Жұма, 3 мамыр 2013 2:11
Лев Николаевич Гумилев! Біраз жұртқа мәлім осы есімнің, әсіресе, түбі бір туысқан түркі қауымы жүрегіне жылы, қадірі бөлектігін артық айтып жатудың қажеті болмас. Бұдан гөрі ұлы даланың ғажайып көне сырын жаңаша қырынан жарқыратып, әлемдік шежіредегі орнын қалпына келтіруші өміріндегі біреу білсе, біреу білмес тұсына тоқталсақ дейміз. Әлбетте, сөз бұл ретте тар жол, тайғақ кешулі болған тағдырының Қарағандыға қатысты тарабынан қозғалады.
Жұма, 3 мамыр 2013 2:11
Лев Николаевич Гумилев! Біраз жұртқа мәлім осы есімнің, әсіресе, түбі бір туысқан түркі қауымы жүрегіне жылы, қадірі бөлектігін артық айтып жатудың қажеті болмас. Бұдан гөрі ұлы даланың ғажайып көне сырын жаңаша қырынан жарқыратып, әлемдік шежіредегі орнын қалпына келтіруші өміріндегі біреу білсе, біреу білмес тұсына тоқталсақ дейміз. Әлбетте, сөз бұл ретте тар жол, тайғақ кешулі болған тағдырының Қарағандыға қатысты тарабынан қозғалады. Өйткені, тарихымыз терең тамыршысының ұзаққа ұласқан қудалану кезі бір үзігінің осында ұштасуының өзі жайдан-жай өтпегендігі ашылып келеді. Заманындағы көптеген айтулы азаматтардай зорлық-зомбылық кәріне ұшырап, сол мұңдастарының көбіндей аты-шулы Қарлагқа қамалғанда қара жұмысқа жегіліп жүріп-ақ ертедегі тұтас бір дәуірді қамтыған әйгілі еңбектерін жазудан қол үзбеуі жайлы деректер бар.
Бізге мұндай жағдаятты «Болашақ» университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков бастаған ғалымдардың тыңғылықты зерттеулері нәтижесіндегі мағлұматтар алға тартумен бірге саяси қуғын-сүргін зардабынан сыр шертетін Долинкадағы мұражайда жинақталған ақпар анықтатты. Жалпы алғанда, гумилевтану турасындағы зерттеулер, ғылыми сипаттағы дүниелер жетіп артылғанымен, бұлардың мәнділігі сол, атақты тарихшының сүйікті тақырыбынан қандай да қиындықта бас тартпағанын, еш айнымағанын айғақтайды.
Әңгімемізді тарқата түскенде, атақты ғалымның Карлагқа тап болуы – 1949 жылы үшінші рет тұтқындалып, енді 10 жылға сотталуымен байланысады. «Звезда», «Ленинград» журналдары төңірегіндегі зобалаң қармағына ілігіп, аты да, заты да жан түршігерлік Лефортово түрмесінен тікелей жапандағы Шерубай-Нұра бөлімшесіне айдалады. №8 Песчаный ерекше лагері аталатын оған мемлекетке «аса қауіпті» қылмыскерлер, соның ішінде екінші, үшінші рет тұтқындалғандар тоғытылатын. Қазіргі Абай қаласынан 30 шақырым қашықтықта Қарабас, Құлаайғырға қарай аласа төбелі-бұйратты шоқылар баурайындағы елсіз, елеусіз ойпаңдарда орналасқан оның Сарысуды қуалап Жаңаарқаға дейін созылған ондаған тармақтарында қасірет шегушілер саны құрылуының бір жылы ішінде ғана 35 мың адамға жетеді. Олар осы маңайда салынып жатқан шахталар мен құрылыстардағы күні ұзаққа тыным таптыртпайтын жұмысқа жегіледі. Мұның алдында Беломор каналына қолмен жол аршуды, табиғаты төзгісіз Норильскіде кен тазартуды бастан кешкен тарихшыға мұндай істер таңсық емес еді. Жеке күнделігінде «…Қарағанды. Суық, аштық, бандерашылар, власовшылар, ауыр жұмыс. Бағыма қарай, топограф, кейін пеш жағушы болып орналастым, одан әрі әлденелерді көшіріп жазып жүрдім. Досым-Шаһтан қашқан парсы Рахим. Парсы тілін үйреніп жүрмін. Баракта тарихтан дәріс оқимын. Біздің ректордың ұлы Леваны әкелді» деп жазғанындай лагерьлік өмірінің елесі сезіледі. Кейінде анықталғандай, мұндағы Лева есімді жігіт өзі оқыған Ленинград мемлекеттік университетінің ректоры Александр Алексеевич Вознесенскийдің баласы Лев Александрович Вознесенский болып шығады. Оның тағдыр айдауымен екеуінің қандай жағдайда жолыққанын өз аузынан жазып алған профессор Дулатбековтың мұрағатында: «Қас қарая мені Қазақстан даласынан орын тепкен ерекше лагерьге орналастырысымен, барақтардың бірінен әлдекімнің бүкшиген пішінін көрдім, сақалы өсіп кеткен ол пешке от үстемелеп отыр екен. Бұл Лев Николаевич Гумилев еді» деген сөзі сақтаулы тұр.
Айта кету керек, ұлы Түрік қағанатының құрылуы туралы әлемде алғаш зерттелген, алайда, сол кезде кеңестік жүйеге тосын, ұнамсыз тақырыпта кандидаттық диссертация қорғауына қарсылыққа қарамастан, еңбегі жанбай жатып сөніп қалып қоймауына мүмкіндік жасаған бірден-бір адам Александр Вознесенский болғанын тарихшы ұмытпаған, қиын сәттегі қолдауын қадір тұтқан. Кім біледі, ғылымға таза, адал осындай адамның қамқорлық-көмегі болмағанда адамзат тарихының терең бір қатпары ұзаққа қозғаусыз қалар ма еді. Содан соңғы жылдарда қаулаған жаппай қуғын-сүргіннің қай-қайсысына ілікпей, одан өз еркімен соғысқа қатысып, қайтадан қамалып, 15 жылы айдауда өткізуге тура келген қилы қиын жолда сол салынған із мақсаттан тайдырмағаны белгілі. Тағдырдың жазуын қараңызшы, ұстазының баласы Лев Александровичпен, ой-өрісі биік, білімі кең замандасымен лагерьде кездестіруі жігер жанығаны, күрес ұштағаны және талассыз. Мұны 1992 жылы «Литературная учеба» журналына берген сұхбатында айтып өтеді.
Гумилев өмірін зерттеулер бойынша ең маңызды еңбектерінің бірі – «Байырғы түркілерге» алғаш 1935 жылы қалам тартылып, «Ғұндар. Көне дәуірдегі Орталық Азия» кітабындай жазылуы лагерьлерде жалғастырылғаны аталған сұхбатта да аңғарылады. Хат-хабарды көлемдірек жазуға үйірлігін сеп қылып тарихшы бақылаушылардың соған уақыт қыспауын басшылардан сұрап мазалай береді. Ақырында тек өлең жазбауы ескертіледі. Аш-арық сүйек сүйретілген, күні ұзаққа азапты жұмыстан шаршап-қалжыраған, құмырсқадай өрген қандала талауынан шала ұйқы қысқан, неше түрлі қиянаттар жан сыздатқан қысылшаң жағдайда да қалам тарту қандай қайтпас қайсарлық десеңізші. Рухы мықты, сенімі берік адамдарға ғана тән рухани ерліктің өшпес шоғы еліміздің ертедегі тарихын түбірінен түрлендіргені бүгінде әркімге аян. Ағашы сықырлаған, жарығы көмескі, есік-терезесінен ызғар жел ескен баракта бірге қоныстас болған инженер-құрылысшы Алексей Савченконың естелігі бойынша сонда кітапты тек жадына түйгендерін еске түсіре отырып жазғаны білінеді. Анда-санда лагерь басшыларының рұхсатымен қолына тиетін ақын анасы Анна Ахматова, ленинградтық әдебиетші Эмма Герштейн жіберген әдебиеттерді көп ұстамау талабына байланысты тез оқылып шығып, қажетті жерлері зейінге сақталып қалады екен. Әйгілі кітаптардың жазылуы Шерубай-Нұра бойындағы лагерьде де, бір жылдан соң Алтайдағы Қамыслагқа ауыстырылғанда жалғастырылғанын онда да серіктес болған Александр Вознесенскийдің сұхбатында айтылады. Ол тұтқындар тақсыретіне жанашырлық танытушы ізгі жан, санитарлық бөлімшенің бастығы капитан Захаровтың тарихшыны екі-үш ай ауруханаға жатқызып, еңбегін еркін жазуына ерік тудырғанын ризалықпен атайды.
Ол кездегі кеңестік кеңістіктің қиян түкпіріндегі далалық лагерьде Лев Гумилевпен қиындықты қоса кешкен тағы бір тағдырласы, Францияның Қытайдағы елшісінің оққағары болған Николай Мислевецтің еске түсіруі бойынша ғалымның сыртқы дүниемен байланысы, әсіресе, жоғарыда аталған Герштейн атты кісі арқылы үзілмей тұрыпты. Ал аты-жөнін толық атағанда Эмма Григорьевна Герштейн деген бірге оқыған бұл әйел Лермонтов шығармашылығын зерттеуші білгір әдебиетші ретінде, сондай-ақ, анасы Анна Ахматовамен, Ресейдің зиялы қауымының көрнекті тұлғаларымен пікірлестік, сыйластық қарым-қатынаста болғандығымен танымал. Ғалым қолжазбасының оқушы дәптеріне көшірілген нұсқасын әртүрлі жолдармен ғылыми ізденісіне бұрыннан тілеуқор осы жанға жіберіп отырған көрінеді. Тағдырдың жазуымен табаны қазақ жеріне тиген аз ғана уақыттың өзінде осындай 30 дәптер жөнелтіп үлгеріпті. Айдаудан оралғанша соларды сақтауды өтінген хатында: «Милая, дорогая, неповторимая Эмма, то, что Вам доверил – эта лучшая часть меня, это как бы мой ребенок» деп жазады Ленинградқа Шерубай-Нұрадан. Бұл жайға тоқталғанда жалпыадамзаттық қазынаны аса байытқан әйгілі зерттеулердің бірқатар тараулары өзі тарихын тірілтуші түркілердің байырғы топырағында келді деудің реті бар. Осы орайда барынша анықтай түсу әлі де қажет деген ойды да іркіп қалғымыз келмейді. Ұлы тарихшы өміріндегі беймәлімдеу жай болып қала бермеуі керек. Осыны мойынға жүктер Долинкадағы мұражайда Лев Гумилевтің Қарлагтың азабын тарта жүріп, ғылыми еңбегін ендетуі жөнінде сыр шертетін толымды мұрағаттар жоқ дерлігі өкінтеді. Тым болмағанда «Байырғы түркілер» кітабының алғы сөзінде «Кітапты баспаға ұсынған ұстазым М.И.Артамонов пен профессорлар С.Л.Тихвинский, С.В.Колесникке, сондай-ақ Норильск және Қарағанды лагерьлерінде тұтқында болған күндерімді бірге бөліскен достарым Л.А.Вознесенский мен Д.Е.Алшыбайға жүрекжарды алғыс білдіремін» деп жазылған соңғы құлаққа етене жақын, арамызда кең тараған есімдегі кісі кім екенін анықтау ескерілмей келеді. Бұлайша ерекше құрмет танытылған досының тегін адам болмағаны анық. Кейіннен еске алуы бойынша лагерьдегі тұтқындағылардың ішінде қазақ, татар, өзбек азаматтарымен араласып-құраласып, жиі тілдесіп, бір-біріне түсіністі, ісіне қажетті тілдерін үйренуге ден қойғанындай араларынан аса бауырласуға оқыған-тоқығаны көп, рухани сырластығы лайық жан болуы сөзсіз.
Иә, тарих ғылымындағы ерлік бір төбе, сол жолда зобалаң жылдардың қаһарынан қайыспай, азаматтық тұлғаны жоғары ұстап, алға қойған мақсатқа жетудегі ерлік те теңдессіздігі бір бөлек ғалымның Қарағанды жерінде қайралған қайсарлық ізі осындай. Тарихымыздың тамырын тереңдеткен қайсарлық!
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.