• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2013

Геология саласына жаңаша көзқарас қажет

673 рет
көрсетілді

Геология саласына жаңаша көзқарас қажет

Қазақстан Республикасы 20 жыл ішінде Президентіміздің да­нышпандық басшылығының арқасында тәуелсіздігі ны­ғайып, экономикалық дамыған елдердің қатарына қосылуға ұм­тылуда. Бұл жағдайға жетуімізге себеп, біріншіден, Президентіміздің дана­лығы мен көрегендігі себепші болса, екіншіден, еліміздегі халықтар достығының беріктігінен туындаған бірлік, үшіншіден, кең-байтақ жеріміздің қыртысындағы қазба байлығы екеніне ешкім дау айта алмас.

 

Қазақстан Республикасы 20 жыл ішінде Президентіміздің да­нышпандық басшылығының арқасында тәуелсіздігі ны­ғайып, экономикалық дамыған елдердің қатарына қосылуға ұм­тылуда. Бұл жағдайға жетуімізге себеп, біріншіден, Президентіміздің дана­лығы мен көрегендігі себепші болса, екіншіден, еліміздегі халықтар достығының беріктігінен туындаған бірлік, үшіншіден, кең-байтақ жеріміздің қыртысындағы қазба байлығы екеніне ешкім дау айта алмас.

