Күнгей өлке зиялыларының басы қосылған жиында бас басылымның өңірдегі тілшісі, белгілі қаламгер Ғалымжан Қамытбекұлы ұзақ жылдар аталған газеттің Оңтүстік өңірдегі өз тілшісі болып, ұлт баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан Оразхан Жарқынбек пен Төреxан Рәмбердінің отбасы мүшелеріне сый-құрмет көрсетті.
«Биыл бастауын 1919 жылы Орынборда жарық көрген «Ұшқын» газетінен алған «Egemen Qazaqstan»-ның 100 жылдық мерейтойы. Басылымның басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі облыс-қалаларда газеттің дамуына еңбегі сіңген ардагерлерімізге құрмет көрсетуді тапсырған еді. Осыған орай өмірін баспасөзбен байланыстырған Оразхан Жарқынбек пен Төреxан Рәмберді ағалардың отбасыларын осында шақырып сый-құрмет көрсетіп отырмыз. Асыл ағаларымыз көзі тірі болғанда ғасырлық мерейтойдың қуанышына куә болып, иықтарына құрметтің белгісі ретінде шапан жабылар еді. Енді сол құрметті жұбайлары мен ұрпақтарына табыстап отырмыз», деді Ғалымжан Елшібай.
Өз кезегінде қарымды қаламгер Оразхан Жарқынбектің жары Күлән апайымыз көзіне жас алып, газет басшылығы мен ұжымына алғыс айтты.
Айта кетерлігі, «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерекесі еліміздің әр өңірінде түрлі форматта осы жылдың соңына дейін атап өтіледі.