Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:24
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғанқазақтар саны ұзақ жылдар бойы 96, кейде 97 болып көрсетіліп келді.Соңғы нүктені былтыр «Егемен» (07.05.2011 ж.) қойып, толық тізімдіжариялаған еді. Бұрын орыс, өзбек жерінде туғаны себепті сол елдердіңазаматы болып жүргендерді қоса есептегенде, қазақтан шыққанбатырлар саны 103 екендігі анықталды. Соның ішінде бұл атақ дивизиякомандирлері болған генерал Сабыр Рахимовқа 1965 жылы, полковникБауыржан Момышұлына 1990 жылы берілді.
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:24
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алғанқазақтар саны ұзақ жылдар бойы 96, кейде 97 болып көрсетіліп келді.Соңғы нүктені былтыр «Егемен» (07.05.2011 ж.) қойып, толық тізімдіжариялаған еді. Бұрын орыс, өзбек жерінде туғаны себепті сол елдердіңазаматы болып жүргендерді қоса есептегенде, қазақтан шыққанбатырлар саны 103 екендігі анықталды. Соның ішінде бұл атақ дивизиякомандирлері болған генерал Сабыр Рахимовқа 1965 жылы, полковникБауыржан Момышұлына 1990 жылы берілді.
Сол 103 адамдық тізімді зерделей қарап шыққанымызда батыр атағын алған қазақтар арасынан 23 адамның ғана офицер атағы барын, қалғандары қатардағы жауынгерлер мен сержанттық құрам өкілдері екенін білдік. Тіпті сол офицерлердің ішінде де үш адамның ғана капитандық шені бар, қалғандары кіші лейтенант, лейтенант және аға лейтенанттар. Кейін майор атағын алған Мәлік Ғабдуллин ротаның саяси жетекшісі болған. Бұл – лейтенант дәрежесінде ғана бағаланатын атақ. Ал генерал С.Рахимов пен полковник Б.Момышұлының батыр атағын соғыстан көп кейін алғанын жоғарыда айттық.
Ерлік даңқы жер жарып, соғыс кезінде соғыс туралы жазылған үлгі-өнегесі орасан зор, тамаша кітаптың қаһарманы болған Б.Момышұлының өзі екі рет ұсынылса да бұл атақ оған соғыс жылдарында берілмегенін жұрттың бәрі біледі. Осыған қарап, славян тектес және грузиннен басқа халықтардың ірі офицерлеріне батыр атағы берілмесін деген жасырын бұйрық болған сияқты ма деп қаласың. Тіпті, олардың асқан ерліктері де бұрмаланып, жоғарыда аталған ұлттардың өкілдеріне телінгенін білеміз. Мұның мысалына Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа батыр атағы берілмегені өз алдына, тіпті, сол ерлігін ауызға да алдырмады емес пе? Ал аузынан ажал шашқан ДЗОТ-ты бірінші болып кеудесімен жапқан татар баласы Шәкіржан Мұхамедзяновтың көзсіз ерлігін айдай әлемге Александр Матросов жасады деп жарияланды. Мұның «іні халықтардың» ірі болып кетуінен қауіптенген шовинистік саясаттың салқыны екені даусыз. Міне, от пен оққа салғанда тең деп келсе де, құрметтеуге келгенде кең болмаған Кеңес Одағының жымысқы саясатының бір көрінісі осы.
Батыр атағын алған офицерлердің бірі – аға лейтенант, рота командирі Әбу Досмұхамедов. Ол Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Қызылжар ауданындағы (бұрынғы Приишим ауданы) Үшкөл деген ауылда 1920 жылы дүниеге келген. Оның атасы Бәшім (шын есімі Бейсенбай) елге белгілі, сыйлы адам болыпты. Келімсектер қаптап көшіп келгенде түгін тартса майы шығатын атақонысы – шалғынды, сулы, шүйгінді жерді «орысқа бермеймін» деп көп алысқан жан екен. 20-шы жылдардағы аштық кезінде де елге қайыры көп тиіп, аң аулап, құс атып тәмам халықты қырылудан аман алып қалған. Елдің үстінен ағылып өтіп, шапқынға ұшыратып отырған ақ пен қызылдың әскерлеріне де қарсы шығып, көзсіз ерліктер жасағаны әлі күнге халықтың есінде.
Бәшімнен Жәмәли, Досмұхамед, Есмұхамет, Сәрсекей есімді төрт ұл мен 3-4 қыз туған. 1931-33-жылдардағы аштық Бәшімнің 70-тен асып, аяғы қоюланған, оның үстіне астындағы көліктің бәрін шолақ белсенділердің сыпырып алған тұсына тап келіп, батыр бұрынғыдай қайрат қыла алмай, туған жерді тастап көшуге мәжбүр болады. Сөйтіп, РКСФР-ға қарайтын Қорған облысының Частоозер ауданына көшіп барады. Бұл кезде Досмұхамедінен туған немересі Әбу 11 жастағы бала.
