Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:45
Таяу күндері құқық, оның философиясы мен тарихы салаларының классигі, кемеңгер ғалым, ұлтымыздың біртуар тұлғасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Салық аға Зимановтың өмірден қайтқанына жыл толады.
Сәкең «ереулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі біте ме», деп жүріп өмірден өткен Махамбет пен Исатайдай, қазақтың азаттығы үшін күрескен алашорда ардақтылары Халел және Жаһанша Досмұқамбетов секілді азаматтар туған Жайықтың жағасында дүниеге келген қыран қанат тұлға. Оның өмір тарихы, ағысы айызыңды қандырған, жағасы мен сағасын мекендеген турашыл, қай кезде де әділдікті айтқан қазақ баласы – Жайық өзені мен Атыраудай айбынды десем, еш асырып айтқандық емес.
Сейсенбі, 16 қазан 2012 7:45
Таяу күндері құқық, оның философиясы мен тарихы салаларының классигі, кемеңгер ғалым, ұлтымыздың біртуар тұлғасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Салық аға Зимановтың өмірден қайтқанына жыл толады.
Сәкең «ереулі атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі біте ме», деп жүріп өмірден өткен Махамбет пен Исатайдай, қазақтың азаттығы үшін күрескен алашорда ардақтылары Халел және Жаһанша Досмұқамбетов секілді азаматтар туған Жайықтың жағасында дүниеге келген қыран қанат тұлға. Оның өмір тарихы, ағысы айызыңды қандырған, жағасы мен сағасын мекендеген турашыл, қай кезде де әділдікті айтқан қазақ баласы – Жайық өзені мен Атыраудай айбынды десем, еш асырып айтқандық емес.
Салық аға Ұлы Отан соғысының барлық ауыртпалығын бастан кешті. Сонда көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз» және 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды.
Пайым-парасаты бөлек Сәкең 1946 жылы Бүкілодақтық заң институтының Қазан қаласындағы филиалына сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Қызмет жолын прокуратура органдарында бастаған азамат кейін көп жылдар бойы республикамыздың заң ғылымы мен білімінің өрістеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Прокуратура органдарындағы жылдар майдангер ағамызды шымыр етіп шынықтырып, болаттай шыңдады. Әсіресе, осы саладағы заңдылықтың үстемдік құруына ол белсене атсалысты. Қарым-қабілеті сынға түскен сол кезеңін еске алғанда Салық аға Зиманов: «Прокуратураның жұмысы мен үшін қызықты да тартымды болды. Қылмысты тергеумен байланысты оқиғалардың күрделі шиеленістерін шешу, мекемелердің құжаттарына прокурорлық тергеу жүргізу, бұндай жайттарға байланысты адамдардың көзқарасын бақылау, олардың кейде мұңды, кейде немқұрайлы, селсоқ жүзін көру мені әділ және халыққа жақын болудың маңыздылығын түсінуіме ықпал етті», дегені бар еді.
Атырау облыстық прокуратурасының тергеушісі қызметінен Салық аға Зиманов 1947 жылдың күзінде сол тұстағы республика прокуроры Румянцевтің шақыруымен Алматыға келіп, өте маңызды істер бойынша тергеуші қызметіне орналасады. Еліміздің орталық органындағы жұмысы ағамыздың заңгер ретінде қалыптасып, танылуына үлкен ықпал етіп, оның заңдылықты нығайту жолындағы өзіндік көзқарасын қалыптастырды.
Салық Зимановтың қазақтың дәстүрлі құқығын шаң басқан тарихтың терең қойнауынан алып шығып қайта жаңғыртудағы, оны жан-жақты зерттеп, зерделеп тиісті бағасын берудегі орны ерекше. Өз еңбектерінде ғұлама ғалым әдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқықтың және әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі болып табылатын билер сотының қазақ даласындағы алар орны туралы ой қозғап, бір жүйеге түсіріп, ғылым әлемінде тиянақтап, ұлтымыздың өзіне тән құқықтық мәдениетінің ерекшеліктерін тайға таңба басқандай дәйектеп берді.
Иә, тарих сахнасынан өшуге жақын қалған көптеген асыл мұраларымызбен қайта қауышуымызға осылайша себепкер бола білген Салық аға, ұлттық руханиятымыздағы асыл қазыналарымызды қайта тірілтіп айналымға қосты. Ел ертеңін, ұлт болашағын көш ілгері болжаған зиялы бұл іске кеңес заманында-ақ кірісіп кеткен болатын. Ол кез келген ұлттық нышаны бар тақырыптағы еңбектің авторын сталиндік террордың құрбанына айналдырған заманда қаймығып қалмай 1950 жылы КСРО Ғылым академиясындағы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітіре салысымен «Общественно-политический строй Букеевской орды (1801-47 гг.)» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Ол заманда Бөкей хандығы туралы сөз қозғау Кеңес өкіметінің ресми саясатына қайшы болатын. Бірақ аталмыш ғылыми еңбекте Салық аға Зиманов бірде төтесінен, бірде жанама түрде Бөкей хандығының тарихтағы орнына нақты бағасын бере білді. Бұл білімдінің ғана қолынан келер, ерлікке пара-пар еңбек еді.
Салық ағаның осындай батыл қадамы 1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына арналған жиындағы сан мыңдаған адамның алдында еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарапынан аталып өтіп, қолдау тапты. Сол жиында Елбасы: «Дербес мемлекет құру – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Қуанышымыз ұзағынан болсын, ардақты ағайын! Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте Қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын. Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артары мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек», – деп толқи сөйлеген болатын.
Салық аға Зиманов 1986 жылғы желтоқсанда кеңес билігінің республика басшысы Д.А.Қонаевты ауыстырудағы келеңсіз саясатына қарсы көтерілген жастарды «ұлтшыл» деп айыптаған ресми биліктің түйсіксіз түйініне өз қарсылығын алғашқылардың қатарында ашық білдірген азаматтардың бірі болғанын кейінгі ұрпақ есіне салып отыруымыз керек. 1987 жылдың басында, Ғалымдар үйінде Г.Колбин қатысуымен өткен идеология мәселесіне арналған үлкен басқосуда ол бүкіл халықты ұлтшыл деп қаралау коммунистік партия басшылығының дәрменсіздігін білдіретінін, халықтар бірлігінің арасына қағылған қауіпті сына екенін ашық айтуы сөзімізге дәлел.
Салық ағаның ұлттық құқықтық мәдениетіміздің ғылыми негізін қалап, оның шынайы табиғатын ашқанын іргелі еңбектерінен көруге болады. Сол зерттеулердің бірегейлері: «История государства и права советского Казахстана», «Состояние и задачи разработки проблем обычного права казахов», «Россия и Букеевское ханство», «О политическом строе Букеевской орды», «Политические взгляды Ч. Валиханова», «Общая теория права и ее место в курсе теории государства и права», «Теоретические вопросы советского национально-государственного устройства» және басқалары.
Салық аға ұлт руханиятына, құқық саласына қатысты құндылықтарды зердесінен өткізіп қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде «Қазақтың ата заңдары: құжаттар, деректер және зерттеулер», «Древний мир права казахов. Материалы, документы и исследования» атты 10 томдық еңбек шығарды. Бұл да өлшеусіз іс, өрелі биік жұмыс еді.
Қазақстан ұлттық Ғылым академиясын Қаныш Сәтбаев басқарған кезде Салық Зиманов ұлы тұлғамен бірге ғылымның өрісін кеңейтіп, беделін биіктетуге өз үлесін молынан қосты. Оның көнекөз ғылым өкілдері С.Фукс пен Т.Күлтелеевтің үрдістерін жалғастырып, қазақтың дәстүрлі құқығын, билер институтын зерттеуі, болашағы бұлыңғырланып бара жатқан кеңес заманының тарихын ысыра тұрып халқымыздың, ел-жұртымыздың ой-сана жауһарларының сақталуына діңгек болған тамыры терең бәйтерегіне бет бұруы, әрине, ерлік пен қажырлылықты талап етті. Ғалымның бұл қадамы да өз жемісін берді.
Ой өлшемі биік, байлам-пайымы ерен Салық ағаны ғылыми орта ерте танып білді. Ең алдымен Қаныш Сәтбаев қолдады. Заң саласындағы тұңғыш академик болуына жол ашты. Оның жанында әрқашанда тілектес інілері, шәкірттері, үзеңгілес-әріптестері Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев, Әбдуәли Еренов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев болды. Салық Зимановтың Қазақ елі тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардағы сабырлы да салиқалы еңбегі халқына, еліне, жеріне, ұлтына ұйытқылық қызмет атқаруға арналды.
Ол Ғылым академиясындағы бүкіл өмірін арнаған жұмысын елдік туы қолға тиген сын сағатта таласы мен дауы жетіп артылатын депутаттыққа ауыстырды. Он екінші және он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесте халық қалаулысы ретінде еліміздің ел болып қалыптасуына өзінің зор үлесін қосты. Жоғарғы Кеңесте комитет төрағасы, Конституция жобасы бойынша комиссияның мүшесі ретінде еңбек етті. 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңы, тіл, азаматтық туралы заңдар және өзге де мемлекеттілік пен тәуелсіздіктің бастауы болған актілердің қабылдануына табанды күш-жігерін жұмсады. Шыны керек, сол кездегі Сәкең сияқты азаматтардың елдік істегі күш-қайраты ерлік десе жарасады. Мемлекет тәуелсіздігін жариялай отырып, Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының «…өз аумағында билік жүргізетін, ішкі және сыртқы саясатын өз еркімен айқындайтын және де барлық елдермен қарым-қатынасын халықаралық құқық принципінде жүзеге асыратын», оның «…тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет» екенін алақандағыдай анық көрсеткен болатын. Бұл істе Салық ағаның ізі сайрап жатыр.
Ғұлама ғалым, арлы азамат тәуелсіздік жылдарында қоғамда орын алған мемлекеттіктің конституциялық негіздерін шайқалтуға әрекеттенген жат пиғылдарға дәлел дәйегімен соққы беріп отырды. Шовинистік пиғылдағы Жоғарғы Кеңестің кейбір депутаттарының арандатушылықтан тұратын, кейде астыртын, кейде ашық айтқан жымысқы пікірлерінің астарын әшкерелеп, бұл әлі де болса буыны қатпаған жас мемлекеттің болашағы үшін қауіпті екенін ашып көрсете алды. Мысалы, заңгер олар ұсынған «қос азаматтықтың» жұртымыз үшін зардабы орасан, мұндай жағдай Қазақ мемлекетін түптің-түбінде айықпас ауыр дертке душар етеді, деді.
Салық ағаның қабырғасы қайысып, жиі көтерген мәселелерінің бірі – мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны еді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде ол: мемлекеттік тілді – қазақ тілін барлық тұрғындар, әсіресе халыққа қызмет көрсетушілер білуі тиіс, бұл бірінші кезектегі бағдарламалық іс, – дей келе – оны шешу әлеуметтік-экономикалық міндеттен де ауыр, – деп атап өтіп еді.
Айтулы академиктің ғылыми, шығармашылық жетістіктері алыс-жақын шетелдерде де белгілі. 2008 жылы Салық Зимановтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған билер сотына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Жапония, Қытай, Моңғолия, Түркия, Ресей Федерациясы, өзге де елдерден аттары белгілі ғалымдардың жиналуы оның халықаралық ғылыми ортадағы биік беделін көрсетті. Бұл конференцияда билер соты жан-жақты сөз болып, оның тым тереңнен басталатын тарихи-мәдени құндылығы, билердің мемлекеттік биліктің барлық түрлерін атқаруға қосқан үлесі айтылған болатын.
