Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:35
ХХ ғасыр Қазақ халқы үшін тауқыметі мол, қарама-қайшылығы көп, зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тарихи кезең. Ұлы қазан төңкерісінің аласапыран құйындары, коллективтендіру кезінің лаңы, малынан айырылған елдің алапат аштыққа ұшырауы, 37-нің қырғыны… одан кейінгі соғыстың… – міне, түгел термелемей-ақ бас-аяғы
Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:35
ХХ ғасыр Қазақ халқы үшін тауқыметі мол, қарама-қайшылығы көп, зерттеуді, зерделеуді қажет ететін тарихи кезең. Ұлы қазан төңкерісінің аласапыран құйындары, коллективтендіру кезінің лаңы, малынан айырылған елдің алапат аштыққа ұшырауы, 37-нің қырғыны… одан кейінгі соғыстың… – міне, түгел термелемей-ақ бас-аяғы
70 жылдың ішіндегі осы трагедиялардың өзі-ақ бір халық үшін үлкен нәубет, бастан өткен тауқымет екені анық. Қырық жыл қырғыннан бетер қазақ халқының үштен екісін жусатып салған алапат аштық трагедиясы тәуелсіздік жылдары ашық айтылып, жазылып, зерттеле бастады.
Көп уақыт «жабулы қазан», «өте құпия», «айтуға тыйым салынған» болып келген бұл тақырып әлі өз зерттеушілерін күтіп жатыр. 1921-1922 жылдардағы аштық кезінде Кеңес өкіметінің алып келген қасіретінен зардап шеккен халық саны мен статистикалық мәліметтер, себептері мен салдарлары, экономикалық реформалардың кемшіліктері толық айтылмады. Орталықтың басымшылығы отандық тарихнамада бағасын алатын кез жетті.
Дәл сол кезде Түркістандағы аштық туралы айту мүмкін болмады. Соған қарамастан, шетелде жүрген М. Шоқай кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық мерзімді басылымда жария етті. Әртүрлі газет беттерінде жарияланған мақалаларына көз жүгірткенде, сол кездің аянышты суреттері көз алдымызға келгендей болады.
Мұстафа Шоқай баяндаған 1921-1922 жылғы аштық қазақ халқы үшін жаңа өкімет орнағаннан соң қызыл қырғынның бастамасы болатын. Төменде М. Шоқайдың Париждегі мұрағатында сақталған, 1923-1927 жылдарда «Дни», «Последние новости» басылымдарында шыққан жарияланымдары беріліп отыр. Қайраткер өз жарияланымдарында негізгі дерек көзін кеңестік мерзімді басылымдардан алатынын жасырмайды.
М.Шоқай Түркістанды отарлаған большевиктерге сұрақты төтесінен қояды: «Большевик мырзалар, айтыңыздаршы, Сырдария облысындағы қазақтардың аштыққа ұшырауына кім кінәлі? Түркістанда аштықты ұйымдастырған кінәлілер бір рет те болса сотталушының орындығына неге отырғызылған жоқ?». Бұл шекараның арғы жағында шырылдаған халықтың жанашыр ұлының жан айқайы деп білеміз.
М. Шоқай басынан бастап большевиктер Түркістанға ешбір жақсылық жасамайды, бұл террордың басы деді. Расында да, бұл жылдар ұзаққа созылған халық қасіретінің бастамасы болды.
Түркістандағы аштық және большевиктердің аштық саясаты
Өткен жылдың жаз айының басында Түркістаннан Ферғана облысындағы аштық туралы сыбыстар жете бастады. Бұл мәліметтердің қаншалықты шындыққа жанасатындығын білу өте қиын іс болды. Кеңес өкіметі Ферғанада аштықтың орын алғаны туралы ләм демеді. Ресейдегі аштыққа ұшырағандарға шетелдік көмектер, тіпті жеке адамдар жіберген посылкаларды қабылдау Орынбормен шектелді. Бұдан Түркістанның жағдайы салыстырмалы түрде анағұрлым жақсы, аштық болса да егінді жинап алғанда толығымен жойылған деген ұйғарым жасауға болады.
Бірақ шын мәнінде жағдай өте ауыр болып шықты. Ташкенттен келген газеттер (1922 жылдың маусым-желтоқсан айларындағы толық емес топтамасы) мен хаттарда (соңғы датасы 1923 жылдың 3 ақпаны) 1918 жылғы алапат аштықты еске түсіретін аштықтың үрейлі көрінісі байқалады. Тіпті кеңестік Мәскеу өзінің үнсіздігін бұзып, Ферғанадағы аштық туралы бірнеше айғақтарды «Экономическая жизнь» беттерінде айтуға мәжбүр болды.
Түркістан большевиктерінің «Қызыл Байрақ» («Красное Знамя») мемлекеттік органы 1922 жылғы 29 маусымдағы нөмірінде Қоқан уезінің бірнеше болысының ашаршылыққа ұшыраған тұрғындары басқа уездерге көшкені туралы хабарлаған, ал 1922 жылғы 6 шілдедегі нөмірінде Қоқан уезінен басқа Ферғана облысының Андижан, Наманған және Ош уездерін «алапат аштық» жайлағаны туралы айтылады. Газетте «ашаршылыққа ұшырағандар арасында эпидемиологиялық аурулар күшеюде, ал дәрігерлік көмек жоқ» деген жолдар бар.
Сонымен қатар, хаттар Ферғанада 1921 жылы да аштық болған, бірақ ол жөнінде «Ресейдің аштық жайлаған губернияларынан орыс шаруаларын Түркістанға қоныс аударуға кедергі жасамау үшін жазуға тыйым салынған» деп толықтырады.
Ташкенттің «Түркістан» газетінің (1922 жылдың 13 қыркүйегінен бастап «Қызыл Байрақтың» орнына шығады) 1922 жылғы 16 желтоқсандағы нөмірінде келтірілген қысқаша цифрлар дерегі 1921 жылғы Ферғанадағы большевиктер жасырған алапат аштықтың сұмдық көрінісі. «Түркістан» дерегі – облыстың «басқа аудандарымен салыстырғанда аз-кем зиян шеккен» бір ғана Наманған уезіне қатысты. Бұл цифрлар мынадай: уездің халқы 1920 жылы 230 880 адам (1914 жылы – 303 790 адам) болады, ал 1922 жылы барлығы 190 675 ғана адам есептелді. Бұдан шығатын қорытынды 1921 жылы халық 40 205 адамға азайғаны айқындалады.
Астықсыз ашыққан халық малдарды жаппай союдың салдарынан 1920 жылы Наманған уезінде 31 574 бас жылқы мен өгіз (1914 жылы – 86 866 бас), ал 1922 жылы 26 177 бас қалған. 1921 жылғы шығын 5397 басты құрайды.
1922 жылғы аштықтың нәтижесі жөнінде дерек әлі жоқ. Бірақ Түркістан кеңесінің ХІ съезінің (1922 жылғы желтоқсан) есебі және Түркістан компартиясының VІІ конференциясындағы Түркістан ОАК мүшесі Рудзутактың баяндамасы бойынша (Ресеймен салыстырғанда Түркістандағы жалпы жағдай 10 есеге нашар) Ферғана облысында ұзаққа созылған қазіргі аштықтың ақырының сұмдық болатынын байқауға болады.
Ашаршылыққа ұшыраған мұсылман халқына ешқандай көмек жоқ.
«Ашыққандарға бірнеше интернаттар мен асханалар ашылды. Бірақ олар ашыққандар тамақтанудан қашатындай етіп ұйымдастырылған. Қашпағандар (сірә, кеңестік асханаларға баратындар болар! – М.Ш.) өлуде» деп хабарлайды «Түркістан» сол нөмірінде».
«Медициналық көмек жоқ деп айтуға болады. Қышлақтарда (ауылдарда) емханалар жоқ. Сондықтан аурулар үшін бір ғана жол – бұл өлім» деп жазады газет.
Қырылып бітуге айналған Ферғанадан нормадан тыс 105% көлемінде заттай салық (1922 жылдың желтоқсанында) жинаған. «Ферғанада салық жинау 120%-ға жетеді деген үміт бар» (Түркістан Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы жолдас Паскуцкиидің Түркістан кеңесінің ХІ съезіндегі баяндамасынан).
Ашыққандарға көмек көрсету жөніндегі жаңа ғана келіп түскен «Түркістанның» ресми хабарламасы осыншама көлемде жиналған салықтың қырылып жатқан мұсылман халқының өмірін сақтауға жұмсалады деп айтуға негіз болмайды. Бұл салықтың «экономикалық пайдасын» ұғу үшін, «Қызыл Байрақтың» (1922 жылғы 6 шілдедегі нөмірінде) хабарлағанындай «Ферғана облысында егіс науқаны 1922 жылы 50%-ға ғана орындалғанын» ескеру қажет.
«Бізде Кеңес өкіметінің салық талаптарын қанағаттандыру үшін астық жетпей қалды, сондықтан жастық, көрпе, артық ыдыстарды және малдың қалғанын сатуға тура келді», – деп жазады маған Андижаннан (1923 жылдың қаңтарында).
Ашаршылыққа ұшыраған мұсылман тұрғындарына қатысты Кеңес өкіметінің сұмдық салық салу талаптары (егіс бағдарламасы 50%-ға ғана орындалғанда 120% салық жинауы) Түркістандағы большевиктердің «аштық саясатындағы» сол бір салық эпизодын еріксіз еске салады.
Ташкентте 1919 жылы 12 ақпанда Түркістан республикасының Жоғарғы Революциялық Кеңесі мен Орталық атқару комитетінің бірлескен мәжілісі болды. Онда айрықша «аштықпен күрес жөніндегі комиссияның» төрағасы Т. Рысқұлов (қырғыз-большевик, қазір Түркістан Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы) «аштыққа ұшыраған мұсылман тұрғындарының жағдайы туралы» баяндама жасады. Рысқұлов (Түркістан большевиктерінің органы «Наша газетаның» № 31 санында жарияланған есептен алып отырмын. –М.Ш.): «ашаршылыққа ұшырағандардың тіркеуге алынғаны бір миллион, ал тіркелмегені бұдан да көп. Сонымен өлкенің бүкіл халқының жартысы ашаршылыққа ұшыраған деп ойлауға болады» дейді. Рысқұлов жолдас аштықпен күрес ісіне және комиссиялардың іс-шараларына Ташкентті қоса алғандағы кеңес депутаттарының жергілікті атқарушы комитеттері тарапынан немқұрайлылықты атап көрсетті, өлкеде ұлтына қарамастан дәулетті таптарға белгіленген тәртіпте отбасының жылдық қажеттілігінен артық мөлшеріне жаппай салық салу туралы декрет шығаруды, ашыққандар қорына: азық-түлікпен, киіммен, тауарлармен және басқа да заттармен қамтамасыз етуді ұсынды. Төрағалық етуші жолдас Казаков салымға үзілді-кесілді қарсылығын, бұны қуғын деп қарайтынын, артық жау таппас үшін қазір оны енгізу мүмкін еместігін айтты.
Жоғарғы Революциялық Кеңес пен Орталық атқару комитетті Казаков жолдаспен келісті: салық жобасы қабылданбады, ашыққандардың ісі кеңестердің атқарушы комитеттеріне (яғни, осы іске немқұрайлылықпен қарағандарға) берілді.
Бұл «аштық саясатының» нәтижесі 1.114.000 өлгендердің (мұсылман) жантүршігерлік цифрында көрсетілді.
Сол дәуірдегі Түркістандық кеңес билігіне Мәскеу де наразы болды. Оны дәулетті таптың мүдделерін қорғайтын «өлермен отаршылдар» билігі деп атады. Содан бері Түркістанды нағыз пролетарлық Кеңес өкіметі басқарып келеді, ол кедейлерді де аямайды, шетел мүддесі үшін (астық түрінде жиналған салық шетелге жіберіледі) көпшік-көрпелерін, ыдыстарын сатуға мәжбүрлеп отыр.
Бүгінгі билікке оның өз атауын – большевиктік кеңес билігі дегенді қуана-қуана қалдырамыз. Бірақ бұдан түркістандық мұсылмандарға жеңілдік жоқ: дәулеттілер мүдделерін қорғаушы «өлермен отаршылдар» режимінде де, кедейлердің көпшік-көрпелерін және ыдыстарын тартып алатын патенттелген большевиктер режимінде де олар бірдей өлуде…
Берлин. 22 наурыз 1923 жыл
«Дни» газеті, № 120
Түркістанның ащы шындығы
Тастар сөйлей бастады… Түркістандағы ауыр жағдай туралы біздер әлдеқашан жазғанбыз, енді Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы Хидыр-Алиев сияқты ресми тұлға мұны растайды. Оның 1 қарашада ВЦИК-тің үшінші сессиясындағы баяндамасы қорқыныш ұялатады. Түркістанда құлдыраған шаруашылық және аштық. Аштық Ферғанада ерекше қатты сезіледі, 1915 жылы 886 мың гектар егілген болса, биылғы жылы 270 мың ғана егілді. Ферғанада 280 000 адам егінсіз қалды. Кеңес қызметшілерін 95 000-нан 16 000 адамға дейін қысқартты. Жергілікті қаржыға берілген 3000 емдік орынның біреуі де жұмыс істемейді. Мектеп жасындағы 700 000 жергілікті балалардың Түркістан бойынша мектептерде 31 000, яғни жиырмадан бір бөлігі ғана оқиды.
Хидыр-Алиев көмек көрсетуді сұрады.
1923 жыл 9 қараша
«Дни» газеті, № 312
Аштық
Ақмоладан үрейлі хабарлар келуде: бүкіл уезді аштық жайлаған, – деп жазады Түркістаннан. Аштыққа ұшырағандардың саны, оның көпшілігі қазақтар, 30-40 мыңға жетіп жығылады. Тамақ іздеген мыңдаған адамдар туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кетті. Баласыз ата-аналар, ата-анасыз балалар… Бұдан әрі: «Өздерінің қылмыстық әрекеттерімен ашаршылық өктемдігіне жол берген мемлекеттік биліктен не күтуге болады?»
Шындығында, қазақ жеріндегі және соның ішінде Ақмола облысындағы жағдайды білетіндер үшін, 1921 жылдан бері, бұл аштық кездейсоқ емес. 1921 жылы облыс ішкі Ресейден ағылған аш босқындармен толды. Оған қоса егін шықпай қалды. Аштықтың шегінде тұрған қазақ халқына Кеңес өкіметінің қалай қарағанын Азық-түлік халық комиссариатының (қазақтардан) салық ретінде шошқа талап еткенінен көруге болады. Биліктің жандайшаптары шошқаның орнына қой, ешкілерді ала бастады… Салықты жинап алды. Іле-шала 1922 жылы аштық басталды. «Бостандық туы» мен «Қазақ тілі» газеттері сол кезде аштыққа ұшырағандардың саны 445-450 мың екендігін анықтады. Осы газеттер деректеріне сүйенсек, мемлекеттік көмек жоғарыда келтірілген санның небәрі 6 мың адамды ғана қамтыған.
1922 жылдың наурызында қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері орталық Кеңес өкіметіне «Көмек комитетін» құруға рұқсат сұрайды. Өтініш қабылданбады, сондықтан олар ашыққандарға көмекті ұйымдастыру жөніндегі кеңестік комиссиялармен ынтымақтасты. Солардың арқасында ғана көмек көрсету ұйымдары орнықты. Ал «Қазақ» Кеңес өкіметінің қызметі аштық жайлаған аудандарға «қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін және тілін зерделеу… үшін қызыл керуен» жіберумен шектелді («Еңбекшіл қазақ» газеті, 1922 жыл № 23).
1923 жылы Ақмола облысында тағы да қуаңшылық. Әлсіз және онсыз да өткен жылдан егінсіз, аштықтан әбден титықтаған шаруашылыққа ауыр салықтар араласты.
1924 жылы егін науқанын қамтамасыз етіп, тұқыммен, азық-түлікпен және құрал-саймандармен қолдау көрсетудің орнына… Бұл жылы да (1924) егін жарым-жартылай себілді және аштық…
Қазіргі қазақ Кеңес өкіметі көмек ұйымдастыруға қажетті уақытты Берлинде кеңестік сыртқы саудадағы тіміскінің ақырын талқылаумен кетірді… Сонан соң «лениндік сайлау» келіп жетті… Сонан соң сырдариялық және жетісулық қазақтарды Қазақ республикасына біріктіру туралы жоба және осы әлемдік маңызды мәселеге қатысты комиссарлық орындарды бөлу… Одан әрі ағылшын жұмысшы үкіметінің саясатын талқылаумен айналысу керек болды: орыс халқының жағдайын жеңілдетуге қаражат іздестіру… Және қазақ Кеңес өкіметінен жедел жауап күтетін әлемдік саясаттың ағымдағы басқа да ондаған мәселелері. Аштық туралы ойлануға мұршасы болмады.