Ашылған кен орындары Қазақстан тәулсіздік алғанға дейінгі өткен ғасыр­дың 70 жылында сол істің ыстығына күйіп, суығына тоңып, шөлге, аштыққа шыдап, өркениеттен алыста жүрген гео­логтардың, геофизиктердің, гидро­гео­лог­тардың геологиялық, геофизи­калық, геохимиялық, химиялық зерт­теу­лерінің нәтижесі деп білеміз. Сол кезде жер қыртысын, оның қойнауын жан-жақты зерттеуді Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі басқарған еді. Оның құрамында 1990 жылы 74384 қызмет­керді қамтыған 80-ге тарта ұжым бол­ған. Оларда 8260 жоғары білімді, 9000 арнайы орта білімді мамандар қызмет атқарған екен. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін геология саласы көп өз­герістерге ұшы­рады. 1996 жылы ми­нистрлік комитетке айналып, содан бері әртүрлі министрліктер құрамында болды. Негізгі дала жұмыстарын атқарған экспедициялар жойылды. Олардың кей­бірінің орнында жеке меншік серіктес­тіктер мен акционерлік қоғамдар пайда болды. Геологиялық ұжымдар саны күрт азайды. Мысалы, 2009 жылы мем­лекеттік қызметтегі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің құ­рамындағы 8 ұжымда 274 маман ғана қызмет атқарған, оның 261-і жоғары, қалғандары орта білімділер.Мамандар саны азайғанына қара­мас­тан, комитет өз шамасында, заман тіле­гіне сай қызмет атқарды. Олардың ең бастылары, біріншіден, кен орындарын игеруге инвестиция тарту мақса­тында Геологиялық ғылымдар институтымен біріге отырып, кен орын­дары­ның барлық түрін (мұнай, газ, түсті металдар, қара металдар, химиялық шикі заттар, т.б.) қамтыған анықтамалық­тар­ды көп тиражбен баспадан шығарды. Оларда кен орындары сан мен сапа жағынан және кенді технологиялық өңдеу тәсілі жан-жақты сипатталған­дықтан бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Екіншіден, кен орындарында қор есептеудің дәлдігін, қазба байлықты өндірудің ысырапсыз болуын қадаға­лауға арналған «Қазақ­стан Республикасында пайдалы қазба­лар кен орындарын игеру кезіндегі жер қойнауын қорғаудың бірыңғай ереже­лері» жасалып, Үкімет қаулысымен 1999 жылы бекітілді. Үшіншіден, ғасыр бойы жинақталған геологиялық, геофизи­калық ақпараттарды талдап, ғарыштан түсірілген жер бедерінің суреттеріне сүйене отырып 1:1000000 масштабтағы Қазақстанның жаңа түрдегі геология­лық және пайдалы қазбалар мен гидро­гео­логиялық карталары, 1:20000000 мас­штабтағы минерагениялық, текто­ника­лық, космогеологиялық карталары, маг­ниттік өрістің ауытқу картасы жасалды. Бұларға қоса Қазақстан геологиясы, Қазақстан жер қыртысының тереңдік құрылымы мен ресурстары, Қазақстан қазба байлықтары, Қазақ­стан геологиясы мен минерагениясы және т.б. ғылыми жинақтар өмірге келді. Бұларда Қазақстан металды кен орындарының жер қыртысында шоғыр­лану заңды­лығы дүние жүзі геолог­тары­ның бүгінгі кездегі теориялық және прак­тикалық көзқарастарын ескере отырып бейнеленген. Сондықтан бұл туындылар қашанда болмасын жаңа кен көздерін іздеудің негізі болып қала бермек. Осы­ған байланысты 2010 жылы бұл ең­бектердің бір топ авторлары Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаттары атан­ды. Төр­тін­ші­ден, 1:200000 мас­штабтағы геоло­гиялық жете зерттеулер 474,8 мың шаршы км аймақта, минерагендік түсірі­лімдер 33,5 шаршы км аудандарда жүргізіліп, оларда өңірлердегі қара, түс­ті, бағалы, сирек кездесетін метал­дардың және т.б. болжамды қорлары есептелген.Осы орайда атап өтер жәйт, Геология комитетінің казіргі басшыларының айтып жүрген «түсті металдар қоры­ның дағдарысы» деген сөз көңілге қона қой­майды. Мысалы, қорғасынның болжамды ресурсы өндірістік есептегі қордан 7,6 есе, мырыш – 4,2 есе, мыс 6,5 есе артық. 2003 жылдан бастап мем­лекет қаржысы есебінен жүргі­зілген кен орындарын геологиялық іздеу, іздеу-бағалау жұмыстарының нәтижесіне көңіл аударсақ, болжамды қорлардың келешекте анықталаты­нына көз жеткізуге болады. Басты тау-кен өндірісі аудандары маңындағы кен орнын табуға үмітті деген 25 жер бөлімінде мынадай кен қо­ры өсімі анықталған: алтын – 78,2 т., мыс – 1988 мың т., қорғасын – 117 мың т., мырыш – 520 мың т., т.