Аштықтан арып-ашып көшіп келген қазақтарды құшақтарын жайып қарсы алатын халық мұнан табылмайды, керісінше, есік-терезесін, мал қораларын бекітіп, түн баласында мылтықпен күзетуді ұйымдастырған жергілікті тұрғындар жылы қабақ танытпайды. Қазақтар үркердей болып, үрпиген күйі қалың орманның арасына барып, күрке тігіп отырады. Бір жақсысы – бұлар келген жерде жұмыс орындары бар. Қазақтар осындағы кеңшардың барынша ауыр жұмыстарына жегіледі. Сөйтіп, «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегендей, өйтіп-бүйтіп, аштықтан жаппай қырылмай, көбісі аман қалады. Артынан әлденіп, етек-жеңдерін жиған соң, өздерінің күшімен «Жаңажол» атты қазақ кеңшарын құрады. Бұл кезде Әбу орыс мектебінің 4 сыныбын бітірген соқталдай жігіт болып қалған еді, ол сол кеңшар белсенділерінің қатарына ілігеді. Ұзамай халыққа жұғымды әрі елгезек бозбаланы жастығына қарамай халық осы кеңшар басқармасының орынбасарлығына сайлайды. Біраз уақыттан соң, басқармалардың алты айлық оқуына барып келген шағында, соғыс басталады.
Орыс тілін білетін, оның үстіне кеңшар басшысы болған Әбуді әскери комиссариат кіші офицерлер дайындайтын курсқа жібереді. Бұл соғыс уақытына шақталып, қысқа мерзімде кіші лейтенанттар дайындайтын оқу орны болатын. Онда тек оқуды үздік бітірген, зейінділеріне ғана лейтенант, қалғандарының бәріне кіші лейтенант атағы берілетін.
1941 жылдың күзінде Семей мен Аягөз қалаларында негізінен Қазақстанның шығыс өңірінен шақырылған жауынгерлерден 458-ші атқыштар дивизиясы құрылған. 1942 жылы ол 8-ші атқыштар дивизиясы болып аталды. Дивизия соғысқа 1942 жылдың 23 наурызында кіріп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Воронеж, Шығыс Карпат, Прага бағытындағы шабуыл операцияларына, сондай-ақ Курск иініндегі шайқасқа қатысқан. Днепр, Десна, Припять өзендерін кешіп өтіп, Украина қалаларын азат етуде үлкен ерліктер көрсеткен.
Міне, осы құраманың қатарына жас лейтенант Әбу Досмұхамедов те қабылданып, 229-шы полктің взвод командирі болып тағайындалады. Жауынгерлермен жақсы тіл табысатын, бастықтардың тапсырмасын бұлжытпай орындайтын жас офицер ұзамай жақсы қырынан таныла береді.
1942 жылғы жазда Брянск майданындағы 13-ші армияның құрамында болған 8-ші дивизия Воронеж-Посторненск операциясына қатысады. Осы шайқас кезінде Әбудің взводы өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, көзге түседі. Көп шабуылдардың бірінде Әбу жарақат алып қалады. Осы шайқастағы жеке басының ерлігі және жауынгерлерін ерлікке жігерлендіре білген еңбегі үшін лейтенант Ә.Досмұхамедов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Көп ұзамай Әбуге аға лейтенант атағы беріліп, ол енді рота командирлігіне тағайындалады. 1943 жылы 8-ші дивизия құрамына енетін 13-ші армия Орталық майданға беріледі. Бұл майдан екінші рет 1943 жылдың 15 ақпанында құрылған болатын. Майданның қолбасшысы сол кездегі генерал-полковник К.Рокоссовский болған. Осы майданның құрамына генерал-лейтенант Иван Чистяков қолбасшылық еткен 21-ші армия да енген. И.Чистяков – Бауыржан Момышұлының жақсы командирі болғандықтан, қазақстандықтар үшін ыстық есімдердің бірі.
1943 жылы Курск иініндегі соғысқа қатысқан Әбудің ротасы ерекше ерлігімен көзге түсіп, рота командирінің өзі тамыз айында «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен наградталады. Бұл майдандағы түбегейлі бетбұрыстың басталған кезі болатын. Енді Қызыл армия тек шабуылдау соғыстарын жүргізуге көшкен. Толассыз шабуылдаған кеңес әскерлері неміс-фашистерін ауыр соққылармен өкшелей шегіндіріп, Украинаның ұлы өзені – Днепрге келіп тіреледі. Днепр – Еуропада Волга мен Дунайдан кейінгі үлкен өзен. Оның ұзындығы 2285 шақырым. Осы өзен үшін болған шайқасқа екі жақтан 4 млн.-ға жуық адам қатысқан. Майдан шебі өзен бойының 750 шақырымын қамтыған. Көргендердің айтуына қарағанда, 4 айға созылған осы соғыста Днепр өзені қан болып аққан екен. Адам қаны… Өзен үшін болған соғыс адамзат тарихындағы ең үлкен қанды қырғындардың бірі деп есептеледі.
