Денесінде қара-көк түсті дамбалдан басқа түгі жоқ, шыбықты ат қып мініп қанша шапқыласа да шаршамайтын ауыл баласының қызығы көп еді. Тобықтары іскенше ләңгі тебеді. Талдан-талға секіріп алдан ойнайды. Алдан дегеннің мағынасы да қызық. Кім ағашқа ең соңынан өрмелеп мінсе, сол бәрін қуып, ұстауы керек. Одан қалды жалақ ойнап жанын береді. Иір ағаштан автомат жасап «бәйношкеге» кірісіп кетеді бір кезде. Тамның бұрышында басы қылтиып «жауын» аңдып тұрғанда кәрі әжесі көріп қалса, «қараң қалғыр, қайдағы жамандықты шақырма», деп айғайға басатын. Баланың ойнынан тап қазір соғыс басталып кететіндей қабылдайтын еді үлкендер жағы.
Денесінде қара-көк түсті дамбалдан басқа түгі жоқ, шыбықты ат қып мініп қанша шапқыласа да шаршамайтын ауыл баласының қызығы көп еді. Тобықтары іскенше ләңгі тебеді. Талдан-талға секіріп алдан ойнайды. Алдан дегеннің мағынасы да қызық. Кім ағашқа ең соңынан өрмелеп мінсе, сол бәрін қуып, ұстауы керек. Одан қалды жалақ ойнап жанын береді. Иір ағаштан автомат жасап «бәйношкеге» кірісіп кетеді бір кезде. Тамның бұрышында басы қылтиып «жауын» аңдып тұрғанда кәрі әжесі көріп қалса, «қараң қалғыр, қайдағы жамандықты шақырма», деп айғайға басатын. Баланың ойнынан тап қазір соғыс басталып кететіндей қабылдайтын еді үлкендер жағы. Таңсәріден түнге дейін алаөкпе боп жүгіргенде тамақ та іздемейді. Бар болғаны түбі күйген қара нан мен қатты қантты шықырлатып жеп, жүре береді.
Бүгінде ауылда да, қалада да заман өзгерген. Баяғыда бізді ата-аналарымыз үйге кіргізе алмаса, бүгінгі әке-шеше перзенттерін далаға шығара алмай әлек. «Бір сәт серігіп, таза ауа жұтып келсейші» деген сөзді елең қылмай талай бала компьютердің алдында отыр. Осындай көрініске жиі тап болғанда еріксіз балалық шағың еске түсе береді…
Қораз төбелесОсы бір үрдістің біздің ауылға қайдан келгені белгісіз. Жалпы, қораз төбелестің өзі Қазақстанның оңтүстігінде ғана бар сияқты. Басқа өңірлердегі дос-жаранға осы турасында айта қалсаң, ықыластана тыңдайды. Өйткені, олар қораз төбелестірмеген.Бір күні әкеміз шақырып алған. «Тауық бағасың ба?» дейді сұраулы жүзбен. Бұл кезде біздің көшенің балалары бір-бір қоразын қолтығына қысып, бәске төбелестіріп, қызыққа кенеліп жүргенбіз. Біз тек көрермен едік. «Іздегенге сұраған». Келісе кеттік. Шүпірлеген ақ түсті елу балапанды бірден сатып алды әкем. Шалдың ойы белгілі. Балапан тауық болғанда азанымен шикі жұмыртқаны жұтып жіберіп, денсаулығына пайдалы іспен айналыспақшы. Біздің ой тіпті бөлек. Осылардың арасынан қатты төбелесетін қораз дайындап шығару. Екеуміздің ойымыз екі басқа болса да, мақсатымыз бір жерде түйісіп тұр. Әкем де риза, мен де мәзбін. Алғанымыз инкубатордың балапандары еді. Бірер айдан кейін сирақтары сыйдиып, не артық еті жоқ, не жұмыртқа таппайтын секеңдеген қырық қораз қорада өріп жүрді. Бірде-бір аналық болмады арасында. Оның онын балапан кезінде мысық тартып кеткен. Әсілі, мекиені солардың ішінде кетті-ау. Осылайша, әкемнің мақсаты да, менің арманым да далада қалды. Есесіне, күн сайын тауықтың сорпасын ішіп, бір марқайып қалдық.