• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Сәуір, 2019

Дара дауыс иесі

1010 рет
көрсетілді

Батыржан Смақов – дирижер, еліміздегі жалғыз контртенор опера әншісі. Бұған дейін шығармашылық иесін тек өнердің айналасындағы әріптестері осылай деп танып келсе, Қазақстанның 100 жаңа есімі қатарынан көрінгелі өнерпаздың ән әлеміндегі айрықша таланты мұқым қазаққа мәшһүр болды.

Батыржанды көп әріптесінен даралайтын басты ерекшелігі – даусы. Контртенор даусына ие жас талант елімізде әзірге жал­ғыз әнші. Музыка мамандарының айтуынша, мұндай дауыс әлемде өте сирек екен. Яғни контртенор – операда ән салып жүрген ер-азаматтардың ішіндегі ең жо­ғары дауыс болып есептеледі. Бұл үн әсіресе ортағасырлық опе­раларды орындауға таптырмай­ды. Сондықтан болса керек, Батыржанның бойындағы ерекше қа­білетті байқаған ұстаз­дары Қазақ ұлттық өнер универ­си­тетінде оқып жүргенде-ақ Ита­­лияда білімін шың­дауға кеңес бе­ріп, бағыттайды. 

– Қарағанды қаласында туып-өстім. Қазақ ұлт­­тық өнер ака­­де­миясын ой­­дағыдай тә­мамдаған соң әлем­ге та­ны­мал опера әншісі Алла Си­­монишвилидің кеңесімен италия тілін меңгеріп, 2011 жы­лы Озимо қа­ласындағы опе­ра академиясына оқуға қабыл­дандым. Кейін араға 3 жыл салып Джоаккино Россини атындағы консерваторияның ма­гистрату­расын үздік диплом­мен тә­мам­дадым. Жалпы, адам­ның өмірінде кез келген оқиға кездейсоқ болмайды екен. Алла Симонишвили ханыммен 2009 жылғы алғашқы таныстығымды өміріме түбегейлі өзгеріс әкелген айтулы оқиға деп санаймын. Сол сәттен бастап мен адам өз арманына шын сеніп, сол жолда тынымсыз еңбектенсе, міндетті түрде бағындыратындығын түсіндім, – дейді әнші өнердегі алғашқы қадамдарын еске алып.

Иә, жас өнерпаз үшін операның отаны саналатын Италия жері кәсіби маман ретінде өсуде үлкен мектеп болғаны сөзсіз. Озимо қаласының Опера өнері академиясында оқып жүріп жеке ән айту класы бойынша Алла Симони, Анна Ванди, Райна Кабаивански, Лелла Куберли, Стефано Демикелли, Антонио Юварра, Харриет Лоусон, Алессандро Бе­ниньи, Кристиан Маццавилани-Мути, Джанни Тангуччи, Уи­льям Матеуцци, Альберто Дзедд, Джемм Бертаньоли сынды пофессорлардан дәріс алып, шеберлігін шыңдады. Әншінің айтуынша, елден жыраққа вокалдық шеберліктің қыр-сырын жіті меңгеру үшін ғана емес, өзінің даусы көне операларды шырқауға әбден икемді болған соң да аттаныпты. Өйткені контртенор даусының иелері негізінен барокко дәуірінің әуендерін шырқауда таптырмас маман көрінеді. Сондықтан да Батыржан Қазақстанда көп шырқала бермегенмен, Еуропа елдерінде аса үлкен сұранысқа ие көне музыкаларды кемеліне келтіре орындап жүр. Аталмыш стильде ән салатын әншілердің ел­ордаға да өте керек екенін жет­кізген Батыржан, Италияның бір­неше өнер ошағының жұмысқа шақырып, жұмыс істеуге ниетті болғандығына қарамастан, 2017 жылы оқуын тәмамдап, туған жерге түбегейлі қайтып оралды. 

– Мен өзімді Дж. Россинидің «Танкред» опера­сындағы ке­йіп­керіме қатты ұқсатамын. Өйткені ол да мен секілді туған жерін сағынып: «О, менің Отаным! Туған үйім!» деп ән салады. Елден жырақта болған бірнеше жыл уақытта сол ке­йіпкерімнің ішкі сезі­мін жүрегімнен өткізіп, әбден түсінетін дең­гейге жеттім. Әрине Италия әлем­дік опера өнерінің орталығы болғанымен, мен үшін туған елім – Қазақстаннан артық мекен жоқ. Мұны сол жақта білім алған жылдары айқын тү­сіндім, – дейді әнші. 

Қазір Ба­тыржан Сма­қов ел­ордаға қай­тып оралып, шетелдегі мықты мамандардан жи­наған тә­жірибесін төл сахнамызда көр­сетіп, көрерменін қуантып жүр. Халықаралық бай­қаулардың, оның ішінде «Санкт-Петербург Гран-Приі» және Турин қа­ласында өткен «Concorso della Musica Sacra» байқауларының лау­реаты. 

Батыржанды өзге әнші­лерден даралайтын тағы бір артық­шылығы – ол жеті тілде еркін ән салады. Сондықтан да өнер иесімен бірлесе жұмыс істеу­ге әлемнің жетекші өнер ошақ­тары аса құштар. Бүгінде Батыр­жан Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің оқытушысы, атал­ған оқу орнының Аралас хорының көркемдік жетекшісі және дирижері, «Қазақконцерт» мем­лекеттік концерттік ұйы­мының солисі, «Астана Опера» театрының шақырылған солисі, сондай-ақ Италиядағы «Coro lirico Perla Verde» хорының ша­қырылған дирижері қызметтерін қатар атқарады. Әлемнің көп­теген елдерінде, оның ішінде Италия, Грузия, Франция, Мысыр, Иордания, Ресей, БАӘ, Поль­шада жеке шығармашылық концерттерін сәтті өткізіп, өнер тілі арқылы жаһан назарын жаулап үлгерді. Жас дарынның өнер әлемінде сіңірген осы еңбегін туған елі де лайықты бағалап, ән­ші өткен жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында топ жарды.

– Өнер адамы үшін кез келген марапат – бағалы. Әрқайсысы шығармашылық адамының шабытына шабыт үстеп, жаңа биіктерге жетелейтіні сөзсіз. Солай бола тұрса да, ондай атақ пен даңқ адамға үлкен жауапкершілік те жүктейді екен. «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына қосылғалы менде осындай бір толқыныс сезімі бар. Әрине бұған дейін де бірнеше шетелдік марапаттарға ие болып жүрмін ғой. Бірақ туған елдің сенімі деген өзгеше ыстық болады екен. Әсіресе Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының жоба жеңімпаздарымен кездесуінен соң Елбасының алдында шығып ән шырқауым мен үшін ерекше ұмытылмас толқынысты сәт болды. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындадым. Әнімді тыңдаған Президент: «Дауысың ерекше екен», деді. Мен үшін бұл жоғары баға ғана емес, үлкен сенім деп те білемін, – деп әңгімеміздің соңында Батыржан Смақов жылы ғана жымиды. Сол сәтте өнер иесінің нұр тұнған жүзіне жараса кеткен отты жанары әнші бағындырар белестің әлі алда екенін жария етіп тұрған еді... Лайым солай болғай!