рас, бұл еңбектер шыққалы, жа­зылғалы бері заман өзгерді. Талап та жаңарды. Ғалым еңбек­те­ріне кешегі тоталитарлық жүйе идеологиясы әсер етпей қалмады. Сол себепті кездесіп қалатын социализммен байланысты кейбір тұжырымдарға сынай қарай­тын­дар бар шығар. Бірақ әркім өз за­ма­нының перзенті екенін түсі­нуі­міз керек. Әміршілдік билік өз ғы­лымына, әсіресе оның қоғамдық саласының саяси сипатына тіке­лей тапсырма беріп отырды. Сон­дықтан ол талаптармен санасу қа­жет болғаны түсінікті.

Алайда, М.М.Сужиков еңбек­те­рі өзінің мазмұн сапалығымен, тақырып жаңашылдығымен, ғы­лы­ми-әдістемелік зерттеулерінің со­нылығымен құнды. Ұлттардың жалпы дамуының заңды­лық­та­ры­мен қатар, қазақ ұлтының қа­лып­тасуының өзіндік ерекшеліктерін ашуы, ұлтаралық қатынастардың өзекті мәселелерін жан-жақты әрі терең зерттеуі ғалымның отандық әлеуметтану ғылымына қосқан нақты үлесі болып табылады. Ол ұлттық қатынастың табиғатын, үй­лесімділік теориясын терең зер­т­теді, ұлттардың өзара жақын­да­суында тәжірибе алмасуға ерекше мән беріп, өндіріс үдерісінде әртүрлі ұлт өкілдерінің тікелей қа­рым-қатынас орнатуын, олардың өзара ұғынысуын, рухани, мә­де­ни-тұрмыс, дәстүр саласында бір-бірімен жақындасуын қалады. Сон­дықтан әркез еліміздегі бар­лық этнос өкілдерінің түсіністігін, иықтасқан бірлігі мен шынайы достығын нығайта түсуді ойлады. Қазақстандағы ұлтаралық шие­ле­ністердің туу мүмкіндіктерінің жал­пы және жеке себептері, ұлт­аралық дау-жанжалдардың таби­ғаты талданды және оған болжаулар жасалды. Ұлттардың жақын­дасуы мен қосылу проблемаларын саралаумен қатар, әр ұлттың өзін­дік даму бағытын жоққа шыға­ру­шыларға, ұлттардың жақындасу бағытын асыра бағалаған, тіпті олардың бірігуін жеделдете тү­суге, ұлттық ерекшеліктердің дамуын жоққа шығаруға, қазақ мә­дениетінің дамуын кемсітуге ты­рыс­қан саясатшыл ғалымдарға үне­мі қарсы шығып отырды. Осыдан 40 жылдан астам бұрын ол қа­зақ тілі қызметінің азаюын заң­дылық деп санаған кейбір ға­лым­дардың пікірлерінің негізсіз еке­нін дәлелдеді. Егер сол кезде қазақ тілінің мемлекеттік мәр­те­бесі туралы ой түсімізге кірмесе, ғалымның бұл пікірі шын мә­ні­сінде батылдық болатын.

Қоғамдағы аса бір маңызды мә­селе – ұлт және ұлтаралық қатынастарды жүйелі әрі табысты зерттеуі М.М.Сужиков атын Одақ көлеміне, одан да тысқары елдерге мәлім етті. Оның бірсыпыра еңбектері ағылшын, француз, испан және басқа тілдерге аударылып, шетелдерде де белгілі болды. Ол Кубаның Гавана, Польша­ның Варшава және Чехослова­кия­ның Прага университеттерінде дә­рістер оқыды. Америка Құрама Штаттарында, Франция, Венгрия және басқа елдерде өткен халық­аралық конференция, конгрестерде ұлт теориясы мәселелері туралы баяндамалар жасады.

