Сенбі, 4 мамыр 2013 3:12
Өзбекстанда жүріп Еңбек Ері атанған азаматтың өмірі туралы сыр
Мырзашөл – Сырдарияның жоғарғы бойының сол жағын алып жатқан құмды атырап. Оның солтүстік жағы Оңтүстік Қазақстан облысына, оңтүстігі Өзбекстан Республикасына қарайды. Қызылқұмға ұласатын қазақстандық Мырзашөл құм төбелі бел-белесті жазық.
Сенбі, 4 мамыр 2013 3:12
Өзбекстанда жүріп Еңбек Ері атанған азаматтың өмірі туралы сыр
Мырзашөл – Сырдарияның жоғарғы бойының сол жағын алып жатқан құмды атырап. Оның солтүстік жағы Оңтүстік Қазақстан облысына, оңтүстігі Өзбекстан Республикасына қарайды. Қызылқұмға ұласатын қазақстандық Мырзашөл құм төбелі бел-белесті жазық. Мырзашөл өңірін игеру КСРО-да ХХ ғасырдың 20-жылдары Түркістан өңірін суландыру және суармалы егіншіліктің аумағын ұлғайту мақсатында жүргізілген ирригациялық жұмыстардан басталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары Мырзашөл өңірінде Шардара су қоймасы, Қызылқұм суару жүйесі сияқты жасанды айдындар іске қосылды және бұлардың негізінде Мырзашөлді суландыру кешені қалыптастырылды.
Аты айтып тұрғандай, бұл атырап бір кезде құмның қуаң шөптері мен жәндіктері ғана өмір сүретін шөл болған. Жанынан сылқ-сылқ күліп ағып жатқан Сырдария қаңсып жатқан шөлге бір тамшы суын да бермей, Аралға жететін. Осы дарияны түрлі су қоймаларымен бөгеп, шөлге бұру арқылы мақта егісі қолға алынған. Ұшқан құстың қанаты күйетін ми қайнатар ыстықта адамдар қара шойындай болып тотығып, қара қайыстай болып ширап, Сырдарияның суын каналдармен бұрып, ақ шөлді ақ алтынды алқапқа айналдырып, «мырза шөл» атандырды. Сол ерлердің бірі біздің кейіпкеріміз Қынабек Үкібайұлы еді.
Ол 1913 жылы бұрынғы Сырдария облысы Иіржар болысы, яғни қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында туған. Иіржар 1928 жылы бұрынғы болыстықтың негізінде құрылған аудан болатын. 1930 жылғы 17 желтоқсаннан ол Мақтаарал ауданы аталады. Аудан Өзбекстанның Сырдария және Жызақ облыстарымен шектеседі.
Қынабектің әкесі Үкібай кедей шаруа болған. Ол 1910-13 жылдары Мырзашөл каналын қазуға қатысқан жандардың бірі. Үкібай мен Зибадан Ділдәбек, Қынабек есімді ұлдар мен Сапаркүл, Тұмар, Түймекүл атты қыздар өмірге келген.
Қ.Үкібаевтың арғы атасы Қараменде «түйе қабырғалы Қаракөсе» атанған атақты балуан, қара күштің иесі көрінеді. Ауыл-аймақты ақылды қариялар басқарып, бауырмалдық пен туыстықтың қадасы нық болған кезеңді Қынабек көріп өседі. Сол ақылман қарттардың арасынан Бекбота, Түркебай, Оспан секілді аталарының халыққа жасаған пайдалы істерін, үлгі-өнегесін бойына сіңіріп, өз тарапынан олардың жарқын есімдерін ұрпақтарына жеткізуге тырысады. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры Тоғамбай Қауымбаев, ақын Мұса Жұманазарұлы, Қара Ағайдарұлы секілді ауылдас, ағайындас тұстастарын да ол жастарға үлгі тұтып, аузынан тастамай айтып жүрген.
Осындай ортадан шыққан Қынабек жасынан белсенді, оның үстіне елмен санасатын жұғымды азамат болып қалыптасады. Мектептен кейін тракторшылық курсты бітірген бозбаланы ауылдастары 18 жасынан бастап мақта бригадирі жұмысына сайлайды. Ал 1935 жылы аудан басшылары қолынан іс келетінін көріп, оны Қызылабад ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне бекітеді. Бұл Өзбекстан жеріндегі Мырзашөл ауданына қарасты жер болатын.
