1980 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Біржан салдың 150 жылдығы қарсаңында Көкшетауға келіп, қазақтың классикалық әнінің ұлы атасының аңызға айналған ғажайып өмірін зерттей бастадым. Осы жұмыстың үстінде Ақан сері жайында да қым-қиғаш сырлар қозғалды. Әсіресе, оның Ақтоқтымен байланысты беймаза тағдыры, бұрын тек «жағымсыз кейіпкер» ретінде датталып келген Жалмұқанның азаматтық келбеті таң-тамаша ғып ашыла түсті. Оның біз білмейтін беймәлім жайлары көп екен.
1980 жылдың желтоқсан айының соңғы күндерінде Біржан салдың 150 жылдығы қарсаңында Көкшетауға келіп, қазақтың классикалық әнінің ұлы атасының аңызға айналған ғажайып өмірін зерттей бастадым. Осы жұмыстың үстінде Ақан сері жайында да қым-қиғаш сырлар қозғалды. Әсіресе, оның Ақтоқтымен байланысты беймаза тағдыры, бұрын тек «жағымсыз кейіпкер» ретінде датталып келген Жалмұқанның азаматтық келбеті таң-тамаша ғып ашыла түсті. Оның біз білмейтін беймәлім жайлары көп екен.
«Қарауылдың Жақсылық атасы күні бүгінге дейін Ақан сері мен Ақтоқты оқиғасын намыс қылады, – деді ақсақалдар. – Бұл елдің адамдарымен ол жөнінде сөйлесу оңай емес, ыңғайға келе бермейді. Ертеде осы Қызылағашта Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» пьесасы қойылады дегенде қариялар өре түрегеліп: «Асылымызды қорламаңдар! Жалмұқан мен Ақтоқтының өміріне дақ салмаңдар, бүйтіп! Өніп-өсіп отырған жазықсыз әулеттің бала-шағаларының көңіліне қаяу түсірмеңдер! Осы келген беттеріңмен тайып тұрыңдар! Бізге жалған сөз керек емес!» деп артистерді қабылдамай, қайтарып жіберген».Мен үшін бұл сөз Ақтоқты-Жалмұқан ауылына баратын жолдың үстіне жатып алған арыстан секілді бір сұмдық сұс боп, Көкшетауға тиіп-ақ тұрған Қызылағашқа еш мойын бұрғызбады. Бірақ, ел сөзіне ден қойсам, Жалмұқан – негізі жарыған, қуса жететін, қашса құтылатын, айдарынан жел ескен кесек бітімді, өрісі де, өресі де кең, аршынды, алапат адам.Ал, айт айтпа, Ақтоқты есімі әнде аңыз боп қалып қойды. Ол Ақан серінің:Ой, қалқа, тілің тәтті, лебің балдай,Қаламқас, ителгі көз, жазық маңдай,Түсінде Бағылан патша ғашық болып,Секілді сүйген сұлу Күләндамдай, – дейтін «Ақтоқтының сипаты» әнінде:Ақтоқты Айға бітсе сендей көрік,Жатпас па таулар балқып, тастар еріп.Тамақтан үлбіреген бір иіскетсең,Кетер ед бойдан қуат, ойдан ерік, – дейтін «Ақтоқты» әнінің бірінші түрінде:Ақтоқты, кеткенің бе, шыныңменен,Тар жерде бал беруші ең тіліңменен.Кез болдық дарияның қайраңына,Зарланып ән шырқаймын үнімменен, – деп келетін екінші түрінде:Қорқамын шымылдықтың құруынан,Бір жаман қолын сұғып тұруынан,Жалғанда қыздан сорлы жан бар ма, екен,Айырылып кете барар руынан, – дейтін «Ақтоқтының аужары» әнінде:Манар таудың басында қайың, арша,Оң жағында әкемнің болам қанша,Сүйген жармен кете алмай арманда боп,Өмір шіркін өткені осылайша, – деп шер төккен «Ақтоқтының зары» әнінде Ақтоқтымен болған махаббат хикаясы, міне, осы бес әнде осылайша шертіледі. Бес ән!Ақан сері Ақтоқтыдай сұлулық періштесін сүйді. Ол анық. Өйтпесе осындай керемет әндер шығар ма, еді? Бірақ, бұл тағдыр Ақтоқтының маңдайына тағы бір асыл арыс – Жалмұқандай ерді жазған еді. Ол содан айнымады. Ал, оны Жалмұқанға ұзатылар сәт – қызойнақ үстінде Ақан серінің алып қашуы ессіз махаббаттың көзі тұнып кеткен жанкешті әрекеті еді. Жолы жіңішке, дәрменсіз қыз не істесін? Елдің намысты азаматтары араласпаса Ақан серімен кете барар еді. Жеме-жемге келгенде шырқыраған Ақтоқты Жалмұқаннан айырылмайтынын айтқанда, бұл сөзге сенерін, сенбесін білмей қаны қарайған Ақан сері амалсыз тосылып, тағы да тағдыр тәлкегіне түседі. Жүрегін ұйытқан осы мұңнан ол өмір бақи айыққан жоқ. Көрдіңіз бе, тәңір ісін – бір Ақтоқтыны екі жігіт дүрі – Ақан сері мен Жалмұқан сүйді. Екеуінің де сүюге қақысы бар. Сол үшін екеуі де жазықты емес. Ол – екі жүректің әмірі! Екі жүректің әрекеті! Екі жүректің қалауы!Күндердің күнінде Жалмұқанның бір аяқ асқа алғысыз сорлы боп, қолдан жасалған әдебиетте «жағымсыз кейіпкер» атануы кімнің каперіне келген? Жалмұқан сондай бейбақ па, еді?1999 жылдың қараша, желтоқсан айларында Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университетте екі рет болып, ректор, физика ғылымдарының докторы, профессор Абай Айтмұхамедов есімді жан-жақты білімпаз азаматтың тілегімен «Сал, серілер мектебін» ұйымдастырдық. Студенттердің арасында әдебиетке зерек жастарды зерттеушілік өнерге баулуды мақсат еттік. Бұған ғалымдар, оқытушылар мен талантты жастар қатты қызықты.2000 жылдың маусым айында мен қасымда белгілі әнші Ербол Айтбаев бар, Көкшетауға келдім. Университетте сал-серілерге арналған ғылыми конференция, әдеби-музыкалы кеш өткіздік. Міне, осы кеште сал-серілердің өмірінен жарты жыл ішінде қыруар дерек жиған ұстаздар, студенттер жасаған баяндамалар мен әңгімелерде, жазылған курс жұмыстарында Жалмұқан – Ақтоқтының көп құпиясы жарқырап тұрып ашылып, бұған өзіміз де тебірене таңғалдық.Ертеңінде ректор Абай Айтмұхамедов өзі басқарып, Талғат, Аманжол сияқты ұстаздар қоса жүріп, Көкшетау ауданындағы Қызылағаш ауылына қарай жол тарттық. Бұл жан-жақты жарақталған фольклорлық экспедиция еді. Жолшыбай машина ішінде Ербол күндей күркіреген кең тынысты жарқын үнімен Ақан серінің «Мақпал», «Сырымбет», «Шәмшіқамар», «Ақтоқты» әндерін айтып, қиялымызды сан-саққа жүгіртті.Әрқилы ойға салған Ақан сері әнінің әсерімен Қызылағашқа қалай жетіп қалғанымызды байқамадық та. Бір ауылдың тұсынан өте бергенде жол екі айырылды. Қайсысына түсерімізді білмей дағдарып тұрғанда бір қызыл «Ауди» кезіге кетті. Біз сәлемдесіп, жол сұрай бергеніміз сол еді: «О, Илья аға!», – деп еңгезердей екі жігіт машинадан шыға келді.