Сырдарияның екі жағалауын мекендеген қалың қазақтың бір бөлігі егін егіп жер емсе, екінші бөлігі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын. Сан ғасырлар осы құйқалы жерді мекендеген ел «Қазақтар жерді игеріп, диқаншылық етпеген, мал жайылымын ойлап көшіп-қонып жүре берген», деген қасаң ұғымды жоққа шығарады. Керек десеңіз, бүгінгі күнге дейін сол өңірдегі өзбек-қырғыз егіншілерінің бәзбірі «Қазақ диқанның қолы берекелі келеді», деп дән-дақылын қазақ қолымен сепкізіп алады. Мұны көз көрген соң айтамыз.
Сырдарияның екі жағалауын мекендеген қалың қазақтың бір бөлігі егін егіп жер емсе, екінші бөлігі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысатын. Сан ғасырлар осы құйқалы жерді мекендеген ел «Қазақтар жерді игеріп, диқаншылық етпеген, мал жайылымын ойлап көшіп-қонып жүре берген», деген қасаң ұғымды жоққа шығарады. Керек десеңіз, бүгінгі күнге дейін сол өңірдегі өзбек-қырғыз егіншілерінің бәзбірі «Қазақ диқанның қолы берекелі келеді», деп дән-дақылын қазақ қолымен сепкізіп алады. Мұны көз көрген соң айтамыз.
Аққорған мен Мырзашөлдің арасын қақ жарып аққан Сырдарияның сағасында жанға дауа, дертке дәру шөптің сан түрі өседі. Мал баққан елге жақсы жайылым. Қамыс-құрағы атты адамды жасырса, жусаны бұрқырап, жоңышқа, беде, шырмауығының қалыңдығы сонша тай-құлынды матап, ұсақ малды адым жер жүргізбейтін, ит тұмсығы батпайтын нағыз «құйқалы қалың» осы жер. Құйқалы қалыңның кең бір жайылымын «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ашаршылық кезеңінде «Шүлен таратқан Оразкелді» деген жақсы аты шыққан оразкелділердің бір ұлысы мекендейтін. Ұлыстың басшысы жеті атасынан бері дәулет үзілмеген Жолбек бай деген болған екен. Жүзі нұрлы, жүрегі жұмсақ, қолы ашық Жолбектің байлығын кім санап, кім есеп-хатқа түсіріпті? Сұрай қалсаң «Мыңғырған малының есебі жоқ бай болыпты…» дейді көнекөз қариялар. Жолбек бай мал басын көбейтумен ғана емес, әр түліктің төлін асылдандыру ісімен де көп шұғылданыпты. Әсіресе, жылқы тұқымын асылдандыруды мықтап қолға алған десе-ді. Оның айпара дәлелі, балуан інісі Сәңгіл мінген Көкқасқа тұлпар. Сәңгілдің сән-салтанатын келтіріп, даңқын шығарған Көкқасқа туралы аңыз-әфсана Сырдарияны жағалаған елдің арасында баршылық. Аңыздан аршылып, ақиқаты жазылған үш тал қағаз-хат Сейхунабат ауданының ақсақалы Бөріхан Мұталиповтан бізге де келіп жеткен-ді. Оқушы қауымға соны баяндауды жөн санадық.
Жолбек бай ат құмар, балуан денелі кенже інісі Сәңгілді жастайынан жанынан тастамай, той-жиынға, аламан бәйге, додалы көкпарларға үнемі ертіп жүреді екен. Жас кезінен-ақ небір аузы дуалы билер мен көкірегі дария-даңғыл қарияларды көріп өскен Сәңгіл ел жағдайымен қатар, мал шаруасына да бекем болыпты. Қара Айдар сынды атбегілерінен тұлпар шығар тай-құлынның бітім-болмысын айырып, оны баптап, түрлі өнер-ойынға баулудың қыр-сырын да терең меңгерген.
Сәңгілдің жігіттік шағы туып, жұлдызы жанған кезде бірнеше асыл тұқымның будандасуынан туған Көкқасқа құлын да бой түзеп өсіп, жер тарпыған тұлпарға, жол апшысын қуырған жүйрікке айналған мезеті екен. Сол тұстағы атбегілер мен құрыш тақым шабандоздарды таңғалдырғаны – Көкқасқа бел – тұрқы ұзын, құйма тұяқ бәйге жүйрігі ғана емес, тірсегі жуан, піл табан көкпар аты да болыпты. «Бәйгелі тойда алдына қыл құйрық салмаса, көкпарда үлкен додаларды жарып шығып, топтан лезде қара үзетін екен», дейді көнекөздер. Жануардың аяғы ұзын әрі жуан болғанымен, оған жараса тұяғы тіктеу біткен. Нағыз аққу мойын, қоян қабақ, қамыс құлақ тұлпар еді.
Ол кезде Сәңгіл шабандоздың тақымына түскен серкенің шаты сетінеп жыртылмаса, ешбір мықты құрыш тақымын ажыратып, салымды тартып алып кете алмайды екен. Бірде, қалың нөпірді жарып шығу үлкен күш болған шақта Көкқасқа жанындағы жарға түсіп кетеді де, жар табанындағы жалғыз аяқ жолмен шауып отырып қайта көкпар алаңына шығыпты. Жаратқан бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші, жұлдыздай аққан Көкқасқа мәреге жақындай беріп бір қарғығанда үлпі қар басқан үлкен апанға күмп етіп түсіпті. Апанның тереңдігі сондай, Сәңгіл мен Көкқасқаның басы ғана қылтиып көрінеді дейді. Етқызуы қайтпаған арғымақ екі ұмтылып, ернеуге шыққан да ентелеген көп атты жарып өтіп, мәреге қарай заулаған.
Көкқасқа мен иесі Сәңгіл туралы мұндай әңгімелер көп-ақ. Шабандоз туралы кезінде өзбек классиктерінің бірі Сайд Ахмат та көлемді әңгіме жазған болатын. Қазыққа қайта оралсақ, сол заманда алты алашқа аты кеткен ақылман Омар ақсақал, Сәңгіл мен Көкқасқаны көзсұқтан, тіл-сөзден сақтау мақсатында, шабандозды арнайы шақыртып алып, бата берген деген дерек бар. Ол батаның бастауы әлі ел аузында.
Көкқасқа асыл тұқым, тұлпар тұяқ,
Ытады көкпар қолға тигеннен-ақ.
Жануар бас бәйгені бермей кеттің,
Сәңгіл боп шабондозың бастан-аяқ.
Мінгенің Көкқасқа мен
Жиренқасқа,
Атың шықты мәре бермей ел мен жұртқа.
«Аруақтары Оразкелдің
қорғасын» деп,
Батасын берген екен Омар ата.
«Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ер көгерер» демекші, сол шақтағы Сәңгіл мен Көкқасқаның аты ана жағы өзбек-тәжікке, мына жағы Алты алаш қазаққа кең тарапты. Екі сойдың дабысы Мәскеуге де жетсе керек. Сол 1941 жылы Кеңес одағының астанасы Мәскеуде жылқы көрмесі әрі ат жарысы ұйымдастырылып, оған Сәңгіл мен Көкқасқа да шақырту алыпты. Одақ төрінен арнайы жіберілген шақырту қолына тиген Сәңгіл ағайын-туғаны мен ауыл ақсақалдарын жинап, Мәскеу шақыртуын қабыл алу немесе бармай қалу мәселесін ортаға салыпты. Ауыл ақсақалдары әр пікірдің жігін таратып, ортақ ойға ойысыпты. Қалыптасқан дәстүрлі тәртіп бойынша Омар ақсақал сөз алып: «Сәңгілдей ер мен Көкқасқадай тұлпар жылда тумасы кәміл. Мәскеудің төрінде Көкқасқаның өнерін көрсету бақыты да күнде бұйырмасы белгілі. Сондықтан барғаныңды дұрыс деп ұйғардық. «Жортқанда жолың болсын. Жолдасың Қыдыр ата болсын!» деп ақ батасын беріпті.
Күндерге күндер жалғасып, Сәңгіл мен тұлпары Мәскеуге де жетіпті. Үлкен жердің көзсұғынан сақтанған Сәңгіл Көкқасқаның басы мен төрт тұяғын ғана ашық қалдырып, бүкіл денесін төгілген әсем жабумен жауып ұстапты. Әйтсе де, көрмеде жабуын алып жүруге тура келіпті. Көрмеге келген атты әскер офицерлерінің көбі Көкқасқаның маңғаз жүрісі мен керім дене бітіміне қызығып, тұлпарды айналшықтап, жанынан ұзай алмай қалыпты, десе-ді.
Ат жарысы кезінде Сырдың саңлақ сәйгүлігі жүздеген қатарлас аттан қара үзіп, мәре сызығына бірінші болып келеді. Небір додалы көкпарларда тілерсекке дейін саз кешіп, күні бойы қағылып-соғылып шабуға үйренген Көкқасқаға жұмсақ әрі тегіс ажырықтың үстінде көсіле шабу жан рахаты еді. Жарыста құстай ұшқан жануардың еті қызып, енді бауыры жазыла бастағанда, шабыс аяқталады. Мұны көрермен арасындағы сұңғыла көздер байқамай қалмады. Олар кең тынысты жүйрікті айналшықтап, жуан күшті аяқтары мен болат тұяқтарына қарап таңданыстарын жасыра алмапты. Сәңгіл көрмеден мол сый-сыяпатпен қатар, Көкқасқасы үшін алтын медаль алып қайтады.
Бұл кезең Екінші дүниежүзілік соғыстың жүріп жатқан уақыты екені мәлім. Мәскеудегі жылқы көрмесі аяқтала сала Германия Кеңес одағына қарсы соғыс ашты. Осыған орай Одақтың барлық республикаларынан жылқы көрмесіне келген арғымақтар түгел әскерге алынды. Ел көзіне ерек түсіп, талай офицердің көзқұртына айналған Көкқасқа жануар да атты әскер армиясына беріледі. Жаратылысынан есті жануар қоштасарда иесінен басқа ешкімнің аяғын үзеңгісіне салдырмай, қайта-қайта иесіне қарап кісінеумен болады. Көкқасқаны осы күнге дейін Сәңгілден басқа ешкім мінбеген екен. Арғымағының жанарынан жас көрген Сәңгіл де шыдай алмай еңіреп тұрып жылайды. Қоштасудың бұл қасіретті көрінісіне шыдамаған офицерлер Сәңгілді көлікке отырғызып алып кетеді. «Иесі көзден таса болса, мінуімізге мойынсұнар», деген болар, бәлкім.
Амал не, көзінің жасын көл қылған Сәңгіл қанатынан айырылған қырандай қайғыға көміліп, елге оралды. Бұл келген күні айы-күні жетіп отырған бәйбішесі шекесі торсықтай ұл туып, ырымшыл қазақ емес пе, ұзағынан сүйіндірсін деп, ұлының атын Медалхан қояды. Біздің елге Медалхан деген есім осылай келген. Одан беріде Сырдария бойындағы елде талай Сәңгіл, талай Медалхан, Медалбектер дүниеге келді. Бүгінде Сәңгілдің немересі Әдәмхан Сырдарияда тұрады, ішкі істер органында полковник шенінде қызмет етіп, зейнетке шыққан. Үбірлі-шүбірлі, өсіп-өнген ел. Ал Көкқасқаның кейінгі тағдыры біздің елге беймағлұм.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».