Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:37
Асылын ардақтап, жақсысына қуана білетін болар елдің баласы емеспіз бе. Мына суреттегі сол жағына қисая бұрылған жүйріктің оң жағына қарай бейімделе түсіп, тақымындағы серкені бұйым құрлы көрмей екпіндей шауып келе жатқан қарияға риза болғаным соншалық, шынымды айтсам, жансыз бейнеге қайта-қайта қарай бердім. Қайта-қайта қарай беретінім, сурет те «сөйлейді» екен. Жүйрік үстінде қолдарын қыран құстың қанатынша жайып жіберіп шауып келе жатқан ақсақалдың жүзінде ғайыптан тайып мерт боламын ба деген қорқу сезімі мүлде жоқ. Керісінше, тұлпары жер тарпып шапқан сайын жанына адам айтып жеткізгісіз ләззат алған шабандозға тән бір ғажайып көңіл-күй рахаты бар.
Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:37
Асылын ардақтап, жақсысына қуана білетін болар елдің баласы емеспіз бе. Мына суреттегі сол жағына қисая бұрылған жүйріктің оң жағына қарай бейімделе түсіп, тақымындағы серкені бұйым құрлы көрмей екпіндей шауып келе жатқан қарияға риза болғаным соншалық, шынымды айтсам, жансыз бейнеге қайта-қайта қарай бердім. Қайта-қайта қарай беретінім, сурет те «сөйлейді» екен. Жүйрік үстінде қолдарын қыран құстың қанатынша жайып жіберіп шауып келе жатқан ақсақалдың жүзінде ғайыптан тайып мерт боламын ба деген қорқу сезімі мүлде жоқ. Керісінше, тұлпары жер тарпып шапқан сайын жанына адам айтып жеткізгісіз ләззат алған шабандозға тән бір ғажайып көңіл-күй рахаты бар. Сосын: «Жетпіс бестегі көкпаршы көкең туралы білгің келсе, ал, сөйлес», дегенге келетін бір жылылықты аңғарғандайсың. Осы жылылық менің жадымдағы тұлпарлар туралы әлдеқашан ұмыт болған өлеңді оятқан.
Дала қандай!
Даладағы ат қандай!
Нөсер шөпке белшесінен
батқандай.
Құйғытсам бір,
Дала,
Қала
Болады-ау
Көз алдымнан аунап бара
жатқандай.
Жақсы өлең жолдары жадыңда өзінен өзі жатталып қалып қояды екен. Жас кезімде оқыған:
От тигендей…
Асау қанға,
Етіңе.
Арғымағым,
Шығып желдің өтіне,
Шабуылдап,
Құрыш-болат тұяқпен
Пергілеші
Жалтақ жолдың бетіне!
деген өлең жолдары бар болатын. Авторы да осалдардан емес, ол қазақ атын жаһанға жайған кәдімгі атақты ақын Олжас Сүлейменов еді де, аудармашысы аса дарынды ақын Қадыр Мырза Әлі-тұғын. Ал өлеңді ауылға бір келгенде тағы бір ақын көкем Рафаэль Ниязбеков үйреткен. Айтпақшы, «тоқал» тамның үстінде тұрып ауыл іргесін айқай-шуға бөктірген көкпаршыларға жанкүйер ретінде жанұшыра айқайлаймын деп жүріп жерге «ұшып» түсетін әпенділеу ағасы туралы: «Ал кетті, көкпар кетті, қайтар басын, Дүйім жұрт осы жолы жәй тарқасын», деп басталатын өзінің де бір жақсы өлеңі бар болатын. Сонымен…
Суреттегі шабандоз Зұлпыһар Тайырбеков Түлкібас ауданындағы Елтай ауылында тұрады екен. Түлкібас пен Тараздың арасы «тиіп» тұр. Жуалыдан өтсең, жетіп барасың. Білетіндер «8 702…» деп басталатын ұзақ-шұбақ сандарды: «Мынау Зұлпыһардың баласының телефон нөмірі», деп жазып берген…
– Әлеу, сен Зұлпыһар ағаның «Әулиеата» көкпаршыларының командасындағы Жұлдызхан деген шабандоз баласы емессің бе? – дегенмін сәлден соң.
– Жоқ, – деді телефондағы дауыс. – Мен басқа баласымын.
– Ағамызда қанша ұл бар еді?
– Алты ұл, екі қыз.
«Әп, бәрекелді!» дедім. Бірақ… ішімнен. «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық, сені қайтейін!» деген екен Ақтамберді жырау бағзы бір замандарда зығырданы қайнап. Қайран Зұлпыһар көкем сол атасының зарын құлағына құйып, зердесінде түйіп өскен болса керек, арыстай алты ұлды дүниеге келтіріпті. Бәрекелді! «Арпа ішінде бір бидай», дегендей, екі қызы және бар. Ал өзі… жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне бет алса да жүйрік аттың үстінде серкені тақымына басып, әлі күнге дейін желмен жарысып жүр…
Ауылдастары қалжыңдап Зұлпыкеңді: «Түлкібастың бір тартары», дейтін көрінеді. Десе дегендей, көкпардың «дәмін» он жасында татқан ол, міне, содан бергі алпыстан астам жылдың ішінде аттың тізгінінен, серкенің сирағынан қол үзген емес. Кейде кемпірі қауіп ойлап: «Жасың болса біразға келіп қалды, майда балалармен жағаласа бермей қойсаңшы осыңды», дейді екен. Бұған Зұлпыкеңнің: «Жасы келгендер қоя беретін болса, ана Ескендір мен Нұрғали неге ән салып жүр?» деген жауабы дайын. «Үйбай-ау, олар өнер адамдары ғой. Жамбыл жәкең мен Кенен көкең тоқсанға келгенше домбыра тартып, ән айтпап па еді», деп «шала бүлінген» кемпіріне: «Менікін өнер емес деп кім айтты саған. Менікі де өнер, менікі де ән…», деген тұрғыдағы дерек пен дәйекке негізделген «ғылыми» жауабы және дайын.
Қойшы, содан не керек, шалына «көкпарыңды қой» дегеннен ештеңе шықпасын кемпірі де түсінеді. Өйткені, әнін шырқамаса, сахнасына тотыдай таранып шықпаса көңілдері біртүрлі болып, «ауырып» қалатын әртістер қауымы сияқты, шалының да көкпарға бармаса, қалың додаға кіріп, салмағы 35 келі тартатын серкені тақымына басып, дуылдаған топты бір-екі айналып шауып өтпесе, көңілі пәсейіп, кінәраттанып қалатынын байқайды. Байқайды да, отағасының өнері ет пен терінің арасындағы желік емес, жастайынан жанына серік еткен жанкешті өнерге деген таза махаббатпен қоштаса алмау екенін сезеді.
Шынында жас кезінен осы. Қазақ елі ме, орыс жері ме, әлде ежелгі түркі жұртының тағы бір қияны ма, көкпар десе, ұлттық ат спорты ойындарының сән-салтанатын көрсету керек десе болды, Зұлпыһардың сақадай сай тұрғаны. Ел намысы үшін сайыста еңбегі мен өнерін міндетсіп, бәлсінген де емес. Өйткені, ол осы қасиетімен шабандоз, осы мінезімен қазақ, осы намысқойлығымен де Бауыржан Момышұлының туысы.
Әлі есінде, 2009 жылы «Ұлы дала ойыны» болды. Сонда ағамыз жетпістен асқан жасына қарамастан ақ серкені тақымына басып, жұлдыздай ағып ат шабатын алаңды үш рет айналып өтті. Ат спорты федерациясы басшыларына «ардагер көкпаршылар арасында жарыс ұйымдастырсаңдаршы» деп «қыңқылдап» жүргеніне де біраз болды. Оның бұл сөзінің жөні де жаны да бар. Өйткені, арысы ардагер футболшылардың, балуандардың, берісі бильярдшылардың жарыстары болып тұрады да, ал ардагер көкпаршылардың жарысы болмайды. Неге? Әлде бұл «Жетпісбай», «Сексенбайларды» дүниеге әкелдірген қазақ шалдарынан қауқар қайтты деп кем санау ма?
Жоқ, тұрмыс та, құдайға шүкір, бері қарай бет бұрды. Бүгінде бұрынғы он-он бес тұяқты қанағат тұтатын ауылдастарының уақ малының саны жүзден асып кетті. Ірі қараларының қорадан қылтиып көрініп тұрған құлақтарын санамағанда, әр ауладан екі-үш мәшиненің төбесі көрінетін болды. Ал ауыл шаруашылығы техникалары өз алдына бір төбе. Ең бастысы, осы жақсы тұрмыспен бірге, шенеуніктердің тілімен айтсақ, «қазақтардың өмір сүру жасы, орташа есеппен алғанда, бұрынғыға қарағанда едәуір ұзара түскен». Яғни, жетпіс бесіңіз… бүгінде қазақ қарияларының, кешіріңіз, қазақстандықтардың орта жасына айналды. Оған мысал көп. Қазір жетпіс бесінде жүйрікпен құйындата шапқан, ал сексенге қараған жасында «Джип» көлігінің «құлағында» ойнаған «ғасыр қарттарына» жұрт анау айтқандай таңғала бермейтін болған.
– Қазақтың бір істі қолға алуы қиын, ал зәуімен қолға алды бар ма, онда жапырып жібереді. Ал бір жалқауланса «ертең де күн бар ғой» деп жүре береді. Сол қазақтар «ертең де күн бар ғой» деп жайбарақат жүргенде, мына таудың ар жағындағы қырғыз ағайындар көкпарды патенттеп алыпты. Бүгін біздің шабандоз балаларымыз солардың ережесімен додаға түсуге мәжбүр болып жүр, – дейді шабандоз ақсақал күйініп.
Күйінетініндей бар. Өйткені, салым көкпардағы серкені лақтыратын қазандық тым биік болғандықтан, аттар бірін бірі қағып-соғып, қатардан шығып қалады екен. Бұл, әрине, көкпаршыларға да обал. Одан кейін қырғыздар енгізген «жетекке алу» деген бар. Бұл да жетіскеннің тірлігі емес. Мысалы, біреуі көкпарды тақымына басып, екіншісі оны жетегіне алып, қалғандары жан-жағынан қаумалап, талас-тартыссыз қазандыққа дейін алып барғанның несі таңсық?!. Несі қызық!?. Мұны қанша жерден «тактика», «тәсіл» деп ақталғанымен, таза бәсекеге жетпейтіні өтірік емес.
Бүгінде шабандоз қарияның ұлы Жұлдызхан Тайырбеков Жамбыл облысындағы «Әулиеата» деп аталатын көкпаршылар командасының сапында додаға түсіп жүр. Ад «Әулиеатаның» шабандоздары, өздеріңізге белгілі, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы! Халықаралық жарыстарда да ел намысын қорғап, жүлделі орындардан көрініп жүр.
Зұлпыһарға қайын ата, ал Жұлдызханға нағашы ата болып келетін Сәтбай деген кісі кезінде тақымы мықты көкпаршы деген атпен дүниеден озыпты. Атақ-даңқы Орталық Азияға тараған оның тақымындағы көкпарды ең мықты деген шабандоз да тартып ала алмаған деседі. Сол Сәтбай осыдан 53 жыл бұрын өзбек елінен Оңтүстік Қазақстанға көшіп келіп, Зұлпыһардың әкесімен құда болады. Шабандоз шалдың Жұлдызханды «нағашы атасына тартқан ұлым» дейтіні сондықтан. Әрине, басқа ұлдары да қара жаяу емес, шетінен «сен тұр, мен атайтын» дейтін нағыз көкпаршылар. Бәрінің де облыс, аудан абыройы мен намысы үшін додаға түсуден тайынған тұсы жоқ. Айта берсе, олардың да ел аузында жүрген әңгімесі таусылмайды.
Бірде серкені тақымына басқан Жұлдызхан қазандыққа қарай жұлдыздай ағып келе жатпай ма, сол кезде аты кілт бұрылып, көкпаршы ұл тепе-теңдігін сақтай алмай құлап түседі. Осы сәтте тізгіннен айырылған ұлдың аты өзіне қарай андыздап келе жатқанын байқаған қария тұлпардың алдынан жүгіріп шығып, қарғып мінеді де, серкені жерден іліп алып, анадай жердегі қазандыққа өзі шауып барып салып келеді. Ең мықты деген режиссердің де қиялына келе бермейтін бұл эпизодқа, шынында, таңғала бас шайқағандар көп болыпты. Неге десеңіз, үзеңгіге аяғы ілінген ұлдың өзі құласа да тақымындағы көкпардан айырылмауы, содан кейін астындағы атының танауы делдиіп басқа жаққа емес, тура Зұлпыһарға қарай тартуы… адам сенгісіз оқиға болатын. Осы суретке енді Зұлпыһардың «балам аттан құлап қалды-ау» деп абыржымастан, табан астында ойлап тапқан тапқырлығы мен батылдығын, әмбебап әбжілдігін қосыңыз…
Зұлпыһар қария осы уақытқа дейін алпысқа тарта атпен көкпар шауып, дода бұзыпты. Сондықтан аттың сырына өте жетік. Қырғыз аттарының мықтылығын және ол елде әлі күнге дейін атбегілік мектептің бар екенін қызыға айтады. Қырғыз демекші, қылшылдаған жас кезінде көрші елдердің бірде-бір көкпаршысы Зұлпыһардың тақымындағы серкені жұлып ала алмапты. Оны «тақымы құлып» дейтіні де сондықтан болса керек. Осы өнердің соңына түсемін деп жүріп қолын да, аяғын да сындырған. Есінен танып, ауруханаға да түскен. Өйткені, ат құлайды, атпен бірге оның үстінде құйындатып келе жатқан шабандоз да құлайды. Сондықтан жанкештілікті қажет ететін көкпар ойынымен жігіттің жігіті ғана айналысады.
Сонау 1981 жылы Алматыда өткен салтанат кезінде көкпаршы ретінде көзге түскен кейіпкеріміз Одақ елдерінің ұлттық ойындарына қатысу құрметіне ие болады. Краснодарда өткен осы ойындардан елге шоқтығы биік болып оралады. Өйткені, осыған дейін өткізілген жарыстарда қазақтар қырғыздарға есе жіберіп келген екен, ал біздің шал қатысқан жарыс жеңіспен аяқталыпты.
Міне, бүгінде жиырма немере, екі шөбере сүйіп отырған 75-тегі шабандоз Зұлпыһар Тайырбеков туралы әңгімеміз әзірге осымен тәмам.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.