Осы жарыста Қазақстанның мақтанышы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бақ сынады. Брасс әдісімен 200 метрлік қашықтыққа жүзуде ол 2:10.73 секундтық нәтижемен қола медальді иеленді. Бұл тартыс ресейлік Антон Чупковтың жеңісімен аяқталды. Оның нәтижесі – 2:08.23. Күміс медальді Иппэй Ватанабэ мойнына ілді. Жапониялық жүзушінің көрсеткіші – 2:08.61.
Сондай-ақ, Баландин венгриялық Ласло Чех, америкалық Холли Хибботт және австралиялық Эмили Сибоммен бірге 4х100 метрлік аралас эстафеталық сайыста да қола жүлдені олжалады.
Естеріңізге сала кетейік, «Champions Swim Series» додасының алғашқы кезеңінде Дмитрий Баландин өзінің оңтайлы қашықтығында төртінші орынға табан тіреп, Олимпиада жолдамасына иелік еткен еді. Енді айтулы жарыстың соңғы кезеңі 31 мамыр мен 1 маусым аралығында АҚШ-тың Индианаполис қаласында өтеді.