• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Мамыр, 2019

Жаһандық экономикадағы соңғы үрдістерге қанықты

988 рет
көрсетілді

XII Астана эконо­микалық форумы-2019 аясында аузы дуалы экономистер мен сарапшылар қазақстандық жас­­тарға дә­ріс­ оқы­ды. Биыл­­­ғы «Жас­тар­­ жылында» оларға әлемдік танымал тұл­­ға­­лар­­мен жүз­десу­дің сәті түс­ті.

Мәртебелі спикерлердің қа­тарында постиндустриалдық қоғамды зерттеу орталығының директоры, халықаралық істер жөніндегі Ресей Федерациясы ғылыми кеңесінің мүшесі Вла­дислав Иноземцев, сондай-ақ Нобель сыйлығының лауреаты, экономика ғылымдарының про­фессоры, бангладештік банкир Мұхаммед Юнус болды. Ал­дымен Владислав Иноземцев «Төр­тінші өнеркәсіптік рево­люция: аңыздан бөлек ақи­қат» тақырыбындағы ойымен бө­лісті. Ресейлік маман, бүгін­де қар­қынға қарқын қосқан техно­логиялық бетбұрыс жайлы 45-50 жыл бұрын болжанғанын айтып бер­ді. 

– Қазіргі қоғамның өмірі жа­­ңа технологиялармен ты­ғыз байланысты. 2008 жылы мо­биль­ді девайстардың қаптап кет­кені соншалық, тіпті олар­дың­ саны абоненттерден де­ асып түсті. Жаңа заманда қыз­­мет­тердің 70 пайызы ақ­па­рат­­тық технологиялардың көме­гімен жүзеге асып жатыр. Бі­рақ оның адам өміріне кері әсе­рі тиіп жатқан жоқ. Бүгінде халық­аралық экономика сарапшылары, 27 жылдан кейін 47 саланы автоматтандырылған жүйе алмастырады деген жорамалды жа­рыса айтып жүр. Тура осыған ұқ­сас пікірлер 60-80 жылдары да айтылып, болашақта жұмыс­сыз­дық белең алады деген сөз жиі қай­таланатын. Алайда уақыт көрсеткендей, қуанышымызға орай оған жеткен жоқпыз. Егер Құ­рама штаттар өнеркәсіп индус­трия­сын толығымен автоматты ре­жімге ауыстырса, әлемнің дамуы түбегейлі басқа арнаға ауысуы бек мүмкін. Дегенмен, мына нәр­сені ескерген абзал. Егер де дамыған елдерде индустрияландыру серпінді жүрсе, онда жұмыссыздықтың алдын алуға болады, - дейді В.Иноземцев.        

Ал бенгалдық профессор Мұ­­хам­мед Юнусқа келешекте қар­­жыгер болатыны үш ұйық­­таса да түсіне кірмеген екен. Еңбек жолын қарапайым ауыл мұғалімі болып бастаған оны бұл салаға жерлестерінің ке­дей­шілік тауқыметін тартуы әкел­ген. Әсіресе кетеуі кеткен елді ме­кендердегі халықтың мүшкіл жағ­дайы қатты әсер етсе керек. 

– Күн сайын ауылға барып, ха­лықтың әлеуметтік мұқтажын зерт­теп, жауабын іздеуге кіріс­тім. Анықталғандай, ауыл тұр­ғын­дары шағын несиелерді үл­кен пайыздық мөлшермен алып жүріпті. Адам­дарды қанаушылардың ық­­палынан құтқаруды мақсат тұт­тым. Қарапайым адамдарды­ ка­питалистердің қолы­нан бо­сат­­­қа­ныма қуанып жүр­дім. Тұр­ғындар банктер тек­ ауқат­тыларға ар­налған де­ген ойда бол­ған. Банктің маңайына да жол­ағысы келме­ген. Сөйтіп кедейлерге банк ашу ту­ралы шешім қабылдап, үл­­­кен шайқас басталды. 1976 жы­лы министрлікке хат жазып, банк құрудың жолдарын қарастырдым. Бұл бастамам­ды көбісі ұната қойған жоқ. Көп­шілігі «Сенің есің дұрыс емес. Кедейлер ақшаны қай­тармайды» дегенді маған жиі айтатын. Со­ған қарамастан көздеген мақ­сатымнан танбадым. Біздің басты ұстанымымыз – адамдар банкке бармау керек, керісінше банктер адамдарға жақындауы қажет, - деді ол. М.Юнус, бүгін­де 80 мың ауылды елді мекендермен жұмыс істей­тінін, 99 млн әйел адам банктің клиенті болып отырғанын айтты.  

Дәл осындай мазмұнды кездесу Л.Н.Гумилев атындағы Еу­ра­зия ұлттық университетінде жал­ғасты. «Шабыттандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбындағы дәрісте америкалық-израильдік экономист, АҚШ-тың Федералдық ре­зервтер жүйесінің бұрынғы ви­це-төрағасы Стэнли Фишер гео­саясаттағы тектоникалық өзге­рістердің әлем экономикаларына қаншалықты әсер беретініне тоқталды. Жасыратыны жоқ, бү­гінде дүниежүзілік нарықтағы ірі ойыншылар – АҚШ пен Қы­тай. Екі елдің арасындағы эко­номикалық қырғиқабақтық тұ­тастай жаһандық қаржы жү­йесіне нұқсан келтіріп отыр. До­нальд Трамп Америкаға экспортталатын қытайлық тауарларға баж салығын енгізіп, ресми Ва­шингтон мен Бейжіңнің арасы одан сайын өрши түскен-ді. Қы­тай да қарап қалмай жаздан бас­тап АҚШ-тың құны 60 млрд дол­ларға бағаланатын импортына кеден салығын енгізбек ниетте. Сақа сарапшы, екі мем­лекеттің билігі ортақ пәтуаға кел­месе, мұның арты 30-шы жылдардағы «Ұлы күйзелістің» екінші толқынына алып келе ме деп алаңдаулы.     

– Біздің заманымыздан бұрын Спарта және Афина сынды алып империялар өмір сүрді. Бірі қуаты толысқан ірі ел болса, екін­шісі күшейіп келе жатқан жас мемлекет еді. Алайда екі ел­дің арасындағы жағдай үнемі шие­ленісіп, нәтижесінде Спарта мен Афина 12 рет соғысқан. Қазір олар жайлы тек тарих беттерінен ғана білеміз. АҚШ және Қытайдың арасы осыған ұқсас. Бұл алаңдатарлық мәселе. Өз басым мұны қаламаймын. Оның соңы дағдарысқа алып келеді. Бұдан шығатын жолды табуымыз қажет. Қытай тарапы технологияларды көшіру үрдісін тоқтатпаса, Ақ үй тарифтерді алып тастамайтыны анық. «Ұлы­ күй­зелістің» екінші мәрте қай­талануын болдырмаған абзал. Сол себепті осы бағытта Халық­аралық валюта қоры және басқа да ұйымдармен жұмыс істеп ке­леміз, – деп атап өтті Стэнли Фишер. Дәріс соңында университет басшылығының шешімімен америкалық экономистке оқу орынның Құрметті докторы атағы табысталды.  Жақсылық МҰРАТҚАЛИ