Бүгінде бұл қоғамдық институт өзге елдер үшін ұлтаралық келісімнің үлгісіне айналды. Бірлессек, бірге болсақ, барлық халықты ойласақ қана үлкен жеңістерге жетеміз.
Еліміздегі тұңғыш Достық үйі шығыста – Өскемен қаласында 1992 жылы ашылғаны белгілі. Ол кезде 9 ұлттық бірлестік қана болған-ды. Ал қазір өңірімізде 13 Достық үйі бар, олардың құрамында 123 этномәдени бірлестік белсенді жұмыс істеуде. Мемлекет тарапынан ұлттардың мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Ол жерде неміс, татар, белорус, чешен, армян, әзербайжан, украин, иврит, корей тілдері оқытылады.
Соңғы екі жылда облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Даниал Ахметовтің бастамасымен «Шығыс Қазақстан этностарының мәдени мұрасы» жобасы аясында өңір елді мекендерінде сақталған қазақ, орыс және татар фольклорын зерттеуге жеткілікті қаржы бөлінді. Облыс басшылығы тарапынан этномәдени бірлестіктерге этностық мерекелерді өткізуге, көрмелерді, семинарларды, шеберлік сабақтарын, конференцияларды ұйымдастыруға, ұлттық киім-кешектер тігуге жәрдемдесіп тұрады.
1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде өзім жетекшілік ететін облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігіне 2500 адам мүше. Біздің бірлестігіміздің «Ритм» деген би тобы бар. Өңірдегі, қаладағы барлық іс-шараға қатысып жүреміз. Өскемендегі Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы жанындағы Жаңғыру мектебінде аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың тілдері тегін оқытылады. Әзербайжан тілі де аптасына бір рет оқытылады. Бізге өз тілімізді, ділімізді, салт-дәстүрімізді оқып-үйренуге мүмкіндік беріп отырғаны үшін мемлекетке алғысымыз шексіз.
Тіл дегеннен шығады, жалпы, шығыстағы әзербайжан жастарының көбі қазақ тілін жақсы біледі. Қанша дегенмен түбі бір түркі жұртының баласымыз ғой. Менің зайыбым – қазақ қызы. Достық, татулық, бірлік-береке осыдан басталмай ма? Маған еліміздегі өзге диаспора өкілдері бір үйдің балаларындай көрінеді. Бір-бірімен араласып, біте қайнасып кеткен. Осы бірлігімізден, осы ырыс-ынтымағымыздан айырылмасақ екен. Баршаларыңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын.
Элвин ДЕМИРЧИЕВ,
облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы
ӨСКЕМЕН