Қазақстан Президенттігінен үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстары кандидаттардың бағдарламасы мен өмірлік ұстанымдарына байланысты ерекшеленіп тұрғандығы байқалды. Мәселен, біреулері бірінші күннен-ақ халықпен кездесулер ұйымдастырса, енді біреулері плакаттар іліп, халық назарын аударуға тырысты. Бұл – қысқа уақытта ықтимал сайлаушыларына өзінің негізгі идеяларын жеткізуге бағытталған дұрыс қадам. Айталық, үміткерлер мен олардың сенім білдірген өкілдері өңірлерде жұртшылықпен кездесіп, бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіруге кірісті.
Сондай-ақ биылғы сайлауда үміткерлер әлеуметтік желінің күшін пайдалануда. Әлеуметтік желіге орналастырылған бағдарламалар мен суреттерге халықтың беріп жатқан бағасы да әр алуан. Бірақ болашақта бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленуі керек деп ойлаймын.
Үгіт-насихат жұмыстарының бірінші күнінен-ақ қандай да бір үміткерге шектеу жасалды, халықпен кездестірмеді, зал бермеді дегенді естімедім. Демек, осындай тең жағдайда үміткерлер өз мүмкіндіктерін жіберіп алмауы керек.Берік ӘБДІҒАЛИ,
саясаттанушы