Сенбі, 9 ақпан 2013 7:22
Шарқ ұрып ауылымды сағынып келемін. Сағынышқа толған жүрегім еркінен тыс дүрс-дүрс балға ұрғандай соғады. Көз алдыма туған ауылдың бейнесі, аяулы анамның жол қарап жүрген сұлбасы елестейді. Көрші Егінбай әкемнің немересін алдына салып ыңылдап отыратыны, құрдасым Рүстемнің ақжарма күлкісі…бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр. Көңіл құрғыр елжіре-е-еп-ақ кетеді. Ескірген есіктің топсасындай тозған сары автобус шиқылдап ілбіп келеді. Ұзыннан сұлаған қара жол көкжиекке сіңіп жатыр.
Сенбі, 9 ақпан 2013 7:22
Шарқ ұрып ауылымды сағынып келемін. Сағынышқа толған жүрегім еркінен тыс дүрс-дүрс балға ұрғандай соғады. Көз алдыма туған ауылдың бейнесі, аяулы анамның жол қарап жүрген сұлбасы елестейді. Көрші Егінбай әкемнің немересін алдына салып ыңылдап отыратыны, құрдасым Рүстемнің ақжарма күлкісі…бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр. Көңіл құрғыр елжіре-е-еп-ақ кетеді. Ескірген есіктің топсасындай тозған сары автобус шиқылдап ілбіп келеді. Ұзыннан сұлаған қара жол көкжиекке сіңіп жатыр. Құдды біздің ауыл алыстап кеткендей. Шіліңгір шілдеде ауылдағы балалар мөлдіреп ағып жатқан Қабырғаның суына шомылып жатқан шығар, ә! Кім білсін, әлде шөп шауып жүр ме екен? Есіме балалық шақтың бақытты кезеңдері үзік-үзік оралады. Әжем, Ақбас атам, Ақатай… бәрі жиылып күтіп тұрғандай сезіледі. Ол кісілерден мен жырақ, жо-жоо-жоқ олар менен жырақтап кеткелі қашан ана жаққа. Сағынышты өмір-ай!
Ауылдың ортасына кірдік. Адам танымастай өзгерген. Құлап қалған үйлер, олардың қаңырап, үңірейген қабырғалары. Бетін аулақ қылсын, бейне бір соғыс болған жерден аумайды. Автобустан түсе кластасыма жолықтым. Құшақтасып жатырмыз…– Үлкен қалада не жаңалық бар, демалыс па? – дейді.– Бәрі жақсы, ауылға аунап-қунап қайтқым келді.– Өздерің қалай? Не кәсіп істеп жүрсіңдер?– Кәсібіміз сол, үй бұзу, отын жинау, мал бағу….Тағы бірдемелерді айтқан болды. Естіген жоқпын, естігім де келмеді. Біртүрлі көңілім құлазып кетті.Біздің бала күнімізде ауыл көңілді еді. Ауыл адамдары ақжарқын, қақ-соқпен жұмысы жоқ, уайымсыз ғұмыр кешіп, шат-шадыман жүретін. Ол кезде елде шежірелі қариялар, иманды әжелер өте көп болатын. Әрбір үйде төбедей болып бір-бір үлкен кісі отыратын. Үлкен кісі бар үйде имандылық дән себеді. Шағын ауылда бейберекет ұрыс та, одағай қылмыс та орын алмайтын. Егерде ағайын арасында орынсыз жағдай туып қалса, елдің жасы үлкен қариясы Есімсейіт атаға барып жүгінеді. Ол кісі болса шешілмей қалған түйінді қолма-қол шешіп, әділдігін айтады. Міне, осындай берекесі ұйыған елде өстік.Ауылымыздың аты Қабырға деп аталады. Басын Ұлытаудан алып, батысқа қарай қыздың бұрымындай өріле аққан Торғай өзенінің бір саласы… Ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде «Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай төресіндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады», деп жазғаны бар. Демек, Қабырға деген жердің ептеп болса да көпшілікке мәлім екені аян.Туған жеріміздің тарихы да тереңде жатқан құпия қойма секілді. Оны маған әжем марқұм шым-шымдап сыр ғып шертетін. Әжем айтқан сол әңгіменің бәрі ертегі секілді еді… Есейе келе солардың шындық екенін түсіндім. Торғай жұрты аузы дуалы әулие деп дәріптейтін көреген Сары Қошқар батыр біздің бабамыз болып келеді. Бейіті де ауылдың іргесінде. 1993 жылы батырдың 300 жылдығы ерекше салтанатпен атап өтілді. Оған Алматыдан ақиық ақын Ғафу Қайырбеков келді. Бала болсам да ақынды көргім келіп, сыртынан барлап жүрдім. Барлық өлеңдерін жатқа білем. Бір сәт дауылпаз ақын сахнаға шығып, қыран дауысымен өлең оқығанда шуылдап отырған жұрт сілтідей тына қалды.Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанындағы Баянның досы, ерен батырлығымен көзге түскен Жанатай батыр да осы жерде туып, дүниеден озған. 1919 жылы Торғай облыстық атқару комитетінің мүшесі әрі милиция бастығы, 1926 жылы РСФСР Жоғарғы Сотының Қазақстан бөлімшесінде алқа мүшесі болған Кенжеғұл Бүркітов, небары 30 жасында Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген Еркін Шайкенов, ғалым-жазушы, журналистер Сапабек Әсіп, Бөгетбай Әлмағанбетов, ақын Байдақ Молдашев, жазушы Қоғабай Сәрсекеев, Жұматай Сабыржанұлы, химия ғылымдарының докторы Мүбарак Ермағанбетов, математик-ғалым Ұғыбай Бектұрсынов, ғылым кандидаттары Қайыржан Баймағанбетов, Кәкен Оспанов, Рамазан Боқанов есімдерін ерекше мақтаныш тұтамыз.Бұрын ауылда қазыналы қариялар көп еді. Көзім көрген Есімсейіт, Бұзау, Шайқыстан, Әлім, Боқан, Төлеу, Ақбас, Бөпіш, Талқанбай аталарым жиі есіме түседі. Сағынамын. Осы ақсақалдар ауыр кезеңде уақытпен санаспай еңбек етті, қан майданды бастан кешті. Елдің бірлігі мен берекесін сақтады. Келешек ұрпаққа үлгі бола білді.Студент кезімде ауылға демалысқа келген сайын міндетті түрде үлкендерге сәлем беремін. Ол кісілер бір марқайып қалады. Кейде отырып әңгімеге айтады. Жаңа көркейіп келе жатқан Астана туралы да сұрап қалады. Шамам келгенше жауап беремін. Осы жолмен Төлеу ақсақалға келдім. Ауыз толтырып сәлем бердім. Ептеп әзілі бар ақсақал, сұрақты жаудырып жатыр.– Балам Елбасын көріп тұрасың ба?– Жоқ, әке.– Әй, қалқам Боқан болса көрдім дей салар еді, – деп қария мырс етті. Жаңа елордаға қоныс аударған құрдасы Боқан қарияны сағынған болар деп ойладым. Бүгінде екі ақсақал да өмірде жоқ. Боқан әке астанада дүниеден озған. Балалары сүйегін ауылға апарып қойды. Ауылда қалған сарқынды қариялардың соңы болып, бір қария ғана жүр. Өтіп жатыр, кетіп жатыр дүниеден… Күмістелген мүйіз шақшаларынан насыбайын нәшіне келтіріп, шүйіре атып, үзік-үзік сөйлеп үзілдіріп қоятын, қилы-қилы тарихты тереңнен қозғап тамсантып отыратын шежірелі қариялар да тарихқа айналып барады.Біз оны кеш түсініп жүрміз.Ауылдың ортасында 1969 жылы бой көтерген мәдениет үйі болды. Еңселі, ауылға ерекше көрік беріп тұратын. Ол кезде клубта үнемі кино қойылады. Бала болсақ та кинодан қалмаймыз. Үнді киносы келгенде малды ертерек жайлап, клубқа қарай зымыраймыз. Киноға кіру билетінің құны – 20 тиын. Қазіргі таңда жас балғындарға айтсақ, сенбей қалуы мүмкін. Киномеханик марқұм Шәкен ағай, білімді азамат еді. Ауданнан түрлі киноларды алып келіп көрсетеді. Кейде ауылға алыстан ат арытып әншілер келеді. Қазіргі белгілі деп жүрген әншілердің дені біздің ауылдағы клубта тамылжытып ән салған. Олар келгенде ауыл жұрты бір жасап қалады. Қауырт жұмыста шаң-тозаңға көміліп жүретін аға-жеңгелеріміз жуынып-шайынып, қаздай тізіліп клубта отырады. Ауылға сол кезде республикаға аты мәлім облыстық «Шертер» ансамблі жиі келеді. Оның себебі де бар. Ансамбльдің маңдайалды әншісі Сайлау аға біздің ауылда туған. Ордабай әкемнің ұлы. Бұл әулетте туғандар тұқымымен өнерпаз. Темірәлі Бақтыгеревтің «Барып қайт, балам ауылға» атты әнін домбырамен бабына келтіре орындайды. Осы әнді тыңдап отырған әжелеріміз көзіне жас алып, көңілдері босап қалады. Ауылдың ажары болған мәдениет үйі де өткен ғасырдың соңғы ширегінде бұзылып қалды. Бірде осы үйінді болып қалған клубтың жанында Айдос, Ардақ, Аманжол төртеуміз әңгімелесіп отырдық.Қою қара сия түн. Ай сәулесі сығырайып түсіп тұр. Ауыл қалың ұйқыда. Әңгіме желісі оқыған тарихи кітаптар және батыр бабалар жайына ойысқан. Көне тарих қатпарынан сыр шертіп, бабаларымыздың тегіміз Көкбөрі дейтіні тегін айтылмағанын, олардың он үш жасында отау иесі, он бесінде қолына қару алып елі мен жерін жаудан қорғағаны туралы, ал біздің етегімізді жия алмай, ата-ананың жетегінде жүргенміз сөз болды. Ұят-ай. Кенесары мен Наурызбайға тамсана тоқталып, Абылай ханның түсін жорыған Бұқар жыраудың әулиелегіне бас иіп барлық қазақтың тағдырын болжағандай сәйкес келетініне таң қалдық. Ақыры төртеуміз біз кімбіз деген сұраққа тірелдік. Ойланып қалдық.– Құрт-құмырсқа, жо-жо-жоқ, – дейді Айдос.– Бақа-шаянбыз.– Қалай? Бізден кейінгі ұрпақтар да бар емес пе? – Күліп жіберді. Бәріміз де күлдік. Неге? Бақа-шаян болғанымызға ма? Қызық…Біздің ауылдың адамдары әзіл сөзге ұста, шеттерінен бір атары бар жандар. Байқамасаң, қонақ болып келген кісіге «жапсырма» есім қойып жібереді. Ауылда Серік деген есім көп. Бір-бірін шатастырып алмау үшін Кәпір Серік, Қойшының Серігі, Тәй-тәй Серік, Торғай Серік деп атап жатады. Ауылдың жалғыз ақыны бар. Ол менің Жылқыбай көкем. Осы жерде туған. Әке-шешесі кезінде совхоздың орденді шопаны болған, елге сыйлы адамдар. Абыройлы әке-шешенің арқасында Жықаң жалғыз ұл болып, ерке өсті, ешкім бетінен қаққан жоқ. Кейін әкесінің жолын қуып шопан болды. Ауылда той өтсе ең алдымен думанды Жықаң бастайды. Қара домбырасын күмбірлете шертіп, қарлыққан дауысымен өзінің өлеңін айтады. Жазған өлеңдері том-том болып қара дәптерде жиналып жатыр. Еш газетте жарық көрген емес. Ағамыздың Катя деген сүйкімді жұбайы болды. Негізі, Қостанай жақтан…Орысшаға судай. Ауылға келген басқа ұлт өкілдері Катя жеңгеммен емен-жарқын сөйлеседі. Кейін ол кісі ауырып дүние салды. Ағамыз басы сопайып жалғыз қалды. Жықаңның жүдеп-жадап жүрген кезіндегі бір оқиға ойыма оралды.Шіліңгер шілденің ми қайнатар ыстығы. Шақырайған күн тас төбеге ауып, үй іргесін көлеңкелеп, кітап оқып отырғанмын. Анадайдан «Әй!» деген қарлыққан дауысқа жалт қарасам Жылқыбай ағам келе жатыр екен. Кәдімгі әпенді Жықаң. Түрі сұрланып, екі көзі шарасынан шыққалы тұр. Дауысы зілді.– Апаң қайда?Сарайдың алдында Қарашаш әжем мен түбіт түтіп отырған апамдар жаққа қолымды шошайтып: «Әне отыр» дедім. Ол болса сатпақ-сатпақ шалбарының ышқырын байланған кендір жіпті қайтадан ышқына тартып тұрып маған тиісті:– Е-й, осы сен қашан әкім болып мені жарылқайсың?– Қайдан білейін…– Ии-и, сен осы не білесің. – Қолын сілтеп сарай жаққа сүйретіле қозғалды.Біздің ауыл Жықаңды әпенді санағанмен анам «ата-анасы жақсы кісілер еді, біреудің жалғызы ғой, тарығып жүрген болар», деп аяушылық білдіретін. Қолын құр қайтармайтын. Сондықтан, ол біздің үйге жиі келіп жүреді.Жықаңның іс-әрекетін қызықтап, ойым сан-саққа бөлініп тұрған заматта Қарашаш әжем:– Құдай тағала, аман-саусың ба, әй, қара ұл? – деді.– Құдайдың көзі жоқ, – деп дүңк етті ол.– Тәйт әрі! Жаратқан иеге тілің тимесін, өй қағынды неме, сол.– Тілім тисе барсын, керек жанымды алсын, – деп жанарын жасқа толтырып еңкілдеп кеп жыласын. Анам жұбата алмай әуре. Қарашаш әже де, мен де аң-таң болып қарап қалыппыз…Сол көрініс көз алдыма келгенде Жылқыбай ағама жақсылық жасағым келіп тұрады. Қазір елде жалғыз тұрады, зейнеткерлікке шыққан. Ауылға барған сайын ағама барып сәлем берем. Ұзақ отырып әңгімелесем. Көңілі кең, ниеті адал кісі.Бұрын осы ауыл Крупская атындағы кеңшар, Кейін Қабырға ұжымшары болып 40 жыл үлкен шарушылықтың орталығына айналды. Оның Кемер, Бестам, Алакөл деген бөлімшелері болды. Осы шарушылықтың барлығын қосқанда кеңшарда 35 мың қой, 4 мың бас ірі қара, 2 мың бас жылқы қырға өретін. Шаруалар табысының басты көзі – кеңшар малы болатын. Шопандар оны бағып, жұмысшылар жем-шөбін әзірлеп, үй-жай, қора-қопсыларын жөндеп, айлықтарын уақытылы алып тұрады. Ауылда машина-трактор паркі жұмыс істеді.Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындық ауылдың еңсесін езіп жіберді. Зейнетақы жылдап кешігіп, ауылда жұмыссыздық белең алды. Сол кезде қолда ұстап отырған малдың да құны болмады. Тығырыққа тірелген жұрт жаппай қоныс аудара бастады. Ауылда бүгінде 30 отбасы ғана тұрақтап қалды. Он жылдық оқу ордасы орталау мектепке айналды.Ел экономикасы дамыған сайын туған ауылдың тұрмысы кішкене болса да түзеліп келеді. Электр жарығы тұрақты, әр үй де телефон орнаған. Қысы-жазы жол қатынасы үзіліп көрген емес. Алайда, шешімін таппаған мәселе де жеткілікті. Ауыл жұрты ауыз суды өзеннен тасып ішеді. Ауылда жұмыссыздықтың кесірінен жастар тұрақтамайды. Оларға мал бағудан басқа кәсіп көзі жоқ. Елбасының «ауыл әкімдерінің жеке бюджеті болады» деген сөзі көңілге қанат бітірді. Өйткені, қазіргі таңда ауыл әкімдерінің қолында еш қаржы көзі жоқ. Қаржы болмағаннан кейін жүйелі жұмыс жүргізу де мүмкін емес. Содан кейін ауылдағы шешімін таппаған мәселелер қордалана береді.Айта берсе, ауылдың мұңы көп. Бейімбет атамыздың: «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деген сөзі еріксіз ойыма оралады. Ғасырлар бойы ауыл ұлттың ұясы болып еді. Бүгінде ауыл жабырқау күйде. Ұясынан ұшқан құс та алыс кетпейді. Біздің де бір күні ұямызға қарай ұшатынымыз рас. Ұлттың ұясы ешқашан бұзылмасын дегім келеді.Азамат ЕСЕНЖОЛ.Қостанай облысы.