Салық Зиманов Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің қалыптасып, заңнамасының бекітіліп, тұрақтануына да үлесін қосты. Елімізде конституционализмнің баянды болып бекуіндегі ғалымның еңбегі туралы өз алдына әңгіме-дүкен құруға болады. Заңдылық пен әділдік өмірінің басты қағидасына айналған ғалым бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде қабылданған Ата Заңның үстемдігін тармақ, тарауына дейін саралап айтып, көзіңді жеткізуі, көңіліңді қандыруы, оның іске асуына тигізген қолқабысы бүгін бәрімізге де сабақ болып отыр.
Салық ағамыз сарапшы ретінде Конституциялық Кеңестің конституциялық заңдылықты нығайтуға байланысты іс жүргізулеріне де қатысып тұрды. Конституциялық Кеңеске келіп түскен ондаған өтініштер бойынша берген ғылыми-теориялық және практикалық жағынан жан-жақты, терең және көлемді таңдаулары, Кеңес қабылдаған түпкілікті шешімдердің өзегіне айналып қана қоймай, Конституциялық Кеңестің түпкілікті ой қорытындылауына ықпал етіп отырды.
Ғалым аға өз сараптамаларында әрқашан адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең үстем категория ретінде алға шығарды. Атап айтсақ, Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы №2 Нормативтік қаулысымен Қапшағай қалалық сотының өтініші бойынша Қылмыстық кодекстің 361-бабының контитуциялылығын тексеру барысында ғұлама заңгер берген сараптама өзінің тереңдігі, жан-жақтылығы, ғылыми-практикалық негізділігімен ерекшеленіп, заңның нормаларын конституцияға сәйкес емес деп тануға септігін тигізді. Онда Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде ұсталып отырған адамдардың өз денелеріне зақым келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған болатын.
Салық Зиманұлының қазақ халқы үшін, еліміздің болашағы үшін атқарған қызметі шексіз. Асыл ағаның артында қалған мұрағатын жүйелеп, зерделеп, көзі тірісінде қол жеткізе алмай кеткен бастамаларын одан әрі жалғастырып, аяғына дейін апару артта қалған ұрпақтарының, шәкірттерінің, үзеңгілес жүрген азаматтардың борышы, міндеті деп ойлаймын.
Академик Салық Зиманов 2010 жылдың қараша айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына жазған хатында: қазақтың билер сотын еуразиялық көшпелі өркениеттің феномені, – дей келе, тарихи құқықтық ғылымның алдағы онжылдығы үшін бұл ең перспективті бағыт, деп атап кетіпті. Сонымен қатар, ғұлама ғалым 2019 жылға дейінгі аралықта атқарылуға тиіс бірнеше тақырып бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізуді де ұсынғаны белгілі. Онда ұлтымыздың өткені бүгінімен ұштастырылады. Әсіресе, заңнама мен құқық практикасын ерекше атап өтеді. Солардың қатарында академик: «Қазақтардың билер соты – бірегей сот жүйесі және қазіргі заман», «Сот жүйесін жетілдіру проблемалары қазақ билері әділсоты тарихи тәжірибесінің контексінде», «Қазақтың билер соты – еуразиялық көшпелі өркениеттің феномені», т.б. мәселелерді ғылыми тұрғыда терең зерттеу қажеттігін алға тартады.
Жоғарыда назарға салғанымыздай, Салық аға Зимановтың еңбектерін, көтерген бастамаларын одан әрі жалғастырып, түпкілікті нәтижеге жету үшін жүйелі, бағыт-бағдары айқындалған орталықта жұмыс жасауды қажет етеді.
Болмысы бөлек ғалым ағаның басшылығымен құрылған «Интеллектуал-Парасат» заң компаниясы ғылыми зерттеудің өзегіне айналар деген үміт мол. Аталған Заң компаниясының негізінде Әділет министрлігінің Заң шығару институты жанынан арнайы орталық құру қажет деп есептейміз.
Заң заңғары Салық Зимановтың халқына сіңірген қызметі біз үшін азаматтықтың, отансүйгіштіктің шынайы үлгісі. Ұлағатты ұстазымыздың өнегесі қазақ барда ұрпақтар санасында жаңғырып, жалғаса бермек.
Ілияс БАҚТЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық
Кеңесінің мүшесі.