• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Мамыр, 2019

«Бізде сын жоқ!» деп байбалам салмастан бұрын...

1543 рет
көрсетілді

 Қай заманда болсын әдеби сынға ешкімнің көңілі толған емес. Сын деген – әдебиеттегі ауыр әрі жауапкершілігі зор сала. Оның үстіне қазіргідей мә­де­­ниеті жалаңаштанған, бағ­лан өнер­дің бәсі тобырлық дең­гей­­ге түс­кен қоғамда биік өнер мұ­ра­ты, талғам таразысы туралы сөз қоз­ғау­дың өзі қызық. Со­сын сын қа­был­дау мәдениетін мең­гер­ме­ген, әдебиеттегі ағалар ортасын көр­ме­ген, академиялық мектептен өтпеген шеттерінен жұлдыз ауруына ұшыраған құдай-жұлдыздардың (бұл жерде қазіргі әдебиеттегі жас буын хақында айтып отырмыз) ешкім түсіне алмайтын «тіліне», көр­кемдігі солғын, бояуы жоқ һәм туған әдебиет дәстүріне жат, «селт» еткізе алмайтын жансыз жазбаларына жанашырлықпен сын айтып, талғам таразысына тартсаңыз, олардың табынушы фанаттары соңыңа ит қосып, балағыңа жабысып жатса, бұл әділдік пе?! Тіпті мұны тобырлық сана­ның салтанат құрып, гүлде­ніп тұрғанымен түсіндірсек те, жаз­ған шығарманы әділ сынап, шынайы бағасын берген сыншыны туынды авторының өзі түсіне алмауы, бірін-бірі түсінісе алмауы, қабыл­дамақ түгілі өре түрегеліп, қар­сылық танытатыны қалай? Бұдан кейінгі сындарыңды баспасөз бетіне шығартқызбайтын «құдірет» бар соларда! Ең қызығы сол – әдеби сайттарға жариялатсаң, министрліктегі немесе басқа да билік тізгініндегі тамыр-таныс­та­рына айттырып, мақалаңды алдыртып тастайды. Сонда сын кімге керек? Не үшін керек? Ең маңызды мәселе осы болуы тиіс! 

Сөздің әділіне келер болсақ, әдеби сынның сипаттамалық шолу, рецензия, полемикалық реплика, әдеби портрет, библио­г­ра­фиялық ескертпе, әдеби-сыни диалог, коментарий эсселі түр­ле­рі болады. «Әдеби сын жоқ» дейтіндер сын саласының осындай түрлері бар екенін жете біл­мей­­ді! Сын деген біреуді қаралау, иә болмаса тұқырту емес, шығар­ма­ны сүйектеп, жілік­теп талдау емес пе еді. Туын­ды­ның тақы­­рыптық-идеялық, стильдік-жанр­лық һәм көркемдік сапасын, поэтикалық қуатын, тілдік ерек­шелігін аша көрсететін сын мақа­лалар мен зерттеулер көп жазылу үшін сыншыға қомақты әрі лайықты қаламақы қою керек. Мысалы, бізде қазір әдеби байқау, мүшәйра көп. Бірақ әдеби сынға, әдебиеттану мәселесіне арналған поэтикалық байқау бар ма? Әрине, жоқ. Түйткілді сын саласының даму тенденциясына арналған не конференция, не семинар ұйымдастырылмайды. Әр сыншы өз қазанында өзі қайнап жатыр. Сыншыны материалдық тұрғыдан қолдамаса, қаламақы алмаса нарық заманында тегіннен тегін жұмыс істеу, жүйке жұқарту, босқа уақыт «өлтіру» кімге керек?! Ал әдебиетке адалдық та­ны­­тып, жанашырлықпен диаг­ноз қойып, кейде ащылау сын айтып жатқан сыншыға қоқан-лоқы көрсетіп, жанын жаралаймыз. Сондағысы олар біреудің сойылын соғып, қарсы тараптың сөзін сөйлеп жүр деген жалған пікір, қате көзқарастың салдары. Сонда сыншы қайтпек керек? Әдебиетші ағайындарымыз «Бізде сын жоқ!» деп байбалам салмастан бұрын осы жағын ескергені жөн болар...

Әдеби сынның жүгін көтеріп жүрген аға буын, орта буын сын­шы­ларымыз өздерінің миссия­ла­рын орындады. Оларды әдеби орта жақсы біледі. Үлкен буын­ның көбі маңдайға басқан сын­шымыз деп Амангелді Кеңші­лік­ұлын жеке-дара атап, көрсетіп жатады, ал Әбекең елуді еңсеріп кеткенін есептесек, автоматты түрде жастар қатарынан шы­ғып қалады. Және бір айтарымыз: А.Кеңшілікұлының шы­ғарма­шылығында әдеби сынға қа­ра­­ғанда әдебиеттану бағы­тын­­­­дағы зерттеу еңбектер мен лири­калық эссенің рөлі басым. Тәуел­сіздіктен кейін қаумалап өсіп келе жатқан жастардың ара­сында да әдеби сынға, әдебиет­та­ну мәселесіне ден қойып, шұғыл­да­нып жүрген қыз-жігіттер бар. Мәселен, бүгінгі әдебиет сынын­да хал-қадари қызмет етіп жүрген, тал­ғам мен талаптың, сапа мен эсте­­тиканың міндеттеріне адал қарай­тын сыншылар арасынан пуб­лицистикалық шолуға Анар Қабдуллинаны (Кейде өзін Қабыл­қақ деп те атайды), рецензия жазуда Заңғар Кәрімханды, тексто­ло­гияға, мәтін мәселесіне және өлең табиғатын ашуда Бауыржан Сегізбаевты, проза жанрының проб­лематикасын саралауда, сю­жет пен композиция­ны, образ­дар жүйесін талдауда Айнұр Төлеуді, әдеби портрет арқылы шығар­ма­ны тану, бағалау барысында Әлібек Байбол мен Бағашар Тұрсынбайұлын ерекше атап өтуге болады. Жиі болмаса да, ара-тұра әдебиет сынында мінез танытып қоятын Айбек Оралхан, Алмас Нүсіп, Қозыбай Құрман, Ерболат Қуатбек деген жігіттер де бар. Сосын өзіміз де осы саланың төңірегінде жүрген­діктен оқыту­шы­лық қызметі­міз­бен қатар әдеби шолу, рецензия, порт­реттік мақа­ла, сипаттамалық сараптама жазып тұрамыз. Не десек те, уақыт-сыншы бәріне өзі төреші ғой... 

Елдос ТОҚТАРБАЙҰЛЫ,

балалар жазушысы, зерттеуші, «Дарын»Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты