• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Мамыр, 2019

Ұлт газеті ұлықталған күн

1178 рет
көрсетілді

Ел тарихы – жәдігерлерімен жасампаз. Азияның алып төсінде киімі алтын, күлігі арғымақ көшпелі тайпалар сақтың салты мен ғұнның ғұрпынан тамыр тарта отырып ұлы империя – түрк қағанатын құрып, Алтын Орданың шаңырағын көтерген қазақ ұлысы ежелден мұрағатқа бай. Тарихы терең, тағылымы ерен сол түркі нәсілді түбі бір тайпалар тұтынған көне жәдігерлер бүгінде қазақ даласының қай қиырынан да кездеседі.
Өткен сенбі күні Нұр-Сұлтан қала­­сындағы Ұлттық музейде «Му­зей түні» шарасы өтіп, шаһар жұрт­шылығы аталған түнде тарих қой­на­уы­на еркін саяхат жасады. Ең бас­тысы, бес жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан игі шара аясында бас басы­лым «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық мерейтойына орай «Жүз жылдық жылнама» көрмесінің тұсауы кесілді. Көрменің ашылу салтанаты­на Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, басылым бас­шы­лары мен ардагер журналистер қа­тысты.

Іс-шара басталғанға дейін му­зей­дің баспасөз қызметі «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен Ұлт­тық музейдің директоры Алмаз Нұ­раз­ханмен брифинг өткізді.

Музей басшысы А.Нұразхан акция­ның маңыздылығын атап өтті. «Бұл шара – Ұлттық музейдің 5 жыл­ды­ғына орай және Халықаралық музей күні мерекесіне арналып, «Бес жыл бірге» деген тақырыппен ұйым­­­дастырылып отыр. «Музей түні­нің» биылғы бағдарламасында мұ­ра­жай қонақтары тұңғыш рет Ұлттық музейдің 5 жылдығына орай, музей қорынан жаңа экспонаттармен толықтырылған Этнография залы мен жаңадан ашылған «Асыл мұра» залдарын тамашалай алады. Сондай-ақ ел газетінің ғасыр тойына орай ашылған «Жүз жылдық жылнама» көрмесі мұражай қонақтарын бейжай қалдырмақ емес», деді А.Нұразхан.

Газет басшысы Д.Қыдырәлі жаңа­дан шымылдық түріп отырған көрмеде көпшілік назарына басылымның бір ғасырда жүріп өткен жылнама тарихы ұсынылғанын жеткізді.

«Жалпы, атал­ған көрмеге газет тарихымен тіке­лей байланысты түрлі деңгейдегі 100-ден астам жәдігер қойылды. Басы­лымның көне тігінділері, газет қыз­меткерлері қолданған құнды заттар «Егемен Қазақстан» жүріп өткен жүз жылды «Музей түні» акциясы аясында баян етеді. «Жүз жылдық жылнама» көрмесі 18 маусымға дейін жалғасады», деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі. 

Сонымен қатар газет басшысы алдағы айда «Egemen Qazaqstan» газеті сериясымен жарық көрген кітаптардың тұсаукесері өтетінін хабарлады.  «Біздің 100 жылдық іс-шаралар жос­па­рымыздың ішіндегі негізгі тар­мақ­­тарының бірі – газеттің 1919 жылдан бергі архивін сканерлеп, цифрлы форматқа көшіру және газет материал­дары негізінде арнайы 5 томдық кітапты басып шығару болатын. Бұл кітапты былтырдан бері дайындадық. Осы ауқымды жұмысқа белгілі ғалым­дар мен газеттің арда­гер­лері атса­лыс­ты. 1919-1976 жылдар ара­лы­ғын қамтитын осы 5 томдық кітап дайын болды. Онда аталған кезеңде кө­терілген көптеген маңызды ұлттық мәселелерді қамтыдық», деді Д.Қыдырәлі. 

Мұражай мұрағаттарымен сырласқанда

Төл мерекесінде мерейтойлы «Еге­мен­дей» ел газетін төріне шыға­рып ерекше ұлықтаған Ұлттық му­зей­дің бұл түнгі бағдарламасы бай болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, осынау мәдениет ордасына қарай ағылған қарақұрым халық ақ жауынның астында кезек­те тұрды. Талай ғасырлық тарихын танып-білуге құмартқан ағайынның талпынысын көріп, көңіл толқыды. Өткеннің өнегесін қазіргі күннің қазынасына айналдыруды мақсат еткен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында мұнда айту­ға тұрарлықтай ауқымды істер атқа­ры­лып жатқандығына көз жеткіздік.

