Желтау жотасы мен Шөлқара қыратына зерттеу жұмыстарын жүргізген қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығы бұл орындар табиғи саябақ жасауға таптырмас мекен деген қорытындыға келген. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Жылыой ауданына жұмыс сапарында осы екі орынға арнайы келді.
Аумақтың бай табиғаты біраз уақыттан бері мамандардың назарын аударып келеді. Осы маңда Ортатау қорымы, мешіт секілді ел арасында қасиетті саналатын орындар да бар.
– Бұл жерде табиғи саябақ-қорық жасау – бастапқы қалпын сақтап қалуға мүмкіндік береді, – деген аймақ басшысы жобаны мақұлдап, құзырлы органдарға болашақ саябақтың шекарасын анықтап, жер иелеріне қатысты мәселені шешуді тапсырды.
Егер Жылыой жерінен табиғи саябақ ашылса, туризмнің дамуына да серпін болар еді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынатын жаңа жоба жемісті болса деген тілек бар.
АТЫРАУ