Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:26
Қызық болсын, архивімдегі екі кісі жайлы дерекке арнайы тоқтала кетейін. Бірінші: әйгілі балерина Майя Михайловна Плисецкаяның қолтаңбасы, екінші: тарихшы Лев Николаевич Гумилевпен қалай ұшырасып, тілдескенім туралы мөлтек әңгіме. Несіне жасырамыз, қазір көз көргендер сиреп, таусылып барады. Солардың басқан ізін, қоңыр кеңесін еске аламын да ойланамын. «Осы біздер де көргеніміз бен білгенімізді екшеп-елеп, естелік жазатын жасқа жетіп қалдық-ау», деп қаламын.
Сейсенбі, 19 ақпан 2013 7:26
Қызық болсын, архивімдегі екі кісі жайлы дерекке арнайы тоқтала кетейін. Бірінші: әйгілі балерина Майя Михайловна Плисецкаяның қолтаңбасы, екінші: тарихшы Лев Николаевич Гумилевпен қалай ұшырасып, тілдескенім туралы мөлтек әңгіме. Несіне жасырамыз, қазір көз көргендер сиреп, таусылып барады. Солардың басқан ізін, қоңыр кеңесін еске аламын да ойланамын. «Осы біздер де көргеніміз бен білгенімізді екшеп-елеп, естелік жазатын жасқа жетіп қалдық-ау», деп қаламын. Қадыр Мырза – Әлі өзінің «Иірім» кітабында замандастары туралы біраз жайттың басын қозғады, ағамыз баяндаған біршама оқиғаның ішінде өзім араласып жүргендей сезінгенім қазіргідей көз алдымда. Біраз жайтқа өзім де куә болғаным бар. Таяуда Мұрат Әуезов әкесі туралы естелік айтып отырып: «Мен әкемнің жасынан асып кеттім… әкем 63 жасында тау аударғандай жойқын іс бітіріп үлгерген феномен еді», – деді. Замандасымның бір ауыз лебізінің өзінен тірі сөздің шеберіне деген тәкаппар, мақтаныш сезімін ұғып қуанып қалдым.
Халық әртісі Асанәлі Әшімов бір естелігінде төмендегіше жазады: «Консерваторияның тау жағындағы бұрынғы Виноградов пен қазіргі Абылай хан қиылысындағы шағын скверді көрсем… отыра қалып жылағым келеді… Мұнда мен алғаш Майрамен таныстым, мұнда менің жастық шақтағы шуақты күндерім қалды», – деп жазыпты. Тебіренбей оқып көріңіз.Қай-қай адамның өмір жолы жазылуға тиіс үлкен естелік. Жазып жүрген әңгіме, хикаят, романдарымыз сол естеліктің елес ұшқындары, я аз, я көбірек қаламгер қиялын қозғаған ұлы уәйім сазы; өзіңнің, я болмаса өзгенің басынан өткен хикметтері ғана. Сосынғы әр жанрды көркейтіп тұратын көркемдік бояу, көрікті ойдың түзілімі дейміз.
1. Майя Плисецкая
Әлемге әйгілі прима-балерина Майя Михайловна Плисецкая туралы естелік жазамын деген ойымда жоқ еді. Зайыбым Сәуле неміс жазушысы Нерберт Кухинкенің «Ресей элитасы» деген кітабын әкеліп берген, қызыға оқып шықтым. Бұрындары прима-балеринаның қолтаңба қойып берген тілдей қағазы көп қолжазбамның ішінде жатушы еді. Әлгі кітап әсерінен биші туралы естелік эссе жазуды ойлап, тәуекел еттім. Бұрындары Майя билеген «Кармен-сиюта», «Анна Каренина», «Ит жетектеген бойжеткен», «Золушка» балеттерін тек телеэкраннан көргенім бар. Таңданып, тамсанып жүрген жанкүйердің бірі болатынмын.Майя Михайловна билеген кезде дүниенің тұрқы өзгеріп, таң атып келе жатқандай керемет бір шұғылалы сәт туады. Экранда тек қана әуен, сол әуенге ілесіп аяғы жерге тимей, қалықтай ұшатын биші мүсіні жанарды арбап алар еді. «Анна Каренинадағы» бишіні алайықшы. Махаббат пен ғадауат, от боп жанған сүйіспеншілік өрті мен етектен тартып, жертабандатқан тіршілік түйткілі – екі ортада күйіп-жанған жас ару; бір жағынан – орныққан салт пен дәстүрдің шырмауынан шыға алмай, екінші жағынан – сүйіспеншілік дертіне бой алдырған Аннаның жан арпалысын бимен беру – тек қана айрықша дауыл үйірген кемеге тән шыркөбелек айналған жандалбаса әрекеттің суреті болатын. Осы тұста Анна – көзіме отқа түсетін көбелекке ұқсайтын. Аяқ-қолы жерге тимей, бұлтша елбіреп, күзгі жапырақша желбіреп жүрген ұрғашы бойындағы құштарлық отының молдығына қайранмын. Биші қалықтап ұшып жүргендей, сымға тартқандай тал бойындағы сазды ырғаққа, ұнасымға еліккенім сонша:«Жұрттың аузын күзетсең күн көрмейсің», деген ақын сөзі еріксіз еске оралатын.Роберт Кеннедидің аруға гүл сыйлап, оңаша кездесуге шақырғанын;Марк Шагалдың бишінің мың бұралған кескін бейнесін салғанын;Пьер Карденнің бишіге арнап белі қиылған көйлек тіккенін;Моррис Бежардың шын пейілмен қонақ болуға шақырып, жас келіншекке арнап балет қойғанын… «Өзім – әлемге әйгілі бишінің туған қызымын, шешем Мая Плисецкая болады», деп шетелге, Израильге ауып кеткен Юлия Глаговская деген бикештің мұрагерлік ақша даулап балеринаның үстінен сотқа шағым түсіргенін қалай ұмытарсың. Сот біраз жылға созылып, ақырында Юлия Глаговскаяның өтірікке сүйенген қып-қызыл жала шағымына куәлар көз жеткізіп дәлелдеп, істі жауып тынғаны мәлім. Бұл тарихты әйгілі биші өзінің «Отыз жыл өткенде» кітабында жазған болатын. Сол кітапты оқып отырып дүние көзіне бітіп, ұятынан айрылған бойжеткен мінезіне қайран қалғаным әлі күнге есімде.Өнер – кісінің өмір жасымен біте қайнасқанда барып биікке жетелейді. Өнерді жол-жөнекей желбуаз мінезбен игере алмайсыз. Өнер – өрге сүйреген қиын соқпақ екенін өмірдің өзі дәлелдеп береді. Өнерге бас тіккен адам – таяқтың екі басын тең ұстаған даршы секілді. Я діттеген межесіне жетіп жығылады, я дар жібі астындағы шыңырауға құлап мерт болады. Ғажайып жаймашуақ мамыражай, мардымсыған күндер кім көрінгеннің маңдайына жазыла бермейді. Майя Михайловнаның өмір жасы да дәп қыл көпір үстімен жүрген даршы секілді, тәй-тәй басып келе жатып әрдайым таяқтың екі басын тең ұстауға дағдыланған. Өмірдің ылғи күнесіне, күрсінісіне үйренген. Апаш-құпаш қимылға бас тіккен патша уақыт осынау биші өмірін аяусыз, дамылсыз қамшылауға дағдыланған.Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы. Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына ел болудың қамын жеп жатқан уақыт. Шығармашылық ұйымдар қаржы жоқтықтан бірінен соң бірі жабылып, жазушы, суретші, сазгер әулеті базар жағалап кеткен күндер еді. Осы жолдардың авторы да отбасын асыраудың қамымен талай мекеменің есігін қаққан қиын кезең естен кетпейді. Әлгі бір ауыр күндерде жаңадан ашылған «Центркредит» банкінің қызметкерлеріне қазақ тілінен сабақ беретін болып келістім. Банк басшысы Бақытбек Байсейітов өнерге жанашыр кісі еді. Бір күні: «Мәскеуден Майя Плисецкаяны шақырдық… Әйгілі бишімен кездесу өткізіп… банк қызметкерлерінің иығын көтеріп тасталық», – деп мәлімдеді. Кездесуге қуана қатынастық. Магнит өрісіне тап болған темірге ұқсаймыз.Майя Плицеская өзінің сүйіп қосылған зайыбы, мына өмірдегі рухани сүйеніші, тірегі, Ресейдің маңдайалды композиторы Родион Константинович Щедрин туралы алыста болсын мейлі, іссапарда жүрсін мейлі – сөз қозғағанды ұнатады екен. Зайыбы туралы айтқан кезде мейірлене, еңсеріле түсіп, жанарының оты жанып, жүзіне лапылдап қызыл-күрең алау жүгіріп, төгіп сөйлегенін көрдім. Сөзінде жан бар ма деп қаласың. Өлең оқыған ақынға ұқсап кетеді. Тыңдап отырып прима-балеринаның өмірге деген құлшынысы, іңкәрлігі – өнерін жан-тәнімен түсінетін, бағасын білетін, қай кезде-дағы табиғи құлшынысын жүрегінің төрінде ұстайтын адамға тәнті екенін сезіне түсесің. Бірінсіз-бірі уақыт өткізе алмайтын асыл жұптар ғана осылай болмақшы. Бұларды жұрттың асыл жұп деп аңыз қылатыны тегін болмады, аңыз ғана емес, нағыз шындық.Кішігірім сәрілік шайы үстінде осыны сездім. Сездім-дағы жұбайы туралы сауал қойдым.– Жұбайыңыз жаңа симфония жазыпты. Құтты болсын! Таудан құлаған сел секілді құлағымда қалыпты.– Бетховеннің 5 және 6-симфониясы секілді әрі асау, әрі шексіз, кеңдікті үндейді. Әлемнің бүлкілдеп соққан жан жүрегі ме деп қаласыз!Сөйлеп отырып екі бетінің сүт шұқыры ойылып, шуақтана жымиды.Бөлмені әсем сұлулық кезді.– Сіз айтқан симфонияның өмірге келуіне демеушілік жасаған орыс князі Андрей Кириллович Разумовский екенін естіген шығарсыз. Орыс жері тума дарын мен құйма құлақ демеушіге, жанашырға ешқашан кенде болмаған. Бұл күнгінің байлары шетелден, теңіз жағасынан кеңсарай сатып алуға, жеңіл жүрісті топ-модель бикештерге ақша шашуға құмар. Әдебиет, кескіндеме, саз есіктен қараған жетім бала секілді сезіледі.Прима-балеринаның сөзінің жаны бар. Бұрынғы алып мемлекет – Кеңес Одағы жылы бойлыққа жетіп еріген мұзтау секілді быт-шыты шығып ыдырап, әр ұлт қалпағы қоқырайып тәуелсіз елдің туын тікті. Кедейшілік қыр соңымыздан қалмауға айналды. Әлемге әйгілі бишінің осы сапарына жаңадан құрылған «Центркредит» банкі басшысының қолқалап шақыруы себепші болғанын, биші қомақты гонорарға дәмелі екенін арғы бір сөз аңғарынан сездіріп қойды. Бұл жерде әлемге әйгілі сазгерді, оның шабыт музасы – прима-балеринаны кінәлаудың ешқандай қисыны жоқ. Заман талабына үндесе жүріп, түсінетін ортаға өнеріңді паш еткеннің өзі үлкен қуаныш әкеледі. Сол қуаныш кісіге қуаныш сыйлайды.Ойлап отырсаң: өнер – адам бойындағы алтын көмбе секілді. Көмбені жауып жасырғаннан гөрі замандастың көзіне жарқыратып көрсеткен жақсы, көп кісі бойындағы асылын, көзге түсер көріктісін «жұртқа жария ғып неғыламын», «өзгенің қызғанышын туғызып қайтемін», – деп жабулы қазандай өз буына өзі тұншығып өтеді.Биші келіншек көзіме жеті қат көктен мөлт тамған мөлдір тамшыға ұқсап кеткені. Жақұт тасы секілді. Қарап отырып табиғат шіркіннің шеберлігіне таңғаламын ғой. Сәби шыр етіп жарық дүние есігін ашқан кезде өзге қатар-құрбысынан көп ерекшеленбейді… бөлекше көрінбейді…уақыт елгезері әлгі сәбиді жылдар бойғы маңдай тер, мазасыз еңбегімен елеп-екшейді, өнерге жетелейді.Мына Майя Михайловна әуел баста, басқадан пәлендей айырмасы жоқ, сәмбі талдай талдырмаш, арық, көп бойжеткеннің бірі ғана болатын. Ақ тер, көк тер тынымсыз бейнетімен ғана уақыт елгезерінің көзінен сырғып түсіп, көппен бірге жоғалмады. Жақұт түйіршігіндей тор електің көзінде тұрып қалды. Ұрынып жүріп өнерін ашты, жұрт көзіндегі буынсыз бишіге айналды. Ана жүрген жұбайы Родион Щедрин бойындағы сазгерлік, сезімталдық, сезгірлік, сыршылдық қасиетін ұлылап ұстап, желеп-жебеп, жеріне жеткізе жетілдіріп ел құлағындағы ұлы дыбысқа ұласты.Өнер адамға не үшін қажет?Ұрынып жүріп жетілу үшін… көптің бірі, қолдың кірі болып ұшты-күйлі жоғалмауға… биіктеуге… биік жүруге азды-көпті өнер қажет. Өнерсіз – дүние тұл, күн көзіне шықпай көлеңкемен шарпысу ғана. Өнер өлсе жер бетінде тыпың-тыпың тіршілік қана қалады.Осы мезетте жер-дүние көз алдымда бір аунап түскендей сезілгені. Әйгілі биші өнер туралы, оның ішінде би өнері жайлы ұзақтан толғап сөз сөйледі. Сөзін қайтемін…. бишінің өзіне, тұла бойына, қозғалысына, сымбатына көзім арбалып қалыпты. Бейне үстел жиегінде ұшуға талпынған, әлі көкке қалықтап кете қоймаған тотықұс қонақтап отырғандай көрінді. Дауыс сазымен емес, оқиғаны ыммен, болжаумен, меңзеумен жеткізетіндей ғой; бейне өзі емес, бишінің дене бітімі көз алдымда үн қатып, сөйлеп тұрғандай. Таңғалғаным: сөздің нәшіне, ырғағына сай құбыла біледі ме, әрбір сөзді қимылмен көз алдыңызға елестеткісі келеді ме – әңгіме ырғағында, бейне, денесімен елестетіп, балқып, бейнелеп отырғандай сезілді. Сосынғы әсер – би туралы айтқанда жанары шоқша маздап, еңсесі жазылып, өзінен-өзі арқаланып кетеді екен. Ұшатын құсқа ұқсап әрәдік талпынып қояды. Бәзбір сөзді ыммен, меңзеумен, тілсіз-ақ жеткізгені көз алдымда. Әңгімеге елігіп кетіп сауал қойғам.– Майя Михайловна, бишінің қаны ыстық болмаса құштарлықты, сезімді тілсіз жеткізе алмайды. Сіздің қан қызуыңыз қанша? – деппін.Әйгілі бишінің бетіне лап етіп қызыл бояу жұқты.– Қанша градус ыстық екенін білмеймін. Әйтсе де, первый резус отрицательный екенін білемін, – деп зілсіз жымиды. Былайғы жұрт ду күлді.Әлемге әйгілі биші талдырмаш бойын үзіп түрегелді. Банк төрағасы Бақытбек Рымбекұлы билейтін кісідей орнынан атып тұрып, қолындағы гүл дестесін бишіге ұсынып, әлдене әзіл айтқан болып, отқа түсетін көбелекше қалбақтады. Майя Михайловна «тағы кімде сауал бар» деген кісіше жан-жағына жалтақтай қарап аз-кем аялдап тұрды. Банк қызметкерлерінің көбі бишіден қолтаңба алуға ұмтылды. Мен де қарап қалмайын деп баспахана бояуы кеппеген буклетімді ұсына қойдым.Биші: «Майя Плицеская, 2 апреля 1997 г.» деп сызып тұрып қолын қойды. Бір байқағаным: биші би туралы сөз сабақтаған кезде, я жұртпен сөйлескенде, я ұсынған қағазға қолтаңба қойғанда, бейне айна алдындағы келісті бәйге атындай денесін, бүтін болмысын бос тастамайды екен. Әже қолындағы ұршықша иіріліп, я болмаса дене бітімін тәкаппар ұстап, көз алдыңызға көркем сурет елестетуімен ғанибет. Билей басқан сәйгүлік іспетті, қанат қағып ұша жөнелетін аққу секілді – тұла бойын ұршықша үйіріп, басқан қадамын санап, маңайына мойын тамырын үзе қарап, жымиғаны – бұлттан жарқ етіп шыққан күн секілді шуақ төгіп, жер әлемге сұлулық сазын сыйлағандай сезіледі. Қарап тұрып жанарың арбалады.Сұлулық – табиғатқа бір табан жақындау екенін осы жолы шындап түсіндім.Осыны ойлап прима-бишінің жүзіне көзім түскен. О құданың құдіреті дейміз ғой! Жас қыздай, көл бетіне қонған аққудай… наз қимылы тал бойына жарасқан… маңайдағы анталаған, сұқтанған, қадалған көп назарды елең қылмай, күзгі плащын сұғына салып, саусағының ұшын ұлпа ерніне басып, әуені сызып қоштасу рәсімін жасап:– Жамағатым, қайта айналып көріскенше! – деді.
2. Лев Гумилев«Жібек жолы» романымды 27 жасымда жазып бітірдім. Қолжазба 1973 жылы «Жазушы» баспасынан 60 мың таралыммен, жазушы ағамыз Рамазан Тоқтаровтың редакторлығымен жарық көрді. Шығармаға біраз жылы пікір жарияланғанын жұрт біледі.Көп ұзамай романды аудартуға күш салдым, екі жыл көлемінде байырғы досым Герольд Бельгер орысшаға аударып берді. Аударма үстінен Морис Симашко қайталап қарап ішінара редакциялап шыққан еді. Қолжазбаның орысша нұсқасын араға ай салып Мәскеудегі «Советский писатель» баспасына өткіздім. Сол кездегі дәстүр бойынша – баспа қолжазбаны әуелі жабық пікірге береді, оң пікір түссе – редактор оқып шығады, баспаның өндірістік жоспарына сосын барып енгізеді. Күндер сырғып өтіп жатты. Арада жеті жыл өткенде қолжазбама «жарамсыз» деп жазылған рецензия келіп түсіпті. Оқып танысуға деп баспа бір данасын өзіме жіберген. Оқып отырып ішім удай ашыды.Пікір «әу» дегеннен қара күйе жағудан басталыпты. Әсіресе, жаныма батып кеткен тұсы «жазушы панигрик кипчака (қыпшақпен ауырған)» деген ауыр айып пен жала сөз еді. Рецензияны жазған Мәскеудегі Шығыстану ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Борис Литвинский есімді профессор екен. Кітапханадан жазған еңбектерін тауып оқысам – Памир тәжіктерінің маманы көрінді, далалықтарды түкпірлеп біле бермейді. Памир тәжіктері туралы бірнеше еңбек жазыпты. Мәскеуге бір сапарда Литвинский мырзамен ауызба-ауыз тілдесейін деп Шығыстану институтына іздеп бардым, таба алмадым, записка жазып қалдырдым.Келер жылы өзіме жаны ашыған баспа редакторы қолжазбамды екінші мәрте жабық рецензияға беріпті. Жолым түсіп Мәскеуге, баспаға соққан едім. Көктен іздегенім жерден табылғандай болды.– Қолжазбамды кімге рецензияға бердіңіздер? – деп сұраймын.– Мына кісіге, – деп, орта бойлы қарасұр, қағілез, жүзі жылы кісіні көрсетіп, аты жөнін атады. – Лев Николаевич Гумилев! Осы кісінің дегені болады, жарайды десе – басамыз, жарамайды десе – қолжазбаны қайтарамыз, – деп жауап берді редакция меңгерушісі Там деген кісі.Зәре-құтым қалмады.Сырттай білетін таныс есім. Әкесі – Николай Гумилев өткен ғасырдың басындағы орыстың белгілі ақыны, айтқаны қате кетпейтін ақылман адам; шешесі – Анна Ахматова. Сталиннің өзі «атын естігенде кірпідей жиырылған», орыс поэзиясының ірі өкілі. Сол кездің өзінде қолжазбама рецензент болғалы тұрған Лев Николаевич Гумилевтың «Ұлы Русь, ежелгі дала» кітабын оқып үлгергенмін. Өзімді арыстанның алдына топ ете түскен қоянның көжегіндей сезіндім. Сасқанымды сезді білем. Әлгі «арыстаным» тақап келіп, қолтығымнан қолын өткізіп, күлімсірей тіл қатты.– Жас қаламгерім, қорықпа! Далалықтардың шын тарихы әлі жазылып біткен жоқ. Далалықтарды әлі көп зерттеуге тура келеді. Жолы ауыр қолжазбаңа оң пікір жазып беремін, – деді де жедел басып шығып кетті. Әйгілі тарихшымен танысқаным қандай жылдам болса, қоштасуым да соншалықты тез өтті. Сасқан үйрек артымен жүзеді дегендей, алғысымды айтып та үлгермедім. Әйтсе де көпті көрген, үлкен жүректі, майлық-сулығы бірдей, көсем кісі екенін ішкі бір түйсігіммен сезгендей болдым. Бейнесі жүрегімнің төрінде қалды.Жақсының алды кең деген рас. Мәскеуге келесі бір соққанымда баспадан тарихшының үйінің телефонын сұрап алып, бір ауыз тілдесуге қам жасадым. Аппарат құлағын өзі көтерді. Алғашқы кездескендей сыпайы сөйлесті. Уақыт тауып қолжазба туралы пікірін жуық арада жазып беретін болды. Кеудемді қуаныш сезімі кернеді.Көп ұзамай редакцияға жалғыз беттік Гумилевтың жазған пікірі келіп түсіпті. Уәде еткеніндей – оң пікір жазыпты.Бұл 1982 жылдың күзі болатын. 1983 жылы тарихи романым Мәскеу баспасынан орыс тілінде жарық көрді. Екінші мәрте сол аудармамен «Известия» баспасынан «Дружба народов» журналының қосымшасы есебінде 300 мың таралыммен орысша басылып шықты. «Жібек жолы» романымның жолы ашылды, бағы жанды, шетел тілдеріне аударыла бастады.Осының бәрі жүрегі жылы, әріден ойлайтын, өзі тербетіп айтқан далалықтарды «жан-тәнімен сүйетін», көргені көп көсем тарихшы Гумилевтің жазып берген бір беттік жылы пікірінің арқасы-ау деп, әлі күнге тағдырыма тәубе айтамын.Менің көзімдегі Гумилев аса қарапайым, ашық кісі еді. Шындығына үңілсем, бойын жасырған тұлпарға келеді екен. Соншама көп біледі, көп еңбектенеді екен. Қайтыс болғаннан кейін тарихи шығармалары мен зерттеулерінің таңдамалы он томдығы шықты. Оқырманның өтініші бойынша қосымша жарық көріп жатқандары қаншама. Сонда деймін ғой: өзі аңқау, айдаудан құтылмаған, басқан қадамын салпаңқұлақ тыңшылары үзбей аңдыған, кешегі күнге дейін тінту, сілкілеу, жауаптаудан еш көз ашпаған тарихшы тағдыры қиын жазылған хикаятқа келеді. Ойлап кетсең: көзге, көкірекке толқынданып жас келеді.Соншалық қыруар мол еңбекті қай кезде зерттеп, жазып үлгерген.Біраз жыл айдауда, аңдуда болды. Біраз жыл жазған еңбектерін баспай сарсаңға салды. Соған қарамай ғылым тіліне пассионарлық ұлт, пассионарлық халық деген термин енгізгені мәлім.Қай тақырыпты қозғаса да түбін тексеріп, ұрынып істейтін, пассионарлық жүрек оты мол жан болып шықты. Кітаппен ерте есейді, арғы-бергі тарихты көп оқыды, мол тоқыды. Шешесі Анна Ахматованың мейлінше бай кітапхана сөзін бала жастан бойына, ойына сіңіріп өсті. Кітапты жастанып жатып ұйықтады. Парақ сыбдырынан оянды. Соншалық құнарлы, телегей, бай білімді отбасылық қазынадан қабылдады. Шешесі – Анна Ахматованың мына бір жазбасы көп жайтты аңғартқандай: «Лева (Л.Н. Гумилевті айтады) сәби кезінде бала болып көп ойнамаушы еді, бір нәрсеге жұмсасаң – ұйқыдан әлгіде оянған адамға ұқсап, мең-зең қалпы, үнсіз, тілсіз отыра беретін. Біраздасын барып «әу» деп қозғалатын…» Мінекей, сәби арыстан қандай бала болып өскен!.. Сосынғы бір ғалымның ерекшелігі – шығыс әдебиетін, оның ішінде дала мәдениетін аса жетік білетіні еді. Ол далалықтардың салт-дәстүрін шемішкеше шағып түсінетін. Дала мәдениетін өркениеттің ең ұрымтал тұсы, шын мәнінде пассионарлық қасиет қонған өркениет деп тарқатып жазып үлгерді. Қыпшақтану ілімінің іргетасын қалады, мазмұны байтақ зерттеу жүргізді.Қазір не көп, ғылым докторы, профессор көп. Мерзімді басылым бетін ашып қалсаң – беймәлім профессордың кескін-келбетіне сүрінесің. Солардың басым көпшілігі көшірмесі ғана. Басқа тақырыптас ғалымның пікірін өз сөзімен қайталап баяндаушы, я болмаса ой ұрлаушы, өзгенің ойын өзімдікі деп жарияға жар салушы. Ой ұрлаушы көбіне отырған үстелін, я болмаса «пәлен кафедра меңгерушісі» деген лауазымын соншалық ұтымды пайдаланады. Аты-жөнінің астына: «түген ғылымның профессоры, пәлен кафедраның меңгерушісі» деген сілтемені тізіп көрсеткенде – қай-қай оппоненттің аузына құм құйылады. Бұлар шын мәнінде ғылым соңына шам алып түскендер емес, лауазымын, атағын тон етіп киіп қоқырайған тірі тұлыптар ғана. Жоғарыда ұшырасқан, батасын алған ғалымды көз алдыма елестеткен сайын – шын ғалым мен тірі тұлыптың ара-жігі алшайып ажырай түседі.Жарықтық-ай, деймін сол мезетте! Қазір де тарих ғылымындағы орның ойсырап тұр ғой. Адамгершілігің, кісі танығыштығың басы бүтін асқар ала таудай еді. Білмеген, естімеген, айдаладағы қаймана қазаққа, қазақ жазушысына мейіріміңді, шуағыңды төккен үлкен жүрегіңе басымды иемін ғой. Бәлкім, мейірімің қазақ қаламгеріне емес, қолжазбадағы жалғыз ауыз «Дешті-қыпшақ» деген сөзге жан шуағың төгілген болар, деп ойлаймын. Даланың кеңдігі қандай болса – күн сәулелі шуағыңды соншама мол еткен мігірсіз кеңістің қасиет-кепеті болар бәлкім. Бәлкім, пассионарлық жүрек отының арғы бір аңғарында даладан түскен шуақ қалған. Өзің-дағы даланың бір түйір дәні боларсың, сірә. «Далалықтардың шын тарихы әлі жазылған жоқ», деген сондағы қоңыр үнің еміс-еміс құлағымда қалыпты…
Дүкенбай Досжан, жазушы.АСТАНА.