Осы қызметті абыроймен атқарып жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталады. Ол кезде мұндай қызмет атқаратын лауазымды адамдарға бронь беріліп, соғысқа алмайды. Бірақ майдан даласындағы дүбір, кеңестік үгіттің «Қызыл Армияның ерлікке толы істерін» асыра бағалаған насихаты жас жігіттің де бүйірін қыздырып жүреді. Сөйткен күндердің бірінде, 1942 жылы Мырзашөл аудандық партия комитетінің бюросында Қынабек Үкібаевтың жұмысы еш негізсіз, қатты сынға алынады. Бұған шамданған намысты жігіт бірден әскери комиссариатқа барып, соғысқа жіберуді өтініп, арыз береді. Бұған дейін де бірнеше сұранған екен, бірақ ол кезде жібермеген әскери комиссар жас жігіттің бұл жолы қатты бекінгенін көріп, қарсылық жасай алмайды. Сөйтіп, ауылдағы ата-анасымен де қоштаспай, Түркіменстанның Красноводск қаласына жүргелі тұрған әскери эшелонға мініп, соғысқа кете барады.
Қ.Үкібаев өзінің естелік кітабында осы оқиғаға қатысты ойларын білдіріпті. Онда өзінің балалық жасап, ата-анасына қатты уайым салып, үн-түнсіз кеткені үшін өзін өзі қатты сөккенін жазады. «Осындай да мейірімсіз, шапағатсыз перзент бола ма? – деп өзімді өзім балағаттай бастадым. Ата-ананы зар қақсатып, достарды жылатып, дұшпандарды күлдіріп соғысқа аттанғаным не? Бір-екі ақымақ жамандағанмен жаман болып қалмайтын едің ғой. Қорыққанынан өзін-өзі жанып тұрған отқа тастады демей ме?» деген ойлар оған маза бермейді. Бірақ енді бәрі де кеш екенін ескеріп, ер қорғаны – тәуекелге бел буып, алдағы күндерге үмітін жалғастырады.
Красноводск қаласындағы полигонда 45-50 градустық ыстықта жүріп, алғашқы әскери дайындықтан өткен мұның орта білімі және ауылдық кеңесті басқарған тәжірибесі барын көрген комиссия Ресейдің Иваново қаласындағы әскери-саяси оқу орнына жібереді. Осы жерден ротаның саяси қызметкері атағын алған Қ.Үкібаев көптен аңсаған майданға тартады…
Бұл 1943 жылдың басы еді. Бұл кезде Қ.Үкібаевтың ротасы қарайтын 3-ші Украина майданының жауынгерлері осы республиканың қалалары мен ауылдарын жау қолынан босатуда болатын. Қан майдан нағыз қызып жатқан тұс. Бірақ, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей Қынабек Үкібайұлы Украина жері үшін арпалысып, одан Венгрия, Румыния, Югославия мен Австрияны фашистерден азат ету жолындағы кескілескен шайқастарға қатысса да денесіне бір оқ дарымай аман қалады. Жанымдағы жолдастарым қынадай қырылып жатқанда қалай аман қалғаныма өзім де кейде таңғаламын, деп еске алады ол артынан. Кейде елде жүріп істеген талай қайырымды істерімнің өтеуіне аман қалған шығармын деп те ойлайды екен. 1936 жылы ГПУ біреулердің көрсетуімен елдегі молда, имам, ишандарды қудалап, ұстауға шыққанда бұл бір жолдастарымен бірге қабір маңынан жертөле қазып, олардың 15 шақтысын жасырып, аман алып қалады. Іздеп келген қанішерлерге ауылдық кеңестің төрағасы ретінде жауап беріп, ондай адамдардың мұнда жоқ екендігіне иландырады. Міне, осы кісілердің берген батасы мен дуасы сақтап, сауабы тиді ме екен деп ойлайды артынан Қынекең.
1946 жылы кеудесі орден-медальдарға толған Қ.Үкібаев майданнан елге аман оралады. Соның ішінде Дунай өзенінде болған бір шайқастағы ерлігі үшін марапаттаған «Қызыл Жұлдыз» ордені айрықша жарқырайды.
Мырзашөл ауданының жергілікті билігі мұндай білікті, белсенді әрі батыл адамдарға шөлдеп отырса керек, майдангерді бірден Пушкин атындағы кеңшардың (Болтай ауылы) төрағалығына тағайындайды. Ауданның бірінші хатшысы Абдулхай Таиров Қынабек Үкібайұлымен бұрын түрлі курстарда бірге оқыған, таныстығы достыққа ұласқан жігіт екен, ол сұрапыл соғыстан аман қайтқан досын құшақ жайып қарсы алады. Айта кетейік, осы А.Таиров – Өзбекстан Республикасының белгілі мемлекет және партия қайраткері болған адам. Кейін ол Сурхандария облысы атқару комитетінің төрағасы, Бұқара, Наманған облыстарының бірінші басшысы қызметтеріне сайланған жан.
Жалындаған жас, оның үстіне өткір әрі білікті басшы Қ.Үкібаев аз жылдың ішінде артта қалған шаруашылықты алдыңғы қатарлы лекке қосады. Кейін бұл ұжымшар «Социализм» кеңшарының бір бөлімшесі болып қалады. Қолынан іс келетін Үкібаевты облыс Таировтың ұсынысымен аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне көтереді. Ал 1950 жылы Таиров Сурхандария облыстық атқару комитетіне ауысқанда орнына Үкібаевты ұсынып кетеді. Сөйтіп, өзінің іскерлігі мен жақсы достың қолдауының арқасында Қ.Үкібаев аз жылда аудан басшысы болып үлгереді.
Осы, 1950 жылдан 1960 жылға дейін Қ.Үкібаев Мырзашөл аудандық партия комитетінде бірінші хатшы болып қызмет етті. Табиғаты барынша қатал, жазы ми қайнатар ыстық, шөлді атырап Қынекең басқарған жылдарда түлеп сала берді. Мақтадан гектарына 28-30 центнерден өнім алынып тұрды. Өзбекстанның тағы бір қайраткері, бірнеше жыл республиканың бірінші басшысы болған, кейін ұзақ жылдар КСРО-ның Сириядағы елшісі қызметін атқарған Нуриддин Мухитдиновтың айтуына қарағанда, Мырзашөл ауданы Қынекең басқарған жылдарда республикада алдыңғы қатарға шығып, жыл сайын өкіметке 70 мың тоннаға дейін мақта беріп тұрыпты. Осы еңбегі үшін 1956 жылы Қ.Үкібаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Сондай-ақ ол КСРО және Өзбек КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, партия Орталық комитетінің мүшесі болып сайланады. Бұл Өзбекстандағы қазақтар арасынан қол жеткізе қоюы қиын жетістіктер еді.
1960 жылы Қынекең Бостандық ауданына бірінші хатшы болып ауысады. Бұл аудан 1956 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік құрамына қарап келген. 1956 жылғы 13 ақпандағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-інің шекараларына жекелеген өзгерістер енгізу туралы қаулысымен аудан түгелімен, бүкіл қазақ халқын өкініште қалдырып, Қазақ КСР-інен Өзбек КСР-і құрамына берілген еді.
Міне, осы ауданды Қ.Үкібаев екі жылдай басқарады. Осы жылдары Мырзашөлдің жаңа аймақтары игерілетін болады. Оның аумағы Қазақ, Өзбек және Тәжік республикаларының құрамындағы жерлерді қамтитын. КСРО су шаруашылығы және мелиорация министрлігіне қарайтын «Главголодностепьстрой» атты одақтық бас басқарма құрылады. Оның бастығы Акоп Саркисовтың шақыруымен 1962 жылы Қынекең №17 кеңшардың (қазіргі Сардоба ауылы) директоры болып тағайындалады. Бұл кеңшар территориялық бағынысы жағынан Қазақстанға қарайтын, сондықтан Үкібаев сол кездегі Оңтүстік Қазақстан обкомының бірінші хатшысы В.Ливенцовтың батасын алады…
Осы жерде Қ.Үкібаевтың естелік кітабынан бір деректі келтіре кетелік. Мен кеңшарға келсем орталық кенттегі жұмысшыларға арнап салынған үйлер екі қабатты 8-10 пәтерлік екен, деп еске алады ол. Жұмысшылар қала тұрғындары құсап жұмыс орнына көліктермен қатынап, кешке пәтерлеріне тығылатын көрінеді. Ауылда тұрып тамақтың бәрін дүкеннен сатып алады. Бұл да ауыл тұрғындары мен қала тұрғындарын теңеймін деген хрущевтық ақымақ идеяның бір көрінісі еді. Осыған Қ.Үкібаев бірден қарсы шығады. Сөйтіп, «Главголодностепьстрой» басшылары А.Саркисов, Е.Озерскийлермен талай рет айтысуға тура келеді. Тек Хрущев кеткеннен кейін ғана Қ.Үкібаевтың идеясы дұрыстыққа жетіп, жергілікті тұрғындарға ыңғайлы бір қабатты үйлер салыну қолға алынады.
1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының мақта өсіретін Мақтаарал, Жетісай және Киров атты үш ауданы тағы да сол ұрдажық Хрущевтің шешімімен жергілікті халықтың пікірімен санаспай Өзбек КСР-і құрамына беріліп кеткен (Олар тек 1971 жылы қайтарылды). Қ.Үкібаев басқаратын №17 кеңшар аумағы да тұтасымен соның ішінде кетіп, Өзбек КСР-іне қарап қалады.
Осы кеңшарда 14 жыл директор болған білікті басшы биік табыстарға қол жеткізеді. 1963 жылы мемлекетке 6 мың тонна мақта тапсырса, 1973 жылы бұл көрсеткіш 12 мың тоннаға жетеді. Кеңшарда Қ.Үкібаевтың қол астында қызмет істегендер арасынан бір министр, екі аудан басшысы және ондаған кәсіпорын басшылары шығады. Олардың бәрі де Қынекеңе деген ризашылығын күні бүгінге дейін айтып, аузынан тастамайды. Мәселен, кейін Өзбек КСР Ауыл шаруашылығы министрі болған Рустам Каримов Қ.Үкібаевты: «Қынекең қажымас қуаттың, ерекше еңбек қабілетінің, ұстамды ақылдың және айрықша іскерлік қадір-қасиеттердің, күшті лидерлік сапалардың егесі болды. Өзінің жұмыстағы қаталдығына қарамастан басқаларға тілектес, адамгершілігі және бауырмалдығы мол адам еді. Менің тағдырыма Қынабек атаның басшылығында жұмыс істеу бақыты жазылғанына ризамын», деп еске алады.
Қынабек Үкібайұлының өзі де өмірде талай жақсыны ұстаз тұтып, үлгісін алған, ал кейбірімен дәм-тұздары жарасып, жақын көңілмен достық қатынаста болған.
Біраз қазақ өзбек жерінде Қынабек Үкібайұлын паналап, қуғыннан да аман қалған. Солардың бірі – ақтөбелік Ғазым Сәрсенғалиев. Сауда саласында істеп жүрген ол өз елінде бір келеңсіз жағдайға ұшырап, Ташкент асуға мәжбүр болады. Содан… «Ташканның көп шайханаларының» бірінде өзбек акалармен әңгімелесіп отырып, осы жақта маған пана боларлық бір мықты қазақ бар ма деп сұрайды. Сонда ақсақалдардың бірі: Ташкент-Красноводск пойызына отырып, жүз шақырым жердегі Мырзашөл стансасынан түс, сонда аудан ұстап отырған Қынабек деген бір қазақ бар. Саған бір көмектессе сол көмектеседі деп мәслихат айтады. «Жазған құлда шаршау бар ма», Ғазекең ақсақалдардың айтқанын істеп, тосып отырғандай Қынекеңнің үйіне жеті қараңғыда жетіп келеді. Келсе ағасы үйде жоқ, жеңгей ғана бар екен. Мен Қынабек ағайға Ақтөбеден арнайы келдім деген соң қарсы алып, қонақ қылады. Түннің бір уақытында ғана үйіне келген қожайын оны оятпай, таң атуын күтеді. Ертесіне барлық мән-жайды білгеннен соң қандай жұмысқа тұрғысы келетінін сұрайды. Сауда саласының есеп-қисап жағын қалаймын, дейді қонақ. Сол жерде Қынекең Өзбек КСР Сауда министрі Магруповқа тура телефон шалып, көп өзбектің ортасында бір қазаққа орын тауып беріңіз деп өтінеді. Сөйтіп, Қынекеңнің сөзін жерге тастамаған министр Ғ.Сәрсенғалиевті қалалық тамақтану саласы саудасының бас есепшілігіне тағайындайды. Сол Сәрсенғалиев осы қызметті 30 жылдай табан аудармай істеп, «қазақтың Рокфеллері» деген ат алады. Қ.Үкібаевтың жақсылығын ұмытпаған ол онымен өмір-бойы дос-жар болып өтеді.
Қынекеңнің басында мұндай оқиғалар көп болған. Өзін сағалап келген талай қазаққа ол пана бола білген. Бірақ солардың көбі қойған қызметті дұрыс атқара алмай, шығып қала береді екен.
Қ.Үкібаев өз өмірінде қазақ пен өзбектің талай жақсы-жампоздарымен де жақсы көңілде болған. Солардың ішінде Хрущевтің қуғынымен Шымкентке ауыстырылып, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Жұмабек Тәшеновті ол айрықша құрметтейді. Жұмекеңді Өзбекстанға жиі шақырып, қатты құрмет көрсетіп тұрады екен. Сондай-ақ, қазақтың өнер адамдарын да талай рет қарсы алып, алақанға салғандай құрметтеген азаматтық істері әйгілі. Бауыржан Момышұлы, Марфуға Айтхожина, Шымболат Ділдебаев және т.б. ақын-жазушылар Қынекең тарапынан сый-құрметке бөленген.
Өмірде «жақсымен жанасып, жаманнан адасып» жүрген Қынекең Өзбек КСР-нің І хатшысы болған Усман Юсупов, Нуриддин Мухитдинов, Шараф Рашидовпен мәслихаттасып, алдына барумен қатар, дәмдес болған. Өз естеліктерінде олардың тарапына жылы лебіздер білдіреді. Ал И.Усманходжаевқа әкесін жақсы білгендіктен таныс болса да Лигачев сияқты әпербақандарды мойнына мінгізіп қойды, Гдлян-Иванов деген жауыздардың лаңына тосқауыл қоя алмады деп кінә тағады. Сол үшін де оған өзбек халқы нәлет айтты дей келіп, оны Жұмабек Тәшеновпен салыстырып, қазақ халқының мәңгілік құрметіне бөленген азаматтың ісін үлгі қылады. Қынабек ағамыз Дінмұхамед Қонаевты да жақсы білген, онымен үш рет сапарлас болып, көп пікірлескен екен. Естелік кітабында олар туралы айтылған. Аталмыш кітабында Қынекең Қазақстан мен Өзбекстанның қазіргі президенттері Н.Назарбаев пен И.Каримовті қалай көргенін, қай жерлерде бірге болғанын айта келіп, олар тұрғысында жылы пікірлер білдіреді.
Қынабек Үкібайұлы 1989 жылы кооперативтік қозғалыс басталғанда 76 жаста екен. Бірақ осы жасына қарамай ол өзі тұратын Сардоба ауылында кооператив ашып, оған басшылық етеді. «Егіннің ебін, сауданың тегін» білетін ол аз уақытта өз кооперативін гүлдендіріп, алдыңғы қатарлы шаруашылыққа айналдырады. Сөйтіп, ұрпақтарына пайданың көзін көрсетіп кетеді.
Қ.Үкібаевтың еңбегін өзбек үкіметі жоғары бағалады. Ол Еңбек Ері атануымен бірге Ленин, Октябрь Революциясы, Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Қызыл Жұлдыз» сияқты бірқатар орденмен наградталған. Қазір өзі 14 жыл басқарған шаруашылыққа сол кісінің есімін берген және Сырдария облысындағы Ақ алтын ауданының орталығына 1999 жылы ескерткіш-бюстін орнатқан.
Биыл 100 жасқа толатын Қ.Үкібаев зайыбы Наркүлмен бірге ұлағатты ұл-қыз өсірген адамдар. Ұлдың үлкені Артықбай Үкібаев Ташкент политехникалық институтын бітіріп, Янгиер қаласындағы құрылыс мекемелерінде түрлі басшылық қызметтер атқарған. Кейін Ташкентте қазақ ұлттық мәдени орталығын ұйымдастырған. Осы жерден Өзбекстан Республикасы Президентінің аппаратына жауапты жұмысқа алынып, біраз жыл еңбек еткен. Қазір Шымкент қаласында тұрады. Үйлі-баранды. Қынекеңнің Артықбайдан туған бір немересі Нұрлыбек Би-Би-Си телерадиокомпаниясының Орталық Азия бөлімшесінің жетекшісі. Кіші ұлы Марат әке жолын қуып, кеңшар, ұжымшар басқарған. Оның да бірнеше баласы бар. Қынекеңнің қыздары да қияға қонып, адал еңбек етіп, ұрпақ өсіріп отырған жандар.
Қынабек Үкібаев мағыналы да мазмұнды өмір сүріп, 1994 жылы 81 жасында дүниеден өтеді. Оны жерлеу рәсіміне арнайы келген Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Нарзулла Жураев былай деп еске алады: «Мен сол күнді өте көп ойлаймын. Сол күнгі азадағы адамдардың жүзіндегі қайғы-қасірет әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Өз өмірінде мәңгілікке қатысты қаншама қыруар жұмыстарды атқарып, болашаққа өмір-бақилық ескерткіш болып орнайтын жасампаздық шаруасын тындырып кеткен адамдар қашанда елдің құрметінде қалатынын сол кезде бір көрдім».
Міне, өзбек жерінде жүріп Еңбек Ері атанған, халқының жақсы атын шығарған ұлағатты жанның ұлан-асыр істері мен үлгілі өмірінің бір қыры осындай.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».