Бір ескертетін принципті мәсе­ле – М.М.Сужиков өзінің еңбек­терінің негізгі зерттеу объектісі етіп жалпы ұлт және ұлттық қа­тынастар мәселелерін капита­лис­тік сатыға соқпай, социализмге өту жағдайында, оның ішінде қа­зақ­тың да ұлт болып қалып­та­суының заңдылықтары мен ерек­шеліктерін алған болатын. Рас, ғалым сол кезде бұл жолды бір­ден-бір тиімді деп санады. Шын­дық айтуды заман көтермеді.

Бүгінгі күні социализмді мо­йындамай, оны түгелдей сынау да, ол жөнінде бірсыпыра по­зи­тив­ті көзқарас та бар. Қазақ хал­қына ке­шегі социализм не берді десек, ауыз­ды қу шөппен сүрту әділет­сіздік болар. Компартия кө­семдері жалпыәлемдік қауым­дас­тықтың барысымен, бағы­ты­мен санаспай отыра алмады. Кеңестік саясат­тың қас жауы болған, бірақ әркез шындыққа бетпе-бет қарай алған қайсар саясаткер Мұстафа Шоқай: «Кеңес үстемдігінің 16-­шы жылдығына орай» деген мақа­ла­сында: «Кеңес өкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды істер болмады десек, ол да дұрыс болмаған болар еді. Табыстар да жоқ емес», деген болатын. Алайда, тоталитарлық жүйе жағдайында ұлттық республикалар шынайы мемлекет ретінде де, халықтар толыққанды ұлт ретінде де қа­лып­таса алмады. Өйткені, ұлы ғалы­мымыз Шоқан Уәли­ха­нов айтқан­дай: «Қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәр­селер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару…» деген қарапайым қағи­далар сақталмады. Мұнсыз шынайы өсу де, өркендеу де жоқ еді. Мұны адамзат тарихы талай рет дәлелдеді.

М.М.Сужиковтың мемлекеті­міз­дің тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жазылған еңбектері принципшілдігімен, шын­шылды­ғы­мен, нақтылығымен, мәселені өткір қоюларымен құнды. Мысалы, «Қазақстан Республикасы ұлттық қауымдастықтар мүд­де­лерін жүзеге асыру – ұлтаралық келісімнің объективті негізі» деген мақалада қазақтың ұлттық мүддесі өткір қойылған. 1993 жыл­дың басында қазақтардың саны республикада 7 млн. 297 мың болып, еліміздегі бүкіл халықтың 43,2 пайызын құрап, азшылыққа айналғанын айта отырып, дүние жүзіндегі 2 мың халықтың ішінде саны жағынан 87-ші орын алатын қазақтың этнос ретінде дамуында көптеген мәселелер аталады. Ол мұның барлығы алдымен пат­ша­лық Ресейдің отаршылдығы, сонан соң миллиондаған қазақтың жойылуына алып келген кешегі орталық биліктің командалық-әкімшілік, ассимиляциялық саясаты қазақ халқының ұлттық дамуын қатты тежеп келгенін атап көрсетеді. Бұл проблемада этнос­аралық шиеленістің көптеген көз­дері жатыр және олар оп-оңай келеге келе қоймайды деп тұжы­рымдайды автор. Сондықтан на­рық­тық экономикаға өтуімізге байланысты қазақ ұлтының, Қа­зақстанда тұратын барлық этнос өкілдерінің әлеуметтік-экономи­ка­лық деңгейін батыл теңестіруді ұсынады. Ғалымның қазақтың ұлттық мәселесін басқа этностың есебінен шешуге әсте бармай, оны қазақтың өзінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолымен шешу қажет деген ойлары бүгін де та­ғылымды.

Тәуелсіздіктің алғашқы ке­­зең­ін­де республикада орын алған ха­лықтың өмірі сүру жағдайының күрт төмендеуі, бұқара халықтың көпшілігінің кедейшілікте болуы ұлтаралық және әлеуметтік шие­леністерді туғызуы мүмкін екен­дігі, сондықтан орталық билік органдары мұны шешудің жолдарын қарастыруы керек деген ұсыныс жасалынды. Сондай-ақ, Қазақстан сияқты көп этносты елде ұлт­ара­лық келісімді сақтау мен дамыту үшін этностардың жалпыұлттық, яғни жалпы қазақстандық және ұлттық деңгейдегі мүдделерді дұ­рыс үйлестіру маңызды деп саналып, олар жеке-жеке арнайы қа­растырылған болатын. Жалпыұлт­тық мүдде дегеніміз – бұл мемлекеттің нығаюы, егемендік пен тәуелсіздік, жалпы қазақ­стан­дық патриотизмді қалып­тастыру, экономика мен мәдениеттің жан-жақты дамуы, жұртшылықтың тұр­мыс жағдайының өсуі және т.б. делінсе, ұлттардың өзіндік мүд­делеріне мемлекеттік биліктен тиісті орын алу, елді билеуге қа­тысу, өндіріс саласында – экономикада өзінің орнын табуы, халық шаруашылығындағы белсенділігі, тілін, мәдениетін, тұрмысын, салт-­дәстүрлерін дамыта алуы және т.б екендігі атап көрсетілді. Ғалым бұларға жайдан-жай тоқ­тал­маған, күнделікті өмірде осы­лардың барлығына тұрақты назар аударып отыруды керек деп санады.

Қазақстандағы ұлттық және ұлтаралық үдерістердің жағдайы көбіне қазақ ұлтының, сондай-ақ өзге ұлттардың ішіндегі өзгеріс­терге байланысты болатынын атап көрсете отырып, автор ең алдымен қазақтың өзінің ұлттық жаңғыру бағытына тоқталып, оның дәстүрлі жайдан қазіргі өр­ке­ниетті заманға жылжу, өту, өзі­нің басым бөлігін алып отырған аграрлық ұлттан экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени қаты­настарын өзгертуге алып келетін аграрлық-өндірістікке ауысу мәселелерін көтерген еді.

Ғалымның тағы бір аса көңіл бөлетін мәселесі – қазақ ұлты­ның жаңаруы, дамуында қазақтың ұлт­тық ділінде (менталитетінде) жат­қан дәстүрлі мәдениетінің про­г­ресшіл белгілерін дамыту болатын. Олар ешқандай қанау жоқ кез­де мыңдаған жылдар бойы қа­лыптасқан: бостандықсүй­гіш­тік, өзара адамгершілік сый­ластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше қа­ты­нас, үл­кен­дерге құрмет, тұр­мыс­та өзгеше мінез-құлық, ұрпақ­тар жалғас­ты­ғын ескеру сияқты адами қасиет­терді алға тартты. Осы бағыттағы жаңғырығу нәти­жесінде ғана қазақ республикада тұратын бар­лық этнос өкілдерін топтас­тыру­шылық және ұйымдас­тырушылық рөл атқара алады деп санады. Осы­ларды айта отырып, Марат Мұхамбетқалиұлы қазақ ұлтын және басқа этностарды мо­дер­ни­зациялаудың бағдарламасын жасауды ұсынған еді. Бұл 90-жыл­дар­дың басы болатын. Мұндай бағ­дар­ламаның қажеттігі даусыз бол­ғанымен, өкінішке орай, ондай құ­жат қабылданбады. Консти­ту­ция­лық, заңдық нормалармен шек­теліп қалдық.

М.М.Сужиков еліміздегі қазақ ұлтының рухани әлемін Шығыс пен Батыстың бар өркениетімен байыта отырып, Қазақстан жаңа жоғары дамыған индустриялық-аграрлық еуразиялық мемлекет болуы тиіс деп есептеді. Мұны Қазақстанның Шығыс пен Ба­тыс­тың геосаяси жағдайымен түсін­дірді. Шынында да, сан ғасыр өз ұлтының рухани қазынасын иге­рудің нәтижесінде Батыстың на­рығын, Шығыстың имандылығын астастыра отырып, біз өрке­ниет­тің жаңа деңгейіне көтеріле аламыз.