Аштыққа ұшырағандар далада жемтікпен, мысықпен, итпен коректеніп кезіп жүр. Кеңес өкіметі ашыққандарға қажетті мөлшерде көмек көрсететін жағдайда болмаса да, Ресейге астық жіберумен айналысуда…
1924 жыл 5 шілде
«Дни» газеті, № 503
Түркістанға аштық қаупі төніп тұр
Түркістаннан үрейлі мәліметтер келуде: «елге аштық қаупі төніп тұр. Кеңес газеттері италяндық анархистер Сакко мен Ванцетти істерімен, қытай оқиғалары және Үндідегі аш балаларды санаумен айналысуда, аракідік Түркістан мұсылмандарына төніп келе жатқан қауіп туралы хабарлайды. Большевик экономистері мұқият түрде алдағы уақыттағы әлемдегі астық түсімін, мал азығын есептейді; Кеңестер Одағында бесжылдықтағы мақта мен астық өнімінің ең нақты цифрларын береді; бес жылға алдын ала қағаз сметалар ғана жасалмайды, ауқымды штаты бар мекемелер құрылуда; бес жылға шаруашылықтың барлық түрі бойынша Ресейден мамандар шақырады… Өзбек, қазақ, түркімен коммунистері «кеңес шаруашылығының бесжылдық соңындағы жетістіктері» деп қол қояды.
Және бұл ел аштықтың шегінде тұрған уақыт…
Түркістандық газеттерді мұқият қарап отырамын. Онда бәрі жақсы. Су жеткілікті, астық та жеткілікті себілген; егін де жақсы шығуға тиіс; Ресейден астық та жеткізілуде.
Большевиктер биыл Түркістанда берекелі жыл болады деп жазды. Кенет, аспаннан жай түскендей, Түркістанның әрбір түкпірінен құрғақшылық, судың жетіспеуі, Ресейден астық жеткізу жағдайының жеткіліксіздігі, тіпті аштық туралы мәліметтер қардай борады.
Міне, Түркістан газеттерінен бірнеше мақалалар.
Ташкенттің «Правда Востока» газеті 14 тамызда «Өзбекстанда астықтың» шықпай қалғаны туралы хабарлайды. Осы газеттің мәліметі бойынша Өзбекстанда қуаңшылықтан және су тапшылығынан 109,935 десятина егістік зардап шеккен…
Ағымдағы жылдың жалпы түсімі бұрынғы жылдармен салыстырғанда 30-40%-ға төмен, – деп жазады газет. Ағымдағы жылы астықтың шықпай қалуы егін жинай алмай қалған 1925 жылдан да асып тұр.
1925 жылы Өзбекстан мен Қазақстанның бір бөлігі аштыққа ұшыраған.
Ташкент газеті, астықтың шықпай қалуы салдарынан Самарқанд округінде – 7,708 шаруашылыққа, Зерафшан округінде – 9,925 шаруашылыққа, Ходжент округі бойынша – 152 шаруашылыққа жедел көмек қажет, – деп өз анықтамасын жалғастырады.
Сухандария және Қашқандария округтері бойынша көмекті қажет ететін шаруашылықтардың саны көрсетілмеген…
Бұл – Өзбекстанға қатысты мәліметтер.
Түркістанда шын мәнінде аштық басталды.
Сол Ташкент газетінде (басқа нөмірінде) Ташкент ауданындағы аштық және аштыққа ұшыраған түркімен тұрғындарына астық беріле бастағаны туралы хабарлайды…
«Еңбекшіл қазақ» газеті Сырдария губерниясына жедел түрде бес миллионға жуық пұт астық қажет, – деп жазады…
Туркмениядан «Мургабе өзеніндегі жағдай әлі де қанағаттанарлықсыз күйде қалуда. Судың аздығы соншалық, мақтаны екі-ақ рет суаруға ғана жетуі мүмкін».
Осы қысқа ғана хабарламадан Мургаб ауданында егістікті суаруға судың мүлдем болмайтынын ұғуға болады.
Ал мына «Правда Востока» газетінің (11 тамыздағы) мәліметі астық дайындауға қатысты.
«Астық дайындау нашар жүруде. Маусым бойы 844 мың пұт бидай, арпа – 638 мың пұт дайындалған, бұл жоспарға шаққанда 17, 97 және 74, 12… болады».
Осы үздік-создық деректерден Түркістанға төнген аштықтың қаупі анық…
Түркістандағы аштық Кеңес өкіметінің көлеңкесі сияқты. Билік басына большевиктер келген сәттен Түркістанның басынан аштық кетпей қойды.
«Иени Түркістанның» өткен санында мен Кеңес өкіметінің «аштық саясаты» туралы жаздым. Қазір мен большевиктердің біздің елді күні бұрын аштықта өмір сүруге мәжбүр ететін, Түркістанды мәскеулік өкімет пен оның тыңшыларының қайыр-садақасына тәуелді ететін саясаты, Түркістандағы экономикалық саясаты туралы бірер сөз айтқым келеді.
Түркістандағы кеңестік экономикалық саясат мақта шаруашылығын кеңінен дамытуға негізделген болуы мүмкін. Міне осы жылғы бірнеше цифр. «Қызыл Өзбекстанның» (1927 жыл 28 маусым) дерегі бойынша биылғы жылдың 10 маусымында Өзбекстанда 544, 043 десятина, Түркіменстанда – 89,091 десятина тіркелген. Осылайша, Түркістанның екі мақта шаруашылығымен айналысатын ауданында небәрі 633,134 десятина мақта себілген. Осыған Қырғызстан мен Қазақстанның мақта егетін аудандарын қосыңыз, сонда Сіз кеңес билігі кезінде мақта себу қаншалықты тым үлкен мөлшерге жеткізілгенін көресіз. Түркістандағы халық шаруашылығының басқа саласын, мысалы, бүкіл Түркістан шаруашылығының ең басты түрінің бірін құрайтын мал шаруашылығы әскери нормаға дейінгі 70%-ға ғана жеткенін ескерсек, онда мақта шаруашылығын осылайша дамытудағы олқылық бірден көзге түседі. Түркістанды тірілтетін жер суару жүйесі, кеңес деректері бойынша, әскери норманың шамамен 80%-ын жуықтаған.
Осындай жағдайдағы Орта Азиядағы мақта шаруашылығы өндірісінің қазіргі жай-күйі – нағыз аштықтың қаупін білдіреді.
Кеңес өкіметінің Ресейден астық жеткізу жөніндегі өздерінің міндеттерін талапқа сай орындамауы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.
Кеңес билігі өткен жылы жай ғана газеттің (4 мың рубльге жуық) ақшасын жеп қойғаны үшін бір татарды атып тастады. Кеңес өкіметі кеңестік тәртіптен сәл ауытқыған адамдарды өте қатаң түрде жазалайды. Бірақ Түркістандағы аштықты ұйымдастырған айыптылардың жауапқа тартылғаны жөнінде бірде-бір оқиға болған жоқ. Керісінше аштықтың одан әрі өршуіне ықпал жасаған адамдар (Тоболин, Казаков) немесе тіптен аштықты әдейі ұйымдастыруға қатысқандар (Паскуцкий) ел алдындағы қылмысы үшін жазаланудың орнына қызметі бойынша көтерілді.
Қылмыстың жазасыздығы жаңа қылмысқа апарып соғады.
Кеңес өкіметінің мақта саясатына келетін болсақ, елді асырайтын астық жеткілікті немесе оны уақытында жеткізу мүмкіндігіне сенімді болған жағдайда ғана мақта Түркістан үшін пайдалы болады.
Астық Түркістанның өзінде жеткілікті мөлшерде жоқ және астық егілетін жерді мақта егуге мәжбүрлеп жатқанда, оның болуы мүмкін де емес.
