• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2019

Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

1023 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі үкіметтік делегация 25 сәуірде Алматыға келген болатын.
Жұмыс тобының құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құры­лыс және тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылық іс­тері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов бар.

Делегация алдымен №2­ қа­­лалық балалар клини­ка­лық ауруханасының жанын­дағы консультациялық-диаг­нос­­тикалық педиатрия орталы­ғына барды. Онда делегацияға қабылдау бөлімі мен хирургия кешенінің жұмысы таныстырылды. Оны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Әсел Тасмағамбетова басшылық ететін «Сәби» қайырымдылық қоры құрған. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Г.Әбдіқалықова молекулалық-генетикалық зерттеулер орталығының жұмы­сымен танысты. Медици­налықмекеме заманауи жабдықпен: компьютерлік және магнитті-резонанстық томографтармен, сараптамалық кластағы ра­дио­­графикалық рентген және ультрадыбыстық жүйелер­мен, ЭКГ-аппараттармен жабдық­талған. Барлық процес цифрлы форматта жүзеге асырылады.

Содан кейін Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары «MEIIRIM» мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығында болды. Орталықта 3-15 жас аралығындағы мүмкін­дігі шектеулі балалар мен жас­өспірімдердің жан-жақты дамуы, әлеуметтенуі мен оқуы үшін бар­лық қажетті жағдай жасалған. Орталық ашылған кезден бастап (2018 жылдың қарашасы) 200-ге жуық бала оңалту мен әлеу­мет­тендіру шараларынан өтті. 

Келесі іс-шара 2018 жылдың маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті. Онда меди­циналық кабинет, йога залы, ком­пьютерлік сауаттылыққа оқы­ту, қазақ және ағылшын тіл­дерін үйрету кабинеттері, сон­­дай-ақ, еңбек терапиясына арналған кабинет бар. Осы уақыт аралығында 900-ге жуық зейнеткер бассейндер мен фитнеске тегін барып, 300-ден астам қарт адам «Сұңқар» тәлімбағына, биік таудағы «Медеу» спорт кеше­ніне, Орталық мемлекеттік музейге және т.б. жерлерге тегін экс­курсия жасады.

Сондай-ақ Премьер-Министр­дің орынбасары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Халықты жұмыспен қамту ор­талығының қызметіне тексеру жүргізді. Жыл басынан бері 3,4 мың адам жұмысқа ор­наластырылды, оның 254-і аз қам­тылған, көп балалы отбасы­лардан шыққандар. 717 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. 2,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Сонымен бірге Г.Әбдіқа­лықова азаматтарды қабылдады. Атап айтқанда, 4 баланы тәрбие­леп отырған көп балалы ана Жан­на Тоқтасынова жұбайын жұ­мысқа орналастыру жөнінде өтініш білдіріп келген болатын. Атаулы әлеуметтік көмекті алу­ үшін жұбайы жұмыспен қам­тылуы тиіс. Мәселені шешуге – Вице-премьер қала басшылығына нақ­ты тапсырма берді. Бірінші жұмыс күнінің со­ңында Премьер-Министрдің орын­­басары «SmArt Point» коворкинг орталығының ала­ңын­да жастармен кездесті. Кез­десуде Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау ми­нистр­­лері, Алматы қала­сының әкі­мі, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық істері, спорт және денешынық­тыру комитеттерінің төрағалары сөз сөйледі.

Кездесуде «Inno Track» ЖШС-ның бас директоры Дар­хан Қызайбаевтың сөзіне ерекше назар аударылды. Оның кәсіп­орны «Vollert» неміс технологиясы бойынша темір-бетонды шпалдар шығарады. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 500 мың шпал, 100 адам жұмыс істей­ді. Ол талапты жастар үшін «мүм­кіндіктер есігін» ашатын заманауи индустриялық саясат үшін мемлекетке алғысын білдірді.

Сондай-ақ «Youth Art» жас суретшілер ұйымының басшысы Кристина Бекмурзаеваның құттықтау сөзі қызығушылықпен тыңдалды. Олар «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасын іске асыруға белсене қатысып, 10 жоғары деңгейдегі шағын сәулеттік пішінді орнатты.

Кездесу қорытындысы бо­йын­ша Г.Әбдіқалықова мемле­кеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. Ал ертеңіне Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Г.Әбдіқа­лықова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, қала әкімі Б.Бай­бек «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карта­ларының іске асырылуы жөнінде кеңес өткізді. 

Бүгінде қалада көп балалы аналар мен қарт адамдарды қол­дауға бағытталған «Бақытты отбасы» және «Белсенді ұзақ өмір» жол карталары іске асырылуда. Бұл бағдарламада 13 шара қарастырылған. «Бір терезе» қағидаты бойынша құ­рылған «Бақытты отбасы» орта­лығында заңгерлер, психологтар, жаттықты­рушылар және т.б. жұ­мыс істейтін болады. «Бақытты отбасы» қайырымдылық қорында меценаттар мен жұртшылықтың көмегімен 131 млн теңгеден астам қаражат жиналды. 1 мыңнан астам отбасына материалдық көмек көрсетілді. 

Алматы елімізде алғашқылар­дың бірі болып «Бақытты от­басы» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын іске қосты. Мамыр айында 30 отбасын бас­панамен қамтамасыз ету жос­парланып отыр. Қазіргі уа­қытта әлеуметтік төлемдердің мөл­шері өсті. Атап айтқанда, өмір­дің қиын жағдайына тап болған азаматтарға берілетін бір жолғы әлеуметтік көмек 10 айлық есептік көрсеткіштен (25 250 теңге) 20 айлық есептік көр­сеткішке дейін (50 500 теңге) көбейді. Бұл көмекпен 10 мыңнан астам отбасы қамтылады. 

Содан кейін Г. Әбдіқалықова және Б.Сапарбаев аудандар­дың әкімдерімен, ірі кәсіпорын­дардың, бизнес-құрылымдар мен кәсіподақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткі­зіп, әлеуметтік әріптестік мәселе­лерін талқылады. 

2015 жылдан бастап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 25,7 млрд теңгеге 40-тан астам жоба іске асырылып келе­ді. Бүгінде  21,6 млрд теңге со­масына 32 жоба іске асырылды. 7 балабақша, 1 емхана, фельд­шерлік-акушерлік пункт және т.б. салынды. 

Көп балалы аналармен кездесу барысында вице-премьер мемлекет азаматтардың аз қам­тылған санатына әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған шаралар­ қабылдап жатқанын атап өт­ті. 1 сәуірден бастап атау­лы әлеу­меттік көмек көрсету критерийлері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін артып, 20789 теңгені құрады, мамыр айынан бастап жалға берілетін тұрғын үй бөліне бастайды, ал 1 маусымнан бастап бюджет саласының жалақысы төмен қыз­­­меткерлерінің еңбекақысы кө­бейеді. Білім беру және ден­сау­лық сақтау жүйесіндегі қыз­мет­тердің сапасын арттыру бо­йынша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ жұмыс тобы­ның мүшелері жаңа әлеу­меттік саясат аясында іске асырылып жатқан жаңалықтар туралы ақпа­рат бер­ді.

С.Д.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина универ­сите­тінің жатақханасын аралау барысында Премьер-Министрдің орынбасары «Елбасының бес әлеу­меттік бастамасын» іске асыру аясындағы  тапсырманың орындалу барысымен танысты.

Г.Әбдіқалықова жұмыс сапа­рының соңында жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті. Кездесуде студент жас­тардың өмір сүру жағдайын жақ­сарту жөніндегі үшінші бас­таманың іске асырылуы туралы ақпарат тыңдалды, жоғары білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Жоғарыда аталған бастаманы орындау үшін қалада студенттер жатақханаларын салу жұмысы жалғасуда. 39 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 149 мың адам білім алады, оның 92 мыңнан астамы басқа қалалардан келген студенттер. Барлығы 95 жатақханада 30 мың (33%) студент тұрады. 

2018 жылы жоғары оқу орын­­­­дарының қаражаты есебінен 1200 орынға арналған 3 жатақхана пай­далануға берілді. Биыл да жеке  қаражат есебінен 2 340 орын­ға арналған 5 жатақхананы аяқ­тау жоспарлануда. 

Кездесудің қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова жатақханаларды уақтылы жә­не сапалы пайдалануға бе­ру­­ді қамтамасыз ету, студент­терге қолайлы жағдай жасау үшін қа­жетті шаралар қабыл­дау жөнінде жоғары оқу орын­да­рының ректорларына, мем­лекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырма берді. 

АЛМАТЫ