Ұлт және ұлтаралық қатынас­тардың табиғатын ғылыми танитындар кез келген қоғамда ұлттық мәселелер болатынын да, бола беретінін де мойындайды. Жалпы адамзат қоғамы қарама-қайшы көз­қарастарсыз, принциптерсіз, сенімдерсіз, идеологияларсыз жә­не т.б. қайшылықты құбылыс­тар­сыз өмір сүре алмайды. Әңгіме соны дер кезінде танып, тиісті шара қолдана білгенде жатыр. Марат Мұхамбетқалиұлы бұл қайшы­лық­тарды уақытында практи­ка­лық саясат амалымен шешілмей, бұрынғы күйінде қалдырылса, ол күшейе түсуі, содан стихиялық үдерістер қоғамның ақыл-ой кү­шінің бақылауынан шығып кетуі мүмкін деп қатаң ескерткен.

Философия және құқық институты жанынан құрылған Ұлттық және ұлтаралық қатынастарды зерт­теу орталығының жетекшісі ретінде М.М.Сужиков өзінің тіке­лей қатысуымен республика басшы органдарына дайындаған Қазақстандағы ұлтаралық қаты­нас­тарды жетілдірудің негізгі бағыттары туралы ұсыныс­тары­ның мәні әлі әлсіреген жоқ. Осы орайда 1989 жылдың 16 қаза­нын­да Қазақстан Компартиясы орта­лық комитетіне жазылған «Гурьев облысындағы ұлтаралық қатынас­тардың жағдайы және оларды жақсартудың болашақтары» атты талдау жазбасы туралы бірер сөз. Бұл сол кездегі Жаңаөзенде бол­ған оқиғаға байланысты әлеумет­тік зерттеудің қорытындысы болатын. Онда не көтеріліп еді? Ең бас­тысы – осы өңірде тұрғын халық болып саналатын қазақтар ұлттық мүдделер жеткілікті ше­шілмей, кей­де аяқасты болуы, ай­мақтағы өндірісті игеруде одақ­тық ми­нистр­ліктер мен ведомстволар тарапынан әлеуметтік-эко­номи­ка­лық, демографиялық, рухани және саяси сипатта толып жатқан шие­леністер туғызатын қайшылық­тардың орын алған­ды­ғы туралы болатын. Аймақтағы өндіріс объек­тілерінің құры­лы­сын­да соң­ғы 30 жылда жергілікті тұрғындар тарапынан жұмыс­шылар мен ин­женер-техникалық кадр­лар даяр­лауға көңіл бөлін­беген. Жаңа өн­ді­рісті игеру не­гі­зінен сырттан келгендердің есе­бінен жүргі­зіл­ген. Аймақтағы тұр­ғын халықты қазақтар құра­ғанымен, олар өн­дірісте 4-тен 12 пайызға дейін ғана. Және т.б. Жаңаөзендегі соңғы оқиғалардың түп-тамы­рын­да да осы сияқты әлеуметтік мәсе­лелер жатқан еді.

Жоғарыда айтылған пікірлер мен тұжырымдар Қазақстанда кең көлемді әлеуметтік зерттеулер не­гізінде жасалынған болатын. М.Су­жиков Алматы және Жамбыл облыстарында, Балқаш қала­сында әлеуметтанулық зерттеу жұ­­мыстарын жүргізіп, ұлттар ара­сындағы әртүрлі үдерістер, ұлт­тық мүдделер мен әртүрлі қара­ма-қайшылықтарды сараптады. Бірақ өмірдің шындық көрі­ністері кеше көбіне бүрке­ме­леніп, оның қо­ры­тындылары тү­гелдей жария етіл­меді. Мәкең жеке әңгімелерде ұлт­тар қаты­на­сы үдерісінде, ұлт­тық мәсе­ле­лерде әлі де шешуін таппаған күрделі дүниелердің жет­кілікті екенін айтып отыратын.

Қазақстанның қоғамдық ғы­лым­дары кеңістігінде қырық жылдай қажырлы қызмет еткен, бар ғұмырын қазақ ұлтының, елі­міздегі барлық этнос өкілдерінің бірлігіне, ынтымағына арнаған Марат Мұхамбетқалиұлының ең­бектері бүгінгі күнімізге де, Қа­зақстан қоғамының келешегіне де қызмет ете беретініне дау жоқ.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы,

профессор.

АСТАНА.