Бұл өзендегі соғыстың соншалық қырғынды болған себебі: Курскідегі шайқастан кейін Вермахт тек ұзақ мерзімді қорғанысқа көшкен. Ол үшін шабуылдаған әскерге қарсы өзен, көл сияқты табиғи кедергілерді барынша тиімді пайдалануды мақсат етіп, тас-түйін қорғанысқа көшеді. Сол жолда кеңес әскеріне қарсы бірінші кедергі болып жатқан Днепрді қайтсе де бермеуге барлық күшін жұмылдырады. Ал Сталинград пен Курск иіні қырғынындағы жеңіске мастанған Қызыл армия басшылары өзенді қайтсе де тезірек алуға ұмтылып, адамдардың шыбындай қырылуына қарамаған. 1943 жылдың 26 тамызында Азов теңізінен Смоленскіге дейінгі 1400 шақырымдық аралықта 2 млн. 650 мың адам, 51 мың зеңбірек, 2400 танк және 2850 ұшақ күшімен Қызыл армия Днепрден өту операциясын бастаған. Осындай маңызы болғандықтан да Днепрден бірінші болып аман өткен жауынгерлердің бәріне дерлік Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Қанды қырғынға бастарын тіге отырып, жаңбырша жауған оқтың астымен 21 қыркүйекте Чернобыль қаласының маңында Днепр өзенінен алғашқы болып 13-ші армияның жауынгерлері де өтеді. Осы әскердің қатарында Әбу Досмұхамедовтің де ротасы бар еді. Оң жағалауға аман өткен олар Гдень деген шағын елді мекеннің тұсында фашистерге енді құрғақта қарсы шығады.
Кеңес Одағы кезінде Мәскеуден «Вокруг света» атты беделді журнал шығып тұратын. Қазір де шығатын болар. Осы журналдың 1983 жылғы санында осы ұрыс қимылдары туралы тарихшы, полковник Владимир Смирнов егжей-тегжейлі жазған («Вокруг света», №9, 1983 г., «На Днепре в сорок третьем»). Енді сол деректен үзінді келтіре кетелік: «…И в эту минуту смертельной опасности командир батальона Петр Баюк и командир роты, старший лейтенант Абу Дусмухамедов, ставший в эти тяжелые дни заместителем Баюка по политчасти, уже раненные поползли на встречу танкам врага. Они тянули за собой на проволоке противотанковые мины. Баюк напряг последние силы, приподнялся и бросил мину под гусеницы. Взрыв. Танк остановился. То же сделал Абу…».
Осы шайқаста Петр Баюк пен Әбу Досмұхамедов екеуі де қаза тапқан. 1943 жылдың 16 қазанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен екі ерге де Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
…Әбудің анасы Қайша апай «қара қағазды» алса да сүйікті баласының қаза болғанына сенбеген. 1966 жылы Чернобыль қаласындағы №2 мектептің 7 сынып оқушыларынан Қайша ананың атына хат келгенде ол баласы тіріліп келгендей қуанады. Оқушылар қалалық паркке қатар қойылған қос батыр – П.Баюк пен Ә.Досмұхамедовтің зиратын өздері қамқорлыққа алғандарын және мектептерінде музей ашылғанын жазған екен. Сол музей үшін Әбудің балалық шағы туралы деректер жазып берсеңіз екен деп өтініпті жас бүлдіршіндер. Баласының бейіті белгілі болғанына қуанған ана жолды баласы Қапар мен жөн білетін жиені, Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновке бастатып, Чернобыль қаласындағы сүйікті баласының басына барып қайтады…
Чернобыльдіктер Әбудің зиратын әлі күнге қадірлеп күтіп отыр. Белгілі кинорежиссер Александр Довженконың: «Полегли в бою казахи-батыры. Освятили дружбу, пролили кровь и сами уснули на украинских нивах. И навсегда остались немеркнущая слава и благодарность и гордость седовласых казахских дедов и матерей, и вдохновение юношей какие будут жить после нас долгими столетиями», деген жолдары дәл осы Әбуге арналған секілді.
Семей мен Аягөзде жасақталған 458-ші (артынан 8-ші) атқыштар дивизиясынан 11 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Соның ішінде қазақтар арасынан батыр атанған жалғыз Әбу Досмұхамедов қана. Бірақ семейліктер өздерінде құралған дивизияның қатарынан шыққан жалғыз қазақ батыры Әбудің есімін біле қоймайтын секілді. Өйткені, музейлерінде ол туралы дерек жоқ. Ал туған жері – Қызылжар өңірінде батырдың есімі қатты құрметтеледі. Ә.Досмұхамедовке Петропавлда көше аты, қазақ мектеп-гимназиясына есімі берілген. Ерлігін жас ұрпаққа үлгі етуде мектеп ұжымы көптеген шаралар да өткізіп тұрады. Ер есімі – ел есінде.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».