Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, түнгі 23.00-ден бастап таңғы 8.00-ге дейінгі аралықта қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салған жөн.
– Тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан көңіл көтеру орындарының 23.00-ге дейін, ал өз алдына жеке ғимараттағы мейрамханалар, басқа да нысандар түнгі 2.00-ге дейін ғана жұмыс істегенін қалаймыз. Адам түнгі сағат 2-ге дейін ішіп, одан кейін де удай мас болып отыра берсе, мұның соңы жақсылыққа апармайды, оны денсаулық сақтау ұйымдары да құптайды. Түн ауғаннан кейін де тоқтамай ішкен адам не өзі қылмыс жасайды, не болмаса көшеде қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Біз мемлекеттік емес күзет құрылымдарымен ынтымақтастық жасастық, олар мейрамханалардың ішінде болған оқиғалар кезінде ғана бізге көмектеседі. Алайда, әдетте мейрамханалардың басшылығы жанжалдасқан адамдарды сыртқа шығарып жіберуге тырысады. Олар үшін не болса да өздерінде емес, басқа жерде болғаны керек, – дейді ол.
Полицейлердің келтірген деректеріне сүйенсек, ішімдік сатуға шектеу қоюға салмақты себеп бар деуге болады. Жалпы, қаладағы қылмыстардың 30 пайызы қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішкен адамдар жасайды екен. Елордада ең көп құқықбұзушылық «Алматы» ауданында тіркелген. Қаладағы ең көп төбелес болатын, суық қару қолданылатын, ұрлық жасалатын орындардың қатарында «Рыба моей мечты», «Парагон», «Гудбар», «Хиты XX века», «Стамбул», «Қазақша дискотека», «Чарли Чаплин» сынды мейрамхана, дәмхана, караоке-барлар аталады. «Есіл» ауданындағы «Пункт П», «Золото», «EskoBar» сияқты орындарда да қылмыс жиі жасалады екен.Дегенмен, құқық қорғаушылардың ұсынысына елордалық рестораторлардың, көңіл көтеру нысандарын ұстайтын басқа да кәсіпкерлердің қарсы уәжі бар. Қалалық Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысына келген олар алкогольді ішімдіктер сатылатын уақытты шектеу, қор-қорға тыйым салу бизнесмендерді аяқтан шалумен бірдей екенін айтады.
– Оның салдарынан көңіл көтеру, демалыс орындары айтарлықтай шығынға батады. Жұмыс орындары қысқарып, қала бюджетіне түсетін салық түсімдері азаяды. Оған қоса, көлеңкелі алкогольді өнімдерді сату нарығы белең алуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласының демалыс орындарының концепциясы дәл түнгі уақытта жұмыс істеуге негізделген. Егер 23.00-ден бастап таңертеңге дейін алкогольді өнімдерді сатуға шектеу қойылса, көптеген нысандар жабылуға мәжбүр болады, – дейді олар. Бұл шектеу елорданың туристік имиджіне де нұқсан келтіреді деп санайды.
Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытта көңіл көтерушілерге темекі, қор-қор, электронды сигарет сынды заттар ұсынатын орындарға полицейлердің рейдтері жиілеп кеткен көрінеді. Осыған байланысты қалалық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдардың әрекетіне байланысты мейрамхана, дәмхана, барлардың иелерінен түскен шағымдар да көбейген.
Жалпы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте темекі заттарын тұтынуға тыйым салынған жерлердің тізімі көрсетілгенін айта кетейік. Арнайы жабдықталған бөлмесі бар нысандарда, не болмаса ашық алаңдарда оған тыйым салынбаған. Бастысы, темекі немесе қор-қор шегетін орында сусын мен тамақ ұсынылмауға тиіс. Алайда, бұл тұста да заңдық тұрғыда реттелмеген жайттар бар. Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, қор-қордың өзі құрамдас бөлігіне қарай темекісі бар немесе темекісі жоқ болып бөлінетін көрінеді. Ал құқық қорғаушылар болса оның құрамына сараптама жасап әуре болмай-ақ, бірден айыппұл салуға бейіл.
– Елордалық құқық қорғаушылар тұрақты түрде рейд жасап, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Кәсіпкерлерден түскен шағымдар бойынша, мейрамхана, дәмханаларда адам көбейетін кешкі уақытта полицейлердің алты-жетеуі бірден келіп, қонақтарды шошытады, бұл нысандардың жылдар бойы қалыптастырған имиджіне, өзі жинаған немесе қарызға алып ақша салған бизнесіне кедергі келтіреді, – дейді қалалық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Нұржан Букин.Ал полиция басқармасы бастығы орынбасарының айтуына қарағанда, құқық қорғаушылар рейд кезінде заң талаптарын негізге алады. Олар үшін қор-қордың құрамы, неден жасалғаны маңызды емес. Маңыздысы – заң бойынша қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынғаны.
– Заңда қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынғаны туралы жазылған, оның неден жасалғаны туралы жазылмаған. Еліміз саламатты өмір салтын қалыптастыруға бет алып келеді, әр 10 адамның үшеуі шылым немесе қор-қор шегеді. Кешқұрым балаларымызды ертіп бір жерге демалуға бардық делік. Қасыңда бұрқыратып шегіп отырған біреу үшін неге басқалар улануы керек?! Кальянға арналған жеке бөлме жасаңыздар, – дейді Т.Әбдірахманов.
Оның айтуынша, полицейлер рейд кезінде бизнесті тексермейді, тек қоғамдық тәртіпке бақылау жасайды. Сол себепті рейд үшін прокуратураның ұйғарымын алу міндетті емес. Тәртіп бұзылған жағдайда айыппұл дәмхана, мейрамхана, барлардың иесіне ғана емес, темекі немесе қор-қор шегушіге де салынады.Тағы бір айта кетерлігі, Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті кезінде қор-қор құрамы мен құрылғысына сараптама жасап, улы заттар бар екенін, шегуге арналған құрылғының түрлі бактерияларға толы лас екенін анықтаған.
– Егер кәсіпкерлер қосымша сараптама жасалғанын қаласа, жұмысты тағы да жолға қоя аламыз, – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Айгүл Шағалтаева.
Кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлері тыңдала келе, Кәсіпкерлерді қолдау кеңесі қалалық полиция басқармасынан рейдтерді уақытша тоқтата тұру туралы өтініш жасады. Енді кәсіпкерлер жуық арада көңіл көтеру орындарында темекі немесе қор-қор шегетін арнайы орындар жасауға тиіс.