Бұрыннан келіп-кетіп жүрген жеріміз болса да, бүгін сәл басқа­ша­лау сезімге бөленгенімізді жасы­рып қайтейік. Айналамыздың бәрі арғы-бергі замандардың құнды жә­дігерлеріне тұнып тұр. Жеті ықы­лым­ның тағылымы жетемізге жет­кендей. Күллі түркінің Күлтегіні бізді бірлікке шақырып тұрғандай. Тәу етер тәуелсіздігіміздің арқа­сын­­да алты мұхит, асқар тауларды аттап өтіп әлемді шарлап кеткен анау «Алтын адам» ежелден еркіндік аңсаған ел-жұртымыздың еңсесін биіктетіп, айбынын асыр­ғандай. Үлде мен бүлдеге оранған «Үр­жар ханша­йымы» сұқтана қарар сұлулықтың символы сияқты. Адам­заттың бесі­гін­дей Алтай­да­ғы атақты «Берел» қоры­мы­нан аршып алынған асыл жабулы арғымақтар баяғы баба­ла­ры­мыз­дың бақуатты тірлігінен мол мағлұмат бергендей. Құм жұтқан қала­ларымыздың орнындағы көмбе­лер­ден табылған көрнекіліктер де көп нәрсені аңғартады. Өздерін бар­лық өркениеттің бастауында тұр­ған­дай сезінетін батыстағылар жаяу-жалпылап жүргенде жылқыны жүгендеп, қолға үйреткен, әйгілі Копер­никтен әлдеқайда бұрын ай қарап, жұлдыз санар обсерватория салған, ас ішер аяғын, үстіне киер киімін алтынмен аптап, күміспен күп­те­ген аталарымыздың даңқы санамызды сілкінтіп, рухымызды асқақтатуға тиіс.

Аумағы ат шаптырымдай музей алаңдарына қойылған артефактілер тарихтың талай сырын ақтарады. Есте жоқ ескі дәуірлердің куәсіндей тастан істелген еңбек құралдары, орта ғасырлардағы қару-жарақ, зер­гер­лік бұйымдар, тұрмыстық заттар, тағысын тағылар көрмеге келуші көпші­ліктің таным кеңістігін кеңейте түсері талассыз.

Бұл жолғы «Музей түнінің» атап өтер бір жаңалығы – Этнография залының жаңа экспонаттармен толық­ты­рылуы және «Асыл мұра» бөлімінің ашылуы. Этнографияға қызығушылық біл­дірушілер қазақ­тың байырғы мә­де­ниеті­мен жан-жақты танысуға мүм­кін­дік алды. Әсіресе әлімсақтан бергі әйбат мұ­ра­­мыз – киіз үйді тамашалаушылар қарасы молдау көрінді. Естияр немерелерін ерткен әжей жанын­да­ғы­ларға әлденені түсіндіріп әлек. Сірә, жүн түту, киіз басу, алаша тоқу тәріз­ді тұрмыстық технологияға байланысты өз тәжірибесін ортаға салып жатса керек. Дұрыс қой, ескінің есті әңгімесін кеудесі кең сарайдай осындай үлкендер айтпағанда кім айтады.

Ал «Асыл мұра» аясындағы әртүрлі жәдігерлер «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы барысында жер-жер­ден жиналған мүлік-мүкәмалдар қойылыпты. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы батырларының ұрпақ­та­ры, сондай-ақ жеке коллекционерлер ұсынған дүниелер көпшілік көзайымына айналғаны қандай ғани­бет. Осы орайда есімі елге танымал И.Тасмағамбетов се­кіл­ді азаматтың таңдап, талғап жина­ған зергерлік әшекейлері, әйел­дер мен ерлердің белдіктері, ат әбзел­де­рі айрықша тоқталуға лайық. 

«Музей түні» аясында бұлардан бөлек, тарихи құндылықтарды құр­мет тұтатындарды еліктіріп-же­лік­­тіретін басқа да қызықтар өтіп жат­ты. Музейдің қақ төрінде Қазақ­стан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының ұйым­дас­тыруы­­мен өткен «Ақшамдағы ақын­дар жыры» атты поэзия кеші де ерекше сипат алды. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған қырыққа жуық ақын ғажайып түнде мұражайға келу­ші­лерге жырдан шашу шашты. 

Бір сөзбен айтқанда, ұлттық руха­ни байлығымызды ұлықтау – ұлы борыш дегіміз келеді.

Жүз түп ағаш – журналистерден сыйлық

Жоғарыда атап кеткеніміздей, ел газетінің 100 жылдығы – қазақ баспасөзінің де ғасырлық межесі. Аталған көрмеге дейін мерейтойға орай елордамыздың Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен  Сығанақ көшесінің бойында «Egemen Qazaqstan» газетіне – 100 жыл» аллеясы ашылып, газет ұжымының ұйым­дас­ты­руымен 100 түп ағаш егілді. Бұл шараға да Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бастап, Мәжіліс депутаттары, ардагер журналистер, БАҚ басшылары қатысты.

«Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойы аясында өтіп жатқан әр іс-шара өте маңызды. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының төрінде біз жүз көшет отырғызуға жиналдық. Осы игі шара құтты болсын! «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды» дейді ғой, сондықтан да бүгін отырғызылған ағаштарымыз үлкен саябаққа айналсын. Өсіп келе жатқан ұрпақ бұл саябақты біздер «Egemen Qazaqstan» газетінің құрметіне еккенімізді біліп жүрсін. Еліміз, Нұр-Сұлтан қаламыз, «Egemen Qazaqstan» газетіміз өркен­дей берсін, гүлдей берсін!», деді минис­тр Дәурен Абаев. 

Сонымен қатар игі іске газеттің бұрынғы басшылары, ардагер журналистер қатысып, бірқатары сөз сөйледі. «Жыл басынан бері «Жүз жылдық жылнама» деп газеттің маң­дай­ына жарқыратып жазып, газет осы ұлы белесті жақсы атап келе жатыр. Алдағы уақытта бұл саябақ газеттің 100 жылдығын біздің есімізге салып тұратын болсын. Жақсы күндеріміз көп болсын, басылымның абыройы арта берсін!», деді Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов. 

Талғат БАТЫРХАН,

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»