• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Мамыр, 2019

Толағайлар неге тоқырады?

1238 рет
көрсетілді

Сәуір айының соңында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір өкініштісі, Қытайдың Нинбо қаласында жерлестеріміз сүреңсіз өнер көрсетті. Бар-жоғы үш медаль иеленген Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы бұл жолы да үздіктермен үзеңгі қағыстыра алған жоқ.
2009-2017 жылдар аралы­ғында Азия чемпионатының жалауы жеті мәрте желбіреді. Соның алтауының жалпы командалық есебінде Қытай қарсылас шақ келтірмесе, бір рет Солтүстік Ко­рея­ның сайыпқырандары озды. Қа­зақ елінің зілтеміршілері екі рет Қытай елінің өрендерін алға жі­беріп, екінші орынды иеленсе, екі мәрте үшінші тұғырға табан тіреді. Тарқатып айтсақ, әңгіме төмендегідей: 

2009 жылғы Жетісу өңі­рін­де өткен дүбірлі додада жер­лестеріміз 4 алтын, 1 күміс және 2 қоланы иеленді. Десек те бір бас жүлдесі артық Қытай елі­нің өкілдері бізден озып кетті. Олар­дың еншісінде – 5 алтын мен 6 күміс. Жерлестеріміздің ара­сынан Светлана Подобедова (75 кило), Татьяна Хромова (+75 кило), Владимир Седов (94 кило) және Сергей Истомин (105 кило) топ жарса, Яков Берх (+105 кило) күміс алды. Майя Манеза (63 кило) мен Алмас Өтешов (85 кило) қолаға қол созды. Үшінші орында ­– Иран (2 алтын+1 күміс+2 қола).

2011 жылы Қытайдың Тун­лин қаласында алты жүлде алға­нымызбен алтыншы орынды қа­на­ғат тұттық. Оған себеп – алтын жүлденің жоқтығы. Татьяна Хромова (75 кило) мен Владимир Седов (94 кило) екінші орынды иеленсе, Александра Аборнева (+75 кило), Кирилл Павлов (77 кило), Владимир Кузнецов (85 кило) және Сергей Истомин (105 кило) үшінші сатыға табан тіреді. Осы жарыста төрт-ақ елдің өрендеріне бас жүлде бұйырды. Қытай 12 алтынды олжаласа, қалғанын Иран, Макао және Оңтүстік Корея құрамалары еншіледі. 

2012 жылы Оңтүстік Корея­ның Пхентхэ­кесінде жетінші орын­ға тұрақтадық. Бұл жолы бұйыр­ғаны – төрт жүлде. Александра Аборнева (+75 кило) мен Нұрсұлтан Рахатов (77 кило) күміс және Гүлназ Наурызова (75 кило) мен Игорь Вашанов (94 кило) қола медальды еншіледі. Жалпы есепте Қытай (6+5+1) озса, одан кейінгі орындарды жарыс қожайындары (2+2+2) мен Иран құрамасы (2+1+2) иемденді. 

2013 жылы Астанада ұйым­дас­тырылған Азия чемпионатында Солтүстік Кореяның бағы жанды. Құрамы кіл мықтылардан жасақталған аталмыш мемлекеттің өкілдері 4 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орынды Иран (4+1+2) мен Қазақстан (3+1+2) иеленді. Елорда төрінде дүркіреп тұрып өткен додада Анна Нұрмұхамбетова (75 кило), Александра Аборнева (+75 кило) және Александр Зайчиков (94 кило) теңдессіз деп танылса, Фархад Харки (62 кило), Евгений Естафьев (85 кило) және Ибрагим Берсанов (+105 кило) жүлдегерлер қатарына қосылды. 

2015 жылы Таиландтың Пху­хет қала­сында жерлестеріміз қай­та екінші орынға көте­рілді. Байрақты бәсекеде 3 алтын мен 3 қоланы иемдендік. Осы орайда бір қуана­тын жағдай, жеңіс тұғырына көтерілген үш зіл­темір­шілеріміздің барлығы да өз қандас­тарымыз. Атап айтсақ, Айдар Қазов (77 кило), Ермек Өміртай (85 кило) және Рүстем Сыбай (94 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Әсем Садықова (58 кило), Фаина Сыбанбаева (63 кило) және Майра Файзоллаева (69 кило) үз­дік үштікті қорытындылады. Ко­мандалық есепте бірінші орынды Қытай (6+1+3) және үшінші орынды Филиппин (2+0+0) ие­лен­ді. 

2016 жылы Ташкентте Қытай (5+4+3) көш бастаса, екінші және үшінші сатыға Тайпей (2+1+1) мен Қазақстан (2+0+0) тұрақтады. Отандастарымыздың арасынан Денис Уланов (85 кило) пен Владимир Седов (94 кило) алтын тұғырдан қол бұлғады. 

2017 жылы Түрікменстанның бас шаһары – Ашхабадта жалауы желбіреген жарыста бір ғана алтыны бар Қазақстан құрамасы жетінші орында қалып қойды. Біздің сайыпқырандар арасынан тек Альберт Линдердің (69 кило) ғана жұлдызы жарқырады. Ал жалпы командалық есепте Қытай (8+2+2) айқын жеңіске қол жеткізді. Одан кейінгі сатыларға Солтүстік Корея (2+2+1) мен Өзбекстан (2+0+1) жайғасты. 

2019 жылғы Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы кіл мықтыларды апарды. Кезінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтардың барлығы да Қы­тайда өнер көрсетті. Бірақ солар­дың ешқайсысы бабында болмай шықты. Осы күнге дейінгі ресми додалардың барлығында үнемі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Илья Ильин бесінші орында қалып қойғанда, шынайы жанкүйерлердің қандай күй кешкенін құр сөзбен айтып жеткізу қиын...

Кезінде Азия чемпионы­ ата­нуға күш-жігері жеткен Рустем Сы­­байдың жеті спортшы арасынан жетінші сатыға жайғасқанын ес­тіген сәтте жағамызды ұстадық... Сол секілді талай ұлы дүрмектерде ысылып, атақтары алысқа жа­йыл­ған Зүлфия Чиншанло, Фар­хад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиковтың өздері өзге елдің өрендеріне жарытып қарсылық көрсете алмағанын көр­генде көңіліміз қатты құла­зы­ды. Ал Олимпиада чемпионы Ни­жат Ра­­химов өзінің алғашқы мүм­кін­дігін пайдалана алмағаннан кейін жарысты жалғастырудан бас тарт­ты. Нәтижесінде Қазақстан құ­ра­масы сары құрлықтың бас­ты до­да­сында үш қола медальды ие­ле­нумен ғана шектелді. Бұл жүл­де­лердің иегерлері – Арли Чонтей (55 кило), Денис Уланов (81 кило) жә­не Раушан Мешітханова (81 ки­ло). 

Жоғарыда айтылған жайсыз жағдай ел спорты басшылары және республикалық ауыр атлетика федерациясының тізгінін ұстаған азаматтарға үлкен ой са­­луға тиіс. «Осы тығырықтан қа­лай шығамыз?», «Бұрынғы дең­гейімізге қайта көтерілу үшін не істеу керек?», «Әрбір жа­уап­ты жарыстар қарсаңында зіл­темір­шілерді қалай жігерлен­діреміз?» деген сансыз сауалдарға дереу жауап табу қажет. Ал егер ештеңе өзгермей, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала беретін болса, онда алдағы дүбірлі додаларда да жер сипап қалатынымыз айдан анық.