Мәжбүрлеп мақта еккізудің айғағы жеткілікті.
Ферғана диқандары бидайларының сусыз қалғандарына шағымданады, себебі су мақта суаруға күшпен әкетіледі.
Большевиктердің мақта органдары диқандармен жасасқан келісім-шарттарында мақта егілген дала дәнді дақылдардан (арық ағысы бойынша) төмен орналасқан болса да су бірінші кезекте мақта егілген далаға беріледі деп айтылған.
«Еңбекші қазақ» газеті, егер де жер о баста мақта егуге арналған болса, сол мақта егілмеген әрбір десятина жер үшін мақта комитеті 3 рубльден айыппұл салатынын хабарлайды…
Осы жылдың жазында Мәскеуде болған мақташылар кеңесі астық дақылдары есебінен мақта себетін аумақты ұлғайту қажет деп ұйғарды.
Кеңес өкіметінің осы саясатын дүниежүзілік социалистік тәртіп жолындағы күресіне Өзбекстанның қатысу нышаны деп түсіндірген өзбек коммунисі Камильджан («Иени Туркестан» газетінің алдыңғы нөмірін қараңыз) сияқты мәскеулік большевиктердің құлы болу керек.
Камильджанның фактілер тіліндегі революциялық сөздеріне қарасаң, мәскеулік жоспарлар үшін өзбектер және басқа түркістандық түріктер аштық өліммен қырылуы керек сияқты.
Біз мақта өндірісіне қарсы емеспіз. Бірақ біз оның тиімді дамуын қалаймыз. Мақта Түркістанды орыстардан әкелінетін астығына тәуелді қылмауы керек. Біздің ұғымымызда Түркістан шаруашылығының басты міндеті өзін өзі астығымен қамтамасыз ету болып табылады. Біз Түркістанды мәскеулік жоспарлар үшін құрбан еткіміз келмейді. Біз Түркістанды басынан бастап саяси, экономикалық тәуелсіз етіп құруды қалаймыз. Түркістанды басқа әлемнен бөліп-жарудан аулақпыз. Жоқ. Ол бәрінен бұрын өзінің байлығына тойынған иесі сияқты тоқ, сонымен қатар, басқа елдермен әр сала бойынша тең экономикалық қатынаста болуы керек.
Сондықтан да біз қазіргі ойға сыймайтын шамадан тыс мақта егуді дамытудың орнына астық егісін ұлғайтуды қалаймыз.
Мәскеудің қазіргі басшылары да Түркістандағы мақта өндірісі қалыпсыз жолмен жүріп жатқанын, оның түркістандық тұрғындарды орыс астығына тәуелді етуі өмірлік мүдделеріне соншалықты зиян екенін өздері айтып отыр. Большевик экономист мырзалар мемлекеттік биліктің рөлі қолдарына тиген соң түркістандық диқандарды сол баяғы қанау саясатына алып келді. Олар Түркістанды, өзбек коммунисі Камильджан растағанындай, қызыл Мәскеудің отарына айналдырды («Иени Туркестан» газетінің №2-3 қараңыз). Ең сорақысы сол мәскеулік өкімет өздерінің мәжбүрлейтін мақта саясатымен түркістандықтардың тағдырын өз қолдарында ұстап отыр.
Өткен жылдар бұны нақты дәлелдейді.
Қазіргі Түркістанның басына төнген аштық – соның дәлелі.
Түркістандықтар мәскеулік биліктен азат болып, өз елінің толық иесі болған соң ғана тоқ болады.
Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрес – ол өз наның үшін күресу, ол осы бай елдің шаруашылығының тиімді дамуы үшін күресу деген сөз.
Ең бірінші нан. Сосын барып мақта.
Бұған біз елді, түркістандықтар, өздеріміз басқарған кезде ғана қолымыз жетеді.
Олай болмаған жағдайда, біз «мәскеулік аштықтан» ешқашанда шыға алмаймыз.
[1927 жыл]
Мұстафа Шоқайдың шетел басылымдарында
әр кезеңдерде жарық көрген мақалалар
топтамасын қазақшаға аударып,
ұсынған Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ақпарат және мұрағат комитетінің мұрағаттар
мен құжаттама басқармасының бастығы
Ғазиза ИСАХАН.