• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Мамыр, 2019

Әз-Бөгенбай би мазары

1503 рет
көрсетілді

Туған жерін қорғап, бар ғұмырын ат үстінде өткізген Алаштың соңғы ханы Кенесарының заманында қара қылды қақ жарған әділдігімен, тәмам ел тығырыққа тірелген шақта тапқырлығымен ерекшеленген Бөгенбай би туралы Көкше бауырында естілердің есінде сақталған аңыз көп. Би суырылған сұңғыла шешен ғана емес, соғыс өнерін жетік меңгерген, қаптаған жаудан қайтпаған қайсар батыр да болған. Сондықтан да халық ардақ тұтқан. Ел құрметтеп, есіміне «әз» деген анықтауыш қосып, Әз-Бөгенбай атаған.

Бөгенбай Құттықадамұлы 1761 жылы Зеренді өңірінде дүниеге келген. Бар ғұмыры ел ішіндегі ынтымақты нығайтуға бағытталған, туған жерін келімсектердің табанымен таптатпауға тырысқан қажырлы күрескерлікпен өткен. Топырақ та осы өңірден бұйы­рып­ты.

Ұлы Абылайды көзі көрген, Кенесары ханға үзеңгілес серік бол­ған Әз-Бөгенбай бабамыздың тап­қырлығы мен жаужүректігі жайлы аңыз көп. Бір-бірімен сабақтасып жататын естеліктердің негізгі тақырыбы бидің даналығы мен ерлігі. Қазіргі күні аруақты биден тараған ұрпақ Зеренді ауданының Айдабол, әрідегі Сандықтау өңірінде тамыр жайған. Тектіден тараған тегін бола ма? Ержүректігімен, ел қорғаған ерлігімен есімдері ел есінде сақталған Жарылғап, Шауыпкел, Төлебай батырлар туралы ел ішіндегі көнекөз қариялар күні бүгінге дейін ауыздарының суы құрып айтып отырады.

Бидің мазары Зеренді ауылынан оңтүстік бағытқа қарай 25 шақырым жерде. Айдабол өзенінің оң қабағына салынған. Бөгенбай би 105 жасында дүниеден өткен. Болашақты болжай білген көрегендігінің арқасында көзі тірісінде әулие атанған адам. 2006 жылы Зеренді ауданының азамат­тары өз елінде Әз-Бөгенбай би мен Әз-Тоғай­ұлы батырларға арнап биіктігі 7 метрге жуық мазар тұрғызды. Қазір тамыл­­жыған көркем табиғаттың аясын­­дағы еңселі мазар киелі жер санатында.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы