Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:51
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев туралы жазуды қолға алғанымда, алдымен онымен таныс-білістігім туралы ойладым. Сөйтсем, тым әрі, анау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, тіпті, одан да бұрын алпыс бес-алпыс алтыншы жылдарда ма, Атырау облыстық газетінде оның Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінің үлгілі оқушысы ретінде басылған суреті арқылы қанық екенмін.
Сейсенбі, 16 сәуір 2013 1:51
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтаев туралы жазуды қолға алғанымда, алдымен онымен таныс-білістігім туралы ойладым. Сөйтсем, тым әрі, анау жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, тіпті, одан да бұрын алпыс бес-алпыс алтыншы жылдарда ма, Атырау облыстық газетінде оның Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінің үлгілі оқушысы ретінде басылған суреті арқылы қанық екенмін.
Ал бірінші рет көруім – 1970 жылдың көктемі болатын. Сол жылы Алматыда атақты жазушы Сәбит Мұқановтың 70 жасқа толу тойы өтті де, аталған шарада Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның IV курс студенті Ш.Әбілтаевтың қарт қаламгерге арналған «Сәбең сазы» күйі өз орындауында тыңдармандар назарына ұсынылды. Күйді өнерсүйер қауым асқан қошеметпен қабылдап, жамырай қол соқты, жабыла мақтады. Ертесіне республикадан шығатын көптеген газет бетіне жас күйшінің суреті басылып, ол туралы ауыздарының суы құрып жазды. Тіпті, оның Атыраудың алыстағы Толыбай құмы, Қарақызыл қыстағында дүниеге келгендігі, төрт жасынан бастап қолына домбыра алып, күй шалудағы алғашқы ұстазы – әкесі Бисенғали екендігі, оның орындаушы ретінде қалыптасуына Көшелі, Кәмеш, Серкебай сынды белгілі күйшілердің үлкен ықпалы болғандығы айтылды. Шәміл сегізінші сыныптан соң Гурьевтегі Д.Нұрпейісова атындағы музыка училищесінде белгілі күйші, Атырауда алғаш болып 500 адамдық домбыра оркестрін дүниеге әкелген дирижер Сейілхан Құсайыновтан дәріс алып, шеберлік шыңдағандығы жайлы жазды.
Міне, осыдан кейін-ақ республикалық деңгейде өтіп жатқан шараларда Шәміл жиі-жиі бой көрсетіп, өз өнерін көрермен назарына ұсынды. Ол сол жылдары негізінен Құрманғазы мен Динаның, Абыл мен Мәменнің ең бір күрделі күйлерін орындайтын еді. Бұл ретте оған ұстазы, pеспубликаның халық әртісі, дәулескер күйші Қали Жантілеуовтің әсері мол-ды. Өйткені, кейіннен 94 жасында күй-ғұмыры үзілген Қали ағаның орындау мектебі Құрманғазының өзінен тамыр тартатын. Соған сай оның шығарма жебеу ерекшелігі де түпнұсқаға ең жақын, табиғи-тұғын. Осындай дарабоздан сабақ алған жас күйшінің орындау шеберлігі мен машығы аумай қалған Қалекең тұрпатында болса, жалпы Шәмілдің өзі де, алғашқы тәлімгерлері, кәсіби ұстазы Сейілхан күйші, тағы сол Қали аға, бәр-бәрі бір топырақ – Нарын құмы, Жаңғала бойының күй мектебінен суарылған шын мәніндегі шарболаттар еді.Шәміл 1972 жылдан бастап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында халқымыздың дәстүрлі күйлерін орындаушы-лектор болып қызмет атқарып, бір өзі тұтас өнер ұжымының міндетін арқалап, республика облыстарын түгелге жуық аралады. Қарақалпақ елі мен түркімендер, тәжік асып, Өзбекстандағы қандастарымызды күйге бөледі, әлемнің жиырма елінде өнер көрсетті. Сол кезде тағы да қазақ баспасөзі түгелге жуық жас таланттың орындау шеберлігі мен ғасырлар қойнауынан сыр тартқан шешендік (лекторлық) қабілеті туралы ауыздарының суы құрып жазды. Атап айтқанда, «Лениншіл жаста» қарағандылық Ақселеу Сейдімбековтің «Шәмілдің Шайтанкөлі», Шөмішбай Сариевтің «Тағдыр», «Социалистік Қазақстанда» қостанайлық Байтұрсын Ілиясовтің «Күй-домбыра», қызылордалық Байжігіт Әбдіразақовтың «Күй қанатында», тағы да басқа материалдарды атауға болар.Аталған дүниелердің қай-қайсысы да көркемдігі жоғары, жүректің қанымен жазылған әңгімеге бергісіз ғажайып очерктер еді. Әсіресе, Ақастың «Шайтанкөлінде» Шәмілдің осы аттас күйінің дүниеге келуі әсерлі баяндалса, Байжігіттің «Күй қанатында» очеркі Әбілтаевтың Қазақстан комсомолы сыйлығына ұсынылуына себепші болды. Ақыры аталған сыйлықты иеленді де.Орындау шеберлігі жетіліп, өмір тәжірибесі толысқан Шәкеңнің уақыт өте композиторлық қыры өсе түсті. Ол дүниеге біраз жаңа күйлер мен әндер әкелді (Осы күні олардың саны жүзден асады). Олардың тақырыптық арқауы негізінен тарих тағылымы, оның қазақ елінің қазіргі тәуелсіздік таңына ұласуы. Ел тірегі – ерлер, тау тұлғалы арыстар. Солардың ішінде «Құнанбай қажы», «Қаракерей Қабанбай», «Пір Бекет», «Матай», «Қазақстан-Нұрсұлтан» күйлері бар. Сондай-ақ, «Жер ұраны – Ұлытау», «Ордабасы», «Құрманғазы – күй дүлдүл», «Түркістан» музыкалық толғауларының авторы. Кезінде Шәміл Бисенғалиұлы Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып істеді. Қазақ теледидарында «Үкілі домбыра», «Домбыра дастан» бағдарламаларын жүргізді. Кейін әр жылдарғы туындыларының басын құрап, «Ұлытау» атты кітабы мен «Ордабасы» деп аталатын күй табағын шығарды.– Менің, – дейді Шәкеңнің өзі – күйші атанып, елге танылуыма халқымыздың маңдайына біткен асыл ағалардың орны бөлек. Жастайымнан жақсылардың қасында жүрдім. Әуелі Сейілхан ағаның қанатының астында болсам, сол кезде ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің қамқорлығы мол еді. Кейін атақты Хамит ақын, одан Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденовтердің қамқорлықтарын көп көрдім. Мәмен мен Абыл күйлерін Жұмекендей шегелеп, ақылмен тартатын күйшіні кездестірмедім. Шындығында мен күйші ретінде Жұмекенге борыштармын. Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбеков, Байжігіт Әбдіразақовтарға деген алғысым мол.Шәміл қазақ композиторлары ішінде елдің ертеде өткен ерлері мен билері, батырлары мен әулиелеріне ең көп ән-күй арнаған өнер иесі. Оларды дәл қазір санамалап, саусақ бүгудің өзі қиын. Кейбіріне белгі қойып, кесене тұрғызуға да себепкер болды. Оның біріне өзіміз де куәгер болғанымыз бар.1997 жылдың жазы еді. Қасында белгілі өнертанушы, үш ішекті домбыраны халқымызға қайта табыстап, тірілтуші Жарқын Шәкәрімов бар Шәміл Дендердің Қараой бойында жатқан Малайсары қорымына барып қайтайық деп қолқа салды. Кезінде Малайсарының билік сөздерін жинауға кәдімгідей атсалысқаным бар-ды. Таныс тақырып, тамаша тұлға ғой, бірден келісімімді бердім. Жолға шықтық. Бағытымыз әуелі Кулагинге соғу.Кулагинде қос күйші келеді дегесін ағайын, көрші-көлем бар біраз адамның басы жиналып қалған екен, Шәміл арғы-бергіден біраз күйді төкпелеп, нешеуінің басын қайырды. Осы арада ойға тағы бір сырбаз күйші Ғатау Ибішевтің Шәкең туралы айтқан «Оның орындау стилі бөлек қой. Әсіресе, шығарманың әуезділігі, әуенін (вибрация) арттырудағы шеберлігі ғажап» деген бағасы түседі. Содан соң сорғалап Сейтектің «Заман-айы» кетер еді. Мәменнің «Ақшолпанын» қайда қоясыз? Бұлары да жан рахаттандырады.