Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында әлеуметтік салаларға басымдық беруі ел мен жерге, тарих пен дәстүрге, білім-ғылым ісіне, тәлім-тәрбие мұраттарына баса назар аударуы әлемдік даму мен озық тәжірибе үдерістерін, уақыт рухын терең танып, сезінуге мол мүмкіндіктер берді.
Елбасының өмір тәжірибесінен, уақыт рухынан туындаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңыздылығы айқын, тағылымы мол тұжырымдамалық мақалалары, сөз жоқ, тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық идеологияны нығайтуға, осының негізінде түркі әлемі мен дала өркениетін дамытуға басымдық берді. Ұлт тарихы мен мәдениет мәйегін кең түрде көрсету арқылы түркі әлемін, оның адамзат дамуына қосқан үлесін жан-жақты айқындады. Ұлт тарихының бастаулары мен қайнарларына, елдік мұрат пен дүниетаным арналарына, халық әдебиеті мен фольклорлық мұраларына, тұғырлы тұлғалар тағылымына терең бойлауға жол сілтеді. Осының бәрі тәуелсіздік тұғыры – ұлт рухының айнасы екендігіне сеніміміз мол. Кемел келешекке зор үміт артып, сенім ұлғая түсті. Бүгінгі күн мен болашақтың баяны жасампаздығымен ден қойғызады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көптің көңілінен шыққаны анық. Ел мүддесі мен сананы жаңғырту жайы, тұлғалар тағылымы және тарихи таным арналары жаңа дерек, тың материалдар негізінде өріс алды. Осы орайда, кеңістік пен уақыт төңірегіндегі өлшемдер өркениетті елдер тәжірибесі негізінде өріс алса, «Ұлы даланың ұлы есімдері» мен «Ұлы дала тұлғалары» атты жобалар өзара үндес, сабақтас болғанымен, бұл бағытта атқаратын жұмыстар жүйесі жеткілікті. Азаматтық ұстаным мен жауапкершілік жүгі де еселеп артты.
Бізге әл-Фарабиден Абай әлеміне дейінгі кезең бірсыпыра таныс болғанымен, бұл аралықтағы қоғамдық жағдай, тарихи тұлғалар шоғырының есімі мен еңбектері, жазылуы мен жариялану жайы, ұлт рухының жаңғыруына қосқан үлесі қайта қаралып, жаңаша бағалауды қажет етеді. Бір ғана жылқы төңірегіндегі ойлар мен толғаныстарға мән берсек, «Ботай» мәдениеті, алғашқы жылқы жөніндегі дәйек пен деректер тарихтың тереңіне тартады. Оның өзі атқа міну мәдениетінен бастап, оны қолға үйрету, бес қаруы сай сарбаздың көшпенділер рухын көтеруге дейінгі аралықтағы әрекет-қимылдары, тұтастай алғанда, ел дамуы мен ұнамды үрдістерді, тарихтың мәнін, дәуірдің дидарын айқын аңғартады. Адам өмірі мен еңбегі, жасампаздық жолындағы елдік таным, отан мен отбасы алдындағы жауапкершілік жүгі кеңінен көрініс береді. Әрі ауызша тарих, ел әңгімелері, археологиялық деректер топтамасы бұл бағыттағы жетістіктер мен жаңалықтарды еселеп арттырып, алдағы кезеңде жан-жақты әрі жіті зерделеуді талап етеді.
Осы орайда Ұлы даланың ұланы, қайтпас қайсар сақ, адуыны (күш-жігері) қуатты ғұнның ұрпағы болсақ, батыр бабалардың жолына адалдық танытқанымыз абзал. Осы реттен келгенде, оның бастауында «Ер қанаты – ат» тұр. Елбасының мақаласындағы: «...Жылқыны ең алғаш қазақ даласында қолға үйреткен бабаларымыз өз дәуірінде орасан үстемдікке ие болды, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деген тұжырымның маңызы зор. Тарихи танымымызды бекітіп, санамызды жаңғыртатын тұс та осы.
Бұдан басқа, аң стилі, ежелгі металлургия, алтын адам феномені әлемдік өркениет мәнін айқындап, қазақ мұраты мен мирасын, далалық өнердің жауҺар да өрнекті үлгісін терең танытады. Сондай-ақ түркі әлемінің генезисі, дала фольклоры мен музыкасы, өнер мұраты мен технологиялар музейі, кино өнері мен телевизиядағы көрініс, ұлы есімдер жүйесі, алма мен қызғалдақтың мәні мен тарихына қатысты тұстар, сөз жоқ, ел мұраты мен мүддесін, тарих тағылымы мен дәстүр тағылымын, өркениеттің мән-маңызын кең түрде көрсетеді. Ұлы даланың тарихи үдерістерін, ерекшелігі мен мүмкіндіктерін де анық танытады. Бір ғана ата тарих тағылымы, халық әдебиеті нұсқалары мен бай фольклорлық мұраларымыздың мәні мен сыры көп жайлардың бетін ашады. Елбасымыз айтқандай, мұның өзі:
«...Сонымен қатар фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» екенін алға тартады. «Мәдени мұра» бойынша атқарған жұмыстарды жүйелі жалғастырудың қажеттілігі әлі де өткір тұр.
Сөздің түйіні, ұлттық болмысымызды сақтау, тарихи санамызды жаңғырту, еліміздің мүддесі мен оның қаҺармандарын үлгі тұту арқылы болашағымызға бағдар жасап, кемел келешекке нық қадам басу – басты борышымыз.
Елбасының өзі атап көрсеткендей, «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын тұсы осы», деген тұжырымы баршаға үлгі. Тәуелсіздік мәнін түсіну, елдік мүддені қастерлей білу, тарихи таным мен руханиятты қадірлеу, дүниетанымды дербестік тұрғысында нығайта берудің маңыздылығы осында.
Ендеше, бұдан шығатын қорытынды: Тәуелсіздік берік қолда! Елбасы елдігімізді ұйытып, бірлігімізді арттырып, шекарамызды шегендеп берді. Ұлттық құндылықтарымыз бен тарихи жәдігерлеріміз қайта жаңғырды. Еңселі ескерткіштеріміз бой көтерді. Ата тарихтағы елдік пен ерлік салтымыз, азаттық аңсаған еркіндік пен текті болмысымыз даңқ тұғырына көтерілді. Еліміздің мүддесі асқақтап, ұлттық рухымыз көтеріліп, дамудың даңғыл жолына түсті. «Мәңгілік ел» мұраты айқындалды.
Туған ұлтымызға деген рухани сүйіспеншілік сезімімді, көңіл толқынын жүректі кернеген жыр жолдарымен жеткізгенді жөн көрдім:
Оу, дүние-ай, әр заман туады
екен дараланып,
Ата сөзі – бата сөздей жүректе
сараланып.
Тәуелсіздігі елімнің тұғырлы
болған сайын,
Кеудемде намыс оты жанады анық!
Оу, дүние-ай, біртұтас елім барда
тірі болам,
Тірі болам, заманымның өлмес
жыры болам.
Мәңгілік ел жолындағы бір мүдде,
бір мақсатты,
Жасай берші, жасай бер, қазағым,
ұлы далам!..
Оу, дүние-ай, талайға тарих боп
өткен заман,
Қасиетті бабалар мәңгілік келмеске
кеткен заман,
Бүгінгі күн ұлы қазақ данасы мен
баласына,
Мәңгілік ел болу үшін жеткен заман!
Ұлттық ата тарихымыздың мәні мен тағылымы да осы. Бүгінгі күннің шындығы да осыған саяды.
Жарқынбек ЖАҚСЫМБЕТОВ