• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Мамыр, 2019

Қойшығара Салғараұлының мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

1671 рет
көрсетілді

Танымал ғалым Қойшығара Салғараұлының 80 жасқа толуына байланысты мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ұлы дала өркениеті: тарих, тұлға, дәстүр» деген атаумен ұйымдастырылған жиынның беташар сөзін айтқан университет ректоры Ерлан Сыдықов: «Қазақ руханиятында ұлт тарихын қалыптастыруға атсалысқан айтулы тұлғалар көп емес. Солардың бірегейі де, белдісі де Қойшығара Салғараұлы.  Әсіресе, көне түркінің, соның ішінде қазақ этногенезінің өзекті де өткір мәселелерін тереңнен толғап, зерделі зейінмен зерттеуде бұл кісінің тәжірибесі зор. Елбасының тапсырмасымен Қытай еліне ғылыми іссапармен барып, «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «Түріктер. Жыужандар», «100 құжат» атты жинақтар даярлап, халыққа ұсынды. Сонымен қатар ғалымның қаламынан туған  «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар», «Ежелгі түріктер», «Шығыстағы түріктер», «Ортағасырлық түріктер», «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін», «Өмірбаян туған күннен басталады»  атты еңбектері оқырманды тарих тылсымына баурады» деп,  сөзінің соңында мерейтой иесіне ғылыми кеңестің шешімімен «Құрметті доктор» атағын берді. Сонымен қатар Ерлан Бәтташұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың той иесіне жолдаған құттықтауын оқып берді.

Мемлекет басшысы өз хатында: «Сіз мерейлі белеске аса көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері, қарымды қаламгер және отандық журналистиканың ардагері ретінде қадам басып отырсыз. Еліміз егемендік алған тұста мемлекеттік қызмет атқарып, қастерлі тәуелсіздігіміздің нығайуына үлес қостыңыз. Қай салада, қандай қызметте жүрсеңіз де, айнымас серігіңіз – қаламыңызды тастамай, халқымыздың терең тамыры мен тарихынан сыр шертетін көптеген сүбелі туындылар жаздыңыз» дей отырып, ғалымға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейтінін жеткізіпті.

Одан кейін мерейтой иесіне жылы лебізін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, замандасы Қойшығараның өмір жолын үш кезеңге бөліп, әуелгісі қой баққан балалық шағы, екіншісі, студенттік өмірі, үшіншісі есею жылдары, осының бәрі тек толысумен өтті, нәтижесінде небір ұлы туындылар жазды, бұл еңбектер бүгінмен өлшенбейді, уақыт өткен сайын ішкі сыры ашылып, жаңа дәуірмен ұштасады деген шынайы ықыласын білдірді.

Келесі болып мінбеге көтерілген Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов 1995 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қытай Халық Республикасына елшілік қызметке барғанында, Мемлекет басшысы қытай мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты құжаттарды қарастыру жайын тапсырғанын айтып, бұл істі орындап шығуға Қойшығара Салғараұлы тартылғанын, екі жылдың ішінде қыруар шаруа атқарылғанын, осындай келесі істің өнімді болуына өзінің мұрындық болғанын мақтанышпен жеткізді.

Мерейтой иесін құттықтауға шыққан келесі қонақ «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Қойшығара ағамыз қазақтың көп айтатын қадірлі сөзі «сегіз қырлы – бір сырлы» деген ұғымға сыйып тұрған тұлға. Өйткені, бұл кісі тек тарихшы ғана емес, лирик ақын, сөзі зілді сатирик. Екіншіден, ел газеті «Егеменде» 17 жыл еңбек еткен алымды қаламгер. Ағамыздың 1986 жылы жарық көрген «Алтын тамыры» үлкен жазушы Ілияс Есенберлиннен кейін қазақ қоғамына зор серпіліс әкелген шығарма болды. Яғни бұл туынды шұрайлы тілімен, шырайлы кейіпкерімен алаш баласын арғы бабасы хұнмен қауыштырды, сақпен табыстырды. Сол себепті, ғалымның еңбегін ағартушылық бағытындағы алаш жолы десек қателеспейміз. Сонымен қатар Қойшекеңнің татымды туындылары талай жастардың тарихи санасын оятып, олардың тегін тануына жол ашты» дей отырып, жалпы тарихшының міндеті халыққа тарихты түсіндіру емес сүйсіндіру екенін, ол міндетті толық атқарған адам бүгіні той иесі екенін айтып,  Қойшығара Салғараұлын Халықаралық Түркі академиясының «Томсен» медалімен марапаттап, бүгінгі «Егеменнің» жасына жетіңіз» деген тілегін жолдады.

Ары қарай ғылыми баяндамашыларға сөз беріліп «Қазақтың Қойшығарасы» деген тақырыпта көсіле сөйлеген филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашевтың пайымынан түйгеніміз: Қойшығара ұлттық тарихты таразылауда ескі сүрлеуді бұзған тұлға. Ғалымның өзіндік пікірлері мен батыл болжамдары, орынды уәждері, ендігі жерде тарихты тың көзқарас тұрғысынан  қарастыруға бағытталуы тиіс екен.

Сол сияқты «Тарих тұңғиығынан сыр шерткен ғалым» тақырыбында баяндама жасаған тағы бір оқымысты, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев, сан мыңдаған ғасырлар тарихын бір адамның таратып беруі мүмкін емес, бұл мәселеде мәдениеттанушылар, археологтар, этнографтар, антропологтар т.б. бірлесуі керек. Әзірге мұндай істің басында тек өз ісіне берік энтузиастар жүр. Қойшығара Салғараұлы осындай  жанкешті ғалым. Қойшекеңнің еңбегі болашақта әлемдік ғылыми ізденістердің нәтижесімен өрелесетін болады десе, келесі бір баяндамашы тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов: «Өз басым ешқандай әкімшілік ресрустарға арқа сүйемей уақыт пен кеңістіктегі үдірістерді ғылыми ой-санасымен қамтыған екі адамды білемін. Соның бірі – академик Әлкей Марғұлан болса, екіншісі – Қойшығара Салғараұлы» деді.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар философия ғылымдарының докторы Т.Бөрібаев, Джонс Хопкинс университетінің профессоры А.Кампи, профессор Қ.Анартаевтың баяндамаларынан кейін үзіліске шығып, түстен кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасты.

Суретті түсірген Ерлан ОМАР