Тарбағатай ауданынан осындай жағымды жаңалық жетті. Жағымды жаңалықты жеткізген эколог, аудандық мәслихат депутаты Ержан Құттыбаев. «Қос көл десе елең етпейтін жан жоқ шығар. Өйткені ақсуаттықтар ежелден келген қонақты сол жерден күтіп алып, сол жерден шығарып салатын. Жаз маусымында Қос көлге жанұясымен де, ұжымымен де, жеке барып та суға түсіп демалатын.
Суы экологиялық жағынан таза болатын. Көлде құстар да (әсіресе дала үйректері) көп еді. Осыдан 5-6 жыл бұрын Қос көлдің суы бұзыла бастады. Суға түскен адамдардың денелері бөртіп шыға келетін. Сол адамдардың сұрауы бойынша көл суын алып, аудандық СЭС мекемесі арқылы Өскеменнің лабораториясына жібергенімізде судың құрамында зиянды заттардың барлығы анықталды. Лаборатория Қос көлдің суына адамдар түсуге болмайды деген қорытынды берді. Біз оны аудандық газетке жарияладық. Содан бері адамдар суға түспейтін болған.
Сәл шегініс жасасақ, кезінде құрғақшылық жылдарында Қос көлдің суы тартылып қалады. Міне, сол кезде (Совет заманы) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұрсынғазы Қобаев табиғат қорғауға үлкен үлесін қосып, Амангелді (Көкжыра) совхозына тапсырма беріп, Қарымсақ тоғамынан су әкелдіріп, көлдің көзін аштырып, Қос көлді қалпына келтіріп, аман алып қалып еді. Бұл жұмысқа марқұм Сейсеке Нағымжанов бел шеше кірісіп, орындаған еді. Енді мінре, осындай игілікті істі ауданымызға жаңа келген әкім Серікқазы Құсайынұлы (Тұрсынғазы Қобаевтың қызметтес шәкірті) жалғастырды. Ұзақ уақыт пайдалануға жарамсыз болып қалған көлге су тартқызып, қалпына келтіру жұмысын бастап жіберді. Әкім болып келгеннен бір аптадан кейін, яғни 23 сәуір күні Қарымсақ тоғанынан Қос көлге су тартқызды. Тура сол күннен бастап Қос көлдің арнасы тола бастады. Серікқазы Құсайынұлының жұмысын игілікті іс - табиғат қорғаудан бастағанына халық разы болып отыр.
Бұл іске атсалысқан Сәтпаев ауылының азаматтарына, демеуші болған кәсіпкер Рүстем Ықыбаевқа, Көкжыра кооперативінің төрағасы Бағдат мырзаға, депутат Кенжебек Шыныбаевқа ауыл тұрғындары алғыстарын айтуда.
Мына сабақтастықты қараңыз, Т.Қобаевтың кезінде Қарымсақтан Қос көлге су тартқан Сейсеке Нағымжанов болса, Серікқазы Құсайынұлының кезінде тура солай су тартқан Сейсеке марқұмның інісі Кәдірғазы Чукушев. Осындай жақсылықты естігеннен кейін аудандық мәслихат хатшысы Сәумен Жақаев, мәслихаттың аппарат басшысы Данияр Жанат және мен Қос көлдің басына барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Ол жерде бізді Сәтпаев ауылының патриоты Шүкірат Құлманов тосып тұр екен. Бұл кісілер де су тартқанда көмектесіп, басы қасында жүріп жұмыс істепті.
Шүкіраттың айтқандары, бір жарым құлақ су үнемі келіп тұрса көл толықтай қалпына келеді және бұл жерге ие (қожайын – инвестор) керек дейді. Сонда көлге келгендер машиналарын жумайды, қоқыс шашпайды және демалыс орны салынады деп отыр Шәкең. Тағы бір шегініс, Кос көлдің суының құрамы бұзылған кезде атақты эколог - ғалым М.Панин мырзаға барып, осы көлді зерттеп беруді сұрадым. Ол кісі бірден келісіп, кафедра адамдарын жіберетіндігін айтты. Алайда көп уақыт өтпей ауыр науқасқа ұшырап, жұмыс аяқсыз калған-ды. Біз осындай игілікті істі қолға алған аудан әкіміне және жергілікті азаматтарға алғысымызды айтып, аттандық», - деп жазды Е.Құттыбаев өзінің фейсбуктегі парақшасында.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы