Жұма, 3 мамыр 2013 2:09
Бәлкім, осынау мамыражай мамыр айында оның жетпіс жасқа толуын тойлап жатар ма едік… Бұлайша бұлтарта сөйлеуімнің себебі бар. Ол қатарластары сияқты ағайын-туманың, дос-жаранның, бала-шағасының басын қосып, ел ағасы елуін де, ақсақалдыққа аяқ басқан алпысын да атап өткен жоқ. Соған қарағанда, жетпіске жеттім деп желпіне қоймас па еді, кім білсін. Енді міне, көзі тірісінде өтпеген тойын артында қалған отбасы,
Жұма, 3 мамыр 2013 2:09
Бәлкім, осынау мамыражай мамыр айында оның жетпіс жасқа толуын тойлап жатар ма едік… Бұлайша бұлтарта сөйлеуімнің себебі бар. Ол қатарластары сияқты ағайын-туманың, дос-жаранның, бала-шағасының басын қосып, ел ағасы елуін де, ақсақалдыққа аяқ басқан алпысын да атап өткен жоқ. Соған қарағанда, жетпіске жеттім деп желпіне қоймас па еді, кім білсін. Енді міне, көзі тірісінде өтпеген тойын артында қалған отбасы, туыстары мен достары өткізіп жатыр. Басқа басқа, белгілі қаламгер, білікті баспагер, ұлағатты ұстаз Серік Әбдірайымұлының туған күнін ұмыт қалдыруға бола ма?
Мен Серікті есіме ала отырып, жарық дүниеден озған досымның болмыс-бітімін жадымда қайта жаңғыртып, онымен қайта жүздескендей ойға шомдым. Осынау сұңғақ бойлы, аққұба, атжақты, қыр мұрынды, еңселі – алпамсадай, әрдайым жарқылдай күліп, қашан көрсең де құшағын ашып, айнымас айналайынын айтып қарсы алатын жайсаң жігіттің сол бір бейнесі ешқашан есімнен шыққан емес. Көзден кетсе де бейнесі көңіл төрінде тұр.
Қасиетті қарашаңырақ «Лениншіл жаста» тағдыр табыстырған өңкей өрімдей жас, пікірлес, ниеттес, қаламдас жігіттер: Оралхан Бөкей, Кәдірбек Сегізбайұлы, Кәрібай Ахметбекұлы, Ақселеу Сейдімбек, Серік Әбдірайым, осы жолдардың авторы және Бексұлтан Нұржекеұлы дәм-тұзымыз жарасып, достасып ұзақ жылдар жұбымыз жазылмай бірге жүрдік. Кейін «жеті жетім» атанып кеткен бұл топтың бірлігі мен тірлігі естіген жұрттың есіне алып, әр жерде, әр кезде әңгімелеріне арқау болғаны әрі әлі күнге жалғасып келе жатқаны белгілі.
Кешегі күркіреп өткен сұм соғыс кезінде жарық дүние есігін ашқан жоқ-жітіктікті көп көрген біздің құрдастарымыздың, Дулат досымыз айтқандайын, балалық шақтың, бозбалалық дәуреннің қызығын көрмегені айдай ақиқат. Егер де бұл буын ерте есейіп, ел қамын жеген азаматтықтың атына ерте қонса, бұл да сол өмір сабағының өнегесі. Серік те осы ортаның белбаласы болатын. Оңаша отырып сырласқан сәттері: жалғыз ағайым Жарылқасын екеумізді ерте жесір қылып, тұрмыстың тауқыметін көп көрген аяулы анамыз Дәрия жетелеп жүріп оқытып, ел қатарына қосты. Сол ардақты ананың алдындағы перзенттік парызымды адал өтеу, атына кір жұқтырып, сөз келтірмеу арманым да мақсатым, борышым да, деп Серік досым ағынан жарылатын.
Серік жаратылысынан жүзі жарқын, жүріс-тұрысы ширақ, жібектей жұмсақ мінезді жігіттің жайсаңы еді. Оның танысқан адаммен тез тіл табысып кететін кісіге үйірсектігі, өзіне тартып тұратын аурасы ғажап-тын. Кісінің көңілін табуға келгенде де алдына жан салмайтын ерекше елгезек еді. Оның кісінің іші-бауырына кіріп, араласып-құраласып, сырласып-сыйласып кететін ақжарқын, жұғымды да жағымды қасиетін қадірлейтінбіз. Серіктің әрдайым алыс-жақынға, жолдас-жораға, ағайын-туғанға бірдей жанашыр қалпынан айныған жері жоқ. Ал өзі байлыққа, билікке ұмтылған емес, қоңыр тіршілік кешті. Серік қағытпамыз қанша қыжырлы болса да әдепті әзілімен жымия жауап қайтаратын да, аузыңа құм құятын. Ол әдептен озбайтын, сыпайы да сырбаз мінезімен сүйкімді-тін. Серік өкпелеу, өштесу, кекесін айтып кектесу деген қыңыр қылықтан ада болатын. Бірақ қанша кең, кішіпейіл, кешірімді болса да, ешкімге жалтақтамай, намысын таптатпай тік жүріп, турасын айтып өмірден өтті.
Біздің Серік қарғадай кезінен жетім қалып, ағайынның алаламауын, жақсының жатырқамауын, өмірдің өксітпеуін аңсап өскендіктен, өзі де осы адами асыл қасиеттерді ардақ тұтты. Оның қолынан келгенше кім-кімге де жақсылық жасауға ықыластылығының сыры да осында. Сөзімізді тірілтер бірер мысалға жүгінейін.
Айталық, Серіктің белгілі қаламгер, өзінің Қазақ университетіндегі ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов ағамыздың ойламаған жерден сал ауруына шалдығып, төсек тартып, келешегінен күдер үзіп жатқанда көңілін сұрай келіп, қарап отырмай жазуға кірісіңіз деп жігерлендіріп, ақыры сол қамшылаудың арқасында «Таңшолпан» аталатын тамаша роман-эссенің (кейін трилогияға айналған), «Сыр мен шындық», «Біртуарлар болмысы» т.б. көркем шығармалардың жарыққа шыққандығы белгілі.
Айтқандайын, қиналып жүргенде кітаптарын шығарып бергені үшін ұстазы профессор Х.Сүйіншәлиевтің (ол да төсек тартып жатқанда), анау-мынау емес, бір кездегі Баспасөз министрі болған Ш.Елеукенов ағамыздың інілік ізеті, қамқорлық-қайырымы үшін Серікке алғыстарын айтып, естелік жазғандары да есте.
Университеттің үшінші курсын бітіре сала «Лениншіл жасқа» қызметке шақырылған Серіктің қазақ баспасөзіне сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. Оның есімін елге танытқан, қадір-қасиетін арттырған журналистика саласындағы салиқалы сөзі, мән-маңызы өрелі очерк мақалалары. Әсіресе, жан-жақты білім-біліктілігімен баурап алатын сырлы сұхбаттардың жөні бөлек. Қаламы қуатты, сөзі сарабдал, пікірі парасатты, мәселені тереңнен қозғайтын қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік өмірдің сыр-сипатын сыналай саралап, көркемдігі мен тартымдылығын келістіріп жазған толғақты толғаныстары, ел мен жердің, еңбек адамдарының, айрықша қазақ жастарының жан-дүниесін, мұң-мұқтажын, өнегелі істерін көкейге қондыра, жарқырата жазуымен ерекшеленіп тұратын. Оның және бір жақсы жағы – Серіктің өзінің ұзақ жылдарғы журналистік тәжірибесінен тәлім беріп, студенттер тәрбиелеуге, олардың кәсіптік шеберлігін шыңдауға атсалысқаны. Ол журналистикаға ұстахана болған ҚазҰУ-де табан аудармастан отыз жыл дәріс оқыған ұстаз-тын.
Осы жерде арнайы айта кететін бір түйінді сөзіміз бар. Ол біз қызмет істеген жылдарда «Лениншіл жас» тек жастар ғана емес, жалпы қазақ жұртшылығы іздеп жүріп, сүйіп оқитын газеті болса, онда Серіктің де сүбелі үлес, тиісті сыбағасы бар.
Ол жаны шуақты, жүрегі шырақты кісілермен пікірлесуге, араласуға аса құштар болатын. Айналасынан ұдайы жақсылық, ізгілік иелерін іздейтін, әрдайым игі жақсыларға жуық жүретін. Ықыласы ауған адамды суыртпақтап сөзге тартуға, арғы-бергі заманның әңгімесін естуге құмар-тын. Естіген есті сөздерді, ғибрат алатын мәнді оқиғаларды ізін суытпай жанқалтасында жүретін блокнотына көшіріп ала қоятын да, кейін оларды ретіне қарай жазғандарына пайдаланатын.
Серіктің шығармашылық еңбегінің ішінде ерекше бағалысы қазақтың ел билігін биік дәрежеде, мейлінше адал атқарған Дінмұхаммед Қонаев пен ұлттық өнердің өрен жүйрігі, саңлақ сазгер Нұрғиса Тілендиев туралы жазған және құрастырған кітаптары.
Осы орайда шегелеп айтар бір шындықтың шымылдығын аша кетсек артық болмас. Кеңестік кезеңде, атағы дүрілдеп тұрған шағында шырқ үйіріліп қасынан шықпайтын шенеунік біткен биліктен кетіп, бағы тайған соң Д.Қонаевтан сырт айналып, сәлемдесуге де жарамағаны анық. Міне, осындай сын сәтте Димекеңнің қасынан табылып, қаламымен қызмет көрсетіп, айтулы азаматын туған ел-жұртымен қайта табыстырған Серік еді. Ол жазықсыз жалалы болып, қудалауға түсіп, ақыры ар-ожданының тазалығы, адалдығы арқасында ақталып шыққанда – сол бір күйзеліп, көңілі құлазып жүрген кезінде ақсақалмен алғаш рет дидарласып, сұхбаттасып, оны «Қазақ әдебиеті» газетінің екі нөмірінде жариялатудан басталған інілік риясыз қызметі кейін де жемісті жалғасты. Сөйтіп, елу жыл ел ағасы болған ұлтының қадірлі перзенті Қонаевтың тарихи, танымдық әрі әлеуметтік маңызы зор естелік кітаптарының жазылып, жариялануына жол ашып, қолғабысын тигізіп, оған рухани серік болды. Бүгінде ел тарихының жарқын беттеріне айналған «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітаптарын тәржімалап, әдеби нұсқасын жазған Серік, одан кейін «Елу жыл ел ағасы», «Личность» естеліктер жинақтарын құрастырып, өңдеп оқырман қолына тигізді.
Серіктің екінші бір айрықша атап өтетін еңбегі саңлақ сазгер Нұрғиса Тілендиев туралы жазбалары. Әсіресе, «Қаһарман Нұрғиса» мен «Нұрғиса» деректі фильмдері және атақты композитордың 70 жылдық тойында, Абай атындағы опера және балет театрында жасаған баяндамасының жөні бөлек.
Егер Серік Әбдірайымұлының шығармашылығын талдай таразылап, саралай салмақтасақ, оның ұлтымыздың көкейкесті қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-мәдени мәселелерін мәнерлеп, жеріне жеткізе жазуына сұхбат жанрын таңдауы да табылған ақыл болған. Оған «Самғау» аталатын кітабында жарық көрген ұлтымыздың марғасқаларымен жүргізген сұхбаттары осы сөзіміздің айқын айғағы. Онда Д.Қонаевтан бастап есімдері елімізге ардақты саясаткерлер А.Асқаров, К.Аухадиев, З.Нұрқаділов, ақын-жазушылар Қ.Мұхамеджанов, Қ.Мырза Әлі, С.Иманасов, Қ.Найманбаев, О.Бөкей, ғалымдар З.Қабдолов, Т.Амандосов, Ө.Жолдасбеков, өнер тарландары Н.Тілендиев, Б.Төлегенова, Ә.Әшімов т.б. сынды тұлғалы азаматтар сыр шерткен.
Көсемсөздің көрнекті өкілі Серіктің төл туындылары «Бес мүшел белесінде», «Самғау» т.б., сондай-ақ, оның аудармасымен О.Кемальдың «Тәлкекке түскен тағдыр», бірнеше ұлт жазушыларының әңгіме-повестері жинақталған «Мансап пен махаббат» т.б. кітаптары жарық көргені мәлім. Мұның сыртында «Лениншіл жастан» бастап республикалық баспасөз беттерінде жарияланған ел өмір мен тәуелсіз қоғамның тіршілігіндегі сансыз өзекті мәселелерді ортаға салған жүздеген мақалалары және бар.
Мен білетін Серіктің ерекше сіңірген еңбегі – баспаларды басқарудағы жанкешті іс-әрекеті. Оның тікелей ұйымдастыруымен «Өнер», «Қазақ университеті», «Санат» баспалары шаңырақ көтерді. Осы арқылы ұлттық рухани байлығымызға олжа салған аса құнды кітаптардың жарық көруі де Серіктің ел алдындағы перзенттік парызын адал өтеуі.
Иә, Серік Әбдірайымұлы шын мәнісінде аяулы Азамат еді. Ал бұл сөздің аясы кең: ел-жұртына өмірімен, өнерімен, қарымды қаламымен қалтқысыз қызмет көрсеткен тұлғаларға ғана берілетін баға. Біздің Серігіміздің есімі осындай адами абзал қадір-қасиетімен ел есінде қалғаны жүрекке дауа, дәтке қуат.
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
___________________________________
Суретте: С.Әбдірайымұлы, Қ.Құрманғали, А.Сейдімбек