б. Бұларға комитет мем­лекеттік есепке алған жер қой­науын пайдаланушылар жүр­гізген гео­логиялық барлаудың нәти­желерін қос­сақ, келешекте тау-кен өндірісі дами түспек. Ескерте кететін жәйт, болжамды рес­урстар жер қыртысы тау жы­ныстарындағы кен белгісінің (минеро­логиялық) геологиялық, геофи­зикалық, геохимиялық сипаттарының қоры нақты есептеліп, өндірістік игеру­дегі кен орнына ұқсастығына қарап анық­талады. Олар шын мәніндегі кен орнына айналу үшін геологиялық іздеудің, бағалаудың, барлаудың көлемді жұмы­сын қажет етеді. Өйткені пайдалы қаз­балар кен орны дегеніміз заман талабына сай өзгермелі шартты ұғым. Ол белгілі замандағы техниканың дамуына, технологияның жетілуіне байла­ныс­ты сан жағынан да, сапа жағынан да эко­номикалық тұрғыдан өндіріске жарамды жер қыртысындағы минералдар мен тау жыныстарының шоғыры. Жоғарыда кел­тіргендеріміз тек қатты қазба бай­лықтардың бір бөлігі жө­ніндегі ғана деректер. Мұнай мен газ қоры ерекше орында. Ол кен орындары туралы ақпа­раттар газеттер мен теледидардан жет­кі­лікті жазылып, айтылып жүр. Сон­дықтан олардан гөрі ауыз су мәселесін қозғауды жөн көрдік.Республикамыздың елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде дара бағдарлама қабылдағаны белгілі. Оны іске асыруда Геология комитеті мемлекеттік қаржы есебінен бірталай жұмыс атқарды. 2004-2010 жылдар аралығында жер асты суын іздеп тауып, оның қорын есептеу 524 елді ме­кен­ді қамтыған. Олардың 57-сі Ақмола, 47-сі Ақтөбе, 20-сы Алматы, 27-сі Атырау, 75-сі Шығыс Қазақстан, 15-і Жамбыл, 70-і Батыс Қазақстан, 19-ы Қара­ғанды, 50-і Қостанай, 9-ы Қызылорда, 42-сі Павлодар, 63-і Солтүстік Қазақ­стан 13-і Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Бұлардағы есептелген су қоры тәу­лігіне 109,7 мың текше метр. Оңтүстік өңірдегі Шардара және Арал-Сарыбұлақ су құбыры топтарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Толағай мен Байырқұм-Шардара жер асты су кен орындарының қорлары қайта есептеліп, тәулігіне 117,4 мың текше метр көлемінде бекітілген. Астана қаласын сумен қамтамасыз ету үшін Атбасар-Приишим, Нұра және Рождественск жер асты су кендері қайта зерттеліп, олардың пайдалану қоры тәулігіне 111,8 мың текше метр көле­мінде анықталып, есепке қойылған.Су сұйық кен болғандықтан, толы­ғатын көзінің өзгермелілігіне байла­ныс­ты оның қоры белгіленетін мерзім­ге ғана арналып есептеледі. Белгі­лен­ген мер­зім аяқталғанда геологиялық ұста­ным бойынша химиялық құрамына тексеру жүргізіліп, қор қайтадан есеп­теледі.Геология комитетінің бүгінгі кездегі басшылары геология жөнінде түсі­нік­те­рі аз немесе геологиялық дала жұмыс­тарына қатысып көрмеген, кен іздеу, кен орнын барлап, қорын есептеу­ге қатыс­паған. Олар жаңадан есептелген кен қорларына ғана емес, өнді­рістік игеру­дегі кен орындарының қо­рына да рен­та­бельділігі төмен, я жоқ деп күмән туғы­зуда. Бұл жөнінде «Қаз­геоақпарат» рес­публикалық орталы­ғының басшысы болып жүрген кезінде, бүгінде Геология комитеті төраға­сының орынбасары С. Оразаева «Ин­терфакс-Қазақстан» агент­тігіне берген сұхбатында айтты. Кен орны жөніндегі жер жүзінде қалыптасқан анықтаманы жоғарыда келтірген едік. Оған қо­сымша айтарымыз, біріншіден, кендік металдың тау жынысындағы пайыздық құрамының экономикалық талапқа сай болуы, екіншіден, оны тау жыныстарынан айырып алудың технологиясы лабораториялық және жартылай өнді­рістік жағдайда анықталуы қажет. Егер бұл шарттарға зерттелетін нысан сәй­кес келмейтін болса, қыруар қаржыны және уақытты қажет ететін гео­логиялық барлау жұмысы жүргізіл­мейді, жүргізіліп те көрген емес.Өндіріске жарамды болар-ау деген нысанда алдымен алдын ала барлау жұ­мыстары жүргізіліп, кен орны бөлігінің көлемі белгіленіп, тау жынысындағы кендік денелердің шеттік ұстаны­мы­ның бірнеше нұсқасын, орташа пайыз­дық ұстанымын қолдана отырып, әртүр­лі нұс­қада қоры есептелген деректерге сүйенген техникалық-экономи­калық не­гіз­деме жасалып, мемлекеттік комис­сия­ға ұсынылады. Комиссия ондағы де­ректердің нақтылығына көз жеткізу мақсатында геология саласында кен орындарын ашып, қорын есеп­теу­де мол тәжірибесі бар мамандарға терең сараптама жүргізуге жолдайды. Сарапшылар мен комиссия мүшелері алдын ала барланған нысанның өн­дірістік игеруге жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы шешім қа­былдайды. Жарамды деп табылса, нысанды жете геоло­гия­лық зерттеудің жобасы жасалып, ол мем­лекеттік орган­ның ғылыми-техни­калық отырысында бекітілген жағдайда ғана жұмыс әрі қарай жалғасады. Жете геологиялық зерттеу, ең жылдам дегенде, үш-төрт жылға созылады. Нәти­жесінде кендік денелер металдардың тау жынысын­дағы пайыздық ұстаны­мына қарай көмкеріліп, кендік басты металдардың, оларға ілеспе түріндегі пайдалы химия­лық элементтер анықтал­ған, кен шо­ғыр­ланған тау жыныс­тары­ның өндіріс­тік қасиеттері сипатталған, қор есеп­теу­дің сапасын (кондициясын) негіз­дей­тін техникалық-экономикалық не­гіз­деме жасалып, бекітуге мем­лекет­тік қор жөніндегі комиссияға ұсы­ны­лады. Бұл да сарапшылардың сарап­тауы­нан өтіп, комиссия мүшелерінің қол­дауын тапқанда ғана кен қоры есеп­теліп, көп томдық жазба баяндама – кен орнының төлқұжаты өмірге келеді. Ол мем­ле­кеттік қор жөніндегі комиссия отырысында бекітіледі. Осы шарттар орындалып, таңдаудан өткен нысан кен орнына айналған соң, түрлі шаруа­шы­лық салалар мамандарынан құрал­ған мем­лекеттік комиссия оны өн­дірістік игеруге қабылдайды. Комиссия мүше­ле­рі­нің сапасын 1974 жылы Кентөбе темір кен орнын өндірістік қа­былдауға Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Теміртау металлургиялық ком­бинатының атынан қатысқандығынан-ақ айқын байқауға болады. Осыған байланысты комиссиялар шешімімен өн­діріске жарамды деп табылған кен орындары қорының есеп­телуіне күмән келтірудің шындықтан әлдеқайда алыс екеніне көз жеткізу қиын емес. Қазіргі кезде кендерді барлап, қорын есептеуді жер қойнауын пай­даланушылардың өздері жүргізіп, оны бекітуді мемле­кеттік қор комис­сия­сына ұсынады. Бұл жағдайда мемлекетті алдап, олар өздеріне зиян ойлайды деу қате пікір.Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ғылыми және өндірістік ұжымдардағы геология мамандарының еңбектеріне сүйене отырып, Геология және жер қой­науын пайдалану комитеті еліміздің аумағындағы жер қыртысында пайдалы қазбаларды ашу мүмкіндігі жеткілікті екенін дәлелдеп болжады. Егер Отаны­мыз­дың келешегі тұрақты экономи­калық даму моделі десек, минералды шикізаттар оның тірегі болып қала бермек. Олардың болжамды қорларын нақ­тылап, өндірістік талапқа сәйкес­тендіру геологиялық ауқымды зерттеулер мен мол қаражатты қажет етеді. Бұларды іске асыру жөнінде комитеттің бұрынғы басшылары жасап, Үкімет бекіткен бағ­дарлама бар. Бірақ, осы бағ­дарламаны жүргізуді комитеттің бү­гінгі басшылары басқара ала ма? 2010 жылдың соңындағы зейнеткер­лерді мемлекеттік қызметтен босату саясаты Геология комитетіне, оның аумақтық департаменттеріне ауыр соққы бол­ған­дығы жасырын емес. Геологияда жер қыртысының құрылымы туралы деректер мен оларды талдап, қорытын­ды­ла­ған мамандарды жаспен өлшеу қате. Бірақ, жүргізілген саясат­тың нәтиже­сін­де білікті, тәжірибелі геологтар, геофизиктер мен гидрогеологтар кетті, ал олардың орнына лайықты мамандар келген жоқ. Осындай жағдайға тап болған комитетке, оның аумақтық бө­лім­деріне өзін сыйлайтын геолог маман келе қоймас. Қарағандыдағы Ор­талық Қа­зақ­­стан аумақ­тық департамент бас­қару­шысы лауазымына жа­рия­­лан­ған конкурсқа бірде-бір геолог ма­манның құжат тапсырмауы оған дәлел. Департамент басшы­лы­ғына өмір бойы көмір өндірісінде қызмет атқарған тау-кен инженері та­ғайын­дал­ған. Бұған қарап Қара­ған­дыда, Қара­ғанды облысында геологтар құрып кеткен екен деп ойлауға болмайды, олар бұрынғыдай көп болмаса да жеткілікті. Көп жылғы тәжірибе көр­сет­кеніндей, нағыз геология маманы болу үшін қандайда болмасын өңірде геология бакалавры да, геология магис­транты да тәжірибелі геологтың бас­қаруымен ең аз дегенде 5-6 жыл кен іздеу, барлау ұжым­дарында жұмыс істеп, жетілуі керек. Өткенімізге көз жүгіртсек, геологиялық ұжымдар басында тәжірибелі, білім­дері жетілген адамдар тұрды. Оларды атасақ: Қ.И.Сәт­баев, одан кейін А.­С.Бо­га­ты­ров, Ш.Есенов, А.Т.Ситко. С.­Е.Шо­кабаев және т.б. көптеген есімдер еске түседі. Экспедициялар мен партиялар, оларды біріктірген аумақтық басқар­малар геологиялық кадрлардың жетілу мектебі болды. Геология мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының ғалым оқытушы-профессорлары мен доцент­тері де осы мектептен шыққандар.Қазіргі кезде минералды шикізаттар ресурсын толықтыру жөніндегі мем­лекеттік саясатты жүргізетін орган жал­ғыз ғана Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті. Оның дағдарыста екендігі шындық. Өткен жылғы гео­логиялық зерттеулерге, кен орындарын іздеуге, бағалауға бөлінген мемлекеттік қаражат игерілмей қалды. Мұның зиянды әсерінен мемлекеттік тапсырысты орындайтын сервистік гео­логиялық ұжым­дардың кейбірі то­қырауға ұшы­рап, мамандарынан айырылды. Олар­дың биылғы жылы осы дағдарыстан шығуына күмәнмен қа­рауға толық негіз бар. Өйткені, зерттеуге алынған нысан­дардағы жұмыстар, тәжірибеде белгілі болғандай, бірнеше жылдарға созылады. Атқарылатын зерт­теулердің жобасы жасалған жоқ. Жер қыртысының, әрбір өңірдің немесе геологиялық нысанның құрылым ерек­шеліктерін жан-жақты тал­дай білетін кәсіби білікті, тәжірибелі геологтар ғана жобаны сапалы жасай алады.Геология комитетін қазіргі басқару­шы­лар шетелдік геологиялық ұжым­дар­мен бәсекелесе алатын бірде-бір ұжым Қазақстанда жоқ, республикада геоло­гиялық мамандардың білімділігін арттыру жүйесі жасалмаған деп мәлім­деді. Сонда өткен 20 жылда елімізде жаңа кен орнын ашқан шетелдік компанияны атай алар ма екен? Жоқ, болуы да мүм­кін емес. Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарының орта шенінде Теміртау қала­сының жанындағы, сол кезде Самарка деп аталған мыс кен белгісін геоло­гиялық зерттеу құқығына жапондық компания ие болған-ды. Екі жылдай инвестиция, ғарыштық зондтау арқылы оның географиялық координа­ты­ның дәл­дігін ғана анықтады. Кейін­нен бұр­ғылау жұмыстарын екпінді жүргізіп, қорын есептеп, кен орнына айналдырып, Тұңғыш Президентіміз­дің құрметіне «Нұрқазған» деп атау берген бүгінде «Центргеолсъемка» деп аталатын ЖШС геологтары болатын. Бұл кен орны есептелген қоры жағы­нан ірі кендердің қатарында. «Қазақ­мыс» игеруге алып, оның маңын, тереңін барлауды әлі жал­ғастыруда. Оларды басқа­рып жүргізіп отырған, геологиялық ақпараттарды өңдеудің заманауи компьютерлік технологиясын игерген өзіміздің геологтарымыз.Тау-кен өндірістерін минералды ши­кізат ресурстарының ұзақ уақыттық қорымен қамтамасыздандыру ісі қа­жыр­лы, қарқынды еңбекті қажет ететіні айдай анық. Ол жеткілікті қаржы жұмсап, мамандарды молайтуды, геологиялық ұжымдарды нығай­туды жоғары деңгей­ге көтеруді талап етеді. Осы орайда жаңадан отау тігіп жатқан Ұлттық гео­логиялық барлау компаниясы еліміздегі барлық гео­логия­лық және ғылыми мекемелерді біріктіре алса игі. Ол үшін Үкімет геология саласына қатысты көз­қарасты өзгертуі қажет. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетін жеке министрлікке немесе агенттікке айналдыруы керек. Тағы бір мәселе, «Жер қойнауын пайдалану» дегенді «Жер қойнауын қорғау» деп ауыстырған дұрыс сияқты. Өйткені мұндағы «қор­ғау» сөзі жер қойнауында шоғырланған кендерді жасалып бекітілген кен өндіру жобасына сәйкес кендерді ысырапсыз толықтай алынуын меңзейді. Оған мемлекеттік бақылауды жер қыртысы мамандары ғана жүргізе алады.

Михаил ГРАНКИН, ҚР құрметті геологы, кен орнын алғашқы ашушы, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі.

Ростислав АНТОНЮК, ҚР құрметті кен орнын барлаушысы, кен орнын алғашқы ашушы, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты.

Серікбай ХАМЗА, ҚР құрметті кен орнын барлаушысы, кен орнын алғашқы ашушы, ҚР Минералды ресурстар академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты.