• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Мамыр, 2019

Кремний зауытының құрылысы қашан басталады?

1047 рет
көрсетілді

2016 жылы Екібастұзда «ANSA Silicon» ЖШС кремний зауытын салу жобасын бастаған-ды. Серіктестік таратқан ақпаратта кәсіпорын іске қосылған кезде 800 адам жұмыспен қамтылуға тиіс болатын. Үш кезең бойынша салынатын зауыт 2017 жылы іске қосылып, кәсіпорын жылына 35 мың техникалық кремний өндіреді делінген. Кезең-кезең бойынша жылдық қуаты 135 мың тоннаға дейін ұлғаяды, құйылған инвестиция көлемі 20 млрд долларды құрайды деген жоспар жасалған еді.

Жуырда қала әкімі Нұржан Әшімбетов қазір инвестиция көзі жоқ екенін, инвестор байланысын үзгенін, сондықтан кремний зауытының жобасы тоқтатылғанын хабарлады. Қазір әкімдік зауыт салуға берілген жерді қайтару жұмыстарымен айналысып жатқан көрінеді.

Жалпы, бұл жоба «Кәсіпкер­лікті қолдау картасына» ен­гізіл­ген. Облыстық әкімдік те ин­вес­торларға қолдау көрсетіп, олар­ды тезірек жобаны жүзеге асыруды бастап, берілген жер учаскесін игеруге шақырды. Зауыт салынатын жер қаладан 16 шақырым қашықта – Нұр-Сұлтан – Павлодар магистральды темір жолы мен автожолына жақын маңайда орналасқан. Келісім бойынша компанияға ГРЭС-1, ГРЭС-2 стансалары арасынан 124 гектар жер телімі берілген. Бұдан бөлек 40 гектар жер тұр­мыстық қатты қалдықтар полигонын құруға бөлінді.

Алдымен бұл жағдайға қа­ла­­­ның атмосферасын лас­тану деңгейін жақсы біле­тін екі­­бас­­тұздықтар алаңдай бастады. Бұған төңіректе жаға­лай қоныстанған мал-жаны бар 33 ауылды қосыңыз. Сондықтан жобаның қоршаған ортаға әсерін бағалауды экологтар мен осы саланың сарапшылары әзірледі.

– Тұрғындардың пікірлері ес­керіліп, жобаның қоршаған ор­таға экологиялық әсері жөнін­де түсінік беріледі. Қоғам­дық тыңдаулар өткізіледі, – деп хабарланды.

Бұл зауыттың инвесторы кім? Инвестиция қайдан келуі тиіс еді? Қалалық әкімдіктің мәліметінше, инвестор «Ansa Silikon» ЖШС – ресми тіркелген отандық кәсіпорын екен, зауыт директоры Серғазы Беркінбаев. Жобаны инвестордың меншікті қаражаты мен банктен алатын қарыз ақшасына салу жоспарланыпты. Жоба бойынша Өс­кемен­нің, Қарағандының маман­дары жұмыс істеп, отан­дық фирмалар зауыт құры­лы­­сын жүргізуге тиіс болды. Бірақ зауытқа қажетті құрал-жаб­дықтар Қытайдан та­сы­мал­­дана­ды. Зауыт іске қо­сыл­ған күнде де қытайлық ма­ман­дар техникалармен жұмыс істеу­дің қыр-сырын жергілікті маман­дар­ға оқытады, үйретеді. Одан соң елдеріне қайтады.

Тоқтап қалған жобаның әу бастағы жоспары тым жақсы еді. Кремний зауытын салуға неліктен Екібастұз қаласының таңдалуы айтпаса да түсінікті. Біріншіден, екі бірдей электр стансасы арқылы зауыт жақын жерден электр қуатын арзанға сатып алады. Екіншіден, шикі­­зат келетін Қарағанды, Ресей жақын, мұнай коксы – Пав­­ло­дардан, жұмыс күші – Екі­­бас­­тұздан келеді. Зауыт басшы­лығы айтқандай, кремний Еуропа, Жапония, Қытайда сұра­нысқа ие. Қалдықсыз өнді­ріс­тің өнімі негізінен, экс­порт­қа шығарылуға тиіс. Өндіріс іске қосылса, жер­гі­лікті бюджетке жыл сайын 500 миллион теңге көлемінде салық түседі. Қоршаған ортаны қор­ғау мақсатында кәсіпорын тө­ңі­ре­гінде 50 гектар аумаққа жа­­сыл желек отырғызылады. Жо­ба­да жасалғандай, жоғары тех­­но­логиялық заманауи тозаң тұт­қыш құралдар орнатылады.

Алайда, құрылыс басталмай жатып-ақ, қалада онсыз да ауаға зиянды қалдықтар шы­ға­ратын өндірістердің орта­сын­да қалғанын айтқан қоғам белсенділері наразылық біл­дір­гені де есімізде. Былтыр қоғам бел­сенділерімен, жұрт­шы­лық­пен кездескен «Ansa Silicon» ЖШС директоры Серғазы Бер­кінбаев, жоба жетекшілері Бауыржан Алтеев пен Жақып Күл­тайұлы Қарағандыда да кремний зауыты бар екенін, өндірістен қалаға ешқандай қауіп-қатер жоқ екенін айтқан-ды. Инвестициялық әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыруға әзірміз деген болатын.

– Жоба міндетті түрде эколо­гиялық сараптамадан өткізіледі. Бұл заңда қарастырылғандықтан, мемлекеттің бақылауында. Тұр­ғындардың келісімінсіз зауыт құрылысы басталмайды, – деген еді компания өкілдері.

Әрине, Екібастұздағы кремний зауытының жобасы қан­дай мақсатта тоқтатылғаны әлі белгісіз. Мүмкін, жобаның әлі де нақты дұрыс жасалмағаны да, әлдеқалай басқа да себептер болған шығар. Тіпті қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің жобаның тоқтағаны туралы мәлімдегені таңсық емес. Елімізде қаншама жобалар осылай құр дақпырт­пен басталып, ашылып-жабылатыны жұртшылыққа онсыз да белгілі.

Айтпақшы, күні кеше тағы бір жаңалық өңір тұрғындарын елең еткізді. Облыс әкімі Болат Бақауов Нұр-Сұлтанда АҚШ, БАӘ, Пәкістан инвесторларымен кездесті. Әкімдіктің бас­па­сөз қызметінің хабарлауынша кездесуде шетелдік инвес­тор­лармен өңірде жүзеге асырылатын ауқымды жобалар барысы талқыланған. Облыс әкімі кездесуге қатысқан Біріккен Араб Әмірліктерінің компания­сын алдағы уақытта облыста кремний зауытының жобасын жүргізуге шақырып, барынша қолдау көрсететінін айтыпты. Осылайша, бұл кездесу тоқырап қалған зауыт құрылысының қайта жандануына түрткі болар деген үміт отын қайта жақты.

 

Павлодар облысы