Жұмыс сапары Өскеменде жалғасып, ресми топ өкілдері әуелі облыстық мамандандырылған медициналық орталықта роботтандырылған хирургия орталығының жұмысымен танысты. Бас дәрігер Юрий Старокожев бір жылда 200-ден астам науқасқа ота жасағандарын айтты. «Роботтандырылған хирургия отаның дәлдігін арттырып, жарақаттың жеңіл әрі операциядан кейінгі ем-домның сапалы болуын қамтамасыз етеді», дейді ол.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде облыс активімен кездескен Премьер-Министрдің орынбасары Елбасы тапсырмасымен қабылданған «Әлеуметтік қамқорлық» кешенді бағдарламасының нәтижесінде өзекті әлеуметтік бастамалар қолға алынғанын атап өтті.
Басқосуда сөз алған көп балалы ана, «NIET.WOMAN» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Аллахвердиева өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасыларды демеу бағытында кешенді жұмыс қолға алынғанына тоқталды. «Кешенді жоспар аясында көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары балабақша төлемінен босатылып, оларға мектеп формасы тегін берілмек. Көп балалы аналар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, жұмыс орындары қарастырылуда», деді ол.Бүгінде облыста 26 146 көп балалы отбасы тұрса, оның 14 159-ның балалары кәмелетке толмаған. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, кешенді бағдарлама аясында 46 мың адам атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізбек. Мамыр айынан бастап облыстағы көп балалы отбасылар (3 жарым мың) балабақша төлемінен босатылады.
Үкімет басшысының орынбасары шаһардағы көп балалы отбасылардың үйіне барды. Жібек жолы көшесінде тұратын Нұрлан Жетпісовтің жұбайы өмірден ерте озып, бүгінде бес балаға өзі бас-көз болып отыр. Бірнеше жыл пәтер жалдаған Өскемен тұрғынына «ВК Техногрупп» ЖШС-сі өздері салған көпқабатты үйдің бірінші қабатынан екі бөлмелі пәтер сыйлады. «Қыздарымның үлкені 10-сыныпта, кенжеміз 1-сыныпқа барады. Бас ауыртқан баспана мәселесі шешіліп, қуанышқа кенеліп жатырмыз», дейді қайсар әке. Вице-премьер ат басын тіреген екінші отбасы – қала шетіндегі жер үйде 12 бала өсіріп отырған Черкашиндер әулеті. «Родничок» шаруа қожалығының басшысы А.Митин бұл отбасына көмек қолын созып, құрылыс материалдарын сатып әперіпті. Алтай ауданында тұрған Черкашиндер отбасы Өскеменге былтыр көшіп келген. «Үйіміз таудың етегінде. Әуелде шағын болатын, өз күшімізбен ақырындап кеңейтіп жатырмыз. 0,2 гектар бақшамыз бар. Мамандығым – геолог. Алтайда тұрғанда «Қазцинкте» жұмыс істегенмін. Аздап ешкі ұстаймыз. Қыздар соны сауып, сүтін сатады. Ұлдар қорадан шықпайды. Баланың көп болғаны қолыңды жұмыстан босатады. Бұған дейін ешкімге қол жайған жоқпыз. Өз отбасыма өзім жауаптымын деп санаймын», деді отағасы. Г.Әбдіқалықова көпке үлгі боларлық екі отбасына да ризашылығын білдіріп, 150 мың теңгенің қаржылай сертификатын табыс етті.
Премьер-Министрдің орынбасары жұмыс сапары аясында Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевпен бірге Өскемендегі жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Орталық қызметкерлері құжаттарды онлайн қабылдау жүйесі 30 сәуірде тоқтатылмаса екен деген тілектерін білдірді. Өйткені Өскемендегі 2157 көп балалы отбасының тек 248-іне ғана жаңа форма бойынша АӘК тағайындалыпты. «Қажет болса, уақытын созу қажет. Құжат жинауда түрлі кедергілер бар екенін білеміз», деді Г.Әбдіқалықова.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы үкіметтік делегацияның қатысуымен Өскеменде өтті. Барлық облыс пен Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары қатысқан бейнережімдегі жиында 2025 жылға дейінгі жаңа Ұлттық жоспардың жобасы талқыланды. Үкімет басшысының орынбасары елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында біршама жұмыс қолға алынғанымен, түйіні тарқамаған мәселелер бар екенін, азаматтардың аталған санаты қоғамдық көліктерге мініп-түсуде, түрлі ғимараттарға кіруде, жоғары қабаттарға көтерілуде әуре-сарсаңға түсіп жүргенін тілге тиек етті. Б.Сапарбаев 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар 7 бағыттан тұратынын, осы уақытқа дейін азаматтардан 400-ге жуық ұсыныс түскенін, өтініш-тілектер министрліктің ресми интернет сайтында қабылданатынын атап өтті.
Отырысты қорытындылаған Г.Әбдіқалықова Ұлттық жобаға немқұрайлылық танытпай, жіті назар аударуды, нақты ұсыныс беруді тапсырды. «Осы ретте атап айтқым келетіні, Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернаты тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Міне, осындай білім ордалары елімізде көптеп ашылуы керек», деп түйіндеді Вице-премьер. Отырыстан кейін Үкіметтік делегация мүмкіндігі шектелуі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернатының жұмысымен танысып, балаларға арналып салынып жатқан 200 орындық аурухананың құрылысын көрді. Шығыс Қазақстан облысы