• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Мамыр, 2019

Алматыда жаңа велотрек іске қосылды

1070 рет
көрсетілді

Алматыдағы Орталық мәдени және демалыс саябағында қала жұртшылығы асыға күткен жаңа велотрек ашылды. Спорттық алаңның ашылу салтанатына тозығы жеткен нысанды қалпына келтіруге қаржылай қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның өкілдері, қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және спортсүйер алматылықтар қатысты.

Қайта түрленген велосипед жолы адам танымастай өзгерген. Оның аумағында памп-трек, дерт-парт, скейт-парт сынды арнаулы жолақтар пайда болған. Сыйымдылығы 200 көрерменге арналған су жаңа трибуна мен айналмалы жарық орнатылған. Кәсіби спортшылардан бөлек спортты жанына серік еткен кез-келген азамат мұнда келіп бой сергітіп, спортпен шұғылдана алады. Келем деушілердің жас ерекшеліктеріне де шектеу жоқ. Алдағы уақытта жаңа велосипед жолында жергілікті және халықаралық деңгейлерде жаппай спорттық және мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр.

«Қор қашанда спорттың және спорт инфрақұрылымының дамуына ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты вело жолдарды қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Бұл жас азаматтардың және жас ұрпақтың сүйікті орны болатынына сенімдімін, мұнда болашақ чемпиондардың алғашқы қадамдары жасалады. Дені сау ұрпақ –тұғырлы ұлттың болашағы», деді Ахметжан Есімов.

Сондай-ақ А. Есімов Қордың қайырымдылық саясатын қайта қарау туралы баяндады. Атап айтқанда, Қор мерейтойлық іс-шараларды және қоғамдық бірлестіктердің коммуналдық мәселелерін шешуден бас тартып отыр. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды дамыту, балаларды оңалту, білім беруді дамыту және медициналық көмекті кеңейту бұдан былай қайырымдылық саясаттың басты бағытына айналмақ.

– Қаламызда бұқаралық спортпен айналысам деген жанға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі велосипед жолының іске қосылуы да біздер үшін үлкен қуаныш. Әсіресе біз сияқты зейнет жасындағы азаматтар мен жастар үшін таптырмас мүмкіндік, – деді қала тұрғыны Серік Байсеңгіров.

Айта кеткен жөн, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Самұрық-Қазынаға» кіретін барлық компаниялардың атынан жалпы құны 4,8 млрд теңге болатын, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған 15 жобаны жүзеге асырған. Сал ауруына шалдыққан 1170 балаға тегін оңалту курстары ұйымдастырылып, мектеп жасындағы 9000-нан астам жасөспірім Қордың қолдауымен оқу және спорт үйірмелеріне тегін қатысып жүр.