Бойы теректей тіп-тік, қараторы, құс мұрынды, қыран көз, сымбатты жігіт: «Ағалар, жол болсын. Мен Жалмұқаннан туған Уәлидің баласы Жәменнің ұлы Балташ деген ініңіз болам. Ал, мына шашы тікірейген дәу сарының есімі – Ибрагим. Өзі мұғалім. Батыраш – Қотыраштың тұқымы. Біз Жалмұқан атамыз бен Ақтоқты әжемізге күмбез тұрғызамыз, деп Көкшетау мен екі ортада шапқылап жүрген жайда едік. Ал, енді тәңір иіп, үлкен жолдың үстінде кездестік. Әні, сонау орманды алқаптың төріндегі ауыл – біздің Қызылағаш. Ел іргесіне кеп тұрсыздар, жүріңіздер. Жалмұқан мен Ақтоқты әулетімен танысасыздар», – деді.Қыз бұрымындай бұраңдаған қара жолда зырғытып отырып, көк белеске шықтық та тоқтай қалдық. Жан-жаққа көз салдық. Мүлгіген көк орман. Шоқ-шоқ қайың. Қызылды-жасылды толқыған көк майса. Лып-лып еткен жібек самал даланың хош иісін желпиді. Төбемізде аққудың мамық төсіндей ақша бұлттар қалқиды. Біздің оператор жігітіміз табиғаттың осы бір қайталанбас ғажап көрінісін видеоға түсіріп жатқанда Балташ: «Ақтоқты әжемізді өзінің бұланай ұлы Жалмұқанға атастырып, келін ғып түсірген Сүтемген бай дейтін бабамыздың атақонысы осы жер. Тағдырдың небір құқайын көрсек те Қызылағаштағы жылы орнымыз суыған жоқ. Осы жерде о бастан тамыр жайып, өніп-өсіп келеміз. Ал, ендігі әңгіме ауылда болсын, ағалар», – деді.Біз әп-сәтте ауылға да келдік. Машинамыз кең қақпалы сәулетті үйдің алдына кеп тоқтағанда қимылы тез, елгезек Балташ: «Бұл – біздің әулеттің қара шаңырағы, Жалмұқанның Сұлтан дейтін баласының ұлы Сабыр ағамыздың үйі. Міне, ол кісінің өзі де алдымыздан шықты. Қане, төрлетіңіздер!» – деп бәйек бола ізет көрсетті.Жалмұқан мен Ақтоқты баяны осы үйде шертілді.Ақтоқтының келін боп түскен жері – Жақсылық елі. Бұл – жамырасып жатқан әнші ел қалың қарауылдың іргелі атасы. Енді шежірені таратып көрейік: Қарауылдан Жақсылық, Жақсылықтан Есенбай, Есенбайдан Баян, Баяннан Қожамбет, Қожамбеттен Жалмырза, Жалмырзадан Сәмен, Сәменнен Сүтемген.Әріден бақ-дәулеті үзілмей келе жатқан жуан тұғыр, сіңірлі тұқымның айбарлысы, арыстаны осы Сүтемген бай. Бай болғанда да пешенесі жазық, пейілі кең, «алаған қолым береген», дейтін құрығы ұзын, діттеген жерінен тауы шағылып көрмеген, ұйымы мығым, берекелі жан болған. Кейбір дүниеқоңыз көр пенделер сияқты сасық ырыспен емес, көшелі кісілігімен күллі Арқаға даңқы жеткен адам. «Менмін» деген ірілер Сүтемгенмен құда, сүйек жақын, ілік-шатыс болуды көздеген. Оның ақ ордасында ел ардақтаған шешендер мен көсемсөзді билер, әнші-ақындар кеңес құрған. Арқаны әнмен қырған Біржан сал да кезінде осы Қызылағашты дүбірлете шалқыған. Сүтемгеннің дарқандығы, үлгілі жолы балаларына дарыған.Сүтемген екі әйел алған. Екінші әйелі Науан қырғыздың қызы екен. Осы Науаннан – Бекен мен Жалмұқан туады. Бекеннен ұрпақ жоқ.Жалмұқан, Ақтоқтыдан – Тоқмұқамбет (Тоқан), Уәлиахмет (Уәли), Әбусапия, Мұқамбетқали ( ел жайлауға шыққанда туған соң Жайлау атанып кеткен), Сұлтанахмет және Майра, Қанипа. Бес ұл, екі қыз. Майра ұзатылайын деп оң жақта отырғанда кенет қайтыс боп кетеді де оның орнына Қанипа ұзатылады.Сүтемгеннің бар дәулетін Жалмұқан ұстаған. Ол «бай баласымын» деп шолжыңдап, ойына не келсе соны істеп, ағыл-тегіл ырысты рәсуа қылып, текке шашпаған. Қарағайдан әшекейлеп үйлер салдырып, ішін көз жауын алған жиһаздармен безендіріп, орыс қалаларына сауда керуенін жүргізіп, ауылға өрелі мәдениеттің қалпын енгізген. Арғы аталарынан жалғасқан имандылық қасиетті қастерлеп баққан. Медресе салдырып, діни кітаптар жиып, терең білімді молдалар ұстап, балаларды алланың ақ жолына, ізеттілік пен ізгілікке, ақ-адал еңбекке тәрбиелеген. Ішкені мас, жегені тоқ тоғышарларша шіренбей, мал-жанын баққан қарапайым жандарға жылы қабақпен қарап, олардың тұрмыс-тіршілігіне сәулесін түсіріп, сол бейнеттің ішінде білек сыбанып, өзі бірге жүрген. Кем-кетік, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп, балаларын медресеге оқытқан.Жалмұқанның алапат істері көп. Соның бірі – орыстар Сырымбет өңіріне дендеп кіріп, қаймағы шайқалмаған елді атақонысынан айырып, жан-жағын жыландай жалмап, Ақтоқтының дәулетті әкесі Бақтыбайды да өз жерінен ығыстырғанда, Жалмұқан осы бір ашкөз, құтсыз «қарашекпендермен» талмай сілкілеседі. Ақыры орыс өктемдігі басым боп, Бақтыбай ежелгі мекенінен айырылады. Жалмұқан қайынатасының мал-жанын шығасын шығармай, ырғалтып-жырғалтып өзінің осы Қызылағашына әкеліп орнықтырыпты. Бір-біріне лайық Сүтемген мен Бақтыбай құдалық ибасы жарасып, бал жаласып ғұмыр кешіпті.Ақтоқтының Жалмұқанмен баянды өмірі Жақсылық еліне ерекше көрік берген. Ақтоқты есік аттаған күннен бастап, атасы Сүтемген, енесі Науан ажарына ақылы сай келінінің пейіліне көңілі толып, Жалмұқан екеуіне бар тауқыметтің екі шылбыр, бір тізгінін ұстатыпты.Ақтоқты нәзік сезімді, ән мен жырға зерделі, оң қолынан өнері тамған іскер, шаруаға тиянақты, өте сабырлы, көпшіл, дастарқаны кең, ықпалды әйел болған. Ол Жалмұқанның жанды-жақты тірлігіне дем беріп, оның кейбір қызба мінезін әдеппен, еппен басып, сабасына түсіріп отырған.Жалмұқанның бітім-болмысында тектілік пен бекзаттық қасиеттің лебі жалындап, ұрып тұрған. Ол – бір сөзді, кесек турайтын берен, намысқа күйер жерде өзін отқа салып жіберер көзсіз ер. Сенсе өлердей сенеді. Кетіссе енді қайтып мойнын бұрмай, қатты кетеді. Әрі-сәрі бұлтаң тірлікке жоқ. Екі сөйлеген алаяқты маңына жолатпаған. Сол ірілігінен болу керек, сол кездерде Арқада серілікпен емін-еркін бұлғақтаған Иманжүсіп пен Балуан Шолақ Жалмұқанмен жиі араласып, оған көп үйірілген.