XII Астана экономикалық форумы аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Ғылымдағы, инновациялардағы, бизнестегі әйелдер» атты панельдік сессияға қатысты. Сонымен қатар аталған жиынға Қырғыз Республикасының экс-президенті Роза Отынбаева, ЕҚДБ Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Балванера Бруно қатысты.
Өз сөзінде Вице-Премьер Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда шикізаттық секторға тәуелділіктен бас тартуға бағытталған және инновацияларға негізделген жаңа экономика құрылып жатқанын атап өтті.
– Соңғы 5 жылда зерттеуші әйелдердің үлесі 51,6 пайыздан 52,8 пайызға дейін артып, былтыр 9 217 адамды құрады. Егер 2015-2017 жылдары жүзеге асырылып жатқан 1770 ғылыми жоба жетекшілерінің 566-сы (32%) әйел болса, 2018-2020 жылдардағы 1084 ғылыми жобадағы олардың үлесі 418 адам (38%) болмақ,– деді Г.Әбдіқалықова.Шараға қатысушылар әйелдердің ғылымға, инновацияға және экономикалық дамуға қосқан үлесін арттыру мәселелерін талқылады, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттердің және бизнестің түрлі қызмет саласындағы гендерлік алшақтықты азайтудағы табысты тәжірибелерін және гендерлік тепе-теңдікті ілгерілетудегі әйелдер қауымдастығының күш-жігерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды.
Одан әрі форум алаңында Г.Әбдіқалықова бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы атқарушы-директорының орынбасары Оса Регнермен әңгімелесе отырып, Премьер-Министрдің орынбасары гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы Қазақстанның және «БҰҰ-әйелдер» құрылымының әріптестігі мен ынтымақтастығын одан әрі тереңдету мәселелерін атап өтті. Қазақстанда бұл ұйым Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп Үкіметтің қаржылық қолдауымен гендерлік-бағдарланған жоспарлау және бюджеттеу, жағдайы төмен әйелдердің экономикалық құқықтарын өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту жолымен кеңейту, әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою жөніндегі жобаларды іске асырады.
БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ ДБ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша өңірлік бюросының әкімшісі және директоры Мирьяна Спольярич Эггермен кездесуде Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс мәселелері талқыланды. Бүгінде ТДМ-ның 80 пайызы елдің ұлттық стратегиялық құжаттарымен қамтылған. Қазақстан Үкіметінің жанынан елдегі ТДМ бойынша үйлестіру мен іске асырудың ұлттық тетігі ретінде әрекет ететін Үйлестіру кеңесі құрылды.Басты өлшем – халықтың әл-ауқатын жақсарту
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев АЭФ-2019 аясындағы «Азаматтық қоғамды әл-ауқат саясатына тарту» панельдік сессиясына қатысты. Жиында сөз алған министр Қазақстан бүгінгі таңда өз азаматтарының әл-ауқатын көтеруге ниетті екенін, оның ішінде қатардағы орташа статистикалық қазақстандыққа баса мән берілетінін айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың дамуы халықтың әл-ауқатымен тікелей байланысты екенін үнемі айтып жүреді. Сарапшылар да мемлекеттің тиімділігі ішкі жалпы өнім көлемімен, алтын қорымен немесе экономикалық өсім көрсеткішімен бағаланатын заманның өткенін айтуда. Бүгінде мемлекеттің экономикалық табысты барлық халық тобына қалай бөлетіні маңызды. Тәуелсіздіктің 28 жылында ІЖӨ-нің өскенін көрдік. Бірақ дәл осы 28 жылда Қазақстан халқы бақыттырақ бола алды ма? Бұл тақырыпты талқылау қажет деп есептеймін, – деді министр.Оның айтуынша, ХХ ғасырда көптеген мемлекет кедейліктен құтылуды мақсат етсе, қазіргі таңда бақыт пен бақуаттылықтың түсініктері алдыңғы қатарға шығып отыр. Бірақ бұл рейтингті жүргізуде бірізділік жоқ.
– Бүкіләлемдік бақыт есебін жасаушылар жан басына шаққандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, өмір сүру ұзақтығы сынды аясы тар критерийлерді негізге алады. Нәтижесінде Финляндия, Дания, Норвегия және Исландия елдері бірінші орында тұрады. Алайда өмірге қанағаттану туралы бірегей индекс жасап шығарған Жаңа экономика қорының тәжірибесі қызығушылық тудырды. 2012 жылы бұл рейтингте Коста-Рика, Вьетнам, Колумбия елдері озып шықты, – деді министр.
2011 жылдан бастап, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) жайлы өмір индексін анықтау үшін кешенді зерттеу жүргізіп келеді. Индекс ауқаттылық өлшемдерін 2 топқа бөледі. Алғашқы топ тұрғын үй жағдайы, табыс көлемі сынды материалдық критерийлерді қамтыса, екінші топта – білім, экология, азаматтық құқықтар, денсаулық, қауіпсіздік, өмірге қанағат, жұмыс пен жеке өмір теңгерімі қарастырылады.
– Мемлекет алдындағы қолжетімді мақсат – азаматтардың әл-ауқатын ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне көтеру. Оның ішінде орташа статистикадағы қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән беріледі. Бұл міндетті орындау үшін билік, бизнес және азаматтық қоғам өзара әрекеттестікте болуы тиіс, – деді Д.Абаев.
Мамандар кеңесі – экономиканы әртараптандыру
Астана экономикалық форумы аясында Таллин техникалық университетінің профессоры, The Other Canon Foundation-ның негізін қалаушы Эрик Райнерт БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, бүгінгі әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалдың мән- жайын кеңінен баяндап берді. Профессор Қазақстанда жүзеге асқан реформалар туралы да пікірін білдірді. Ол өз сөзінде экономиканың қозғаушы күші өндіріс орындары болса, оның шоғырланған жері, яғни қалалардағы өсімнің жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
– Әлемдегі қалалардың қаншалықты бай екенін білгіңіз келсе, ондағы мамандықтардың санын санап шығыңыз. Бұл сіз үшін өте қызықты ақпарат болуы ықтимал. Қаланың құрылуының өзі инновациялық жобалар шеңберінде туындағанын тарихтан білеміз. Экономиканың заңдылығы сол – ол күн сайын өзгеріп отырады. Бұл қалыпты жағдай. Өзгерістен қорықпау керек. Керісінше, соған тез бейімделуге тырысқан елде жетістік болады, − деді Эрик Райнерт.Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен зардап шеккен Венесуэланың қателігін қайталамауға тиіс. Экономиканың жан-жақты тірегі болатын жобалар мен тетігі болатын бастамалар іске асырылып, соның нәтижесінде бір-бірімен байланыста дамитын ауқымды салалар қалыптасуы керек.
– Менің білуімше, Қазақстанның тамақ өнеркәсібін өркендетуге өресі де, мүмкіндігі де жетеді. Экономист ретінде сырттан келетін тауардың көп болғаны жақсылықтың нышаны емес екенін айтқым келеді, – деді Таллин техникалық университетінің профессоры.
Бұл пікірмен орайлас ой айтқан Халықаралық валюта қорының бас экономисі (2001-2003), Гарвард университетінің экономика профессоры Кеннет Рогофф болашақта Қазақстан экономикасының әртараптануы тұрақтылыққа кепілдік береді дейді.
– Әлемдегі экономикасы тікелей шикізатқа тәуелді мемлекеттердің барлығы бірдей әлеуметтік салаларға басымдық береді деп айта алмаймын. Бірақ Қазақстан белгілі бір салалармен шектеліп қалмай, экономикасын әртараптандыруға бағытталған ілкімді жобаларға кірісуі қажет деген ойдамын. Сонымен қатар орта және шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру, елдегі орта таптың жағдайын жақсарту аса маңызды әрі қажетті қадам дер едім. Бұл бағытта Қазақстанның қолға алған бастамалары жақсы. Тек межелі міндеттердің толықтай орындалуын қадағалау қажет, – деді Кеннет Рогофф.