Енді не істеу керек? Тұқымы бөлек, тұрқы басқа тауық жинауды шындап кәсіпке айналдырдық. «Пәлен жерде өзбектің тауығы балапан басып жатыр» десе, тұра жүгіреміз. Бір-екі балапанын сатып аламыз. «Түгеншенің үйінде тәжіктен келген тауық бар» деген ақпарат жеткен бойда сонда ұшамыз. Біздің осы іске шындап кіріскенімізді үйдегілердің бәрі біледі. Бір күні Еркін ағам Шымкент жақтан жұдырықтай ғана қораз сатып әкеп берді. «Бұл не?» дейміз мұрнымызды тыжырайтып.– Қораз.– Мынаны не істеймін? Ең болмаса, сойып жей алмайсың. Еті де жоқ.Ағам қуанады деп ойласа керек. Менің мына сөзімнен соң бірден самарқау кейіп танытты. Сосын «Өзің білесің. Сатушы қатты мақтап еді, жапонның қоразы» деді де бұрылып жүре берді. Мынау шынымен қатты төбелесетін болса, онда көктен іздегенім, жерден табылғаны емес пе?» Жұдырықтай жапондық қоразды қойныма сүңгітіп жіберіп, тауық қораға қарай тұра жүгірдім. Өзбектің балапаны деген қоразым айналадағы балалардың әтештерін жеңе бастаған. Жапондық қоразды өзімнің атаманыммен оңаша шығардым да, төбелестерін тамашаладым. О, тоба! Әлгі менің атаманымды қос аяқтап келіп тепті де, айдарынан басып, тырп еткізбей тастады. Міне, қуаныш! Мұны енді бірден ел көзіне шығаруға болмайды. Біраз дайындау керек.Қоразды да кәдімгі спортшы дайындағандай жаттықтырмасаң, болмайды. Есіктің алдында үнемі трактор тұрады. Соның әжептәуір салмағы бар екі бұрандасын жапондық қораздың екі аяғына байлаймыз. Ал енді қуу. Өзің өкпең өшкенше жүгіресің. Қораздың да діңкесі құриды. Сондағы ойымыз аяғына ауыр зат байлап, күшін арттыру. Қуып, жүгіртіп тынысын ашу еді. Күнде мектептен келе сала сөмкемізді лақтырып жіберіп, тауық қораға барамыз. Қоразым ақырында мені көргенде азар да безер болатын әдет тапты. Әбден ығырын шығарғанбыз ғой. Физикалық жаттығудан соң, техникалық дайындыққа кірісеміз. Үйдегі үлкен айнаны есіктің алдына шығарамыз. Сосын қоразды әкеліп, айнаның алдына қоямыз. Айнадан өзін көрген қораз қоқилана бастайды. Ақырын ғана айбат шегеді. Айнадағы қораз да айбаттанады. Тұмсығымен бір шұқиды. Анау да қайтпайды. Содан қырт-қиян төбелес басталады да кетеді. Қораз өзінің айнадағы бейнесін қалағанынша, білген әдісінің барын салып сабайды. Жарты сағаттан артық төбелестірмейміз. Нормасы сол. Үлкен балалалар айтқан. Осындай екі айлық дайындықтан соң жапондық қоразды қойынға салып қарсыластарды жағалай бастағанымыз күні кешегідей есімізде. Көрші-қолаңның қораздарын бірден қырып салдық. «Мынау не қораз?» дейді барлығы. Тұйғындай болған менің тауығымды басында менсінбегендер артынан қызыға қарайтын болды. Балалық паңдық, мақтаншақтық осы кезде жұқты ғой деймін. «Бұл японский парода» деп жүре жауап беремін. Солайша, қораздың да аты белгілі болды. Балалардың барлығы менің қоразымды «японский» атап кетті.Бүгінде букмекерлік кеңселер жетеді ғой. Оларда ақша қоюдың да түрлі тәсілі бар. Біздің «букмекерлік кеңсемізде» ондай айла-шарғылар көп емес-тін. Бір ғана түрі бар. Кімнің қоразы жеңеді, соған бір мықты аналық тауық сыйға беріледі. Бітті. Біздің қораға мекиен толып кетті. Бүкіл ауылдың қоразы барларын түгел жағалап шықтық. Ауылдағы нөмірі бірінші атаман біздің қораз. Қоразбен бірге біз де қоқилана түскенбіз.Осындай барақатты күндердің бірінде «Жасұланда жаңа қораз пайда болыпты» деген хабар жетті. Жасконға бардық.– Төбелестіресің бе?– Жоқ. Дайындап жатырмын.– Дайын болғанда айтарсың.Арада біршама уақыт өткенде Жасұланнан хабар келді. Қораз төбелестің күнін белгіледік. Сол күні кездестік. Ананың қоразы шынында да алып екен. Етті, сүйекті, салмақты. Менікінің жағдайы белгілі. Шынашақтай ғана. «Ұрыста тұрыс жоқ». Басталды да кетті. Қораның шаңын аспанға көтеріп, оған балалардың шаңқылдаған дауысы қосылып, азан-қазан болып жатырмыз. Екеуі де шаршады. Бірінші раунд бітті деген белгі бердік. Дереу қоразымды қолыма алып, жанымда тұрған шелектегі судан ауызға толтырып, қос қанатының астына кезек-кезек бүркіп кеп жібердім. Қоразым бірден есін жиды. Ентіктерін басқаннан кейін екінші раунд басталды. Екеуі де қайтпайды. Бір-бірін аямай соққылап жатыр. Кейде тепкілері бір-бірімен аяқасып, омақаса құлайды. Соққылары да сұмдық. Баланы тепсе, құлататындай күштері бар. Айдарларынан тістеп, айырылмайды. Қылтамаққа да жабысады. Жеңіс үшін барын салып бағуда. Ақыры болмады. Екеуі бірін-бірі тістеген күйінде жерге құлады. Сонда да айырылмай, айбат шегіп жатыр. Тағы ажыратып алдық. Қанатының астына су бүркіп, бастарына мұз басып жүріп, беттерін бері қаратқандай, болдық. Дегенмен, тыныстары тарылып, демалулары қиындап, әбден әлсірегендері білініп тұр. Әлден уақыттан кейін барып үшінші кезеңді бастадық. Бірақ екі қораз бір-біріне беттей алмады. Кездесу тең аяқталды. Осы кездесуден кейін біздің «японскийден» бақ тайды. Тіпті, төбелеспей қойды. Сонымен, оның «спортшылық», менің «бапкерлік» ғұмырыма нүкте қойылды. Бапкерлікті жалғастыра беруге де болар еді. Дей тұрғанмен біз бұл кезде қызықтың басқа түрін тапқанбыз.
Есек көкпарКөкпар – қазақтың ұлттық ойыны. Мұның атауына қатысты да талай аңыз бар. Заманында бабаларымыз көк бөріні тақымдаған екен дейді соның бірі. О кездегі аты да «көк бөрі» болған деседі кәріқұлақтар. Келе-келе көк бөрі сөзі қысқарып, көкпар болып кеткенге ұқсайды.Бабалары қасқыр тартқанда балаларының есекпен егеске түскені ерсі көрінетіні хақ. Айтып-айтпай не керек, ұрпақтың ұсақталғанына куә болатын көрініс қой. Бірақ есек көкпардың да өмірімізге енуі еріккеннен емес. Алдымен кәмпеске болды. Одан ашаршылық келді. Сосын соғыс. Ел есін енді жинай бергенде Хрущев қазақтың бар жылқысын орталыққа жинап алды. Содан ат түгілі, аша тұяқ мінген де кездері болған бұл жұрттың. Осы сәттен бастап балалар шалдар мінетін есекке әуес болғанға ұқсайды. Ақыры бала ойындарының бірі есек көкпар да үрдіске айналса керек. Біз солай топшылаймыз.Есек көкпарды ауылдың шетіндегі сиыр қорада ойнайтынбыз. Табылса тері тартамыз. Болмаса, әжеміз жүн сабайтын тулақты талап кетеміз. Сондай күндердің бірі еді. Есек көкпардың белді шабандозы – Нағи. Өзі менің өте жақын туысым. Додаға да кіреді. Жата қап тартысқанда тақымдыны төңкеріп тастайды. Өзі де тастақым. Бірақ осы Нағи бір күні есек көкпардан оңбай таяқ жеді. Топтан сытылып шыға бергені сол еді, ер-перімен аударылып кеткені. Сөйтсек, тартпасы үзілген екен. Аттан құласаң ештеңе болмайды. Десек те есектен құлаған ең жаманы. Қазақтың өзі «ат жалын, есек тұяғын тосады» деп бағзы заманда айтып кеткен ғой. Міне, біздің Нағиға есек тұяғын тосты. Тосқаны сол жерге құлаған оны таптап өте шықты. Мұрны даладай қанады. Құлаған кезде тап мұрыннан басқан екен. Содан танауы таңқиды да қалды. Осы күні сәл-пәл өсті ғой. Сонда да танауы әлі күнге делиіп жүреді. Мұндай қызық бастан талай өтті. Оның бәрін санамалай бермей Талдықорған жақтағы есек көкпардың қалай екеніне соғайық. Белгілі журналист Дәулетхан Жиенқұлов балалық шағын былай еске алады.– Біздің сыныпта Ахат деген бұзық бала болды. Оқуы нашар еді. Сонысына қарамай орысшаға жетік-тін. Оның себебі де бар. Біріншіден атасы ардагер болатын. Екіншіден сол «фронтовик» атасының майдан шебінен жетелей келген украин әжесі де оның орыс тілін жетік білуіне ересен еңбек сіңірді. Бірақ, Ахаттың бұзықтығында шек жоқ. Сонысына қарамай мектептегі спорттың да барлық түрін меңгерген. Ауданда өтетін футбол жарысына да, жүгіруге де, волейбол мен баскетболдан өтетін турнирлерге де барады. Бірінен қалмайды. Онымен тоқтамай көше «спортының» да бел ортасында жүретін. Қыста ауылдың шетіндегі кішкене ғана өзенге мұз қатады. Соған хоккей ойнайтын да Ахат, көктем шыға жер сызып, көше-көшені қыдырып жүріп асық ұратын да Ахат. Тіпті, ләңгінің түбін түсіретін. Бірлікпен тебу, жұптап тебу, секіріп тебу, тізенің астынан алу дегенде алдына жан салмайды-ау, сабазың. Сөйтіп, көктемде күн жылына ауылдың шетіндегі қотанға қозы жайып шығамыз. Есек деген көп. Көшеде қоқыс жейді, желмен ұшқан қағаздарды шайнайды, әйтеуір толып жүретін. Есекті біріміз ерттеп, біріміз жәй тоқым салып мінеміз. Арамызда жайдақ мініп, «тұлпарын» таяқпен қақпайлап жүретіндер де бар. 10-15 шақты қара жиналғанда, ауылдың шетіндегі бір үйдің, әдетте қора жағында жататын ешкінің тулағын әлгі пысықтардың бірі алып шығады. Бұндай жасырын операцияға көбіне тағы да сол Ахат барады. Мақсат – есек көкпар тарту. Басында бейберекет әркім өз мүмкіндігін көрсетіп, жан-жаққа тартқанымызбен, кейіннен көше-көше боп тартысатынды шығардық. Бір күні кезекті кездесу өтетін болды. Есектерімізді жаратып, қотанға жиналдық. Біздің көше мен «қотыр көше» тартысады. Жаңағы Ахат сол «қотыр көшеден». Басы жап-жақсы тартыспен басталған. Аяғында қызды-қыздымен балалардың біреуі екіншісінің есегін қамшылаймын деп, басқа бір жүгермектің өзін салып жіберіпті. Жон арқадан тиген қамшы осып түскен. Баж ете қалды. Ойын тоқтады. Бірақ, Ахат тулақты тақымынан босатар емес. Көк есектің үстінде бір жағына қисайып жатып алған. Ал қамшы тиген бала, бүкіл даланы басына көтере бажылдап, есегіне қамшыны басып, үйіне қарай тартты. Сүт пісірім уақыттан кейін жылап кеткен баланың дауысы одан бетер бақырып, оны есегімен қосып алдына салып бір атты шауып келе жатты. Бәріміз үрпиісіп-ақ қалдық. «Ойнап жүріп неге жылайсың деп сабаған шығар» деді арамыздағы біреу. «Ал ендеше, артындағы атасы. Енді бізді өлтіреді» деді екіншісі. Сөйткенше болған жоқ, қасымызға жетіп келді де, бәрімізді қуып кеп берді. Есектер жайында қалды. Тым-тырақай қашып барамыз. Жаяулатып жан-жаққа бытырап қаштық. Енді ше, есекпен қашсаң, екі аттатпай ұстап алады ғой. Қотанның айналасы қалың ши болатын. Онымен қоймай борпылдақ топырақ еді. Жандалбасалап бетіміз ауған жаққа безіп барамыз. Қозы жайына қалды. Ахат есегін де, тақымындағы «көкпарын» да тастай салып безді. Ол желаяқ, біз түгіл атты шалға да жеткізбейді оңайлықпен. Шал қуып жүріп бір-екеуімізді ұзын қамшысымен бір-екі осып-осып өтті. Қамшы тиген екеуі-үшеуі ирелеңдеп, ойбайға басып жатыр. Шынын айтсақ, түкке түсінбедік. Не үшін ұрып жүргенін де білмейміз. Әйтеуір, «құтырынып» алған шалдан құтылғанымызға қуандық. Ши-шидің арасынан сығалап жүріп, бірер сағаттан кейін қозымызды жинап алып, үйге тайдық. Сөйтсек, тулақты күнде бір үйден «ұрлайды» екенбіз ғой. Құдайдың құтты күні терісі жоғалып терісіне сыймай шал жүреді. Оны тағы өзінің немересі алып шығады екен. Сол күні қамшы тиіп, үйіне жылап барған бала мән-жайдың бәрін атасына айтады. Атасы бірден атқа мінген. Соңы жаңағыдай аяқталды.Ең қызығы, Ахат үйіне барса, әлгі шал атасымен бірге шайды сораптап әңгіме соғып отыр екен. Қамшысы басында ойнаған шалды көрген біздің батыр тұра қашады. Солайша, әлгі ақсақал кеткенше үйіне кірмейді. Дегенмен, бұйырған таяқ далаға кетсін бе? Есесіне, атасы өлімші етіпті. Сабап жатып «өткізем деп жүрген терісін түгел жыртып тастапсыңдар, қуаяқтар» дейтін көрінеді.Есек көкпар туралы жылы естелік айтамыз қазір. Өйткені, ол біздің балалық шағымыздың ажырамас бір бөлігі. Ауылда өзі есекті бала күнінде, сосын қартайған шағында мінеді. Ержете бастағаннан есек жайына қалады. Ол кезде атқа ауысасың. Сенің есейе бастағаныңды ағаларың тай басбілдіріп сынайды.
Тай үйретуКөктемнің кезі еді. Нұртаза көкемнің базына бір үйір жылқыны қамаған біздің үйдің жігіттері тайларға құрық сала бастады. Шетінен ноқталап, алып қалды. Үйірді еркіне жіберді. Тайдың бәрін үйге алып келді. Түстік ішіп отырғанда Бектөре ағам «тайға мінесің бе?» деген. Біз асаулығын айтқанбыз. Ағаларым әр жерден шулап кетті. Әңгіменің тоқетері жігіттікке келіп тірелгенде бізге де айтатын сылтау қалмаған еді.Бірі асауды жүгендеп, екіншісі ер-тоқымын салып, тартпасын тартты да маған қарады. «Мін!» дейді. Қорқақсоқтап тұрып үзеңгіге аяқ салдық. Міндік. «Тізгінді мықтап ұста, таралғыға аяғыңды салма» деген. Қайдағы, кішкентай аяғымыз үзеңгіге жетпейді. Тізгінді мықтап ұстауға күшіміз кем. Ағам асаудың басын жібере салды. Өмірінде жүген көрмеген бәле оқалақ тигендей туласын келіп. Алдымен екі артқы аяғымен тік тұрды. Одан кейін күшін екі алдыңғы аяғына салып, мөңкіді. Осы тұста жел ұшырған қағаздай болып аттың екі құлағының арасынан біз де қалықтап бара жаттық. Жерге мысықша түстік. Еңбектеп тұрмыз. Осы сәт артыма қарап қалсам, асау дәл төбемде екі аяғымен тік тұр екен. Ал, қаш! Қашқанда да жүгіру деген жоқ қой. Еңбектеп алып, басымыз салбыраған күйі тыпырлап бара жатырмыз. Қанша жерге дейін баратынымды Құдай білсін. Бірақ басымыз қораға тоқ етіп соққанда тоқтадық. Ағаларым ішек-сілелері қатқанша күліп қалыпты. Ал мен ызадан булығып әрең тұрмын. Қалш-қалш етеміз. Кеудені балалық намыс буып тұрғанда ағаларымның күлкісі одан сайын шамға тиіп, екі көзден еріксіз жас парлады.– Мінесің бе?– Мінемін!«Тағы құлайсың ғой» деп жатыр. Мынандай күлкіге қалғанша, аттың сауырында кеткен артық. Ауыл балалары тумысынан намысшыл келеді ғой. Бізді де өлтіріп бара жатқан осы бір намыс деген нәрсе еді. Қайта міндік. Тізгінді жібере салып, аттың мойнына тас кенеше жабысқанымыз есте. Одан арғысын білмейміз. Әйтеуір бір сәтте үстіндегі бақшаның матадан жасалған күзетшісіндей болған бәленің түспейтінін білді ме, әлде ашуы тарқады ма, асау жуасыды. Ентігіп, пырылдап тұр. Осы кезде еңсемізді көтеріп, тізгінді қолға алдық. Бірақ тайдың басы біз бұрған жаққа жүрмейді. Ықтап алып, қораны жағалап әлек. Қызық көріп тұрған ағаларым жүгенді әрі-бері тартып, аузын жыру керектігін айтты. Күшіміз жетпесе де, күшеніп жатырмыз. Қорыққаннан терге малынғанбыз. Оған күштеп аттың аузын жырып жатқанымызды қосыңыз. Сонымен сілеледік. Дегенмен, асау жалғыз емес-тін. Әлі бірнешеуі бар. Біз ентігімізді ала бере екіншісіне отырғызды. Ол алдындағысынан күшті екен. Жалынан ұстатпай мөңкиді. Әлденеше рет жерді сүйдік. Қайтпай жүріп оны да жуасытып алдық. Жылқы жарықтық бір жуасығаннан кейін жақсы ғой. Оның үстіне тай кезінде басбілінсе қолға ерте үйреніп кетеді. Кешке дейін асаумен алысып, ас-суымызды ішпеген күйі құладық-ау. Ертесі екі тақым алдыртпайды. Піштірілген баладай талтаң-талтаң етеміз.Күзге салым көктемде ұсталмай қалған күрең төбелге құрық тиді. Анасы қысыр қалған екен. Қысырақты емген құнан шығатын аттың күші көп болады. Оның үстіне жаз бойына таудағы бар құнарлы шөпті жеген. Мойыны күжірейіп-ақ тұр. Жалы да жалпақ. Таза асау осы екен. Бір мінгеннен жуасып, ырқыңа көне кететін тайға мүлде ұқсамайды. Мінсең болды, лақтырып жібереді. Тулаудың да түрлі әдісін меңгерген бе дерсің? Тулаған жағына қарай ыға берсең, жалт ете қалады. Денеңді жиып үлгере алмаған күйі домалап бара жатасың. Секіріп мінеміз. Секіріп лақтырып тастайды. Осы асаумен үш күн бойына алыстық ақырында. Үшінші күні барып «тағдырына» көндікті. Енді аузын жыру басталды. Екі езуінен қан аққанша жырғанымызбен, мойны бәрібір қатпайды. Басы екі жаққа қатар бұрылғанмен, бағытынан айнымайды. Сөйтсек, мойыны қатты екен ғой.Үйде үлкендердің ешқайсысы жоқ болатын. Шешеміз сиырдың келмегенін айтты. Қорадағы аттарды ағаларым мініп кеткен. Әлгі күрең төбел ғана қалған. Оны қораның ішінде ғана үйретіп жүргенбіз. Далаға әлі шықпаған. Жаяу жоқ іздеуге құлық болмады. Оған қоса жаяулатып таба да алмайсың. Күрең төбелді алдымен сипалап көрдік. Адамның қолынан шошымайтын дәрежеге жетіпті. Тоқымы мен ерін салдық. Тартпаны арғы беттен иіліп ала бергенде, сарт еткізіп бір тепті. Қашып үлгердік. Әйтпесе мұрттай ұшыратын еді. Дегенмен, ерді жатырқап, мөңкімеді. Салғанымыз салған жерімізде тұр. Ұзын ағашпен тартпаны тартып алдық. Сосын тарттық. Жүгенін кигізіп, сыртқа шығардық. Иттен де үрікпей, мысықтан да шошымай ауылдан шықты. Далада келе жатып қарасақ, жүгеніміз ауыздықтан шығып кетіпті. Түсіп, қайта салуға қорқамыз. Аттың үстінде қайта салдық. Бірақ шығып кете береді. Сөйтсек, жүген үлкен атқа лайықталған екен. Ол мынаған үлкендік қылады. Оны қайдан білейік? Қайта-қайта шығып кете берген соң, жүгеннің төбесінен қос уыстап ұстап алмаймыз ба? Аузын ауыздық буғасын ат жүре ме? Бір орнында тұрды да қойды. Оған ерегескендей ауыздықты біз де тарта түстік. Осы кезде жаны қысылған күрең төбел екі аяқпен тік тұрды. Сасқанымыздан жүгенді одан сайын тартыппыз. Ат артқа қарай аунап кетті. Біз астында қалдық. Дей тұрғанмен ол да, мен де жылдам тұрдық жерден. Асауым есеңгіреп қалыпты. Менің де жағдайым оныкінен тәуір емес. Қанша отырғаным есте жоқ. Күн ұясына батуға тақау екен. Мысықтабандап тұлпарыма бардым. Қимылсыз тұр. Шылбырынан ұстап ем, қарсылық көрсетпеді. Бірақ қайта мінуге жүрегім дауаламады. Жетектеп ауылға келдік. Көшедегі адамдардың бәрі маған біртүрлі аянышпен қарайтын сияқты ма, қалай? Арасында «маңдайыңа не болған?» деп сұрап жатқандары да бар. Маңдайымды сипаласам, ісіп кетіпті. Атты қорасына байлап, үйге келдім. Сиырды таппай қайтқанымызды айтып жатырмыз. «Қарасан келгірдің өзі келді жаңа» дей берген шешемнің көзі шарасынан шығып кете жаздаған. Өбектеп қалды. Әдетте иіні қатты анамыздың бұлай жұмсаруы неліктен? Айнаның алдына барып қарасақ, маңдайымызда ай тұр! Иә, кәдімгі жаңа туған айдың бейнесі. Іші толған қан. Сөйтсек, ат үстімізге құлағанда маңдайымызға тұяғы тиген екен. Тұяқ маңдайды қанатқанмен, теріні жыртпаған да, іші қанға толып қалған. Ал аттың тұяғы тиген жер айдың бейнесін келтіреді көз алдыңа. «Ай маңдай» болып бір ай жүрдік. Кейіннен өзінен-өзі тарқап кетті.Содан мектеп бітіргенше талай асаудың ашуын басқанымыз бар. Бүгінде темір тұлпарға мініп, ат дегенді ұмытқалы қашан?! Әгәрәки, ауылға барып атқа міне қалсаң, үш күн бойына тақымыңды ала алмай жүретін жағдайға да жетіппіз.
Түйін сөз: Балалық шаққа саяхаттауымыздың сыры жоқ емес. Балалардың жазғы демалысы келді. Дегенмен, көшеде қораз төбелестіріп, есек көкпар тартып, тай үйретіп, ләңгі теуіп, жалақ ойнап, «пароль» сұрап жүрген бала көрмейсіз. Бірі монитордың алдында монтиып отыр. Екіншісі, дискіден мультфильм қарайды. Үшіншісі, планшетте ойын ойнайды. Әйтеуір, бүгінгі баланың ермегі осындай болып кетті. Заман осылай шығар. Бірақ олар техниканы меңгеріп үлгереді ғой. Сондықтан балаға тән іспен айналысса дейсің. Бала шақта. Өйткені, балалық шақ пен болашақтың арасы бір-ақ қадам.
Ержан БАЙТІЛЕС,«Егемен Қазақстан».Қызылорда облысы.