• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2012

Олимпиада оразаға сәйкес келеді

357 рет
көрсетілді

Олимпиада оразаға сәйкес келеді

Жұма, 22 маусым 2012 7:35

Биыл Рамазан айы Олимпиадамен тұспа-тұс келіп отыр. Мұндай жағдай 1976 жылы Монреальда (Канада) өткен жазғы Олимпия ойындарында да кездескен еді. Сол уақытта да мұсылман елдерінің арасынан Түркия, Египет, Иран секілді мемлекеттер Халықаралық Олимпиада комитетіне мүшелікке өтіп, спортшылары елінің намысын қорғау үшін үлкен додаға қосылды.

 

 

Жұма, 22 маусым 2012 7:35

 

Биыл Рамазан айы Олимпиадамен тұспа-тұс келіп отыр. Мұндай жағдай 1976 жылы Монреальда (Канада) өткен жазғы Олимпия ойындарында да кездескен еді. Сол уақытта да мұсылман елдерінің арасынан Түркия, Египет, Иран секілді мемлекеттер Халықаралық Олимпиада комитетіне мүшелікке өтіп, спортшылары елінің намысын қорғау үшін үлкен додаға қосылды.

Жалпы, мұсылман елдерінің Олимпиаданың кейбір талаптарымен келісе бермейтіндігін мойындауымыз қажет. Мәселен, қыздардың киімі әдеттегідей ашық-шашық емес, шариғат талаптарына сай болса екен дейді. Әйтсе де, діни көзқарас тұрғысынан мұндай кедергілерге сын айту түсінікті жәйт. Енді, Рамазан айымен қатар келген Олимпиадада қай елдің басшысы қандай пәтуа шығаратындығы ХОК мамандарының басын қатырып отыр. Дініне берік Сауд Арабиясы мен Иранның шешімі елді алаңдатуда. Ал, Лондонда мұсылмандардың діни мерекесіне сәйкес үлкен жеңілдіктер жасалады. Халал асхана, мұсылмандық парызын өтейтін орындар, тіпті жарыс жоғары дәрежеде өту үшін Ислам санитарлық қызметін алып келуді жөн санап отыр. Алайда, Олимпиаданы ұйымдастырушылар мұсылмандарға мың жерден жағдай жасағанмен, жарыс ел ұйықтағанда басталмайды.

Медицина мамандары да осы мәселеге байланысты аз ойланбапты. Ораза бекіткен спортшының күші кемиді, жылдамдығы азаяды, қабілет-қарымы төмендейді депті. Оған мысал ретінде 2007 жылы жарыс алаңына ауыз бекітіп шыққан екі Алжир аза­матының қарсыластарынан әлдеқайда кейін қалып қойғандығын мысал етіп алады. Мұндай фактілер шашетектен. Бірақ Құдайдың пәрменімен ораза ұстаған спортшылардың да жеңіске жеткен тұстары аракідік кездесіп отырған. Сондықтан, бұл сұраққа әр спортшы өзінше жауап іздегені дұрыс-ақ.

Спортшыларды бірінші жағдайда: «Ораза жыл сайын келеді, ал, Олимпиада төрт жылда бір келеді», деген кереғар ой маза­ламайтындығы белгілі. Өйткені, Олимпиада деген кезде ең алдымен елдің намысы жоғары тұрады. Осыған байланысты бүгінде баспасөз беттерінде әр түрлі пікірлер өріп жүр. Мәселен, бірде бір парызын қаза етпейтін Малайзия велошабандозы оразасын қаза қылмақшы. «Алланың мейірімі шексіз. Оразаны бұйырған Алла мені де велошабандоз етті. Сондықтан, әрбір спортшы үшін ең үлкен мүмкіндік саналатын Олимпия ойындарында бұғып қалғым келмейді. Оразамның қазасын жарыс аяқталған соң өтеймін», – дейді малай спортшысы. Әрине, мұндай таңдауға жол беретін Малайзия сияқты елдер болғанмен, азаматының қиыс басқан қадамы үшін жазалайтын мұсылман мемлекеттері жоқ емес. Сондықтан, бүгінде көп спортшының алдында кесе-көлденең «Не Олимпиада, не Ораза» деген бола ма сұрақ тұр.

2008 жылы Бейжің Олимпиадасында 7-ші орынды иеленіп, 2010 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған ауған таэквандошысы Несар Ахмад Бахавиді Лондон Олимпиадасының алтынын еншілейтін спортшы деп күллі Ауғанстан халқы үміттеніп отыр. Несар да ел сенімін ақтау үшін барлығынан бас тартатынын мәлімдеді. «Алдымызда үлкен жарыс күтіп тұр. Жасым болса 27-де. Олимпиада – әр спортшының соңғы межесі. Сондықтан, бұл дода қарсаңында ауыз бекітпеймін. Парызымды жарыс аяқталған соң өтеймін. Өйткені, біз күнделікті жол жүріп, қызу жаттығу үстінде жүреміз. Алла алдындағы парызымыздың есебі үлкен. Бірақ, спортшылардың халық алдындағы қарызын да санаттан ысырып тастамау қажет», – деген көшелі сөз айтыпты. Ұлыбритания атынан Олимпиадаға қатысқалы отырған тұңғыш мұсылман Мо Сбихи де қазасын қараша айында өтеуге бел байлапты. Газа қаласының намысын қорғайтын 20 жасар Баха әл-Фарра да осындай шешімге келіпті.

Кезінде еврейлер «шабат» мерекесі қарсаңында жарыста өнер көрсетуден бас тартатын. Оның жарқын үлгісі ретінде 1991 жылы америкалық жеңіл атлет Джонатан Эдвардстың жексенбі күнгі жаттығудан жалтарғанын ерекше атап өтуге болады. Осы ретте мұсылман спортшылар да жарыс ережелерін орындаудан бас тартады деуге болмайды. Өйткені, ислам дінінде мұсылмандарға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, сапардағы жолушы, денсаулығы сыр берген жан, жүкті әйел секілді жағдайға тап болғандар парыздан босатылады. Бүгінде көп Ислам ғалымдары Олимпиадаға аттанған спортшыларды сапардағы жолаушы ретінде қарастырады. Әйтсе де, бұл спортшылар үшін тиімді нұсқа саналғанмен, нақты бекітілген пәтуа емес. Лондон Олимпиадасынан кейін осы мәселеге байланысты нақты шешімдер жасалуы тиіс. Себебі, өзін дінге қайшы әрекет еттім деген ойдың жетегінде жүрген спортшы жарыста жүлде салады деу әбестік.

Бүгінде спорт әлемнің түкпір-түкпірінде дамыған. Сондықтан, Рамазан айымен тұспа-тұс келген жарыстар жиі болып тұрады. Биыл Олимпиадамен сәйкессе, төрт жылдан кейін футболдан Еуропа чемпионатымен тұспа-тұс келеді. Осы турасында ХОК-тің зерттеу тобының жетекшісі, Ұлыбританияның Лафборо университетінің маманы Рональд Моэн:

– Көп спортшылар менеджерлерімен келісім-шартқа отыруына сәйкес діни міндетінен бас тартады. Бірақ, менеджерлер, жаттықтырушылар спортшыны психологиялық тұрғыда мықтап дайындағанмен, оның діни көзқарасына, сеніміне селкеу түсірмеуі қажет. Бүгінде ХОК-қа әр түрлі заңды тұлғалардың атынан арыз-шағымдар түсіп жатады. Арасында Олимпиада кезіндегі ауыз бекіту мәселесін жиі көтерген. Шындығын айтсақ, бұл мәселеге байланысты ХОК басшылары ешбір пәтуа шығара алмайды. Біз тек жарыстың жоғары деңгейінде өтуі үшін жұмыс істейміз. Олимпиадаға 3 мыңнан астам мұсылман қатысады деп күтілуде. Олардың жанкүйерлері де едәуір көп болады. Сондықтан, олардың діни парызын өтеуіне барлық мүмкіндікті жасаймыз. Ал спортшылардың ауыз бекіту мәселесіне келер болсақ, оны әр азамат өзі шешкені дұрыс. ХОК талаптары бойынша мұсылмандар Олимпиада қарсаңында Оразадан бас тартсын деген қатал заң жоқ, – деген пікір айтады.

Осы мәселе төңірегінде қазақ спортшыларының арасында да дінді берік ұстанатындар бар. Алайда әзірге жарыстан бас тартамын деп жатқан спортшыны кезіктірмедік.

Жандос БАЙДІЛДА,

журналист.

Алматы.