• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Сәуір, 2013

Жайсаңдарым

470 рет
көрсетілді

Жайсаңдарым

Сәрсенбі, 17 сәуір 2013 1:52

1977 жылдың қаңтарының он жетісі күні Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік уни­верситетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология­ факультеті декандығы қызметінен Талды­қор­ған педагогика институтына ректор болып келдім. Алматыдан таяқтастам жерде тұрса да, Талдықорғанда бұрын болмаған едім. Ұмытпасам, сол кезде халқының саны 110 мың-ақ еді. Көшелері таптаза, машина да аз, жасыл желек жамылған, көрікті қала екен.

Аз уақыттың ішінде көп кісілермен та­ныстым, аға-іні таптым, олардың біразы­мен дастарқандас, дәмдес, сыйлас-құр­мет­тес болып кеттім. Өте жиі араласқан, тон­ның ішкі бауындай болған ағаларым: Молдақасым Талқыбаев (Талдықорған қа­лалық партия комитетінің бірінші хатшысы), Хамит Шоқалақов (облыстық қауіпсіздік комитетінің бастығы), Әбдіқадыр Болсамбеков (облыстық ішкі істер басқармасының бастығы), Бариян Тұрсынов (облыс прокуроры), Мүсіреп Есенжанов (облыс атқару комитеті төрағасының орынбасары, Еркін Әуелбековтің немере ағасы), Жасболат Нұрмұхамбетов (қалалық өнеркәсіп тауарларын сату мекемесінің директоры) секілді елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер еді. Талдықорғанда қызмет еткен он бір жылда осы кісілермен жұбымыз жазылған жоқ, жиі араласып тұрдық.Асыл ағаларымның ай маңдайлы жайдары жүздері де, жаратылыс-бітімі де, киім киісі, жүріс-тұрысы да өзгеше еді, бәрі де көз алдымда. Жандары жайсаң, қызметке, Отанына адал, жұмысына шын берілген, бауырмал, кіршіксіз таза кісілер еді. Көкейлерінде ақша, дүние емес, елдің амандығы, ұрпақтың келешегі тұратын. Олар дүниеқоңыз болған жоқ, ішіп-жемнен артық байлық жиған жоқ. Тамағы тоқ, киімі бүтін болды. Қоңырқай күй кешті. Сарайларда тұрған жоқ. Мемлекет берген 3-4 бөлмелі шағын пәтерлерде тұрды. Ол үйлердегі апа-жеңгелеріміз де ағаларымызға сай еді. Балаларын өсіріп, қонақтарын атқарып, жарқылдап жүретін. Бөлінбедік, жіктелмедік. Біріміз ойдан, біріміз қырдан болсақ та, бір кісінің баласындай апта сайын дастарқан басында табысып жүрдік. Олардан көп кіші болсам да менімен қатарындай сыйласып, құрдасындай қалжыңдасып отыратын. Бәрі де жарасып тұрушы еді.Сарғайған сағыныштың салдары ма екен, әлде ерекше қарапайымдылығы мен бауырмалдылығынан ба екен, әйтеуір дүниеден алшаң басып, аршындап, аңқылдап өткен Жасболат аға мен жібек мінезді, табиғат ерекше жанын сұлу жаратқан, тоқсанға келгенше көркін бермеген, жатқа да, жақынға да жүрегі елжіреп тұратын, үнемі адам баласының тілегін тілеп жүретін Күләш әпкем туралы есімде қалғандарды қағазға түсірсем деп қолыма қалам алдым.Жасболат аға батыр тұлғалы, бұйра шаш­ты, ежелгі грек аңыздарының геройын­дай, табиғаты да, кескін-келбеті де ерекше жаратылған, ақыл-парасаты да үйлесіп тұр­ған,­ барын ағайынмен бөлісіп жүретін, әдемі киі­нетін, жайқалып жүретін өте келісті кісі еді.Жасекең 1923 жылы қазіргі Алматы облысының Ақсу ауданындағы бұрынғы «Қызылтаң» совхозының аумағында, Матай станциясынан жиырма шақырымдай Қопа деген жерде дүниеге келген. Бабасы Шымыр, атасы Махмет, әкесі Нұрмұхамбет көргенді, дәулетті, сауатты, елге сыйлы кісілер болған екен. Бабасы Шымыр Қоянды жәрмеңкесіне, Әулиеатаға, Ташкент пен Әндижанға керуен жүргізіп, мал айдатқан. Шымыр ба­ба­ның әулеті шетінен өнерпаз, ортаның ажа­ры болса керек. Әулеттің үлкен үйінде күнде сырнай, скрипка, мандолин, домбыра тартылып, бұл өңірде бұрын-соңды еш­кім естіп-көрмеген сән-салтанат болып жа­тады екен. Жәкеңнің әкесі Нұрмұхамбет Маман-Тұрысбек әулетінің әйгілі «Қарағаш» мектебінде оқып білім алған. Мұғалімдік қыз­мет атқарған. Мектеп директоры болған. 36 жасында дүниеден ерте өтеді. Сөйтіп, Жас­болат жеті жасында – жетім, анасы отыз жасында жесір қалып, тұрмыстың, жоқ­шылықтың тауқыметін, азабын әбден тартады.Анасы ендігі қалған өмірін әкеден қалған жалғыз тұяқ Жасболатына арнайды. «Асылды соқсаң шыңдалар, жасықты соқсаң жым болар» дегендей, екеуі де қиындыққа жасымай, шыңдала түседі.Жасболат Матай орта мектебінен білім алады. 1942 жылы мектепті үздік бітіреді. Әсіресе, қазақ әдебиетін, әлем әдебиетін терең игереді.Мектепті бітіре салысымен әскерге ша­қырылады. 1942 жылы наурыздың 10-жұлдызында Ашхабадтағы әскери училищеге курсант болып қабылданып, алты ай оқып, кіші лейтенант деген атақ алып, Терістік Кавказға майданға аттанады. Сол­ жылдың қазан айында 328-атқыштар ди­ви­зиясының 1107 полкының үшінші ба­тальонының құрамында взвод командирі болып соғысқа кіреді. Бар болғаны он тоғыз жасында осылайша қиян-кескі соғысты басынан кешіреді. Оң қолынан екі рет, жамбасынан жараланады. Сөйтіп, соғысқа жарамайтындарды тылға қайтару жөніндегі Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес Ташкентке – Орта Азия әскери округіне жіберіледі. Одан әрі Алматыға – республикалық әскери комиссариатқа келеді. Сонымен, Жасболат әскер қатарында бір жыл төрт ай болып, оның бес айы майдан шебінде соғысып, 1943 жылы шілденің жиырмасыншы жұлдызында туған еліне – Ақсуға оралады. Небары жиырма жасқа толар-толмас шағында Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі атанады.Жалғызының аман келгенін көрген ананың қуанышында шек болмайды. Тәтесінің ендігі арманы баласын аяқтандыру, Нұрмұхамбетінің ұрпағын жалғастыру болады.Бір күні анасы Жасболатқа:– Шырағым, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Маған келін түсіріп берсең қайтеді. «Келбеті келіскеннен кеңес сұра», «Түсі игіден түңілме» деген емес пе, Қарашіліктегі ауылдық кеңесте істейтін Күләш деген бойжеткен қызды ел мақтайды. Сұлулығына – ақылы мен мінезі жарасқан, әдепті, әдемі, байсалды, сабырлы қыз. Соны маған келін қып түсірші, – дейді.Анасының айтқанын екі етпейтін Жасболат:Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін,Кел десең неге аяйын аттың терін.Сары ағаш сазға біткен секілденіп,Қай жерде отыр екен бұраң белім, –деп бойжеткеннің ауылына тартады.Ол кезде жігіттердің бәрі әскерде. Қарашілікке келсе, өңкей қыз-келіншек жиылып, өлең айтып, би билеп, домбыра тартып, көңіл көтеріп отыр екен. Жас офицер ішке кіріп сәлемдеседі. Қыз-келіншектер орындарынан тұрып, Жасболатты төрге шығарады. Қыздар ауылдың алты ауызын шырқап, мейманға қонақкәде айтқызады. Көктен іздегені жерден табылған соң аянсын ба, жас жігіт бар өнерін ортаға салады. Әсіресе, ғашықтық туралы халық әндерін әуелетіп, жиналғандарды тәнті етеді. Ән айтып отырып Жасболат көп қыздың ішінен әлгі тәтесі мақтаған Күләшті іздейді. Бір кезде ай десе аузы, күн десе көзі бар, екі беті балбұл жанған ай маңдай, сәмбі талдай майысқан, қыпша белі үзіліп кете жаздағандай, қаламқас, қолаң шаш, ару қызға көзі түседі. Қолында орыстың үш ішекті балалайкасы бар, өлең айтқандарды сүйемелдеп отыр екен. Нәркес көзінің қиығымен бір қарағанда, Жасболаттың тұла бойы оттай жанып, бұрын басынан кешпеген қайдағы бір күйге түседі. Арбалғандай, ару қыздан көзін ала алмайды. Бір кезде Күләш тамылжытып неше түрлі әнге салады. «Жалғыз арша», «Илигайды» айтқанда, жігіт сөзбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезімге бөленеді. Қыздың нәзік саусақтары, уылжыған ерні, мөлдіреген көзі Жасболатты қайдағы бір күйге салып, есінен тандырады.Өттің дәурен,Кештім сайран.Уа, шіркін, қыз-бозбала,Жастықтың әсеріменСалдым сайран, –деп үзілдіргенде, Жасболат іштей:– Тәтемнің айтқан қызы осы болар те­гінде, Құдайым енді мені адастыра көр­ме, іздегенім дәл осы қыз, – деп ішінен кү­бір­леп, арудың жалт еткен жанарынан шоқ түс­кендей, жүрегі аттай тулап, кеудесіне сый­майды.Кеш тарқайды. Күләш балалайкасын кеудесіне қысып үйден шығып бара жатқанда, Жасболат бір ауыз тілдескісі келеді, бірақ, әттең, тіл байланып, ауыз ашып бірдеңе деуге дәті шыдамайды. Ештеңе дей алмай қалады. Осылай мазасыз күндер мен түндер басталады.Тамыздың тамылжыған күндерінің бірінде тал түсте Жасболат ауданға телефон шалғалы ауылдық кеңестің кеңсесіне келе жатады. Ойламаған жерден әнші қыз алдынан шыға келеді. Жақындай бергенде қыз көзін төмен салып, өтіп кетпек болады.– Сәлеметсіз бе, телефон керек еді, кеңсе ашық па? – деп сұрайды Жасболат.– Түскі үзіліс кезі ғой, кеңсе жабық еді, – дейді қыз.Қазақы ауылдың іші емес пе, тал түсте бейтаныс жігітпен сөйлесуді ыңғайсыз көрді ме екен, қыз кетпек болады, бірақ Жасболат:– Кешіріңіз, шұғыл сөйлесуім керек еді, кеңсені ашсаңыз қайтеді? – дейді қиылып.Осы сөздерден кейін қыз кері қайырылып, кеңсенің есігін ашады.Ішке кірген соң:– Сізбен танысайық, менің атым Жасболат, – деп жігіт қолын ұсынады.– Сіздің атыңызды білеміз ғой, менің атым Күләш – дейді қыз.Күләш осындағы оқу үйін басқарады екен. Олар сол арада біраз сөйлесіп қалады. Осылай басталған таныстық үзілмейді.Күндер жылжып өтіп жатады. Екеуі ауыл сыртына, өзеннің жағасына келіп жиі-жиі сырласатын, бірін-бірі көрмесе, тұра алмайтын болады. Ақыры, уәделесіп, отбасын құруға сөз байласады.Күндердің күнінде Жасболат анасына келіп:– Тәте, сізге келін түсіретін болдым, – дейді.Қуанышы қойнына сыймаған ана: – Рас па, кім, кім? – деп сұрай беріпті.– Қарашіліктегі әлгі сізге ұнайтын қыз, – дейді Жасболат.Қуанған да, қорыққан да бір дегендей, «Ия, Құдай, мен де арманыма жеттім бе!?» деп, анасының көзінен жас парлай жөнеліпті.Уәделі күні Жасболат ымырт үйіріле бір атты жетектеп, алып қашқалы қыздың ауылына келеді. Көп тосады. Сәлден соң түйіншегін қолтығына қысып қыз да жетеді.Аттанар алдында:– Сен білмейсің, Жасболат, мен бір жұмбақ жанмын. Алла мені тағы қандай жолға бастап тұрғанын білмеймін. Саған сендім, ұстадым етегіңнен, – дейді.Екі жас атқа қонады.  Дәл сол сәтте Жасболат кең дүниеде өзінен басқа бақытты адам жоқтай сезінеді.«Жұмбақ жанмын» деген қыздың сөзі жол бойы Жасболаттың көкейінен кетпей қояды. Ақырын суыртпақтап, сөзге тартпақ болып еді, онысынан ештеңе шықпады.– Ол әңгімені қозғамай-ақ қойсақ қай­теді, аманшылық болса кейін қанығармыз, – деді қыз.Жасболат:– Менің жалғыз шешем бар, ол байғұс тағат таппай сені күтіп отыр. Сол үйге сен жұмбақ келін боп кірмей, айдан анық боп, табалдырықты оң аяғыңмен аттағаның жөн емес пе? – дейді.Күләш сәл ойланып:– Мен апамды жақсы білемін ғой, үй арасы жақын отырғанымызды көрдің емес пе, несіне маған арнайы таныстырып жатырсың, – деп наздана қарайды.– Ақ сүтін беріп, алақанына салып өсірген, жесір жүріп-ақ бір мен үшін қиын-қыстау кезеңдерге төзе білген, тағдырдың барлық тауқыметіне көніп, жалғыз ұлын азамат санатына қосқан, өзінің тіршіліктегі арманын тек менің болашағымнан күткен анамның парызын өтеу менің қасиетті борышым екеніне сені иландырғым келеді. Егер сен өмірлік қосағым, басымдағы бағым болсаң анамның алдындағы осы парызымды бірге өтеуіңді ғана тілеймін. Соқтықпалы-соқпақсыз тіршілікті, өмірдің тапшылығын да бірдей көтерер азаматың болуға уәде етемін, оған мына түн, аспандағы жұлдыздар куә болсын, – дейді Жасболат.Манадан бері қай-қайдағы ойдың түбіне жете алмай келе жатқан Күләш бетін басып жылап жібереді.Жасболат:– Неге жыладың? Неге сонша мұңайдың? Мұңаймашы. Жыламашы, жыламашы, жаным, – деп бәйек болады.– Сен, әрине, бақыттысың. Анаңның аясында ержеттің. Аяулы анам мен Еңсеген тәтем екеуі мені де бір үйдің жалғыз қызын­дай еркелетіп, басымнан құс ұшырмай өсір­ді, – деп қыз әңгімесін бастайды. – Енді, міне, мен болсам кетім барам. Тумаған соң жө­нін айтпай қашып кетті-ау, – деп жылап жатқан шығар байғұстар. Жұмбақ жанмын де­генімде аса бір құпия жоқ. Есім кіргелі білгенім, ата-аналарым бақуатты кісілер бол­ған екен. Содан ба, кәмпескеленіп, сотта­лып, жер аударылып, бытырап кеткен. Шешем екеуміз тентіреп, бір күні кешкілікте танымайтын бір үйге паналағанымыз есімде. Сол кезде мен шамасы төрт жастамын. Сол үйде аяқ астынан шешем дүние салды. Анамның қайда жерленгені мүлде есімде жоқ. Сөйтіп, анамның уыз сүтін емгеніммен, мейіріміне қана алмай, аялы алақанының жы­луын сезе алмай, жүрегіме жастай шер қатты. Көп ұзамай бір үлкен кісі алдына мінгізіп «Жар шапқан» деген жердегі балалар үйіне өткізгенін білем. Біраз жыл осында тәрбиелендім. Міне, бар жұмбағым да, тарихым да осы.Қыз осылай іштегі сырын да, шерін де ақтарып салды.Екі жас Ақсудың шетіне іліккенде таң да рауандап атып келе жатқан еді.Келін оң аяғымен үйге кіргенде сенерін де, сенбесін де білмей асып-сасқан Жасболаттың анасы:– Шырақтарым… жарығым… құлдығым… Құ­дайым көз жасымды көрген екен. Жал­ғы­зым… Нұрмұхамбеттің шаңырағы енді сөнбейтін болды. Тәңірім тілеуімді берді. Құт­ты қыла гөр, Жасаған ием! – деп келінін емі­рене сүйіп, ебіл-дебіл жылаумен болды. Бұл 1943 жылдың қазан айының 23 жұлдызы еді.Күләш әпкеміздің атақонысы қа­зір­гі Алматы облысының Көксу ауда­нын­дағы Желдіқара деген жерден болады.­ Жалайырдың бір атасы Андастың Ақто­лым­бек руынан тарайтын Нарша бидің баласы Бәйкісінің жалғыз ұлы Байқадамнан туған. Шешесі Бәтіш өте ажарлы, сұлу кісі екен. Ол Жалайырдың бір атасы Мырзаның Асан руынан шыққан. Бәйкісі 1926-27 жылдары тәркіленіп, Сібірге жер аударылады. Туыстары қуғын-сүргінге түсіп, жан-жаққа бас сауғалап қашады. Біразы тау асып, Қытайға өтіп кетеді. Әкесі Байқадам туған жерден кетпеймін деп, тау-шатқал сағалап, қар төсеніп, мұз жастанып жүріп дүниеден өтеді. Анасы Бәтима Күләшті алып Мұқырыдағы ағайындарын паналайды. Бірақ көп ұзамай сол жерде қайтыс болады. Өздері де қалт-құлт етіп отырған ағайындары «Жақсыдан қалған жалғыз тұяқ еді, аман қалса екен» деп Күләшті жетім балалар үйіне тапсырады. Балалар үйінің директоры Нұрақас Телжанов балалардың бәріне өз әкесіндей қарайтын иманды, қайырымды, абзал азамат екен, жаңадан келген әп-әдемі, ботакөз, үріп ауызға салғандай, бұйра шаш баланы қайын енесі Аяулы Елеусізқызына асырап алуға береді. Екі-үш ай ғана бұрын Күләш деген қызын жоғалтып, етегі жасқа толып, аңырап отырған бейбақ жетім баланы бауырына басады. Қайтыс болған қызының орнын бассын деп атын Күләш қояды. Күләш әпкеміздің азан шақырып ата-анасы қойған аты Күнсана болған екен. Аяулы ана Күләшін өз қызындай көріп, алақанына салып өсіреді, оқытады. Күләш Ақсу ауданында Қызыл бұрыштың жетекшісі болып қызмет істейді. Соғыстан жараланып елге оралған лейтенант Жасболатпен осында танысып, осында табысып, бірге шаңырақ көтереді.1996 жылы (бұл кезде Жасекең зейнеткер) Жасболат ағаның көсемсөз, деректі әңгімелерге, ойтолғауларға толы шағын естелік кітабы жарық көрді. Автор осы кітабында оқушымен өзінің тағдыры, ата-тегі, балғын балалық шағы, өмір өткелдері, атқарған қызметі, ағайын-туғаны, жора-жолдастары, бала-шағасы, отбасы, аяулы Күләші туралы тебіреніп, ой бөліседі. Сонысымен де аңқылдаған ақжүрек мінезін, ешкімге ұқсамайтын тұлға екендігін аңғартады. Естеліктің өн бойынан әйел біткеннің ақылдысы, ажарлысы, сабырлы-салмақтысы, мейірбаны, тіршілігінде қызығы, ынтықтығы басылмаған аяулы жары, басының бағы Күләші туралы аса бір ықыласпен, сүйіспеншілікпен жазылған жолдарды оқып қанығасыз. Оқып отырып риза боласыз.– «Міне, енді Күләш екеуміз қосылып түтін түтеткелі қазір 53 жыл. Күндер зулап, айлар адымдап, жылдар жылжып өте берді. Көңілден талай көктем көшті, жадымызда талай жыл жаңғырды. Құдайға шүкір, жолаушылап келеміз. Осы жарты ғасырдан астам уақытта өмірдің ащы да тұщы дәмін татыппыз. Қызығын да, шыжығын да көріппіз. Екеуміз де берген уәделерімізді, айтылған серттерімізді, адами қасиеттерімізді жоғалтпай орындап шыққан тәріздіміз. Үйлену тағдырдың үлкен жүгі еді, бұл сыннан да білекке-білек, тілекке-тілек, жүрекке жүрек қоса білумен ғана сүрінбей өттік, үлкен абыройға ие болдық. Күләш мінезге бай, өз пікіріне, өз ісіне берік, әр нәрсеге еліктемейтін, не істесе де өзіне лайықтысын ғана таңдап алатын, байсалды да кішіпейіл келін екенін ағайын-туған, жора-жолдас алдында дәлелдеді. Жұрттың бәрі еркелетіп оны Күләтай деп кетті.Шешеммен 33 жыл бірге тұрып, оны туған анасынан кем көрмеді. Бақты, қақты. Аялады. Әлпештеді. Тәтем 1976 жылы тамыз айында 76 жасында Жамбыл қаласында дүние салды.Жасекең мен Күләш әпкеміз тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да ержетті. Әрқайсысы өздерінше шаңырақ көтеріп, түтін түтетті.Ұлдары мен қыздарынан немере, шөбере сүйді. Сөйтіп, кешегі аты өшіп қала жаздаған Нұрмұхамбеттің ұрпағы өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды.Иә, Жасболат анасын аялап, Күләтайын өмір бойы сүйіп өтті. Бертінде қартайғанда да бір-бірімен сыйласып, сырласып отыратын. Екеуі өмірдің жарасымды мектебі секілді көрінетін көзімізге. Күләш әпкем де отағасының орнын бағалай білді, бетінен қаққан жоқ, алдын кесіп өткен жоқ. Ақкөңіл, аңқылдаған ағамыздың бабын тауып, жағдайын жасаумен болды.Талдықорғанға көшіп келгенде табысқан сол асыл ағаларым менің ең жақын достарым әрі қамқоршыларым болды. Пединститут облыстағы жалғыз жоғары оқу орны болған соң әрі тіпті жас едім, институтқа, оның ректоры маған да қызыға да, қызғана да қарайтындар аз болған жоқ. Сырттан сөз жүгіртіп, домалақ арыз жазғандар да табылып жататын. Соның бәрінде де асыл ағаларым ақылшы болып, мені қызғыштай қорғап, шық жуытпай жүретін.Әр нәрсенің де, әр істің де сәті біледі ғой. Данышпан болып туғанмен, жұрттың бәрінің бірдей жолы бола бермейді. Енді бүгін есіме алып ойлансам, Молдақасым, Мүсіреп, Хамит, Бариян, Әбдіқадыр, Жасболат ағаларымның қай-қайсысы да бағы жанса ел басқаратын, елінің көшін бастауға лайықты адамдар екен ғой. Біз көбіне жанымызда жақын жүрген, қарапайым боп көрінген кісілердің тұлғасын, кемеңгерлігін тани бермейміз. Тұлға деп көбіне биліктің тізгінін ұстағандарды ғана айтамыз.Бұрынғы кезде де ақыл-парасаты бойына жарасқан, бойын жасырған тұлпардай жүйріктер, елдің көшін бастайтын қайраткерлер, ақылмандар ел ішінде жоқ емес еді. Өкініші, олардың бәрінің бірдей бағы жанып, жолы бола бермейді, көбіне ел ішінде, төңірегінде, отбасында, дастарқанда ғана белгілі болып қалады. Олар дәреже-атақ, мансап іздемейді. Барға қанағат қылады. Менің жоғарыда атын атаған ағаларым сондай сыйлы, өз ортасында, ел ішінде қадірі асқан кісілер еді. Олар менің екінші университетім, Тәңір сыйлаған, тағдыр табыстырған ұстаздарым болды.Ешкімге ұқсамайтын жаратылысымен, тіршілік жайындағы толғаныстарының тереңдігімен, өмірге бейімділігімен, асып-тасыған аңқылдаған ақжарқын көңілімен, қайырымдылығымен, кішіпейілділігімен, парасатымен өзгеше көрінетін Жасболат аға ерекше еді.Жасболат аға Нұрмұхамбетов өзінің туған өңірі – Талдықорғанға 1977 жылдың аяғында оралды. Оған дейін он бес жыл Жамбыл облыстық тұтынушылар одағын басқарған ол Талдықорған қалалық өнеркәсіп тауарларын сату мекемесіне директор болып келді. Көп кешікпей таныстық. Бірден өзіне баурап алды. Содан бастап ол кісі дүниеден өткенше жұбымыз жазылған жоқ. Біз Алматыға көшіп кеткен соң да жиі-жиі телефонмен сөйлесіп, анда-санда сағынысып ұшырасып жүрдік.Құдайға шүкір, Жасболат ағамыз бен Күләш әпкеміздің артында үлкен әулет, жайқалып өскен ұрпақ, асыл өнеге қалды. Жасекеңнің бала-шағаларының ішінде күні бүгінге дейін біздің үзбей араласып тұратынымыз – қызы Гүлнар мен күйеу баласы Ерсұлтан. Гүлнар – туған қарындасымыздай, Ерсұлтан туған ініміздей боп кетті. Гүлнар әкесі мен анасының бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп, көпшіл, дастарқанды, қонақжай, қазақы дәстүрде өсіп-қалыптасты.Ерсұлтан да текті жерден шыққан, көргені бар, өнегесі де, өнері де жетерлік, қыз мінезді, ізетті, адамгершілігі мол азамат. Абыройлы жұмыс істеп келеді. Жап-жас кезінде Қапал аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, одан соң Талдықорған облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін облыс әкімшілігінің аппарат жетекшісі болды. Шетелде үш жыл дипломатиялық қызмет те атқарды. Елге оралып, Президент Әкімшілігінде он алты жылдан астам жемісті еңбек етті. Он жылға жуық кадр саясаты бөлімін басқарды. Отбасы ажарлы. Ортасына сыйлы. Бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, еліне қадірлі, мемлекет қайраткері. Кейбіреулер астындағы тағына сай шыр айналып, құбылып отырады емес пе? Қай қызметте де Ерсұлтан өзгерген емес, кішіпейіл, бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүреді. Кісінің қадірі сондайда білінбей ме, былтыр Ерсұлтан алпысқа толып, достары хан көтерді. Осыны көріп қуандық.Жасболат аға 1997 жылы дүние салғанда да, Күләш әпкем 2012 жылы дүниеден өткенде де, оларды арулап аттандырған, ас беріп, бастарына белгі қойған – Ерсұлтан мен Гүлнар. Бұл екеуіне аға-апамыздың әруағы риза шығар деп ойлаймын. Елі-жұрты да риза. Қазақ ұрпақты Құдайдан осы үшін сұрайды.Жасболат аға философия факультетін бітірген, табиғатынан ойшыл адам еді. Кейін зейнетке шығып, қолы босаған кезде облыстық газетке «Сырласу», «Әрекеттің алды – ақыл, арты – сабыр», «Марғаулықтан арылайық, ағайын» дейтін философиялық ойларға, толғамдар мен пайымдауларға толы бірнеше мақала жазды. Бұл өзі бір бөлек дүние еді. Әттең, біз жазылғанның бәріне мән бере бермейміз ғой, әйтпесе, сол мақалаларда ұлт тағдырына, елдің келешегіне, ой-санаға, салт-дәстүрге қатысты көп тұжырымдар, пайдалы пайымдар бар еді. Әттең, айт-айтпа, не керек, сөзді ұға бермейтін, өзгенің сөзін тыңдап, елей бермейтін, шетімізден шешен, шетімізден көсем емеспіз бе, сол мақалаларда айтылған пайдалы ойлар өрісін таппай қалды.Күләш әпкем ғажап әнші еді, сонда да әншімін деп айтпайтын. Салған әнін жалықпай тыңдаушы едік. Әпкеміз ақын да еді. Қолына домбырасын алып, табан астында қиыстырып, ортасын толтырып отырушы еді. Былтыр ол кісі дүниеден өткен соң, Ерсұлтан өлеңдерін құрастырып, жеке жинақ етіп бастырып шығарды. Ол өлеңдер, бәлкім, поэзия өлшемі тұрғысынан жауһар емес те шығар, бірақ, өлеңдерінің қай-қайсысынан да мөлдіреген сезімді, аналық жүректі сезесің. Тебіренбей оқи алмайсың. Қыршын кеткен Зәуресіне арнаған өлеңін оқығанда еріксіз көзге жас үйіріледі.Жасболат аға дүниеден озғанда, әпкем қазақ салтымен арысын жоқтады.Атыңнан айналайын, арысым-ай,Қарлыққан сені жоқтап дауысым-ай.Жер басып кеше ғана жүр едің-ау,Дүниенің көз жұмғанша ауысуы-ай.Жүз жылда бір туатын арысым-ай,Мәңгілік кім жасайды жалған барда,Тәңірім тарылмасын қалғандарға.Әттең-ай, қолымыздан сусын беріп,Ақырғы сөзді естісек арман бар ма?! –дегенде, жиналған қалың жұрттың ішінде еңкілдеп жыламаған адам болған жоқ.Жасболат ағамыз дүниеден өткелі он алты жыл болыпты. Күләш әпкеміз бақи болғалы жыл толыпты. Жасболат аға 74, Күләш әпкем 87 жыл ғұмыр кешті. Жер астына сыймайтын жайсаңдар еді, жарықтықтардың пейіште нұры шалқысын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.