• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Мамыр, 2019

Алғысы шексіз, пейілі ақ

1130 рет
көрсетілді

Ингуш ағайындар туған жерінен еріксіз көшіріліп, Қазақстанға жер аударылғанда Мұхарбек Явлоев оң-солын әлі тани қоймаған 12 жастағы бала болатын.

Тоқсанға аяқ басқан ақсақал атамекенді амалсыз тастап кетуге мәжбүрлеген сол кезеңнің сұрқия саясатын еске алса, тамағына өксік тығылып, жанарын мұң шалады. – 1944 жылы қыстың қақаған аязында ауыл тұрғындарын жинап, орыс тілінде сөйлеген әскери адамдар жарты сағаттың ішінде буынып-түйініп, тез арада жолға шығуға бұйрық берді. Ойын баласымыз. Не айтып жатқанын түсінбейміз. Әйелдердің жылап, улап-шулағанына қарап бір жамандықтың болғанын сезгендейміз. Жастар ашуға ерік беріп, көнбейтін пиғыл танытып еді, ақсақалдар жағы басу айтып, сабырға шақырды. Бұл да Алланың маңдайымызға жазған бір сынағы шығар. Жоға­рының айтқанын тыңда­ма­саңдар аямайды. Босқа қы­рылып қаласыңдар. Әлі-ақ бәрі орнына келеді десті.

Содан Қазақстанға 18 тәулік жүріп келіпті. Жел азынаған қырық жамау вагондарға тиелген адамдар күніне бір рет қана тамақтандырылыпты. Оның өзі сылдыр су секілді бірдеңе. Қазақстанға жеткенше аштықтан, аурудан көз жұм­ғандар аз болмапты. Явлоевтер отбасы Петропавл стансасына түскенде інісі қатты ауырып, анасы екеуін ауруханаға жатқызған. Ет жақын туыстарынан көз жазып қалған оны қазір тұрып жатқан Пеньково ауылына әкеліп, бір отбасына қоныстандырған. Табиғатынан ашық, ақкөңіл, еті пысық ол жаңа жерден достар тауып, тез үйренісіп кетті.

1957 жылы депортация­ланған ұлттарға елдеріне қай­туға рұқсат беріліп, Мұхарбек те Кавказға оралады. Мұнда Қара­ғанды қаласының тумасы Гошта деген бойжеткенмен кез­десіп, дәм-тұздары жа­ра­­са­ды. Кейін жас отау ие­лері Қа­зақ­­станға келіп, содан бір­жола тұ­рақтап қалады. Бір шаңы­рақ ас­тында жарты ғасыр­ға жуық түтін тү­тетіп келе жақ­тан ер­лі-за­йып­тылар жеті бала өсі­ріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған.

– Тұңғышымыз әлі жасқа тола қоймаған кез. Бірде күйеуім 4 жастағы қазақ бала­сын жетелеп әкеліп тұр. Қата­­рынан кем қылмай тәр­бие­ле, деді. Аты Талғат екен. Өз тегі­міз­ді бердік. Балалары­мыз­­ды «Тимур және оның дос­тары» дейтінбіз. Бауырлары оның айтқанын екі етпейтін. Ақыл­ды, байсалды болып өсіп келе жатқанда 30 жасында жүрек талмасынан көз жұмды, – деген Гошта әжей өткенді мұңая ойға оралтты. Ол қазір мектеп оқушыларына арнап ұлттық киімдер тігумен айналысады.

Әкімшіл-әміршіл заманның теперішін аз көрмеген олар «балапан басына, тұрымтай тұсына» секілді қиын-қыстау кезде туғанындай қабылдап, жатсынбай бауырына басқан, жарты құртты бірге бөліп жеген қазақ халқының жомарттығын, меймандостығын еш ұмытпақ емес. Алғыстары шексіз, құр­мет­тері зор, пейілдері ақ. Қазақ­стандай елде тұрып, әдемі қарт­тық кешіп жатқандарына шүкір­­шілік етеді. Кішіпейіл­ділік те – кісілік. Одан ешкім кіші­ре­йіп қалмайды. Өскелең ұр­пақ біз­дің татулық, бірлік, тү­сі­ніс­тік­ке негізделген дәс­түрі­мізді сабақ­тас­тықпен жалғас­тыр­са, өт­кен шынайы тарихымыз­ды біліп өссе, ұмытпаса деген ті­лек­терін қай­талаудан жалықпайды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы