• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 25 Сәуір, 2019

Құрмет ақынға көрсетілген құрмет

1424 рет
көрсетілді

Таяуда Моңғолияның Қобда қаласында халықаралық айтыс өткізіліп, алапат жыр додасында көкшетаулық айтыскер ақын Құрмет Құралхан бас жүлдеге ие болды.

Сөз сайысына Қазақстаннан сегіз ақын қатысқан. Семейдің ерен жүйрігі Фархат Мұратұлы, Керекудің келісті ақындары Аңсаған Зарықұлы мен Айшуақ Қаламияұлы. Өңкей көкірегін көркем жырдың керуені керген, болашағынан үміт күттіретін жас ақындар. Жыр додасына барлығы 29 ақын қатысыпты. Алтайдың Қосағашынан да көркем сөздің көрігін қыздырғалы жеткендер бар. Ал, ата мұрасын сағынған тыңдаушы қауымда тіпті есеп жоқ. Үш күнге созылған, моңғол елінің аспанын қазақтың көркем жырымен көмкерген айтыста алдымен өздерінің республикалық сөз сайысы өткізіліпті. Содан соң халықаралық айтыс.

–Халықаралық айтыстың бір ерекшелігі, шынайылылығы болды,–дейді Құрмет Құралхан,–кейбір айтыстағыдай қарсыласың күні бұрын белгілі болып, алдын-ала дайындалу жоқ. Сондықтан жаттандылықтан ада, суырыпсалма өнердің жарқын мысалын жарқыратып көрсетуге мүмкіндік туды. Сөз ләмін бағалаулары да қызық. Жалғыз қазылар алқасы емес, мұқият тыңдап, мейлінше түйсініп отырған өнер сүйген қауымның да көзқарасы есепке енеді екен.

Айтыскер ақындардың аузынан шыққан сөз ажарын жаза баспай танитын қазылар алқасы мен сөз қадірін білетін қалың көрермен бірауыздан көкшетаулық Құрмет ақынды дара деп таныған. Аршалы ауданының Бұлақсай ауылында мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет істейтін жерлес ақынның жетістігін жалғыз ақынға ғана емес, мәйекті сөздің мәнін сақтап қалған елге деген ықылас деп түйсіндік.   

Халықаралық айтыста Қобда әкімшілігі ұйымдастырған. Шөліркеген далаға ақ жауын болып мейірін қандырғандай тұла бойындағы тамаша таланттарымен халқына қызмет көрсеткен айтыскерлерді алқалаған алғыс-құрметте шек жоқ деседі. Шалғайдағы қандастарымыздың ұлт мұрасына деген ықыласы Қазақстаннан барған ақындардың көкірегін қоламтаның шоғындай әлі қыздырып жүр.