Екі күнге созылатын форумның пленарлық отырысы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің базасындағы Конгресс-орталықта өтуде. Алқалы жиынға Нобель сыйлығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, саясаттанушылар, дүние жүзінің бизнес элитасы қатысуда. Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян, Nokia Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаа, Нобель сыйлығының экономика бойынша лауреаты, Дүниежүзілік банктің бас экономисі Пол Ромер және басқалар сөз сөйлеп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды. Пленарлық отырысқа Euronews журналисі Штефан Гробе модератор болса, CNN тілшісі Джон Дефтерилс форум аясындағы бірқатар сессияны жүргізді.
Цифрлану дәстүрлі экономиканы өзгертеді
Астана экономикалық форумының пленарлық отырысының тізгінін ұстаған Euronews журналисі Штефан Гробе алдымен сөзді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа ұсынды. Елбасы өз сөзінде Астана экономикалық форумында айтылған ұсыныстар мен қорытындылар Қазақстанға жаһандық сын-тегеуріндерге дер кезінде үн қатуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
– Біздің тұрақты түрде кездесуіміз ұзақ жылдарға жалғасқан жақсы дәстүрге айналды. Мен осы алаңда қалыптасқан достық ахуалды өте жоғары бағалаймын. 2008 жылы осындай форум ұйымдастыру туралы бастама көтеріп, ол тұрақты өте бастады. Бүгін, міне, ХІІ форумды өткізіп жатырмыз, – деген Н.Назарбаев алқалы жиында жаһандық және өңірлік сипаттағы ең өзекті мәселелер талқыланатыны туралы айтты.
– Бұл форумда көтерілген тақырыптардың барлығы таяу жылдардағы дамуға ықпалын тигізетін стратегиялық мәселелер. Осы жылдардың ішінде G-Global жобалары, ғаламдық экология мәселелері, кедейлікпен күрес, адам капиталын дамыту, жаңа энергия көздерін қоса алғанда кең ауқымдағы мәселелерді талқыға салдық. Өткен жылы жаһандық сын-тегеуріндер саммитін өткіздік. Форум алаңында БҰҰ Бас ассамблеясының қолдауымен дағдарысқа қарсы екі конференция ұйымдастырдық. Бұған дейінгі өткен форумдар мен жасалған қорытындылар Қазақстанның дамуына оң ықпалын тигізді. Осы жерде талқыланған ұсыныстар мен қорытындылар көп жағдайда еліміздің жаһандық сын-тегеуріндерге дер уақытында үн қатысуына, қиындықтарды еңсеруге көмектесті. Біздің ой-пікірлеріміз бен айтқан ұсыныстарымыз өзге де өңірлерде пайдаланылды деп ойлаймын, – деді Н.Назарбаев.
Елбасы адам капиталын дамытудың қаншалықты жоғары маңызы бар екеніне де тоқталып өтті. Бүгінде адам капиталына талап артып, білім беру процесі жаңарып келе жатқанын, қашанда ұтқыр қадам жасайтын, креативке бейім адам капиталы кез келген экономика табысының негізгі қыры екенін жеткізді.
– Дәл осы ұтқырлық, креативтілік сияқты қасиеттер мемлекеттер арасында жан басына шаққандағы ІЖӨ деңгейінің 10-30 пайызға дейінгі айырмашылықпен қалыптасуына ықпал етіп отыр. Технологиялардың қолжетімді болуына байланысты қазіргі таңда әлемдік экономикадағы жұмыс уақытының тең жартысы автоматтандырылды. Осыған орай 2030 жылға қарай, әлем бойынша 370 млн адам қайта оқытудан өтіп, біліктіліктерін өзгертіп, мамандықтарын ауыстыруға мәжбүр болады. Бұл көрсеткіш жаһандық жұмыс күшінің 14 пайызын құрайды. Жаңа технологиялардың белсенді түрде қолданысқа енгізіліп жатқаны кейбір мамандықтарды сұраныстан айырып, жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етуде. Тіпті табыс деңгейі төмен және орташа елдердің өзінде көптеген адамдар 30 жыл бұрын біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр, – деді ол.
Цифрлану құбылысы дәстүрлі экономиканың тұрпатын түбегейлі өзгертеді. Астана экономикалық форумында Елбасы Н.Назарбаев осындай пайымын ортаға салды.
– Дәстүрлі сауда саласына жаңа технологиялардың енуі оның тиімділігін айтарлықтай көтерді. Цифрлы түрлену біз үйренген дағдылы экономиканың тұрпатын өзгертеді. Бүгінде жаһандық экономикалық ландшафтыны жоғары технологиялық компаниялар айқындайды. Мәселен, нарықтық құны бойынша ТОП-5 компанияны Apple, Google, Microsoft, Amazon, Vincent сынды технологиялық алып компаниялар құрап отыр. Олар уақыт өткен сайын дәстүрлі өнеркәсіптік және инвестициялық ірі компанияларды ығыстыра түсуде, – деді Елбасы.
Н.Назарбаев үздік бестікке кіретін компаниялардың жалпы құны шамамен 3,5 трлн долларды құрайтынын, бұл кейбір дамыған мемлекеттердің ішкі жалпы өнімімен тең екенін тілге тиек етті.
– Мәселен, бүгінде Германияның ішкі жалпы өнімі – 3,6 трлн доллар. Дәстүрлі сауда саласына жаңа технологиялардың енуі оның тиімділігін айтарлықтай көтерді. Айталық, болжамға сәйкес теріс факторлар болмаған жағдайда, мен бұл жерде сауда соғыстарын айтып отырмын, әлемдік сауда әлеуеті цифрландырудың арқасында 2030 жылға қарай жыл сайын 2 пайыздық өсім көрсететін болады, – деді Тұңғыш Президент.Қазіргі уақытта қалалар маңызды рөл атқарады және экономикалық дамуда олардың ықпалы арта береді. Осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев бәсекелестік қалалардың арасында жүріп жатқанын айтты.
– Адамдар қайда сапалы өмір сүруге болатынын зерттеп, сәйкесінше шешім қабылдап жатыр. Олар бақуатты өмір сүруге болатын даму нүктелеріне шоғырланады, сөйтіп мұндай жерлер мегаполиске айналады. Бүгінде Жер шары тұрғындарының 55 пайызы, яғни 4 млрд адам қалада тұрады. 2025 жылға қарай қала халқы екі есеге артуы мүмкін. Сонда әрбір 10 адамның жетеуі қалалық болмақ. Қазір және болашақта инвестициялар мемлекетке емес, қалаларға салынады. Бәсекелестік те қалалар арасында жүріп жатыр. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 80 пайызы қалаларда түзіледі. Өнімділікті арттырып, инновацияларды көбірек енгізген урбанизация тұрақты өсімге де ықпал ете алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның айтуынша, Қазақстан қалаларының табысы – мемлекеттің әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуының негізгі факторы.– Қазақстандағы урбанизация белсенді түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Алайда, ондағы халықтың 20 пайызы қалада, қалған 20 пайызы ауылда жұмыс істейді. Бізде ірі қалалардың саны артып келеді. Еліміздің астанасы 20 жылда 180 мың адам тұратын провинциалды қаладан миллиондық мегаполиске айналды. Алматы қаласының тұрғындары 2 млн-нан асады. Өткен жылы миллиондық қалалар сапына Шымкент қаласы қосылды. Тағы екі қаланы осы қатарға қосуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Елбасының сөзінде айтылғандай, экономика өсімінің негізгі драйвері еңбек өнімділігі болады. Халық саны артуының ұлттық экономика өсіміндегі маңызды рөлі уақыт өткен сайын төмендеп, негізгі драйвер еңбек өнімділігі болады. Соңғы 50 жылда дамыған мемлекеттердегі ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімінің үштен бірі ғана халықтың табиғи өсімі есебінен, ал қалғаны еңбек өнімділігінің есебінен алынғаны осының бір көрінісі. Дегенмен, бүгінгі таңда өнімділік өсімінің әлеуеті алдағы он жылдың ішінде жылына кемінде 2 пайызды құрайды. Оның ішінде, өнімділікті арттыру мүмкіншілігінің шамамен 60 пайызы цифрлы технологияларға тиесілі болмақ.Үлкен Еуразия тұғырнамасын ұсынды
Н.Назарбаев атап өткендей, шет мемлекеттердің прагматикалық оптимизмі – Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесіне деген сенімділіктің маңызды көрсеткіші.
– Мен Қазақстанға сенген және қазір де сенім артып отырған серіктестеріміздің, ынтымақтас мемлекеттердің, достас инвесторлардың сенімін жоғары бағалаймын. Мұндай прагматикалық оптимизмді Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесіне деген сенімділіктің маңызды көрсеткіші санаймын. Біздің еліміз әлемдік қоғамдастықтың құрметті мүшесіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында экономика 20 есе ұлғайып, кедейлік 40 пайыздан 3 пайызға дейін қысқарды. Біз бұл бағытты нығайтуды жалғастырамыз. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі шетел инвестициясын тарту ісіндегі негізгі орган саналады. Ал шетелдегі елшіліктер Қазақстанда жұмыс істеуге ниет танытқан кез келген инвестор үшін бірыңғай терезеге айналады. Біз әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жұмыстарын жалғастыра береміз. 2050 жылға дейін даму стратегиясы қабылданған. Біздің барлық стратегиямыз бен бағдарламамыз бір мақсатқа жұмылдырылған. Бүкіл Қазақстан осы бағытта жұмыс істеуде, – деді Елбасы.Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «G-global диалогы – Үлкен Еуразия» платформасын құруды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан түрлі мәселелер бойынша келіссөздер процесін өткізу үшін тиімді алаң бола білді.
– Жас болғанына қарамастан, еліміздің астанасы ЕҚЫҰ саммитін өткізді, мұнда Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммиті, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының саммиті өтті. Астана экономикалық форумы мен менің G-global бастамам да осындай диалогтардың алаңына айналып, астанамыз түрлі елдер мен көшбасшыларының кездесу орны бола алды. Мұнда бизнес пен ұлттық органдардың, Еуроодақ, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АСЕАН сынды интеграциялық бірлестіктердің өкілдері әзірге көшбасшылар мен саясаткерлер айта алмай отырған ынтымақтастық мәселелерін талқылай алады. Тараптар арасындағы араздық тиімді экономикалық өзара байланысқа кедергі келтіреді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Астана экономикалық форумында Н.Назарбаев әлемдік державалардың көшбасшыларын санкциялар режімінен тікелей диалогқа көшуге шақырды.
– Бүкіл әлемнің келешегін анықтайтын негізгі жаһандық державалар көшбасшыларының тиімсіз санкциялар режімінен тікелей диалогқа көшкені өте маңызды. Айталық, АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ өкілдері арасында қалыптасқан геосаяси дағдарыстан шығудың жолын талқылайтын уақыт келді. «Мен мұндай әңгімені аталған мемлекеттердің көшбасшыларымен жүргіздім. Жалпы, мәселені барлығы түсініп отыр. Біз оған лайықты алаңды өз астанамызда ұсына алатынымызды тағы да атап өткім келеді, – деді Н.Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев тұрақты жаһандық архитектураның іргетасы бола алатын үш негізгі диалогты атап көрсетті.
– Бірінші диалог АҚШ, Қытай және Еуропалық одақ арасында болуға тиіс. Ол ірі экономикалар мен аумақтар, олар адамзаттың тағдырына ықпал ете алады. Өздеріңіз білесіздер, Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлттар лигасы құрылды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Соның нәтижесінде барлық кедергілер келіссөз арқылы шешіліп келді. Екінші диалог – Еуразия деңгейінде АӨСШК, ЕҚЫҰ сынды әлеуеттердің бірігуі болмақ. Үшіншісі – Еуразиялық экономикалық одақ пен ЕО, ШЫҰ, АСЕАН арасындағы инвестициялық диалог. Мұндай үлкен экономикалық интеграция барлығына қызықты болатыны сөзсіз, – деді Н.Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы Қазақстан үшін таңдалған бағыттың дұрыс болғанын айтты.
– Көшбасшы мен халық біртұтас болса – мемлекет табысқа жетеді. Әзірленген бағдарламалар мен идеялар халықтың толық қолдауымен іске асырылады. Бізде осылай болды, яғни жүргізілген саясат дұрыс болды деп санаймын. Тұрақтылық пен өзара түсіністік арқылы біз табысқа жеттік деп есептеймін. Оған сарапшылар мен көршілес елдер өздерінің тиісті бағасын беріп жатыр, – деді ол.
Н.Назарбаев ендігі кезекте елімізді алға жетелеу үшін жаңа қадам керек деп санағанын айтты.
– Жаңа команда, жаңа адамдар өздерінің инновациялары мен ойларын іске асырады. Біздің елде стратегиялық бағдарламалар әзірленген. Қазақстан ресурсқа, мұнай мен газға, көптеген пайдалы қазбаларға бай. Сондықтан еліміз Кеңес Одағы кезінде шикізат өндіруші ретінде пайдаланылып келді, қайта өңдеу бағыты дамымады. Менің бастамаммен Ұлттық қор құрылып, оның есебінен біз экономиканы әртараптандырдық, – деді Елбасы.
Ол Қазақстандағы «Тұңғыш Президент» пен Мемлекет басшысы түсініктеріне байланысты да пікір білдірді.
– Спикерлер үшін ыңғайсыздау болып тұр, бірінші «Тұңғыш Президент», содан кейін «Президент» деп таныстыруына тура келеді. Менің ойымша, Қазақстанда екіжақтылық болмайды. Бізде Президент бар және ол басты адам. Ал біз баршамыз оны сайлағаннан кейін, қолдап жұмыс істейтін боламыз, – деді Н. Назарбаев.
Нұр-Сұлтан Еуразияның астанасына айналды
Астана экономикалық форумына келген мәртебелі меймандардың қатарында Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард болды. Пленарлық жиында сөз алған К.Лагард ханым қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлең жолдарын тілге тиек етіп, онда айтылған идеяны экономикадағы қазіргі қадамдармен сабақтастыра жеткізді.
– Экономикалық даму бағытында бірден емес, біртіндеп қарқын алу керек. Бұл ретте қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Ақырын жүріп, анық бас» деп жазып кеткен өлең жолдары ойға оралады. Сондықтан бүгінгі форумда осы идеяға айрықша екпін қоймақпын. Яғни, әрбір қадамымыз баяу, бірақ нық болуға тиіс. Өкінішке қарай, әлемдік өсімге қарасақ, іс-әрекеттерімізде даму қарқыны байқалмайды. 2019 жылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсімі 70 пайызға баяулады, – деді ол. К.Лагарттың пайымдауынша, Орталық Азияның өзіндік рөлі, оның ішінде Қазақстанның алатын орны әлемдік экономикалық дамуға тиісті ықпалын тигізеді.XII Астана экономикалық форумына келген саясаткерлердің арасында Армения президенті Армен Саркисян да болды. Пленарлық мәжілісте сөз алған Армения президенті Қазақстанның бас қаласына Еуразияның астанасы деген баға берді.
– Осы жерге алғаш келгенім есімде, кішкентай ғана қала болатын. Бұл жер кең көсіліп жатқан байтақ дала еді. Одан кейін үлкен қала салу туралы арман туып, оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шынайы өмірде жүзеге асырды. Небәрі 20 жылдың ішінде Қазақстан астанасының қалай түрленгенін қараңыздаршы. Бүгін міне, Нұр-Сұлтан деген тамаша қаладамыз. Оны Еуразияның астанасы деп айтуға толық негіз бар, – деді А.Саркисян.Сонымен қатар ол прогрессивті дамуға қатысты ойымен бөлісті.
– Бүгінгі таңда экономиканы алға сүйрейтін ең басты локомотивтердің бірі – адам капиталы. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әлемдегі ең ірі 5 компания минералды ресурстар өндірмейтіні белгілі. Бұл компаниялар HighTech пен ІТ-технологиялар, сонымен қатар жасанды интеллект саласында жұмыс істейді. Мұндай түрленуге себеп болған бірнеше фактор бар. Оның бірі – адам капиталы, шығармашылық адамдары. Екінші фактор – төртінші индустриалдық революция. Біз жылдам революция эволюциясына енген сияқтымыз. Бұл өзгерістер 30 жылдан кейін емес, күн сайын орын алады. Біз оған дайын болуымыз қажет, – деді Армения президенті.ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн жалпыға бірдей экономикалық даму үшін Қытай тәжірибесі мен ресурсын басқа елдермен бөлісуге дайын екенін айтты.
– Қытайда халық саны 1,4 миллиардқа жетті. Бұл әлемдегі ең үлкен адам капиталы. Кешенді дамудағы ілгерілеу мен экономикалық дамудың елеулі перспективалары әлемдік экономиканың тұрақты драйвері ретінде Қытайдың айқындалған өз рөлі бар. Біз осы мүмкіндіктермен бөлісуге әзірміз. Біз әлем елдерімен экономикалық либерализация және экономикалық жаһандануды қолдау тұрғысында бірлесе әрекет етуге дайынбыз, – деді ҚХР өкілі.Аграрлық сектордың әлсіз жақтары да бар
ХІІ Астана экономикалық форумы аясында екі күн ішінде елуден астам сессия мен іс-шаралар өтеді деп жоспарланған. Форум бағдарламасы бойынша алғашқы күні өткен маңызды сессиялардың бірі «Ауыл шаруашылығын цифрландыру: нақты егіншіліктен «ақылды фермаларға» дейін» тақырыбына арналды. Оны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ Азық-түліктік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) ұйымдастырды.
Сессияға модераторлық жасаған еліміздегі «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев бұл жиында фермерлер үшін қаржылық қолжетімділікті арттыру, білім мен ақпаратты тарату, технологиялар трансфертін жоғарылату, аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдау институттарын дамыту, органикалық ауыл шаруашылығын цифрландыру секілді мәселелер талқыланатынын айтып өтті.
Жиынға Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қатысып, сөз сөйледі. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда әлем елдері ақпарат, идеялар және инновацияларды қамтитын мәліметтер ағынын туындатып отырған цифрлы жаһандану дәуіріне аяқ басты. Сарапшылардың болжамына сенсек, 2020 жылға дейін әлемдік экономиканың 25 пайызы мемлекетке, бизнеске және қоғамға тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін цифрлы технологияларға көшеді. Дамыған елдер индустрияландыруды аяқтап, өз экономикасын қайта жандандыратын болады. Олар қазірдің өзінде жасанды интеллект, автоматтандыру және цифрлы платформалар басымдық танытатын инновациялық технологияларды қарқынды түрде дамытуда. Бүгінде ғылыми-технологиялық зерттеулерге жұмсалатын жаһандық шығын 2 триллион АҚШ долларын құрайды, жыл сайынғы өсім – 4 пайыз.
Осы үрдіске сәйкес Қазақстан цифрлы технологияны енгізу ісін ұлттық экономиканы әртараптандыру, оны шикізаттық бағыттан индустриялық-сервистік модельге қайта бағдарлаудың негізгі жолы ретінде қарастыруда. Осыған орай еліміздің ең үлкен саласы ауыл шаруашылығын цифрландыруға көшіру ісі төтенше сипат алып отыр. Министр бұл бойынша салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды, жетістіктерімен қатар проблемаларын да ортаға салды.
Аталған тақырыптағы мәселелерді талқылауға Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп пен ауылшаруашылық кешені жөніндегі коллегия мүшесі Александр Субботин, SwissRe компаниясының Еуропа және Орта Азия аумағындағы Аграрлық қайта сақтандыру жөніндегі басшысы Марсель Андрисс, Syngenta компаниясының KAZBEK коммерциялық бөлімшесінің (Қазақстан, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия елдері бойынша) басшысы Джордж Драган және басқалар қатысты.
Спикерлердің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы секілді дәстүрлі салалардағы, соның ішінде қоршаған ортаға зиянын тигізетін жаппай өндіру мен қолдануды қамтамасыз ететін егін және мал шаруашылығындағы будандастыру және клондау жұмыстарының маңызы бірте-бірте төмендеп барады. Олардың орнын машиналық үйрету, нейрожелілер, цифрлы платформалар, 3D баспа, роботтехника, биосенсорлар мен Big Data арқылы жұмыс істейтін «ақылды» агротехнологиялар алмастырып келеді.
Міне, осындай жаңалықтардың ықпалымен дәстүрлі, байырғы саналатын ауыл шаруашылығы дәстүрлі саладан бұрын болмаған инновациялық шешімдер мен зерттеулерді бойға сіңіруге қабілетті жаңа жоғары технологиялық салаға айналып келеді. Сөйтіп интеллектуалды цифрлы жаңа шешімдер бұл саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және оның тұрақты өсуіне көмегін тигізуде. Сарапшылардың айтуынша, ауыл шаруашылығының алдында тұрған жаңа қатерлер де жоқ емес. Мәселен, аграрлық секторда жаңа перспективалар ашылып отырғанымен ол әлі де болса экономиканың осал саласы саналады әрі көп ретте климаттық факторларға тәуелді. Уақыт өте келе әлемдегі климат өзгерісінің азық-түлік қауіпсіздігіне әсері өсетін болады. Интенсивтік, маусымдық және жауын-шашын мөлшері болжай алмайтын деңгейге жетуде, бұл аграрлық бизнестің мұндай типтес өзгерістерге бейімделу мүмкіндігін азайтады. Бұған климаттық өзгеру салдарынан пайда болған қуаңшылық пен су тасқындары нәтижесінде ел экономикасына тиген үлкен зардапты қосуға болады. Демек, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мәселесі осы тәуекелдерді азайтуға, климат өзгерісіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы мен малдардың өнімділігін арттыруға, егін жұмыстарын уақтылы жоспарлауға мүмкіндік береді. Ғылымға негізделген тәсілдер және тиімді ресурстарды қолдану негізінде өнім өндірудегі шығындарды азайту, оның сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру – ауыл шаруашылығын цифрландырудың басты мақсаты болмақ. Ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету сату және сатып алу жұмысына транзакциялық шығындарды төмендетеді, егін алқабынан тұтынушыға жеткізу тізбегін жеңілдетеді әрі білікті қызметкерлердің тапшылығын қысқартады. Сол себепті Қазақстан секілді жер көлемі мол елге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру технологияларына үлкен бір серпіліс қажеттігі туындап отыр. Өйткені ауыл шаруашылығында бұрынғы дәстүрмен, яғни цирфландырусыз жұмыс істеуді жалғастыру – әлемдік бәсекелестіктен жеңілу деген сөз. Фермер нарықта бәсекеге қабілетті болып қалу үшін тұтынушылар сұраныстары мен талаптарына байланысты өз өнімдері бойынша ұсыныстарды болжай білуі керек. Демек, фермерлер «ақылды» басқарушылық шешім қабылдау үшін фермер спутниктік кескіндер, алқапты әртарапты өңдеу алгоритмдері, жоғары технологиялық хабаршылар, мобильді қосымшалар және GPS-жүйелер секілді цифрлы технологияларды меңгеруі тиіс.Сұранысқа ие мамандық – заман талабы
XII Астана экономикалық форумы аясында «Денсаулық сақтау саласындағы адам капиталын дамыту» сессиясында сарапшылар денсаулық сақтауда салалық біліктілік шеңберін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Онда денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі адам капиталын дамыту стратегиясы екені айтылған. Әлемде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі мен медициналық қызметтердің сапасы денсаулық сақтау ұйымдарының және ел өңірлерінің білікті мамандардың жеткілікті санымен қамтамасыз етілуіне, олардың білімдерімен, шеберліктерімен, ғылыми-технологиялық даму деңгейімен айқындалатыны айтылды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазір мемлекеттің экономикалық өсуінің шешуші факторы адам капиталын қалыптастыру мен дамытуға бағытталған инвестицияларға тәуелді. Әлемнің 192 елінің экономикасын зерттеуге негізделген Дүниежүзілік банктің деректері бойынша экономикалық өсудің тек 16 пайызы ғана физикалық капиталға, 20 пайызы – табиғи, 64 пайызы адам капиталына негізделген. Сессия барысында Қазақстан HR-менеджерлері қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің төрайымы Гүлмира Раисова адам капиталын басқару қаншалықты дұрыс жүріп жатқаны туралы ойын білдірді.
– Әлемде адамдарды басқаруда қандай тенденциялар бар, соның ішінде Қазақстанда адам басқару қандай деңгейде екенін зерттедім. 2019 жылы адам басқару бойынша HR-менеджерлердің басын қосқан 109 елде жүргізілген тәжірибенің нәтижесімен бөліскім келеді. Ішінара штаттық режімде жұмыс істейтін қызметкерлердің ішінде аутсорсингпен айналысатын және фрилансер болып істейтіндері 63 пайызды құрады. Демек, қызметкерлер таза сол ұйым үшін ғана жұмыс істемейді. Басқа жақтарда да қызмет етеді. Бұл бүгінгі тенденция деп айтуға болады, – деді Г.Раисова.
Сондай-ақ ол автоматтандырудың әсерінен кәсіптердің жоғалып кетуі мен жаңа қызметтің пайда болуы туралы айтып берді.
− Мәселен, қазір кадрлық жұмыс мамандары жоғалуда. Әлемде ондай жұмыс жоғалып кеткен, роботтар басқарып отыр. Ал қалғандары кадрларды қалай бақытты қылуға болады деген өзге сұраққа жауап іздеуге тырысады. Көшбасшылық туралы айта кетсек, біздің лидерлерге салмақ түсіп отыр. Бұл жерде олар өздері үшін ғана емес, өзгелер үшін де жауапты болып отыр. Ол қарамағындағы адамдарымен жұмысты жақсы ұйымдастыру, командалық жұмысты алға ілгерілетуді ойластырады, – деді Г.Раисова.
Ал әлемдегі адамдардың мамандыққа бейімделу үдерісі қаншалықты қалыптасқаны жөнінде The Emerging Leaders Lab бірлескен негізін қалаушысы және Director of Phase Minus 1 атқарушы директоры Алаа Мурабит айтты.
− Әлемде көптеген мамандар жоғары білімге қол жеткізгілері келеді. Оған негіз де жоқ емес. Заман талабы білімді, білікті болуға келіп тіреледі. Егер соңғы 25 жылдағы жағдайға назар аударсақ, әлем бойынша жоғары білім алған адамдар саны 3 есе өскен. Себебі дағдарыс кезінде жоғары білімі жоқ мамандар өз орындарын білімі бар жандарға босатып беруге мүдделі болды. Бұл жағдайдан кейін еңбекке қабілеттілік үлесі артты. Қазіргі қоғамда болашақтағы сұранысқа ие мамандықты білуге, қандай бағытта жұмыс жүргізуге болатынын анықтауға мүмкіндік туып отыр. Бұл адамдардың өз болашағы үшін қам жасауына мүмкіндік береді, − деді ол.
«Жасыл» экономика – жаңаша дамудың кілті
Форум аясында ұйымдастырылған «жасыл өсім бойынша инновациялық экожүйе құру: ғылым, білім және жаңа технология» деп аталатын сессияда Дүниежүзілік жер фестивалінің негізін қалаушысы Мария Ребекка Баллестра қазіргі заманда білімді болу мен халықтың уақытында қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілуінің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
− Өйткені қоршаған орта саласындағы нақты төтенше жағдайлар көзқарастар мен тәжірибені түбегейлі өзгертуді талап етеді. Іс жүзінде фестивальдың мақсаты – неғұрлым экологиялық мәдени және іскерлік тәжірибелерге көшу процесін жеделдету, жұртшылыққа жолдауын тарату, адамдарға төтенше экологиялық жағдай туғызып жатқан мүмкіндіктер туралы ақпараттандыру және ең алдымен болашақ ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті дамыту. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – қоршаған орта, өнер және ғылым бойынша халықаралық пікір-сайыстарда басты тәуелсіз бағдар болу, − деді ол.
«Экологиялық өнеркәсіп саясаты орталығы» ҒЗИ» ФМАМ қызметкері, РФ МЭИ ҒЗУ энергия үнемдеу зертханасының меңгерушісі Евгений Гашоның айтуынша, бүгінгі замандағы қолжетімді технологиялар − жаңа жағдайларда дамудың жаңа резервтері.
− Соңғы 4 жылда бірінші санаттағы кәсіпорындардың энергия-экологиялық тиімділігін арттыру үрдісі байқалды. Энергияны көп қажет ететін және экологиялық қарқынды өндірістік объектілерді пайдаланудың технологиялық көрсеткіштері артқанын көреміз. «Жасыл» экономика – қалдықсыз әлем, энергия және ресурс үнемдеу, қалалардың теңдестірілген инфрақұрылымы және климаттың бейімделуі, экологиялық инжинирингтің жаңа саласы ғана емес, бұл әртүрлі салаларда мамандар даярлау. Энергетиктерді, технологтарды, заңгерлерді, экологтарды дайындау маңызды, – деді Е.Гашо.
Сессияда Қазақстанда экологтарды дайындау реформасын жеделдету қажеттігін айтқан Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева бұл саланың талмауыр тұстарын жіпке тізді.
− Бүгінде білім саласы мектепке педагогикалық білімі ғана емес, сонымен бірге өзін үлгі ету арқылы жігерлендіруге қабілетті, біліктілігі жоғары кадрларды тартуды қажет ететінін түсінеміз. Қазіргі уақытта Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры EACH жобасын әзірлеп жатыр. Бұл гуманитарлық пәндерге басымдық берілген біздің ұлттық өнім дегенді білдіреді. Оның басты мақсаты – мектептерге бірегей курстар мен оқу бағдарламаларының авторы болатын талантты, жас кадрлардың жаңа толқынын тарту, – деді ол.
Ә.Назарбаеваның айтуынша, бұл жұмыс басталып та кетті. Мәселен, Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры халықаралық ұйымдармен, министрліктермен, барлық деңгейдегі әкімдіктермен және азаматтық сектормен бірлесіп, бірқатар шара ұйымдастырған. Атап айтқанда «Бірге жарығырақ» фестивалі еліміздің 12 өңірінен шамамен 75 мың адамның басын қосты. Ал «Эко-Challenge» жобасы 82 мың бала мен олардың ата-аналарын біріктірді.
– Бұл біздің қоғамымыздың, жастарымыздың, педагогикалық қоғамдастықтың, ата-аналардың «жасыл өсім» идеологиясын ілгерілетуге мүдделі екенінің жарқын дәлелі. Жастардың энергиясы мен шығармашылығына таңғаламын. Олар өте белсенді. Қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеу және Қазақстанның қайта өңдеу саласын дамыту сынды салалардағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған көзқарасын ұсынудан қорықпайды, – деді Ә.Назарбаева.
Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарында инженер мамандықтарына берілетін грант санын арттырып, экологиялық жұмыс орындары мен лайықты еңбек жағдайын жасау қажеттігіне назар аударды. Мәселен, оның дерегіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын жоғары оқу орнын 130 мыңнан астам адам бітіріп шыққанымен, олардың тек 546-сы ғана экологиямен байланысты диплом алады. Ә.Назарбаева кәсіби кадрлар даярлау жүйесіндегі сапалы реформалар процесін жеделдету қажеттігін де атап өтті. Кәсіби кадрларды дайындау жүйесіндегі сапалық реформалар процесін жеделдетіп, экологиялық қауіпсіздік пен лайықты еңбек шарттарын құруға басымдық бере отырып, үкімет, жұмыс беруші, еңбек биржасы, сонымен қатар филантроптардың келісілген іс-әрекетін түзу қажет деп санайды ол. Бұл энергия мен шикізатты пайдалану тиімділігін арттыруға, парникті газдар шығарындыларын шектеуге, қоршаған ортаға қоқыстар мен лас заттардың шығуын азайтуға, экожүйені қорғап, қалпына келтіруге жол ашады.
Сенімді серіктестік
Астана экономикалық форумы аясында белгілі болғандай, Бүкіләлемдік банк Қазақстанда денсаулық сақтау, білім беру, көлік салалары бойынша бірнеше ортақ жобаларды жүзеге асырады. Бес жылдық стратегия аясында халықаралық ұйым елімізде салық пен құқық қорғау бағытында да әріптестікті дамытпақшы. Осы ретте биыл Бүкіләлемдік банк сарапшылары «Астана» халықаралық қаржы орталығының мамандарын қаржы саласындағы сот сараптамасы негіздеріне үйрететін болады. Мамандар мұны маңызды қадамға балап отыр.
Бүкіләлемдік банктің мемлекеттік саланы дамыту департаментінің маманы Валид Малик:
− «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылғалы барлық механизмдердің құрылуына үлес қостық. Келешекте де орталықтың инвесторларды тарту ісінде ілгерілеуіне көмегіміз тиеді. Осы форумда біз бірқатар жобаны талдайтын боламыз. Алдағы уақытта серіктестігіміз жемісті боларына сенімдімін, – деді.
Форум аясында Халықаралық валюта қорының Басқарушы директоры Кристин Лагард жаһанда болып жатқан оқиғалар негізіндегі болжамдарымен бөлісіп, жыл соңында әлемдік экономикалық ахуал біршама жақсарғанымен тұрақсыз болатынын айтты.
Биыл он екінші мәрте өтіп жатқан форумға әлемнің 30 елінен 710-нан астам сарапшы, саясаткер, бизнесмен мен ғалым қатысып жатқанын айта кетейік. Жалпы саны 5,5 мыңға жуық делегат қатысып жатқан алқалы жиын бүгін де жалғасуда.
Арнұр АСҚАР,
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»