Бұл шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз қалаларындағы мектептердің мұғалімдері мен ата-аналары, білім басқармалары өкілдері қатысып, электронды оқулықтардың мүмкіндіктерін көрді.
Қазір бұл жобаға Қазақстанның 5 облысындағы 11 мектептен 350 мұғалім мен 1 мың оқушы қатысып отыр. Ал www.opiq.kz платформасында жаңартылған бағдарлама бойынша 1, 2, 3, 5, 6, 8 сынып оқулықтары орналастырылған. Электронды оқулықтар интерактив мультимедиа материалдарымен байытылған. Бұл оқулықтар тапсырмаларды барынша қамтуға мүмкіндік береді және автоматты түрде тексеру режімімен жабдықталған.
Байқау ұйымдастырушылары www.opiq.kz платформасындағы электронды оқулықтар оқушының қажеттіліктеріне бейімделіп, мұғалімге де оқу үдерісін барынша тиімді құруға септесетініне сенімді. Электронды оқулықтарды қолдану барысында әртүрлі әліппе базасында қатарлас мәтіндерді оқуға болатындықтан, бұл мемлекеттік тілдің кириллицадан латын әліпбиіне өту үдерісін барынша оңайлатуы тиіс.
– Дегенмен, электронды оқулықтар қағаз оқулықтарды түгелдей ауыстырады деген сөз жоқ. Оқулықтағы білім баланың жас ерекшелігін ескере отырып берілген. Бір ғана тақырыппен таныса отырып, тура осы тақырыптағы басқа сыныптарда қамтылған оқу материалдарын да көруге, оқуға, тыңдауға мүмкіндік алады. Пәнаралық байланыс дегеніміз осы, – дейді «Алматыкітап баспасы» қазақ редакциясының бас редакторы Өмірзақ Әбдішүкірұлы.
Елордадағы №62 мектеп лицейінің ұстазы Алма Тұрғанбекова: «Электронды оқулықтардың артықшылығы, кітап тасудың қажеті жоқ. Кез келген гаджет арқылы оқушы үй тапсырмасын орындай алады. Бұрынғы мүмкін болмаған жағдайға осы www.opiq.kz арқылы қол жеткізіп отырмыз» дейді. Мұғалім Алма Базарғалиқызының ойынша, бұл оқулықтың ең бір тиімді жағы балалар өзінің оқу үлгерімін бағалай алады. Бағдарлама, сабақ, оқулық аясында жасалған. Әрі бірізділік сақталады. Электронды оқулықтар оқушыға тақырыпты етене сезініп, сол пәнге деген қызығушылығын арттырады деп есептейді.Білім беруде электронды оқулықтардың жүйесі тиімді құрылған. Оған қоса, осы жоба арқылы шалғай елді мекендердің оқушылары жаңа кітаптарды оқи алады. Қазір бұл материалдар базасы Эстония мемлекетінің тәжірибесінде қолданыста бар. Сондықтан салтанатты шараға Эстонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хейти Мяемеэс мырза, «Алматыкітап баспасы» баспасының директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталова, «AVITA» баспасының жетекшісі Ли Крийска қатысты.
– Дәл қазіргі таңда www.opiq.kz платформасына біздің баспада жарық көрген 1-10 сынып оқушыларына арналған 40 оқулық енгізілген. Біз балалардың да, ата-аналардың да, мұғалімдердің де ұсыныс-пікірлерін ескеріп отырмыз. Ең бастысы, оқу үлгерімі орташа балалардың өзінде ілгерілеу байқалып отыр. Жақсы нәтиже көрсете бастаған шәкірттер бар, – дейді «Алматыкітап баспасы» баспасының президенті Гаухар Саймасаева.
Қалай десек те, электронды оқулықтарды енгізу мектептің де, ата-аналардың да қаражатын әлдеқайда үнемдейді. Мұғалімдердің жұмысын, оқушылардың сөмкесін жеңілдетеді. Ал білім сапасы, әрине басты назарда болмақ. АЛМАТЫ