Шәміл әр күйді орындау үстінде бүкіл кеуде тұсы шалқалап, енді болмағанда артына ауып кетер кейіпте отырады, бірақ құламайды. Сол сәтте қос жанары айналасындағы адамдарды түп-түгел барлай сүзеді. Осы кезде ойымызға көнекөз қарияларымыздың Дина шешеміз туралы әңгіме бастағанда «Әжеміз шығарманы ойнау үстінде екі көзі тыңдаушыны түгел барлап, орталарындағы күй табиғатын түсінетін ілуде біреуін тез танушы еді. Содан соң тағы бір жерде манағы құйма-құлақ отырса, әлгі күйді өзге нұсқада орындап, бағып отырған тыңдаушысының жадын тас-талқан етіп бұзып жіберер еді» деген сөздері оралады. Тегінде нағыз өнерпаз қызғаншақ келеді. Өзгенің өзіндей ғып орындауын тіпті де қаламайды. Сол қағиданы берік ұстағанның бірі Дина күйші болса керек. Әрине, біз Шәміл Бисенғалиұлын ондай дей қоймаймыз. Бірақ, сол барлауда кімнің күйді түсініп, кімнің түк түсінбей, әйтеуір қалың дүрмектің ортасында алаң-ғұлаң отырғанын аңдауда ма деп ойладық.Ертесіне ертелетіп, Жайықтың оң бетіне өтіп, Махамбет жатқан Қараойға бағыт ұстадық. Мақсатымыз ұлы ақынға зиярат ету. Содан соң… Әйтсе де Малайсары бидің моласы қай қорымда, қай жерде жатқанын ешкім білмейді. Әуелгіде біз «Қазақтың қай даласынан кімнің мазарын таппақпыз. Ол үшін алдын ала біреулерден сұрап, бағыттап алмаса, қиын ғой» деп таңданыс білдіріп едік, оған мұрты қисаймаған күйші «Маған біреулер осы маңайда болуы керек деген» деп арқасын кеңге салды. Күн болса, күйіп тұр. Біз болсақ жоқ іздеп, бал ашпақпыз. Бір-екі округтің ауылдарын араладық. Ешкім білмейді. Ақыры шыдамымыз таусылып, «Махамбет ақын осы араға соңғы рет түйе шөгеріп, үй тіккенде үш түрлі мақсатпен келіпті дейді ғой. Оның бірі – көптен бері мазалап жүрген, жамбасындағы соғыстан қалған найза жарақатын Дендер көлі тұзына түсіп, емдеу болса, екіншісі – Малайсары би мазарының аяқ жағында отырып, ендігі қалған өміріне құдайдан тыныштық тілеу, үшіншісі – осы төңірекке орналасқан қайын жұрты, алашалар ауылына қоңсы қонып, түтін алыстатпау, ағайыншылық көрінеді. Ендеше, бидің жамбасы тиген жер осы арадан қашық болмауы керек», деп Махаң басына қайта айналып соққанбыз.Осы кезде қазірде аудан әкімінің орынбасары болып отырған (ол кезде Жарсуат селолық округінің әкімі болатын) Әлиполла Балахметов «Мына бесіндікте жатқан алқапты «Малайсары жазығы» деп атайды. Ендеше, сол жақтан із кесейік», деген соң тағы да көлігімізге тақым арттық. Бар-жоғы бірер шақырым жүргенде ескілеу шом қоралардың орны кездесті. Одан әрі шопан ауылы бар екен. Сол арадан қасына 4-5 қарадомалағын ілестірген жас келіншекті сөзге тартып «Осы маңайда Малайсары бидің бейіті бар дегенді естігеніңіз бар ма?» деп сұрап едік.Қай қорымда кім бар, кім жоғынан хабарым жоқ, бірақ ана қыстақтың аула-қорасына іргелес шығыс бетінде үлкен қорым жатыр. Оны білетіндер біраз атақты адамдар жерленген орын деп қастерлейді, дегені.Бардық, шыннан да көне қорым екені көрініп тұр. Біраздан бері өлік те жерленбеген. Ал енді іздеген баба бейітін қайдан табамыз? Махамбет қадір тұтып, атақты Сырымның өзі он жасында бата алған Малайсарының басынан кемінде екі жарым ғасыр өткенде құлпытас іздеудің өзі күлкілі сияқты. Бірақ «суға кеткен тал қармайды» деген емес пе, екі автокөлік адам, жүргізушіміз, журналисіміз болып, құлпытас қуалап, қорымды кезіп-ақ кеттік. Атам заманғы құлпытас, жазуларының бәрі араб әрпінде. Басқаларын қайдам, өз басымыз студент кезімізде араб тілінен сынақ тапсырғанымыз бар-ды, соны малданып, қайсы біріне үңіліп-ақ жатырмыз. Бірақ одан нәтиже шамалы. Арада бірер сағаттай уақыт өткенде жаңағы Әлиполла жерден жеті қоян тапқандай болып «Жігіттер, мында келіңдер! Мен таптым» деп дауыстады.Қойшы, жанына жетіп-ақ барайық. Маңғыстаудың қызғылт тартқан ұлу тасына «Малайсары би. XVII ғ.» деп жазылған екен, кәдімгі кириллица. Шамасы мал сүйкенді ме, әлде басқашалай ма, әйтеуір сынған күйі етпеттеп құлаған көрінеді. Құлағандарын аударыстырып жүрген сапарласымыз, ғайыптан тайып сәті түсіп кездейсоқ кездесіпті. Сөйтсе артынан естідік, бұл белгіні осыдан 4-5 жыл бұрын сол кезгі Индер аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Табылды Досымов қойған сыңайлы.Шәкең сол бойда тапқышбекке сүйіншісін ұсынып, жанымызға жаңа ғана келген шопан жігітке «Інім, бұл менің жетінші атам. Бірақ, оны мен атам болғасын іздеп жүрген жоқпын. Ол – Сырымның ұстазы. Кіші жүздің белгілі биі, әділеттік жаршысы. Тәуелсіздік – елді ұлықтау, ерді қадірлеуден басалатындығын ұғындыруда. Бізден кейінгі ұрпақ бұл кісіні білмейді. Сондықтан, олардың жадында қалсын, сөз қадірін білсін. Үлкенді сыйлап, ұлыны дәріптеуді үйренсін деп жүрмін. Ендеше, міне, орамалы, маған бір тоқтыңды қи», дегені.Мына сөзден кейін ол да атанына отырды да, іргеде жайылып жатқан отарынан ерте туған марқаның бірін сүйрелей жетті. Аруаққа арнап құран оқылды.Содан соң Шәміл «Мына күйімді атама арнаймын» деп мазар басында отырып алып Құрманғазының «Сарыарқасын» сорғалатсын деңіз. Аса шабытты. Күн екіндіге ауысқан, тып-тымық. Айналаның бәрі аруаққа табынып, күйшіге құлақ түрген. Әуелден көсіліп шертілетін керемет күй кербез орындаушының қолынан құйындап, ширатылған күйі көкке атылуда. Орындаушының омырауына жас құйылып отыр. Сары даланың саңлақтары-ай… Аздан соң біз Атырауға аттанып кеттік.Кейін осы жерде Маңғыстаудың аппақ тасынан Малайсары бидің келісті кесенесі көтеріліп, батырлық пен билікті, азаттық пен теңдікті ту еткен тәуелсіз елдің ұл-қызының ойдан, қырдан басы қосылып, алқалы жұрт асқа жиналды. Міне, бұл Шәмілдің аруақтарға деген құрмет, мәңгілік мінәжатының бірі ғана. Ал күйші араласқан ондай құрметтер Қазақстанның қай бұрышында да баршылық. Ол өзінің «Пір Бекет» күйін «Бекет атаның Оғыландыдағы мешітіне түнеп шыққан таңда дүниеге келген шығармам еді» деп шаттанады.Тегінде Шәмілдің композиторлығы да өзіндік стилімен ерекшеленеді. Күйлер табиғатында түрлі мектептер сарыны болғанымен негізінен төкпе күйдің екпіні бар. Ал, әндері әр қалай. 1994 жылы Түркияның Измир қаласында өткен түркі халықтарының Дүниежүзілік құрылтайында оза шапқан оған «Түркі» озаны (жыршы) атағы берілді.Ол өткен жылы «Атырауым» деген күй шығарыпты. Біз керемет шаттандық, ол қуаныштан жарыла жаздап, «Бұл өзі әдемі күй» деді. Содан соң «Жақында Елбасының сөзіне жазылған «Шабдар ат» деген ән шығардым. Ол да әдемі. Өткен аптада Нұрекеңнің өзі тыңдап, ризалық білдірді» деді. Біз болсақ, ішімізден «Сізде әуелден әдемі емес нәрсе бар ма? Жалпы, өнер атаулының бәрі де әдемі ғой. Соның ішінде қазақтың қара домбырасы, оның сұлу күйіне не жетеді? Әдеміліктің бәрі күмбір күйде ғой» деп ой түйіндедік. Шіркін-ай, күй әлемін түсіне білсең ғой, ол сөйлеп тұрады, Сыр ақтарады емес пе?!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.