• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Мамыр, 2013

Жауын жеңген жауынгер

350 рет
көрсетілді

Жауын жеңген жауынгер

Жұма, 3 мамыр 2013 2:03

От пен оқтың ортасынан елге аман оралудан артық бақыт бар ма, сірә. Сондықтан да болар, Ұлы Отан соғысының қан қасап майданынан «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, туған жерге аяғы тигендер әлі күнге шүкіршілігінен жазбай келеді.

 

Жұма, 3 мамыр 2013 2:03

От пен оқтың ортасынан елге аман оралудан артық бақыт бар ма, сірә. Сондықтан да болар, Ұлы Отан соғысының қан қасап майданынан «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, туған жерге аяғы тигендер әлі күнге шүкіршілігінен жазбай келеді.

 Ұлы Отан соғысының ардагері Ғанибай Аманғосов та тағдырдың ауыртпалығын бір адамдай тартты. Бір жасқа толар-толмасында асқар тауы – әкесі қайтыс болды. Есін білер-білмес жеті жасында, бұл аз болғандай, аяулы анасынан айырылды. Сөйтіп, Байғанин ауданының алыстағы ауылында тұлдыр жетім қалған бүлдіршін сонау ауыртпалығы еңсеңді езетін отызыншы аштық-жалаңаштық жылдары Қостанай қаласындағы балалар үйінен бір-ақ шығады. «Жетім қозы тас­бауыр – маңырар да отығар» дегендей, өзі құралпылас жетімектермен бірге осында бастауыш білім алды. Содан кейін оқуын Түркістанда жалғастырды. Кейін Алматы қаласындағы педагогикалық училищеде оқыды. Міне, осы кезде соғыс басталды да кетті. Ел басына күн туған сұм соғыс мыңдаған құрдастары сияқты оның да асыл арманын бір сәтте-ақ тас талқан етті.

1942 жылдың күзіне таман майданға аттанды. Жаңадан құрылған эшелон батысқа бет түзеді. Әлі де оқтың иісін се­зіне қоймаған жас солдаттардың еш­қай­сысы да соғыстың өрті қайнап тұрған Сталинградты қорғауға келе жатқандарын білмейтін-ді. Бірақ, соғыс жүріп жатқан қай майданда оңай болмайтынын ішкі түйсіктерімен сезетін. Майдан шебіне келген қазақстандық жауынгерлер кезекті қан-қасап шайқас алдында қатары сиреп қалған әскери бөлімді толықтырып, қорғаныс шебін нығайтты. Аға сержант Ғанибай Аманғосов басқаратын бөлімше 213 жаяу әскер полкі құрамында сол кездері кескілескен соғыс жүріп жатқан Сталинград қаласынан бірнеше ондаған шақырым майдан даласында алғашқы рет ұрысқа кірді.

Бір шайқаста командирі аға лей­тенант оққа ұшады. Майдан даласы­нан командирінің денесін алып шы­ғуды ұйғарған ол жауған оқтың астында жер бауырлап еңбектеп барады. Оққа ұшқан командирінің барлық құ­жаттарын түгендеп алып, партбилетін гимнастеркасының ішкі қалтасына салып, енді денесін арқалап, еңбектей бастағанда кеудесінен ауыр соққы тиеді. Аспан айналып жерге түскендей болады да, көз алды қарауытып кетеді. Сөйтсе, ауыр жарақаттанған екен. Шамасы, не­міс­тің мергені қақ жүректі көздесе керек. Алайда, оқ сәл бағытын өзгертіп, өк­пеге тиіп, сол жақ қолтығын тесіп өтіп, қолының сүйегін паршалап сындырып кеткен екен.

Госпитальден шыққан Ғ.Аманғосовты құлан таза сауығып кет­кенше ұзақ мер­зім­ді демалысқа жібе­ре­ді. Ол Байғанин ау­да­нындағы әкесінің інісі тұратын туған ауылына келіп, май кәсіпшілігіне есепші болып жұмысқа да тұрып үлгереді. Ол қарап отыратын кез емес-ті. Әйтеуір, кеу­десінде жаны бар­лар­дың ел үшін, Жеңіс үшін деп тырбанып жатқан уақыты болатын. Осылай жүре берсе де оны ешкім сөкпес еді. Алайда, Ғанибай аға өйте алмады, Же­ңісті жақындатуға үле­сімді қоссам деді. Сөйтіп, 1944 жылы әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майданға сұранды. Ондағылар болса, «Өзің қолыңа автомат ұстай аласың ба?» – деп жарымжан қолын алға тарта таңғалды. Ғанекең болса, жарақатына қарамастан, қаруды ұстай білетінін икемділікпен көрсетті. Әскери комиссар: «Қабырғаңмен кеңестің бе, өзің», – деп қайта-қайта сұрады. Ал бар тілегі қанқұйлы жауды өз ұясында талқандау болған солдат айтқа­нынан қайтпады.

Майдан шебі, әс­кери бөлімге келгенше дегбірі қалмады. Ол жіберілген жа­яу әскер полкі Вар­ша­ваның түбінде тұр­ған. Поляк жері оны снарядтардың, бом­балардың гүрсілімен, құлақ тұндыра зуыл­даған оқтың суылымен қарсы алды. Кеңес әскерінің тегеурінді шабуылына төтеп бе­ре алмаған немістер ше­гіну үстінде болатын. Көп ұзамай Польшаның астанасы – Варшава қаласы немістерден босатылды. Ұрыс қимылдары Германия аумағына ауды. 1945 жылы сәуірде Одер өзені үшін кескілескен шайқас басталды. Міне, осы шайқаста Ғ.Аманғосов екінші рет аяғынан ауыр жараланды. Осы шайқастағы ерлігі үшін 1 дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Ғанибай аға Ұлы Жеңісті Мәскеу маңындағы госпитальде қарсы алды.

Жарақатынан айыққан соң елге оралды. Көкіректегі арманын жүзеге асыруға құлшына кірісті. Алматыдағы педагогикалық институтты тәмамдаған соң мектепте жұмыс істеді, жоғары оқу орнында еңбек етті, Гурьев (қазіргі Атырау) педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан болды. Еліміздің білім саласын дамытуға бір адамдай үлес қосты, үлкен еңбек жолынан өтті. Оның тәлімін тыңдап, тәрбиесін алған шәкірттері еліміздің білім саласында әлі күнге дейін абыройлы еңбек етуде.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.