Халықаралық валюта қорының бас экономисі Морис Обстфельд Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық ахуалға қатысты болжам жасады.
– Орталық Азия экономикасы Ресейге қарсы салынған санкцияларға байланысты қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Бұған қоса, Қытайда да тұрақсыздық байқалады. 2014 жылы қара алтын құнының өзгеруі мұнай экспорттаушыларды, оның ішінде Қазақстанды да тығырыққа тіреді. Қазіргі уақытта мұнай бағасы қайта қалпына келуде. Егер Еуразия, Еуропа экономикасы жайында айтар болсақ, соңғы тоқсанда белгілі бір баяулау байқалады. Мәселен, Германияда өсімнің баяулағаны байқалып отыр. Ал Шығысқа – Қытайға қарай жолда құлдырау да, өрлеу де бар. Бір алаңдаушылықтың бары анық. Бұл таяу тоқсандағы өнімділік өсімімен байланысты, – деді Морис Обстфельд XII Астана экономикалық форумы аясында.
Экономист атап өткендей, алдағы 6 айдың ішінде әлемдік саудада тұрақсыздық сақталатын болады.
«Жасыл» стартаптар – игіліктің бастауы
ХІІ Астана экономикалық форумы аясында «Dena» компаниясының басқарушы директоры Кристина Хаверками Қазақстан Үкіметі экономиканы «жасылдандыруға» бизнесті тартуы қажет екенін айтты. Оның айтуынша «Жасыл» стартаптар бұл саладағы ынтымақтастық үшін желі құруға көмектеседі.
̶ Мәселен, біз жыл сайын экология саласындағы үздік жобаларға сыйлық тағайындап, бүкіл әлемге идеяларымызды тарату үшін фестивальдар өткіземіз, – деген ол Қазақстанның шикізаттық экономикадан әртараптандырылған экономикаға көшуге әлеуеті өте жоғары екенін айтты.
«Жасыл» экономика үшін инновациялық экожүйелер құру: ғылым, білім және технологиялар» тақырыбындағы сессияда халықаралық сарапшылар жасыл жобалар мен экологиялық стартаптарды жүзеге асыру тақырыбын жан-жақты талқылады. ЭЫДҰ қоршаған орта жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Энтони Кокс Қазақстан «жасыл экономиканы» құру бойынша міндеттерді шешу үшін барлық мүмкіндікке ие екенін айтты. Оның айтуынша, Қазақстан мен Аустралияның «жасыл энергетикаға» көшу тарихында ұқсастық бар.
«Жасыл энергетиканы» дамыту мәселесі бойынша пікір білдірген «Экологиялық өнеркәсіп саясаты орталығы» ҒЗИ» ФМАМ қызметкері, Евгений Гашо «Жасыл» экономика – панацея емес, жаңа жағдайдағы дамудың жаңа резервтері екенін айтады. «Ресейдегі «жасыл энергетиканы» дамыту идеялары мен қағидаларын жүзеге асыру осы 5 жылда өнеркәсіп, экологиялық және энергетикалық саясаттың тығыз байланысында қалыптасты, Еуропа мен Азияға қарағанда мүлдем өзгеше. Әрбір ел экологиялық қауіпсіздік пен экономиканың тұрақты дамуының тиімді симбиозын табады», деді ол. Гашо Ресей Қазақстанмен кәсіпорындардан шығарылатын шығарындыларды азайту тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін айтты. Жаһандық инновациялар желісінің президенті мен бас директоры Фре Уолтидің пікірінше, инновациялар әлемде экономиканың дамуын ынталандырады, ал заманауи мегаполистер барлық елдерде «ақылды» және таза технологияларды енгізу үшін стартап болуға тиіс.
Сонымен, биыл он екінші мәрте өткен Астана экономикалық форумы да мәреге жетті. Осы жылдар ішінде форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлер қатысқанын айта кетейік. Конгресс аясында 20 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалды.
АЭФ-тың басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Осы мақсаттың үдесінен көрінген жиын 11 жыл ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мойындалды.