Бір хан базарда жал-құйрығы жер сызған, төрт аяғы діңгектей жуан, арқасы тақтайдай жазық қара айғырдың үстінде шірене сөйлеген дөйдің Иманжүсіп екенін біліп, Жалмұқан атының артынан жайлап келіп, құшаққа толар құйрығын оң білегіне орап жіберіп, үн-түнсіз тұрады. Бір мезетте Иманжүсіп жүретін болып, атын тебіне бергенде, аты орнынан мізбақпайды. Иманжүсіп түсінбей, артына жалт қарайды. Атын тапжылтпай тұрған қызыл шырайлы, отты көз, сом тұлғалы еңселі ерді көреді. Жұрт: «Жалмұқан! Жалмұқан!» деп айқай салады. Кейін осы оқиғаны ел: «Сонда пілдей атты тырп еткізбеген Жалмұқанның саптама етігінің қалыңдығы бір елі келетін былғары табаны жиырылып қалған екен», деп гулете аңыз қылған.Жалмұқанның көп жойқын істерінің тағы бірі мынадай, Қызылағаштың жан-жағын орыстар алды. Өрісі тарылды. Жалмұқанның жер қайысқан жылқысы орыстардың егініне түсіп кете береді. Ол қым-қиғаш жанжал.Төбелес. Сондай бір шатақтың үстінде елдің жиырма шақты жігіті қызыл ала қан болып, орыстардан таяқ жеп, жылқыларды ала алмай қайтады. Жалмұқан: «Өз елім, өз жерімде бүйтіп қор болғанша!» деп қарашекпенділердің жатқан екі-үш деревнясына жалғыз өзі барып, жігіттерін аттың бауырына алып, бықбырт тигендей қиратып салып, жылқыларды аман-есен шұрқыратып, айдап әкеледі. Бірақ, орыстардың ақылды, мейірбан адамдарымен мәмілесі жарасып, ұсталары мен шеберлерін қатты қадірлеген. Қыс болса оларға жасатып алған тройканы, жаз болса қоңырауы сыңғырлаған фаэтонды мінген. Есті қарашекпенділер Жалмұқанды қатты сыйлаған.Ел іші қашанда той-думан. Жалмұқан мен Ақтоқты сол жиындарға салтанатты түрде сән түзеп барған. Сонда олардың қасында әнші-ақындары, саятшылары мен атбегілері, палуандары, мешкейлері мен жүйріктері қоса жүрген. Өз елінен шыққан екі жас сері – Үкілі Ыбырай мен Бейсенбайдың Оспанын Жалмұқан: «Шырқасаң Біржан сал мен Ақан серідей шырқа!» деп дәйім көтермелеп, еркелете шалқытқан.Ел Жалмұқан мен Ақан серінің арасындағы риясыз сыйластықты осы күнге дейін жыр қылады. Кезінде Ақан серінің төңірегіндегі пысықайлар, не Жалмұқанға қырын қарайтын іші тар бейбақтар ел арасына тарап кеткен әндегі:Қорқамын шымылдықтың құруынан,Бір жаман қолын сұғып тұруынан… – деген сөзді көп құтыртып, екі арыстың қадірлестігіне қылау түсіру үшін отқа май құйып, өсек-аяңды қарша боратқан. Жалмұқан: «Ол ән Ақан серінің жан ашуы ғой, күйінген жан не демейді», деп қана тынған.Жалмұқан Көкше еліндегі келелі жиындарда, ас-тойларда игі-жақсылардың ортасында Ақан серімен дәмдес боп, терезесі тең жүрген. Ақан серінің жері – Кеңащы мен Көлденең Қаратал, Қоскөл. Жалмұқанның жері осы – Қызылағаш. Арасы қырық-елу шақырым ғана. «Ә!» дегені естілетін әудем жер. Аралас-құралас ел. Рас, Жалмұқан мен Ақтоқты бас қосқан алғашқы жылдарда Ақан сері жүрегін тілім-тілім еткен арманын ұмыта алмаған. Ақтоқтыға аңсары ауып, талай рет келіпті де. Ақтоқты болса, өз өмірін шайқағысы келмей: «Ақан, енді тұнығымды лайламасаң болады», десе: Жалмұқан: «О, серім кел… кел! Әніңді сағындық. Жат масайрап, осы