Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:23
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев математика ғылымына өзіндік жаңалықтар әкеліп, есімі әлемге мәшһүр болған ерек тұлға. Оның даңқы өзі туып-өскен киелі Қордайдағы алақандай Қаракемер ауылынан асып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналғалы қашан. Біз Мұхтарбай ағамен мақтанамыз, оның өмірдегі, ғылымдағы өзгеше өсу жолын үлгі, өнеге тұтамыз.
Бейсенбі, 4 қазан 2012 7:23
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбаев математика ғылымына өзіндік жаңалықтар әкеліп, есімі әлемге мәшһүр болған ерек тұлға. Оның даңқы өзі туып-өскен киелі Қордайдағы алақандай Қаракемер ауылынан асып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналғалы қашан. Біз Мұхтарбай ағамен мақтанамыз, оның өмірдегі, ғылымдағы өзгеше өсу жолын үлгі, өнеге тұтамыз.
Әулиешоқыдан басталған жол
Математика ілімінің жеті қат қыртысын тоңымен аударып, 36 жасында ғылым докторы атанған оның соншалықты қарапайымдылығы ғажап. Қарсы алдыңда «мүйізі қарағайдай» академик отыр деп тіпті де қысылдырмай, кім-кімді де күнде көріп жүрген сыралғы жолдасындай еркін әңгімеге тартып алатын бір бауырмалдық қасиеті бар. Содан да туған жерге жолы түскен сайын онымен жолығып, тілдесіп қалуға әркім-ақ құштар. Ал Мұхаң төрткүл дүниенің қай түкпірінде жүрсе де балалық, жастық шағының іздері қалған туған топырақтың жылуын аңсайтыны анық.
…Ол кезде Қаракемердің бас жағында шағын ғана ұста дүкені болушы еді. Ес білгелі Мамыт, Құсайын шалдар онда күнұзақ түтіндетіп, шыңылдатып темірден түйін түйіп жататын. Мұхтарбай да жасынан сол ұстахананы жағалады. Соғыстан кейінгі ауыртпалық салдарынан Мұхаң 10 жасқа толғанында ғана мектеп есігін ашады. 7-сыныпқа дейін оқып, отбасы жағдайына байланысты мектептен қол үзуіне тура келеді. Жетіжылдықтан соң Тоқпақтағы механика техникумына түскенімен, кейіннен оны да тастап кетіп, орта білімді кешкі мектепте жалғастырып жүрген кезі. Күндіз күйелеш-күйелеш болып, маңдайдан сорғалаған терін сылып тастап ұстаханада балға соғатын, нарттай болып қызған темірдің балға мен төс арасында қамырша иленіп, мұқалмастай болып шыңдалуын қызықтаудан бір жалықпайтын. Өзінің де алған бетінен қайтпас шарболаттай шыңдалып өсуіне осының әсері де болған шығар. Қыстай темір ұстада, ала жаздай маусымдық жұмыстарға алып кететін. Комбайнда сабан тастаушы, тракторда тіркемеші де болды. Өзі де біртіндеп тракторды ұршықша үйіре меңгеріп келе жатты.
Колхоз даласындағы екі-үш жылғы қара жұмыс өмірдің мәнін бағалауда, еңбектің дәмін сезінуде көп нәрсені үйретті. Кешкі мектепті бітіруімен оның Әулиешоқының баурайынан ғылымның төріне қол созған ұлы сапары басталады. Мұхтарбай Бішкектегі (ол кезде Фрунзе) Қырғыз мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Математикаға деген бір жойқын құштарлық о бастан-ақ бойын билеп алғаны анық. Онысы жұртқа ауылда жұмыс істеп жүрген кезінен белгілі еді. Өзге механизаторлар май сіңген киімдерін басына жастанып, түскі астан соң сәл мызғып алуға жантайған сәтте, бұл қалтасынан қағаз, қаламын алып, қат-қабат сырлы алгебралық теңдеулер мен формулалар әлеміне сүңгіп кететін. Мектеп оқулығынан тыс қайдағы бір журналдардан қиып алған шым-шытырық есептерді боршалап, жіктеп, талдап отыратын. «Көр де тұр, сенен әлі-ақ «мынау» деген есепші, тіпті, бұғалтыр шығады, бала», деп арқасынан қағатын бригадир. Бойға біткен шын талант, кемел дарын қандай жағдайда да суымақ емес. Оны трактор кабинасынан университет аудиториясына алып келген де осынау лапылдаған құштарлық оты еді ғой.
Алайда, бірінші курстан-ақ әскер қатарына алынды. Зерек болмаса математикаға деген құмарлығы әскердегі үш жылда суынатын жағдайда еді. Әскерлік борышын өтеп жүріп те ол оқуын өз бетінше жалғастыра береді. Әскерден соң оқымай-ақ үш курстың емтихандарын тапсырып бірден 4-курсқа қабылданады. 1966 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жүргізген таңдау нәтижесінде Мәскеуге ауыстырылады. Оны 1969 жылы бітіріп шығады.
Ғылымның шырқап көгіне
Бұдан әрі М.Өтелбаевтың ғылымға шындап ден қойған кезеңі басталады. 1972 жылы Мәскеуде нақ отыз жасында кандидаттық диссертация қорғады. Алты жылдан соң тағы да сол Мәскеуде «азулары алты қарыс» математика алыптарының алдында «Дифференциалдық операторлардың спектрын бағалау және онымен байланысты ену теоремалары» тақырыбында докторлығын табысты қорғайды. Мұхтарбайдың өздері ойлағандай «дыңдай бұғалтыр» емес, одан әлдеқайда биікке шырқап шыққанына күллі ауылдастары қуанған сонда.
М.Өтелбаевтың математикадағы қызмет жолы 1972 жылдан басталады. 1972-1991 жылдары ҚР Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, Жамбыл педагогикалық институтының ректоры, 1991 жылдан Қарағанды қолданбалы математика институтының директоры қызметтерінде болды. 2000 жылдан бастап Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті математикалық модельдеу әдістері кафедрасының профессоры және кезінде өзі білім алған М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы директорының орынбасары қызметін қоса атқарады. 2004 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Заманымыздың заңғар математигі атанып, әлемдік деңгейдегі аузы дуалы небір математика алпауыттарының өзін мойындатқан қазақ ғалымының ғылымға қосқан үлесі орасан. Функционалдық талдаулар саласының ірі маманы болып табылатын М.Өтелбаев теориядағы ең күрделі екі проблеманы: дифференциялдық спектрге екіжақты шектеу формулаларын және меншік мәнге универсалдық формула болмайтынын дәлелдеген. Локалдау принципін ашып, корректі шекаралық есептеудің жалпы түрін жүйеледі. Эйнштейннің салыстырмалық теориясына тың көзқараспен тұжырымдама да жасады.
Спектрлік теориясы мен функциялық таптар теориясындағы әзірлеген әдістері, әсіресе, оның ұсынған арнаулы оқшауландыру тәсілі математиканы дамытуға қосылған аса зор үлес болып табылады. Осы еңбегі жоғары бағаланып, оған 1990 жылы КСРО ҒА физика-математика бөлімінің арнаулы сыйлығы берілді. Ал КСРО математика ғылымының кезінде дүние жүзінде алдыңғы орында болғанын ескерсек, Мұхтарбайдың табысы Қазақстан математика мектебінің үлкен жеңісі еді.
Қазақстан тәуелсіздігінің қиындықтары қат-қабатымен келген бастапқы тоқырау кезеңінде қаншама ғалымдар жерұйық іздеп, шетелдерге асып кетті. Ал Өтелбаев туған жерден тамырын үзген жоқ. Ол кешегі кеңестік дәуірдегі тәрізді, бүгінгі жаңарған Қазақстанның да математика әлемінің жарық жұлдызы саналады. Мұхаң әлемдік деңгейдегі мектептің негізін қалады, жеке өзі оннан астам ғылым докторын, жетпіс бес ғылым кандидатын өсіріп шығарды. 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Дүниежүзінің әр қиырында өтіп жататын математиктер симпозиумдарына қатысып, баяндамалар жасап тұрады. 1994 жылдан бастап еліміздің «ҚР фундаменталды зерттеулер бағдарламасына» қатысып келеді. Қазіргі кезде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР фундаменталды зерттеулер бағдарламалары», «ҚР инновациялық өндірістерді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» және «ҚР қолданбалы ғылыми-техникалық жобалары» ғылыми бағдарламаларына енетін негізгі 4 жобаға жетекшілік етуде. 2002-2003 және 2004-2005 жылдары Өтелбаев ғылым мен техникаға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар мен мамандар үшін тағайындалатын мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері. 2002 жылдың қорытындысы бойынша «Алтын адам» конкурсына тағайындалатын «Жылдың ғылыми қайраткері», Қазақстандағы «Жыл адамы» атағының иегері. 2004 жылы Теһран қаласында «Ғылым және технология» аталымы бойынша экономикалық ынтымақтастық ұйымы сыйлығының лауреаты болды, 2007 жылы Түркияның Сакария қаласында Түркі әлемі математиктері қоғамының вице-президенті болып тағайындалды. 2006 және 2010 жылдары «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» гранттарын жеңіп алды.
2007 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында математика саласында дүниежүзінің ғалымдары «Өтелбаев функциясы» деген атпен мойындаған «Спектрлік теория және оның қолданылуы» тақырыбындағы жұмыстар циклы үшін оған ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында елімізде ғылым мен техника саласы бойынша математиктерге берілген тұңғыш сыйлық еді.
Туған жердің түтіні де тәтті
Математика әлемінің төріне шыққан біздің Мұхаң бүгінде жасы жетпіске иық артса да, жас кездегідей елгезек. Жылына бірнеше мәрте әлемнің әр түкпірінде өтіп жататын халықаралық дәрежедегі симпозиумдар, конференциялар, съездерге арнайы шақыртулармен барып, баяндамалар жасап тұрады. Астана қаласындағы еліміздің бас университетіндегі және өзі басқаратын ММУ филиалындағы қызметі өз алдына. Алайда, ғалым қаншама жұмысбасты болып жүрсе де туған жерін, ондағы алтын ұя мектебін, сүйікті ұстаздарын естен шығармайды. Алматыға жолы түсе қалғанда, арасында уақыт тауып, Қордай асып, Әулиешоқы баурайындағы туған ауылына тартып кетуге тырысатыны содан.
Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын Мұхтарбай табалдырығын аттаған Қаракемер бастауыш мектебінің орны соңғы жылдарға дейін бос жатты. Былтыр ғана онда зәулім мешіт бой көтерді. Кезінде тәлім берген ұстаздарының да көбі өмірден өтіп кетіпті. «Елу жылда ел жаңа», кейіннен ауылдың бас жағынан екі қабатты жаңа мектеп салынып, қазір онда мұғалімдердің мүлде жаңа жас буыны еңбек етуде. Ал Мұхаң өз мектебін, ұстаздарын, сыныптастарын сағынады. Алғашқы ұстазы Нұршида Хамитова апайына, арифметиканың төрт амалын үйретуден бастаған Еламан Нұрпейісов, жоғары сыныпта физика-математика әлеміне қызықтыра баурап, терең білім берген Исабек Әдікеев ағайларына шәкірттік ықыласы шексіз. Мұхаңның бүгінде көзі тірі ұстаздарының бірі, математикадан дәріс берген Дүрдана Ноғайбаеваның жасы 80-ге таяп қалды, қазір аудан орталығында тұрады.
– Мұхтарбай сыныптастары ішіндегі қарапайымы әрі жуасы болды, – деп еске алады бір кездегі шәкіртін қарт ұстаз. – Бірақ оның ойлы көздерінде нұр тұнып тұратын. Отбасындағы тұрмыс ауыртпалығынан ол басқа балалардан сергектігімен, сонысына қарай айтылғанды қағып алатын зеректігімен ерекшеленетін…
1984-1986 жылдары өзі ректор болып істеген Жамбыл педагогикалық университеті де оған өзгеше ыстық. Жыл сайын ел аралап, өзі қызмет ететін Еуразия ұлттық университетіне дарынды шәкірттер іріктеуді дәстүрге айналдырған атақты академик былтыр ғана Тараздағы жоғары оқу орындарында өткен олимпиада жүлдегерлеріне ректорлық гранттарды өз қолымен тапсырған болатын. ТарМПИ-де ол екі жылдай ғана басшылықта болды. Өйткені, ол ректор «қалыбына» сыймайтын дарын еді, көп ұзамай өзінің ғылымына қайта оралды. Ал оның осындағы бастамаларын талантты шәкірттерінің бірі, ТарМПИ-дың математика және математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Мұсахан Мұратбеков табысты жалғастыруда. Әрқайсысы үлкен ғалымға айналып үлгерген Мұхаңның мұндай шәкірттері еліміздің әр түкпірінде көптеп саналады. Ал кіндік қаны тамған топырақтан шыққан әрбір жас дарын үшін балаша қуанатын академик жерлесіміздің атында Тараздан математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ашу туралы ойымызды тағы да алға тартамыз. Сонда облыс аумағының әр қиырынан, ауыл-ауылдардан математикаға дарынды жастарды жинап, қазақ ғылымын өрге сүйрейтін Өтелбаев ізбасарларын көптеп даярлауға жол ашылар еді.
Мұхаң туралы аз жазылған жоқ. Солардың ішінен қазақтың тағы бір көрнекті математик ғалымы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Тынысбек Кәлменовтің «Мухтарбай Отелбаев. Взлет самоучки к вершинам науки» атты кітабын айтсақ та жеткілікті. Ол «Тракторшыдан ғылым докторына дейін» деген тақырыппен басталады. Бұл кітаптан Мұхаңның ғылымға деген адалдығын, оған деген сүйіспеншілігін, шынайы махаббатын тануға болады. Академик өз әріптесі туралы: «Мұхтарбай Өтелбаев – Қазақстан математиктері пір тұтатын адам», деп анықтама береді.
Қол еңбегі – күндік тірлік, ой еңбегі – ұрпағыңның ұрпағына жететін бақыттың да, байлықтың да кілті, деуден жалықпайтын Мұхаңның арманы – болашақта елімізді өркениеттің өріне шығаратын білімді ұрпақ тәрбиелей беру.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті редакторының орынбасары.
Тараз.