Қытайдың Сиань қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында бүгін үш қызымыз қола медаль үшін таласады. Олар – Валентина Исламова (50 кило), Марина Седнева (55 кило) және Ирина Казюлина (68 кило).
Естеріңізге сала кетейік, кеше білікті бапкер Әсет Серікбаев тізгінін ұстаған Қазақстанның еркін күрес шеберлері өз жарысын аяқтады. Азия чемпионатында отандастарымыз 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Аспанасты елінде қарсылас шыдатпаған Нұрғожа Қайпанов (70 кило) пен Данияр Қайсанов (74 кило) бас жүлдені олжалады. Шешуші тұста Нұрғожа Жапонияның өкілінен, Данияр Үндістанның балуанынан басым үсті. Финалда ғана жеңілген Саятбек Оқасов (65 кило) күміс медальді мойнына ілсе, Ғалымжан Өсербаев пен (79 кило) пен Ерғали Әлішер (97 кило) қола жүлдені иеленді. Ертең қыздар тағы бірнеше салмақ дәрежесінің жүлделерін сарапқа саласа, грек-рим күресі шеберлері өз жарысын бастайды.