ауылда. Мауқыңды бас, серім!» деп Ақан серіні аттан түсіріп алып, ел-жұртты таңғалдыра құрмет көрсетіп, Қызылағашты әнге бөлеген. Ақан сері Жалмұқанның осы ісіне сенерін-сенбесін білмей, келе-келе бұл ауылға келуін тоқтатқан. Жалмұқанмен кездесе қалса әңгімелесуден тартынып, кінәлі адамдай пұшайман боп, ыңғайсыз күйге түскен. Жалмұқан болса Ақанды шын көңілмен ылғи ауылына шақырған. Ел ішінде Ақан серіге неше түрлі өсек таңып, ақылға сыйымсыз лақап таратып жүрген сусылдаған желбуаздарды Жалмұқан: «Шулаңдар. Гулеңдер. Ақан серінің бір әнінің садағасы боп кететін өңшең қиқым. Пәни жалғаннан бәріміз де өтерміз. Кімнің артында не қаларын бір алланың өзі білер. Ал, Ақан серіде өлмейтін ән бар. Ол мәңгі тірі», деп қағып тастайды екен.Жалмұқан мен Ақтоқты орыс шеберлеріне оюлап салдырған ағаш үйде сәнді, салтанатты тұрмыс құрып, бес ұл, екі қызын әлпештеп өсірген. Шетінен бағылан дерлік балаларының ең үлкені Тоқмұқамбет (Тоқан) Көкше елінің сол кездегі ғұламасы Науан хазіреттің алдынан дәріс алып, сөзі дуалы, терең молда боп шықты. Тектілігі мен пәктігіне кінәрат жұқтырмады. Сол себепті жұрт оны әулие тұтты.Жалмұқанның Жайлау деген ұлы жөнінде мына бір жайды айта кеткен жөн. Әкесінің есік пен төрдей атақты бір қара айғыры болады. Оны ол қыста дәйім қасқыр соғуға мінген. Осы Жайлау (Мұқанбетқали) бір күні ешкімге айтпастан сол айғырмен Көкшетаудағы Науан хазіретке тартып отырады. Сонда: «Мынаған не болған?» десіп күңкілдескен ағайындарына Жалмұқан: «Хақ жолына түскен баланы кінәламаңдар, түге! Тәңір қолдасын. Жайлау ақылсыз емес, былқ етпеңдер. Қара айғырды сатып, пұл қылады. Ол оған біраз уақытқа нәпақа. Сүтекемнің немересі тарықпайды. Жайлауым Науан хазіреттей данаға шәкірт болса, құдай ісін оңдады де» деп баласының осы тірлігін теріс көрмеген. Сүйініш еткен. Жайлау да әке сенімін ақтап, елге ғұлама молда боп оралған.Жеті атасынан сарқылмай жеткен мол ырысты Сүтемген қалай күрпілдетіп ұстаса, Жалмұқан оны сабасынан бір елі төмендетпеді. Осы мал-жан, бақ-дәулеттің ықтиятты, қажырлы иесі етіп Сұлтан деген баласын баулыды. Кеңес өкіметі келгенше Жалмұқанның бес ұлы дүркіреген бес ауыл еді. Айбары да зор еді. Кедей-кепшік, кем-кетікке қайырымы да мол еді.Кеңес өкіметі келе сала барды да, жоқты да күйдіргідей күйдіріп өтті. Жалмұқанның мал-жаны таланып, кәмпескенің талапайына ілікті. Жалмұқан мен Ақтоқты бас сауғалап, олай-бұлай қашты. Тіпті, айласы құрығанда өздерімен «тамыр» орыстардың тауық қорасына тығылды. Кейде ауылды төңіректеп жасырынып жүргендерін сезіп қалған шолақ белсенділер оларға ит қосып қуды. Тоқан мен Жайлауын «молда» деп қудалады. Бірақ, есті жұрт оларды қиянатқа қимай, өздері арашалап алды. Бұлардың үй-жайлары тәркіленіп, қоймаға, кеңсеге айналды. Жалмұқан мен Ақтоқтының сәулетті үйі мектепке өтті.Қызыл қырғын әлегін әкелген өкіметтің усойқы саясаты осы бүліншілікпен бейкүнә елді әбден тұралатып, 32-ші жылдың азалы ашаршылығына бір-ақ тіреді. Көкше елі баудай түсіп, қырылды. Сол қасіретті жылдың қазан айында Жалмұқан мен Ақтоқты арып-ашып, әбден титықтап, ауыл шетіндегі Сұраған қыстауында иесі өлген бір боз үйді паналайды. Орыстардан алған азығы түгел таусылады. Тіске басып, талшық етер ешнәрсе қалмайды. Екеуі өзегі талып, қаңырығы түтеп, көздері қарауытып, әлден айырылады.Бұлардың осында екенін біреулерден естіп білген Тоқан мен Жайлау жанұшырып жетеді. Бәрі бір-бірімен көрісіп, жыласып-сықтасады. Сөйлесуге әл жоқ. Тек нұры тайған шүңірек көздері бір-біріне үнсіз сүзіліп, қаны қашқан жүздерінен жас сорғалайды. Ес жиған бір сәтте Ақтоқты екі ұлына «шыға тұрыңдар» деп ишарат білдіреді. Тоқан мен Жайлау сыртқа шыққан соң аяғын зорға басқан Ақтоқты төрге екі ақ жайма жаяды. Жалмұқанның сақал мұртын әдемілеп басып, аяқ-қолының тырнақтарын алып, жуындырады. Сөйтіп, ақ жаймаға арулап жатқызады. Сонан соң өзі жуынып-шайынып, ақ селеудей селдіреген ақ шашын салалап тарап, өз бойын өзі сылап, екінші ақ жаймаға келіп өзі жатады. Әуелі Жалмұқан көз жұмады. Сәлден соң опасыз жалғаннан айдай сұлу Ақтоқты өтеді.Тоқан мен Жайлау түн жамылып, әкесі мен шешесін ауыл іргесіндегі ескі қорымға әкеп жерлейді. Екеуінің басына самаурындай екі сары тасты белгі етіп қояды. Бітті енді, күні кеше ғана Көкше жұртына аңыз болған дулы өмірдің тірлік үні!Бұл – Жалмұқан мен Ақтоқтының жұртқа белгісіз тылсым хикаясының тек елесі ғана.Сұлтанның баласы Сабырдың үйінде жылдар бойы көкіректерінде шер-шемен боп қатқан осы құсаны ақтарған немере-шөберелері, Ақтоқты әжесінің емшегін емген, біз жолыққанда жетпістегі Шайнұр апай, Жайлаудың ұлы – Ғұмар, Жәменнің ұлы – Балташ, осы әулеттің басқа да адамдары көп жайдың бетін ашып берді. Сөз арасында осы тұқымның бір өнерпаз баласы Бораш Ақан серінің «Сырымбет», «Қараторғай», «Балқадиша», «Әудемжер», «Майдақоңыр» әндеріне қоса менің «Еділ – Жайығымды» толқыта шырқады. Үй иесі – менімен түйдей жасты Сабыр: «Еділ – Жайықты» айтса Бибігүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов айтсын. Және Батыс жақтағы Александр деген орыс жігіті айтсын! Баяғыда Ақан сері осы Қызылағашта әндетіп жүргенде соңында желкілдеген қыз-қырқын, жас арулар, жігіт-желеңдер жүреді екен, лек-лек боп. Ел-жұрт дүбірлеп, оларды бар сый-сияпатымен көкке көтеріп, қарсы алады екен. Ал, мына заманда мен мына Ілекеңе не сый-құрмет көрсете алам? Жалмұқан атам секілді сондай топты дүбірлетіп, Ілекеңнің қасына жинай алам ба? Ой, құдай-ай, бір ғазиз басынан талай қасіретті өткерсе де бұл мешеулікті көрмей кеткен Ақан серілер бақытты екен.Дәуренді мендей сүрген кім бар екен,Сонда да қызығыңа бір қанбадым, дейді ғой қайран сабаз!Біз пендешілік оймен әжеміз Ақтоқтыға ғашық болған Ақан серінің жігіттік ісін намыс көреміз. Адам деген құдайына қарап, тәубе қылу керек, егер Ақтоқтыны ән сұңқары Ақан сері алып кетсе, намыстың көкесі сонда болар еді. Ақтоқты біздің әулетке бұйырды ғой. Иншалла, Ақан сері әннің пірі болса, Жалмұқан жігіт сұлтаны! Жаңа біздің мына Бораш Ақан сері әндерін әуелеткенде қандай адам баласы Ақан сері мен Жалмұқанның арасына араздық пен қызғаныштың отын жаға алады деген ойға келдім, – деп толқи сөйлеп, көзінде жас кілкілдеді.Осы жайға тебірене қалған Абай Айтмұхамбетов маған ойлана қарап: «Сіз бүгін Ақан сері мен Жалмұқан әулетін қайта қауыштырып, жылдар бойы оңалмай келе жатқан пендешілік наз-наланы тарқатып, ағайын арасын жарастырып, әділеттің шын, тура сөзін айтқыздыңыз. Не көрмеген халықпыз… бүлінген тарихты жөндеу қандай қиямет еді. Оның ішінде әдебиеттегі қолдан жасалған «жағымсыз кейіпкерлердің» тағдыры…», – деді.Шай үстінде Жалмұқан мен Ақтоқтының ұлдары тағы да көз алдымыздан өтті. – Ең үлкен ұлы Тоқан 79 жасында қайтқан. Әкесімен бірге кәмпескеге іліккен Сұлтан айдалып, Қиялы деген жерде қуғында жүрген. Ол кісі 1983 жылы 87 жасында дүние салды.Жайлауға 1986 жылы 97 жасында уақыт жетті. Сұлтанның бәйбішесі – Ғайнижамал. Бұл кісінің құрсағынан – мына көзі мөлдіреген Шайнұр апа және Сабыр туған.Бізге ғайыбынан кездесіп, осы ауылға алып келген мына Балташтың атасы Уәли кезінде Сұлтанмен қатар жүріп, орыс қалаларында сауда-саттық жасап, жан-жақтан білікті молдаларды әкеліп, балаларды оқытып, медресе үшін зәулім үйлер салдырған. Өзі сал, серілерге үйір боп, өнерге құлай беріліп, өз қолымен скрипка да жасаған. Бірақ, ерте қайтқан. Әрқайсысы бір-бір тұлға, бір-бір бітім! Кейбірінің көп ісі ұмытылған. Ескерусіз, елеусіз қалған. Осының бәр-бәрі сел-сел әңгіме боп, Ақан сері… Жалмұқан мен Ақтоқты, олардың осы бес ұлы, екі қызының аруағына құран оқылды.Көкшетауға қайтар шақта ауыл шетіндегі ескі қорымға барып, екі төмпешік боп қатар жатқан Жалмұқан мен Ақтоқтының басына дұға жасадық. Екі бейіттің қасына түсіре бастаған қызыл кірпіштерді көрсеткен шөбересі Балташ: «Ақан серінің күмбезін «огнеупорный» кірпіштен салған. Жалмұқан атам мен Ақтоқты әжеме де сондай мықты кірпіштен күмбез орнатамыз», – деді.Біз: «Ниет қабыл болсын!», деп хош айтысып, жолға шықтық.Күн еңкейіп кіші бесіннің самалды лебі білінгенде «Мәдениет» ауылының іргесіндегі Ақан сері күмбезіне келіп, дұға қылдық. Одан Сарыкөл мен Қоскөлдің жағасын жағалап, Ерболға Ақан сері әндерін айтқызып, бағанағы шертілген көп тарихты тағы бір еске түсірдік. Бұл жер Ақан серінің көз алдында қырмызы гүлдей құлпырған Сырымбет сұлуларының ішінде қара басы «қыз патшасы» дерлік Ақтоқтының өшпес әнге айналып, аңызға іліккен жері.Біз атбасын Көкшетауға бұрғанда жол бойы жүрегімді Ақан серінің арманды шері толқытты да отырды.
Илья ЖАҚАНОВ.